Бүгінгінің дерті – бүйрек

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 02 Декабря 2013 в 14:07, доклад

Краткое описание

Созылмалы бүйрек қызметінің жетіспеушілігі (Хроническая почечная недостаточность-ХПН) қандай ауру? Гемодиализ дегеніміз не? Созылмалы бүйрек қызметінің жетіспеушілігіне шалдыққан науқастарға отандық медицина қандай көмек көрсетіп келеді? Елімізде бүйрек ауыстырыла ма? Ауыстырылса мұндай операция қанша тұрады?

Вложенные файлы: 1 файл

БүЙРЕК.docx

— 24.47 Кб (Скачать файл)

Бүгінгінің дерті – бүйрек

Созылмалы бүйрек қызметінің жетіспеушілігі (Хроническая почечная недостаточность-ХПН) қандай ауру? Гемодиализ дегеніміз не? Созылмалы бүйрек қызметінің жетіспеушілігіне шалдыққан науқастарға отандық медицина қандай көмек көрсетіп келеді? Елімізде бүйрек ауыстырыла ма? Ауыстырылса мұндай операция қанша тұрады? Науқастың құлан-таза айығуына мүмкіндік бар ма? Созылмалы бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегетіндерді толғандыратын осы сауалдарға осы мақаламыздан жауап іздеп көрелік.

Бүйректің созылмалы ауруы – бүйрек қызметінің төмендеуі. Бүйрек қызметінің нашарлуы дертінің ең соңғы сатысы  «созылмалы бүйрек жетіспеушілігі» деп аталады. Оны «бүйрек қызметінің істен шығуы» десе де болады. Бүйрек өте нәзік болғанымен, атқаратын қызметі зор.  Адам бүйрегі күн сайын орта есеппен 200 литр қанды сүзгіден өткізеді. Қанды  улы  заттардан тазартып, ағзадағы артық суларды сыртқа  шығарады. Созылмалы бүйрек қызметінің нашарлауы кезінде бүйректің зәр шығару қызметі бұзылып, адам өздігінен кіші дәретке шыға алмайды. Яғни бүйректің сүзгі қызметі істен шығып, улы қалдықтар ағзада қалып қояды. Сөйтіп, ағза уланады. Улы қалдықтардың көбеюі миға, жүрекке, бауырға әсер етеді. Бүйрек сонымен қатар,  қан қысымын реттеп, эритроциттерді өндіріп, сүйектерді сырқаттанудан сақтайды. Ал  қанның тепе-теңдік қалпын сақтап тұратын бүйрек қызметі төмендеген сайын нефрондар өле бастайды. Қалған нефрондар ауыр жүктемемен жұмыс істеп,  зорығады. Олардың 10 пайызы ғана қалса да, ағзадағы су-электролиттік тепе-теңдікті ұстап тұруға қауқарлы. Бірақ бірте-бірте созылмалы бүйрек жетіспеушілігі ауруы пайда болады. Бұл адам өмірі мен денсаулығы үшін өте қауіпті.

Созылмалы бүйрек жетіспеушілігі ауруының өршу себептері:

  • Бүйрек ауруы – созылмалы пиелонефрит, бүйректің қабынуы, сүзгі қызметінің бұзылуы. Ауру түрлі инфекциялардан пайда болады;
  • Гломелуронефрит –аллергиядан пайда болады;
  • Эндокриндік жүйелер ауруы – қант диабеті,  подагра;
  • Туа бітті бүйрек аурулары,
  • Тұқымқуалайтын бүйрек қабынуы;
  • Бүйрек амилоидозы;
  • Бүйрек поликистозы;
  • Гипертониялық аурулар;
  • Дәнекер тін аурулары – геморрагиялық васкулит, жүйелі қызыл жегі; терінің қатаюы;
  • Бүйректің қан айналымы қызметін бұзатын буын аурулары;
  • Бүйректің зәр шығару қызметін бұзатын аурулар–бүйрек пен зәр тастары аурулары, зәр шығару жолдарының қатерлі ісіктері;
  • Уретрит, цистит секілді бүйрек ауруларын дер кезінде емдемеу т.б.

