Жас отбасылар проблемасы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 11 Марта 2013 в 19:13, реферат

Краткое описание

Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі.
Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын еш нәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» – деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе?

Вложенные файлы: 1 файл

отбасы.docx

— 37.26 Кб (Скачать файл)

Мен жастармен жұмыс істегеннен кейін осы мәселе жөнінде олармен  көп пікір таластырып, ой бөлісеміз. Сол кезде «жағдайым болмаса қалай үйленемін?», «жұмысым болмаса, тұрмысым қалай болады?» деген сияқты пікірлер көп айтылады. Қарап тұрсаңыз, сөздерінің жаны бар. Меніңше, бұл жауапкершіліктен қашу емес, қайта соны сезініп, оған дайындалу.

Ал Кеңес үкіметі кезінде жастар мұндай үлкен ойлармен бас қатырып жатпайтын. Жігіттер әскерден келе салысымен, қыздар диплом алысымен отау тігіп, отбасын құратын. Соған орай мемлекет те жағдай жасап отырды. Тіпті ол кездің жастарында жұмыс, баспана деген мәселе болмайтын. Болса да қазіргімен мүлдем салыстыруға келмейді. Демек, бізде де мемлекет тарапынан көзге көрінетіндей көмектер жасалса игі іс болар еді.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда  елдің ордасы деп Астанаға ағылып жатқан жастарда есеп жоқ. Солардың көп бөлігі жұмыс іздеп келуде. Бірақ барлығы бірдей жұмысқа тұрып кетпейді. Тұрғандары айлығын не пәтерге, не тамаққа, не жолына жеткізе алмай әуре сарсаңға түседі. Ал енді оларға қалай үйлен деп айтасың?

Сондықтан кез келген ел сәулетімен немесе дәулетімен емес, тұрғынымен, халқымен құнды болатынын ескеріп, қалаға келген қазақ жастарына мейлінше қолдау көрсетсек, бойдақтықтың алдын алуға жасалған қадам болар еді.

Тұрсынбек Қабатов, «Базар жоқ» мемлекеттік театрының директоры, әзіл-сықақшы:

– Менің ойымша, жасы келсе  де жар табуға талпынбай бойдақ жүру ең бірінші отбасындағы тәлім-тәрбиеге байланысты. Себебі қазіргі кезде кейбір ата-аналар баласына жақсылық жасаймын деп жүріп шектен шығып кетеді. Мысалы, баласы мектеп бітірсе, қымбат көлік, ал жоғары оқу орнын бітірсе, үй алып беретін ата-аналар бар. Әрине, баласына не алып берсе де, әркімнің өз еркі. Бірақ мұншалықты асты-үстіне түсу баланың болашаққа деген көзқарасын 180 пайызға өзгертіп, өз-өзіне деген сенімсіздік тудырады. Ата-ананың соншалықты қамқорлығына бой үйретіп алғандар отбасын құрып, олардан бөлек тұруға немесе солардың әперген дүниесін өзге біреумен бөлісуге дайын болмайды. Бұл сырт көзге байқалмаса да санада сақталып тұрады. Осыдан барып эгоизм пайда болады. Ал ондай жанмен кім өмірлік серік болғысы келеді?

Сондықтан баланы үлде мен  бүлдеге орауды мақсат етпей, оған өмірдің  ащысы мен тұщысына төзе білуге үйретсе, бақыт деген байлық емес, ол әке  атанып артына ұрпақ қалдыру, ана  атанып алдындағы ұл-қызға мейірім нұрын төгу екенін айтса, әлдеқайда тиімді болады. Сол кезде қазіргідей әлеуметтік мәселелерді сылтауратып отбасын құрмайтындардың саны азаяр еді. Қазақ «Отан – отбасынан басталады» дейді. Ендеше қазіргі отау тігіп, отбасылы болудан қорқып жүргендер ертең Отанды жарылқайды дегенге өз басым сенбеймін. Бұл, әрине, менің жеке пікірім.

Ал енді салық салу мәселесіне келер болсам, ондай нәрселерге менің  тісім бата бермейді. Дегенмен, мемлекет қандай шара қолданса да, қазақтың санын  көбейтуге, сүр бойдақтықтың алдын-алуға бағытталу керек. Сондай-ақ, ондай шаралар көзбояушылық емес, шынайы болғаны абзал.

Еркебұлан Ерғалиев, журналист:

– Бұл мәселе бүгінде  кәдімгідей көңілді алаңдатып отырғаны белгілі. Әсіресе, ата-аналарға ауыр тиюде. Өйткені кез келген ата-ананың арманы бағып-қаққан баласының қызығын көру ғой.

