Шығыс Қазақстан

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 04 Декабря 2012 в 18:12, реферат

Краткое описание

Шығыс Қазақстанның табиғи жағдайлары әртүрлі болғандықтан, түрлі өсімдіктер дүниесіне өте бай.
Әсіресе күрделі гүлдер тұқымдасы мен дәнді дақылдардың түрлері аса көп. Салыстырмалы түрде алғанда шатырқанат, аралас гүлділер, крестгүлділер, сарғалдақ, қалампыр, қияқ тұқымдастарының түрлері де көп. Олармен салыстырғанда түйетабан, саздақшөп саумалдық, мекет және т.б. тұқымдастардың түрлері аса көп емес. Сужидек және байсат тұқымдастарының тек бір ғана түрі бар.

Вложенные файлы: 1 файл

Шығыс Қазақстан.docx

— 20.65 Кб (Скачать файл)

Шығыс Қазақстан - өзінің сұлу табиғатымен аты шыққан өңір. Қазақ халқының ән жырына арқау болған Алтай және Сауыр – Сайқан, Тарбағатай таулары, Оралхан Бөкей қаламына қарым бітірген Мұзтау - осы өңірдің мақтаныштары.

Шығыс Қазақстанның табиғи жағдайлары әртүрлі болғандықтан, түрлі өсімдіктер дүниесіне өте  бай.

Әсіресе күрделі  гүлдер тұқымдасы мен дәнді дақылдардың  түрлері аса көп. Салыстырмалы түрде алғанда шатырқанат, аралас гүлділер, крестгүлділер, сарғалдақ, қалампыр, қияқ тұқымдастарының түрлері де көп. Олармен салыстырғанда түйетабан, саздақшөп саумалдық, мекет және т.б. тұқымдастардың түрлері аса көп емес. Сужидек және байсат тұқымдастарының тек бір ғана түрі бар.

Өлке аумағында  жер шарының басқа ешбір жерінде кездеспейтін шағын аумақта ғана таралып өсетін эндемик өсімдіктері өседі. Оларға Зайсан қазаншұңқырының құмдауыт дөңестерінде өсетін түпті жуа Нарын жотасының тастақ шалғындарында өсетін – Людвиг құртқашашы, Алтай, Тарбағатай тауларының қалың бұталы беткейлерінде өсетін Алтай қасқыржидегі, Мәрмәр тауында, Азутау жотасында өсетін Келлер кестежусаны жатады.

Бүгінгі күнге дейін сақталып жеткен өсімдіктердің көне түрі – некендер аса қызығушылық тудырады. Үштік кезеңнен сақталып қалған өсімдіктер түрлері ең көне некендер болып саналады. Олардың қатарына Шыбынды көлдерінің аймағында өсетін сібір қисықбасы, Уба, Үлбі, Бұқтырма өзендерінің бассейндеріндегі таулы, шалғынды беткейлерде өсетін миажапырақ таспа, ежелгі су өсімдіктерінен Зайсан көлінде және Қара Ертіс аңғарында кездесетін сужаңғағы жатады.

Семейдің Ертіс өңірінде, Қалба жотасында, қызылқұмның құм сілемдерінде, тау аралық қазаншұңқырларда кәдімгі қарағай ормандары сақталып қалған. Бұлар – Аюда, Қайыңды, Лениногор қарағайлы ормандары. Қарағай ормандарында бореалды түрлердің көпшілігі сақталып қалған: итбүлдірген, қаражидек, терістік жалманақ, дөңгелек жапырақты алмұртшөп.

Шығыс Қазақстан  флорасында бағалы пайдалы өсімдіктер өте көп. Бұлар жем-азықтық: тең түлкіқұйрық, жима тарғақ, қызылот, сарыбас жоңышқа, шалғындық беде және басқа да көптеген аралас шөптер өседі; эфирлі–майлы: иісті көкмарал, кәдімгі жұпаргүл, сібір жебірі; дәрілік: қос масақшалы қылша, кәдімгі өгейшөп, құм салаубас, алтын тамыр ; азықтық: қара қарақат, кәдімгі таңқурай, алтай жуасы, алтай рауғашы; дәрумендік: қара итмұрын, бүлдірген қара қарақат; бал беретін өсімдіктер: кәдімгі жұпаргүл, жіңішке жапырақты иваншай, ұшқат, ешкі тал; улы: қара меңдуана, убалдырған, алтай уқорғасыны, биік тегеурінгүл және т.б.