Адамдардың бүйрек ауруларын асқындырып алуына көбіне өздері кінәлі болады, яғни бүйректің болмашы ауруына немқұрайлы қарауынан туындайды.  Мәселен, салқын тию, тұмау, ауыр металлдар және алкогольді ішімдіктерден улану да бүйрек ауруына шалдықтырады. Бұндай кезде бүйректің сүзгі қызметі бұзылады. Кейбір адамдар тұмау тигізіп алса,  оған жәй тұмау ретінде қарап,  дұрыс емделмейді. Ал жай ғана тұмау жедел бүйрек жетіспеушілігіне әкелуі мүмкін. Созылмалы бүйрек жетіспеушілігінің өршуіне жіті инфекциялар (оның ішінде зәр жолдары да бар), аллергиялық жағдай, түрлі дәрі-дәрмектер де әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ созылмалы бүйрек ауруының бірден-бір себепкері – қан қысымы жоғары, яғни гипертониясы бар адамдар.  Көпшілік жоғары артериальды қан қысымын сырқат ретінде қабылдамайды. Олар гипертония бүйрек  жетіспеушілігінің туындауына ықпал етуші негізгі фактор екенін білмейді. Соның салдарынан соңғы жылдары созылмалы бүйрек  ауруына шалдыққандар саны күрт өсіп отыр. Тағы бір айта кетерлігі, бүйректері  бала кезден ауыратын адамдар да дер кезінде ем қабылдамаса,  арты айықпас дертке айналуы мүмкін. Қант диабеті мен түрлі қан тамырлары ауруларымен ауыратын науқастар да өз денсаулықтарына бей-жай қарамай, дәрігерге қаралып,  қан қысымын жиі өлшетіп, жыл сайын ағзасындағы ақуыз бен креатиннің мөлшерін анықтап отырулары тиіс.

Созылмалы бүйрек жетіспеушілігінің (СБЖ) алғашқы белгілері:

  • Қаз аздық(анемия). Эритроциттердің өмір сүру мерзімінің қысқаруы;
  • Жүрек-өкпе қызметінің жеткіліксіздігі. Нефрогенді артериялық гипертензия дамиды, жүрек бұлшық еттерінде қабыну процесі жүреді;
  • Жүйке жүйесінің бұзылуы. СБЖ бастапқы сатысында  адамның ұйқысы бұзылады, басы ауырады, есте сақтау қабілеті, көңіл-күйі нашарлайды, күйзеліске ұшырайды. Ми қызметі кешеуілдейді;
  • Ас қорытудың бұзылуы. Бүйрек бөліп шығаратын қызметтерін толық атқара алмағандықтан, ол жұмыстарды асқазан-ішек жолдары өзіне алады. Бұл асқазанның, ішектердің қабынуына, ойық жараның пайда болуына әкеп соқтырады. Адамның жүрегі айнып, құсады;
  • Сүйек жүйелерінің зақымдануы. Кальций алмасуының бұзылуы сүйектің  беріктігіне нұқсан келтіреді. Нәтижесінде сүйек пен буындар ауырады, сүйектің пішіні өзгереді, сынғыш келеді;
  • Иммунитеттің төмендеуі. Иммунитеті төмен адам бактериялық және вирустық инфекцияларды жұқтырғыш келеді;
  • Бұдан бөлек дене қозғалысы кезінде шаршап-шалдығу;
  • Кешкісін болатын әлсіздік;
  • Еріннің жиі құрғауы, сондай-ақ терінің құрғауы;
  • Түрі бозғылт тарту;
  • Саусақтардың дірілдеуі;
  • Биохимиялық зерттеулер кезінде қан құрамында аздаған электролиттердің бұзылуы байқалады,
  • Кей жағдайда несепте ақуыз пайда болады;

Созылмалы бүйрек жетіспеушілігі кезіндегі өзгерістерді қалпына келтіру қиын. Сондықтан  аурудың алғашқы белгілері байқаласы  салысымен нефролог-дәрігерлерге  көрініп, тиісті ем шараларын алу қажет.

Аурудың алдын  алу:

  • Урологиялық ауруларды емдеу;
  • Салқын, суық тигізуге жол бермеу, ауыр көтермеу, денеге салмақ түсірмеу,  жүйкені бұзбау;
  • Созылмалы бүйрек жетіспеушілігі кезінде диета ұстау
  • Тағамда ақуызды шектеу (40—60 г);
  • Ас тұзын бірден шектеу;
  • Ауруды қоздыратын тағамдарды пайдаланбау; спирттік  ішімдік пен майлы сорпа, кофе, қою шай, какао  ішпеу, кәмбит, шоколад сынды тәтті тағамдарды көп жемеу, түрлі соустар, ащы, тұзды, кептірілген, қақталған, маринадталған тағамдарды тұтынбау.
  • Піскен картоп, өрік, кептірілген өрік, қырыққабат шырыны секілді калийге бай диеталық тағамдарды жеу керек.