Десек те, отбасын құрмай жалғыз жүргендерді бойдақтығын  бетіне басып, кінәлай беру дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі олардың әртүрлі себептері болуы мүмкін. Соның ішінде ең бастысы әлеуметтік мәселе екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан мемлекет бұл келеңсіздіктің алдын алуды жан-жақты қарастыру керек. Мәселен, жаңадан отбасын құрған азаматтарға пәтер болмаса да жер беріп, үй салуына жағдай жасаса, мәселенің бір түйіні шешілген болар еді. Өйткені қатарластарымның көбі дәл осы баспана кесірінен үйленбей жүр.

Меніңше, орын алған олқылықты  салықпен шешу мүмкін емес. Тіпті бұл, шыны керек, күлкілі жағдай. Өйткені отбасын құруға асықпағандар қай бір жетіскеннен солай жүр дейсіз? Ал салық жығылғанға жұдырық болары сөзсіз. Қайта халық мемлекетке емес, мемлекет халыққа беру керек. Мәселен, үйленген жастардың жалақысын өсірсе, әр балаға берілетін көмекті сатып алғандай қылмай, қомақты етіп берсе, соқа бастылардың саны азайып қана қоймай, халық санының артуына да айтарлықтай себеп болар еді. Ал оған, Аллаға шүкір, еліміздің жағдайы жетеді деп ойлаймын.

Қазақтың  үйлену салты: өткені мен бүгіні жайлы

Бала ер жетіп, қыз балиғатқа толған шақта әрбір ата-ана «ұлын ұяға, қызын қияға қондыруы» парыз. Қазақта «балиғат» деп 13-ке толған қыз баланың жасын атайды. Ал, осы жастағы ұл баланы «ер жетті» деп атайды. Қазіргі кезде қолданылып жүрген «кәмелетке толу» ұғымы жасөспірімдік шақтың соңы болатын 16-17 жасты белгілейді. Халық түсінігі бойынша жастарды неғұрлым ерте үйлендірсе, жағымсыз қылықтардан аулақ болып, ұрпағы көп, дені сау, мықты болып қалыптасады деген. 13 жастан асқан соң, ісләмның шариғат ережелері бойынша адам пенделік істерге барып, күнәһарлық жасай бастайды деп танылады. Сондықтан, қыз баланы 13-14 жасында, ұл баланы 14-15 жасында үйлендіретін болған. Үйлену салтының осы аталған дәстүрлі бітімі негізінен ХХ ғасырдың орта шеніне дейін Қазақстанның әр жерінде және шет елде тұратын қазақтар арасында некен-саяқ сақталып келді. ХХ ғасырдың соңғы ширегіне дейін жастар 20-25 жас аралығында үйленіп тұрмыс құратын болып келсе, соңғы ондаған жылдар ішінде некелесу 28-30 жасқа дейін ұзарып келе жатқаны байқалуда.

Ілкі замандардан бері қазақтар, бергісі ауыл-аймақ шет-шекарасының  тыныштығы, арғысы хандық немесе мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көрші ру-тайпалар немесе мемлекеттермен туыстық, меймандостық қатынас орнатуға талпынған. Ондайда, «үйірі басқаны ноқта қосады, атасы басқаны неке қосады» және «ұлыңды ұрымға, қызыңды қырымға» деген бойынша неғұрлым алыс жерден қыз алып, қыз берісуді жөн санаған. Оның өзіндік мәні тым тереңде жатады. Ең әуелі, қазақ өз арасында кем дегенде жеті ата араламаған ру ішінде бір-бірінен қыз алысып, қыз берісуге тыйым салуы негізінде қан тазалығы мен осы арқылы ақыл-есі, дені сау ұрпақ өрбіту қамынан туындаған салт қалыптастырған. Сондықтан, шалғай жерлерде туып-өскендердің өзара некелесуінен туған балалардың дені сау, мықты болып өсетінін де қазақ о баста санаға әбден сіңіріп, бұлжымас қағидаға айналдырған. Сондай-ақ, «жер айырылса шым бітейді, ел айырылса қыз бітейді» сөзі айтып тұрғанындай, арада туған түрлі кикілжіңдер түбінде қыз алысып, қыз берісу арқылы шешіліп, мамыражай қалыпқа келуі сияқты жәйттерден қоғамдық өмірде некенің және өмірге ұрпақ әкелуші болашақ ана, қыздың аса зор маңызға ие екендігін байқау қиын емес.