Біздің өлкемізде  табиғи аймақтардың барлығы дерлік бар. Шөл даладан биік тау шалғындарына дейін, тундрадан біркелкі белдеулерге дейін созылып жатыр. Сондықтан да бұл жерде континенттік Сібірдің, Орта Азияның жартылай шөлейт, Монғолияның биік таулы және далалық өсімдіктері де өсе береді.

Облыс аумағының көпшілік жер көлемін далалық белдеу алып жатыр. Ол Қалба және Оңтүстік, Кенді Алтайдың солтүстік, батыс және оңтүстік қыраттарын, кең өзен аңғарларын бойлай өтеді. Далалық қыраттар аймақтың ылғал бөлігін алып жатқандықтан, аралас шөптердің көптігімен, шөп жамылғысының биіктігі және қалыңдығымен ерекшелінеді.

Қоңыржай белдеулерде шалғынды дала түп-түп бұталарға, ұшқат, итмұрын, зерек, тобылғы, сары қарағай өскен селеу-шөптесінді қопаға ауысады. Даланы бойлай аққан өзендер мен бұлақтардың бойында тал, теректер өскен. Таулардың солтүстік беткейіндегі тар шатқалдарда мойыл, итмұрын, тобылғы, долана өседі.

Өлкеміздегі құрғақ аймақтың өсімдіктер құрамы негізінен көк шұнақ бетеге мен селеуден тұрады. Тобылғы, шайқурай, жапырақты тобылғы, қараған бұталары сирек кездеседі.

Ертіс өңірінің сол жағалауындағы жазықты және Көкпекті-Шар үстіртін алып жатқан шөлейтті дала аумағына селеу , көк шұнақ бетеге және жусанның әр түрі тән. Сонымен қатар үстірттің жазықтарында дұғаш, өлең, татар төскейшөбі, бұталардан – қараған, тобылғы, майқарағай кездеседі. Төмен жерлерде тұзды қажет ететін ши, құрғақ айрауық, гмелин кермегі өседі.

Балқаш–Алакөл және Зайсан ойпаттарында, үстірттің оңтүстік шығысындағы шөлейт аймақтарындағы ауа-райының құрғақтығы, аумақта тоқтау сулардың болмауы және жерінің сортаң болуы, ол жердегі өсімдік жамылғысының құрамына әсерін тигізеді.

Мұнда негізінен жусанның ақ, қара түрлері басым. Жусанмен көмкерілген бөліктер кейде бірнеше шақырымға созылып біркелкі сүреңсіз жер бедерін құрайды. Жусанның ара-арасында ебелек, теріскен, көкпек, сораң, баялыш және т.б. кездеседі.

Өлке аумағының 40% алып жатқан орман белдеуін қылқан жапырақтардың негізгі бес түрі құрайды: шырша, самырсын, қарағай, балқарағай, майқарағай.

Оңтүстік Алтайдың орман белдеуі теңіз деңгейінен 2300-2400 м биіктіктегі таулардың ұшар басын алып жатыр. Орман құрайтын негізгі түр – Сібір балқарағайы. Сондықтан жоталардың біреуінің Листвяга аталуы кездейсоқ емес. Осы жерде таралған сібір самырсыны, шырша және жапырақты түрлері: қайың, көк терек, терек өскен аралас балқарағай – майқарағай ормандары әсем-ақ.

Жергілікті биік тауларда бұталы және шөптесін өсімдіктер жақсы жетілген. Бұталардан тобылғы, итмұрын, ұшқат, қарақат өскен қопалар, шөптесін өсімдіктерден жима тарғақ, ақ уқорғасын, жалпақ жапырақты шұбаршөп таралған.