Емдеу: Емдеу созылмалы бүйрек жетіспеушілігін одан әрі өршіктірмеуге бағытталады. СБЖ-нің неден болғанын анықтап барып емдеу шаралары басталады. Мәселен, гипертензияны, қан аздықты  емдеу, диета, иммуниттетті қалпына келтіру тағысын тағылар. Жалпы бүйрек ауруларын алғашқы екі  сатысында емдеу нәтижелі болады. Өкінішке орай, көп жағдайда аурудың сырқаты асқынып, ауруханаға түскен кезде ғана анықталады. Дәрігерлер үшінші сатыда дерттің таралуын тоқтатып, сырқаттың өмірін ұзарта алады. Бұдан кейінгі төртінші, бесінші сатыда ауруды емдеу өте қиын. Тіпті науқастың бүйрегін жасанды бүйрекпен ауыстыруға тура келеді. Ал бұл іс қомақты қаржыны қажет етеді.  Оған екінің бірінің шама- шарқы келе бермейді.

Созылмалы бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан науқастардың өмірін гемодиализ арқылы ұзартуға болады. Гемодиализ гректің «гемо»–қан, «диализ» – тазалау деген сөзiнен шыққан. Гемодиализ — қанды  бүйректен тыс  тазарту  әдісі.  Қандағы  адам ағзасының  өмір сүруіне қажетсіз  өнімдер мен сулар арнайы  мембраналық сүзгіден  өткізіледі.  Сүзгі  тесіктерінің    өте  тар екендігі соншалық,  одан қан  жасушалары мен  протеиндер  өте  алмайды. Тазарған  қан кейінірек  науқастың күретамыры арқылы ағзаға  қайта  құйылады.  Қос бүйрегі істен шыққан науқастар аптасына екі немесе үш рет гемодиализ қабылдап, қанын тазартуға мәжбүр. Ауа жетпеген адам өмір сүре алмайтыны сияқты,  қанды бүйректен тыс тазарту әдісі жасалмаған жағдайда науқастың жасушалары тұншығады. Мәселен, гемодиализды қабылдау  уақыты 4 сағат делік. Осы уақыт ішінде қан неғұрлым көп  айналып шығатын болса, науқас ауру тудыратын улы заттардан соғұрлым көбірек тазаланып, денсаулығы жақсарады. Бұдан шығатын қорытынды, гемодиализдің сапасына үш нәрсе әсер етеді: қан айналу жылдамдығы, гемодиализдің көлемі  және  уақыт. Созылмалы бүйрек қызметінің жетіспеушілігіне  шалдыққан науқасты гемодиализге дайындау үшін ең алдымен оның қан тамырына  арнайы  қондырғы  орнатылады. Мұны білікті микрохирургтер жасайды. Мамандар аурудың күретамырын көктамырға қосып тігіп, тамырдың көлемін кеңейтеді. Ең бастысы – қан тамырлары жараланбауы керек. Енді диализ ауру адамның өмірін ұзартуға қаншалықты ықпал етеді деген сауалға тоқталсақ. Мамандардың айтуынша, біздің елімізде 20 жыл, тіптен өмір бойы диализде жүрген адамдар көп. Тіпті диализде жүріп жүкті болып, бала көтеретін жағдайлар да кездеседі екен. Диализде жүріп альпинист болып тауға шығатын адамдар да болады. Сондықтан оны дұрыс қабылдай білу керек. Емдеудің тағы бір тәсілі–перитонеальді диализ.  Бұл тиімді әрі  арзан әдіс. Әсіресе, ауылдық жерлерде, елді мекендерде тұратын науқастарға қолайлы. Өйткені олар қан тазарту үшін облыс орталығына немесе қалалық емханаларға барады. Егер перитонеальді диализ болса, бүйрек іш перденің көмегі арқылы тазартылады. Яғни азаматтар арнайы емдеу мекемелеріне бір рет барып, ішіне жасанды құрылғылардың көмегімен операция арқылы түтік орнатқызады.  Түтік  сүзгінің қызметін атқарады. Кейін осы түтік  арқылы арнайы дайындалған тұзды ерітінді ішке  жіберіліп, қан тазарады. Бұны науқастардың өзі де жүзеге асыра алады.