Ажырасу 
Соңғы жылдары елімізде ажырасушылар саны күрт артып отыр. Бұл көрсеткіштен оңтүстіктің жастары да қалыс қалып отырған жоқ. Мысалы, 2009 жылы ажырасқан отбасылардың саны 2625 (сот шешімімен 2295) болса, 2010 жылы 3013-ті (сот шешімімен 2637) құрап отыр. Ал 2011 жылы 3167 -ге (сот шешімімен 2810) жеткен. Ағымдағы жылдың жарты жылдығының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 1854-ті құрап отыр. Мамандардың айтуынша, соңғы 3 жылдың көрсеткішіне қарасақ, неке бұзу жағдайы 20 пайызға артып отыр. Мұндай жаға ұстатарлық жағдайға жетуімізге не себеп? 
 
Әркім өз перзентін “қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай” өсіруді қалайды. Дегенмен осы орайда ата-аналардың да тым артық кетіп қалатыны жасырын емес. Ер жеткен бозбала ұлымыз бен бойжетіп отырған қызымызды отбасылық өмірге бейімдеп, дұрыс тәрбие беріп жүрміз бе? Ұлымызды парасатты, қызымызды қылықты етіп өсірдік деп айта аламыз ба? Егер нақ солай екеніне жүз пайыздық кепілдік берер болсақ, отау құрған жастардың шаңырағы неге жиі шайқалады? Мұның себебін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Қыздарымыз ибалылықтан ажырап, үлкенді үлкен демей, кішіні кіші демей беттен алып, төске шабуға бейім тұрса, ұлдарымыздың бетіне ешкім келмеген өжет. Осындай жайсыз мінезді жас шаңырақ иелері көп өтпей-ақ келіспей қалып жатады. 
Ерінің қаталдау айтқан сөзін көтере алмаған жас келіншек күйеуінің жанын жаралайтын неше түрлі ауыр сөздер айтып жатады. Өз кезегінде әке-шешесі берген асты еркелеп отырып әзер ішетін ерке, шадыр мінезді ұл мұндай сөздерді қайдан көтерсін? Сосын жұбайымен сөз таластыруды артық санаған жас жігіт жұдырықтың көмегіне жүгінері сөзсіз. Мұның соңы келіншектің төркініне кетуімен тынып жатады. Міне, бүгінгі күннің ажырасу сценарийі шамамен осындай… 
Енді отбасылық драманың екінші бөлігіне кезек берейік. Кеше ғана дүйім жұрттың көзінше аста-төк дастархан басындағы тойда бір-бірімен төс қағыстырып, құйрық-бауыр жескен құда-құдағилар енді бірін-бірі атуға оқ таппайды. 
Қыздың анасы өзіне кезінде анасы айтқан ақыл-кеңестердің мүлдем өңін аударып, басқа бағытта “тәрбиелейді”. Анасының: “Шыққан қыз шиден тысқары, сенің етің біздіңкі сүйегің сол елдікі. Ерің – пірің, оның қас-қабағына қарап сөйле” деген сөздерін қызына былайша ұғындырады: “Ішіме сыйған қызым сыртыма да сыяды. Күйеуіңді қазірден бастап жүгендеп алмасаң болмайды, басыңды көтере жығыл. Әзірден бастап айтқаныңа көндіріп, айдауыңа жүргіз. Бұған көнбесе, азар тегі ажырасып кетерсің. Ажырасқандардың алды-арты сен емессің”. Мұндай “пайдалы кеңестен” соң жас ару қылығын анасы айтқаннан әлдеқайда арттыра түсері анық. Себебі ол өз ата-анасынан қолдау табатынына сенімді. 
Ал күйеу жігіттің анасы да ұлына құдағиынан қалыспайтындай ақыл береді. Ол: “Біздей жандардың отбасымызға келін болып түскеніне қуансын, ол жалаңаяқ. Қазірден оны қатал ұстамасаң төбеңе шығып секіретін болады. Саған он қыз әперуге шамамыз келеді, жалынып артынан барушы болма” деген сияқты ұлына неше түрлі “ақылды кеңестер” береді. Осындай өсиет есітіп өскен ұл мен қыз шаңырағын шайқалтпай ұстап қалуға шамасы келе ме? Осыдан кейін жастардың ажырасып кетуіне кім себепкер деп ойлайсыз? 
Қоғамымызда ері өлмей жесір, әкесі өлмей жетім атанғандардың қатарын көбейтпес үшін, “ұлға ұяда, қызға қияда” қиянат жасамайық. Қиындықта жанына сүйеу, көңілдеріне медеу боларлық ақыл айтып, шаңырақтардың шайқалмауына ықпал жасағанымыз жөн шығар. “Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” деп, ата-анамыздың біздерге берген тәрбиесіне, аманатына қиянат жасамай, жастарға дұрыс жеткізейік.


Информация о работе Жас отбасылар проблемасы