Тастақ, құрғақ, ашық жерлерде және өзен бойларында қарағай өседі. Бірақ ол қайың, көк терек, балқарағай өскен аралас ормандарда жиірек кездеседі. Мұндай ормандар оңтүстік және Кенді Алтайда орналасқан, бірақ көбіне Қалба жотасына тән. Қарағай ормандарында жердің беті шайырлы хош иіс тарататын қылқан жапырақтармен көмкерілген. Осындай орман етегінде итмұрын, ағаштүс қараған, ұсақжапырақ және татар ұшқаты тобылғы, ырғай өсетін бұталы жерлер.

Мұнда орман қоңырбасы, көк шұнақ бетеге, шатырлы саршатыр, салбыр сылдыршөп бітік өскен. Қызыл кітапқа енгізілген жергілікті түрлері - шолпанкебіс, дала шұғылығы, ледебур баданасы және т.б. кездеседі.

Қалба жотасында өсімдіктердің үш дәуірлік көне замандық түрлері – табиғат ескерткіштері – Қайыңды қарағай орманы және Көктау самырсын шоқтағайы сақталып қалған.

Оңтүстік, Кенді Алтайдың биік тау белдеулерінде орман мүлдем жоқ. Бұл белдеуге тау шалғындары, дөңгелек жапырақты қайың нулары, мүкті – қыналы және тастақ тундра тән.

Кенді, оңтүстік Алтайдың шалғынды тау белдеуі субальпілік және альпілік шалғындар болып бөлінеді.

Субальпілік шалғындар тау беткейінің селдір орман жолағын және сәл жоғарырақ көмкеріп жатыр. Ауаның ылғалдылығы жоғары болғандықтан,мұнда өсімдіктер биіктігі 1,5м. дейін ұзарып өседі. Мұнда Марал тамыры, тиынтақ, іріжапырақ сарғалдақ, іріжапырақ шұбаршөп, түрлі жапырақты тікенқурай өседі. Беткейден жоғары көтерілгенде субальпілік шалғындар аласара береді де, альпілік шалғындарға ауысады.

Мұндай шалғындардың шөбінің биіктігі орташа. Құнарлылығымен, әралуандығымен және аса қанық бояуымен ерекшелінеді. Шалғындар шөмішгүлдермен алашабырланып тұр, олардың арасындағы Алтай күнгелдісінің ашық қызғылт-сары гүлдері, шнит жуасының жалтырақ қызылкүрең шоғырбастары, жылтыр таранның ақ шоғырбастары көздің жауын алады. Жыланбастың қою көк түсті гүлдері де көз тартады, көкшіл күлгін Алтай шөгіргүлдері бүтін гүлзарлар құрайды. Осы жерде көптеген дақылдар өседі: селдірек, жұпарбас, альпі атқонағы және т.б.

Жоғары өрлеген  сайын тау шалғыны сирей түседі. Шөп аласарып, өсімдіктер бірінен соң бірі жоғала береді. Жер жалаңаш тартып, батпаққа айнала бастайды. Таулы тундра белдеуі басталады.

Мұндағы асулар мен адырларда қою жасыл мүктер мен қына басқан тастар шашырап жатыр. Осында өсетін аласа қайыңдар мен талдар таңқалдырады. Талдың ұшар басы алақанның көлеміндей ғана, тек кейіннен үлпілдек мамық шашып «жарылатын» ұрқай жасыл не қызғылт сырғагүлдері бөлініп тұрады.

Кенді Оңтүстік Алтайдың, Тарбағатайдың жоғары беткейлерін қына жапқан өсімдіктердің ішінде альпілік түрлері кездеседі: беллард доңызаты, сарғылт әлен, естектер: жартас, түктесін, көгілдір. Тау шыңдарында Алтайдың жергілікті түрлері – алтай жуасы мен алтай рауғашы өседі. Тамыздың ортасында таудың ұшар бастарында шағын шатыршагүлді өсімдік – үрпиген шарбас гүлдейді. Оның гүлінің иісінен бүкіл атырап самал желмен, бал аңқып тұрады. Таулы тундраның тастақ топырағында төзімді жертаған өсімдіктер – қоңырбас, дұғаш және басқа да дәнді дақылдар өседі.


Информация о работе Шығыс Қазақстан