Бүйректің созылмалы  жетіспеушілігінен зардап шеккендердің өмірін ұзартудың бір жолы– диализ болса,  бұл сырқаттан  бүйрек ауыстыру арқылы айығуға болады. Дерек көздеріне сүйенсек, дүниежүзі бойынша жылына 26 мың адам бүйрек ауыстырады екен. Біздің елімізде бүйрек ауыстыру операциясы  Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығында  1978 жылдан бастап жасалуда.. Осынау уақыт аралығында отанымызда 600-ге жуық науқас бүйрегін алмастырды. Операция қазақстандық  азаматтарға квота арқылы тегін жасалады. Мәселе квотада емес, донордың табылмауында дейді мамандар. Жалпы, аталған мүшені ауыстыру кезінде туған-туыстардың және қайтыс болған азаматтардың бүйректері алынады. Мәселен, шетелде қайтыс болған адамдардың ішкі мүшелері арнайы контейнерлерде сақталады. Тіркеуде тұрған науқастар қан тобының сәйкестігіне байланысты бүйрек ауыстыру операцияларын жасайды. Бұл заңмен реттелген. Біздің елімізде де арнайы заң бар. Яғни азаматтардың рұқсатымен ғана ішкі мүшелер өзге адамнан алынып науқасқа салынады. Дегенмен бізде жоғарыда атап өткеніміздей, бүйрек тапшы, яғни донор жоқ. Болған күннің өзінде  донор болатын адамның денсаулығы жарамайды немесе қан тобы сәйкес келмейді.

Мамандардың сөзіне қарағанда, отанымызда өз еркімен,    белгілі  бір ақыға  өз  бүйрегін  беруге ынталы азаматтар да көп кездеседі екен. Бірақ «Азаматтар денсаулығын қорғау туралы» заңымызда мұндай сауда-саттыққа  рұқсат етілмеген. Донордың тапшылығынан қалтасы қалың азаматтар Қытай, Ресей, Пәкістан сынды мемлекеттерге барып бүйрегін ауыстырып келуге мәжбүр. Жалпы, дәрігерлер Қытай мен Ресейде жасалған операциялардың көбіне сәтті шығатынын айтады. Бірақ оған едәуір қаржы қажет. Мысалы,  шетелде бір бүйрек  орташа есеппен 40-50 мың АҚШ доллары тұрады. Бұған барып-келу қаржатын қосыңыз. Ең қиыны – Қытайда шетел азаматтарының ағзасын ауыстыруға қатысты заң күшіне еніп, қатаң бақылауға алынуы.  Ресейде де барлығы заң жүзінде жүзеге асады. Демек денсаулығы сыр берген қарапайым азаматтың бұндай қаржыны тауып емделуі екіталай.

Жынысы, тегі, нәсілі, табиғаты, өмір сүру ортасы, тіпті  ішіп-жейтін тағамы мүлдем бөлек ағзаның  бүйрегін  жатсыну мүмкін бе  немесе  бөтен адамның  органы қаншалықты сіңісіп кетеді деген сауал кімді де болса бей-жай қалдырмайтыны сөзсіз. Нефрологтардың айтуынша, бүйрек адамның жынысына, жасына, ұлтына қарамайды, тіндер сәйкес келсе, жарай береді. Демек бүйрек ауыстыру үшін   жаңа  бүйрек пен  науқас  адамның ішкі ағзасының 12 факторы толық сәйкес келуі шарт. Сонда ғана ауыстырылған бөгде бүйрек қалыпты жұмыс істейді. Бүйрегі алмастырылған азаматтар жіті  бақылауда болады. Себебі науқастардың қан қысымы көтеріледі. Бұл біріншіден. Екіншіден, ауыстырылған бүйрек қанша дегенмен өзге  адамдікі болғаннан кейін, ағзада түрлі ауырсынулар пайда болуы мүмкін. Сондықтан олар тұрақты түрде дәрі ішіп жүруі тиіс. Оларға арнайы тізімге енген дәрілер ақысыз беріледі. Тым ерте басталып,  жанға  батпай  жүре  беретін қауіпті аурудың алдын алу үшін шаншу, сыздау сынды  белгілері біліне басталысымен-ақ,  мамандарға қаралып, тиісті  ем қабылдау керек. Емделу үшін  дәрігер тарапынан нақты диагноз қойылу шарт. Өкінішке орай, кейбір жағдайда  ертерек  басталған бүйректің созылмалы жетіспеушілігін дәл анықтау қиынға соғады. Өйткені  жылдар бойы белгі бермеген кесел салдарынан   бүйректің  көптеген  нефрондары   өліп қалуы  мүмкін. Қалай десек те,   әрбір адам өз денсаулығының иесі. Сондықтан «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы берік ұстанған абзал.


Информация о работе Бүгінгінің дерті – бүйрек