Мохандас Карамчанд Ганди (02.10.1869-30.01.1948 ж.ж.)

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 15 Мая 2014 в 03:33, реферат

Краткое описание

М. Ганди Оңтүстік Африкада жүргенде бейбіт жолмен қарсыласудың теориясы мен тактикасын белгілеп, оны сатьяграха (Шындық үшін тайсалма) деп атады. 1899 - 1902 және 1906 жылғы ағылшын-зулус соғыстары кезінде М. Ганди сол жақта тұрып жатқан үнділерден ағылшындарға көмек көрсететін санитарлық жасақтар құрады. Бурлар мен зулустардың күресін әділ күрес деп есептегенімен, ол үнділердің ағылшындарға жәрдемі Үндістанға өзін өзі басқару құқығын беруге септігін тигізеді деп үміттенді. М.Ганди осы тәсілдің арқасында өз халқын ағылшындық отаршылдық езгіден аман сақтап қаламын деп те ойлады. Ол заманда үнді халқын аман сақтап қалудың бірден бір жолы осы тәсіл екені де даусыз еді.

Вложенные файлы: 1 файл

ГАНДИ.docx

— 104.38 Кб (Скачать файл)

Сан мыңдаған жылдар бойы адамзаттың небір кемеңгер ақыл-ойлары іздеген - Шындық пен Ақиқат осы ма?

"Мен", "Мен" деп кеуде соққан пенденің  не ойлағаны бар, сонда? Пенделіктен  асып, қайда барамын дейді екен? Менмендіктің түбі - құрдым немесе бейшаралық екенін ұғып түсінуге шама-шарқы мен өресі жетпеген жанды кім бағалайды? Тарих па, тобыр ма?..

Сұрақ көп, жауап жоқ!

Міне біз өмір сүрген Өмірдің қатал заңы осындай. Түптің-түбі адамзат баласы ақылына келіп, барлығы бірдей бір кісінің баласындай асқан төзімділікпен, қамқорлықпен, қайырымдылықпен, кешірімділікпен тату-тәтті өмір сүретін күн туар ма? Ақиқаттың ақ туы салтанат құрып, жер бетінде желбірейтін шақ тым алыста жатыр ма?..

Махатма Гандиді оқып отырғанда басыңа келетін алғашқы ойлар осындай... Ешкімді ешқашанда іренжіткісі, біреуге зәбір көрсеткісі келмеген, бар ауыртпалықты бір өзі ғана мойнымен көтерген, басқалар үшін не азапты да басынан кешкен, сонысымен замандастарына үлгі болған, адам баласының кез келгенінің қолынан келе бермейтін шыдамдық пен төзімділікке барған, Ақиқаттың ақ жолын таңдап алған, өмірінде бір рет те өтірік айтпаған, жан баласын іренжітпеген, тіршілік атаулыға аялай қараған, қолынан Жақсылықтан басқа келмеген, жеке басының бақытын, қуанышын, ләззатын тәрк еткен, ешкімді ешқандай ұлтқа, ұлысқа, мемлекетке, хандыққа, патшалыққа, сұлтандыққа, сектаға, дінге, сословияға бөлмеген, осы жолда қандай азап болса да қаймықпаған, Ақиқаттың ақ жолы үшін өлімнен де қорықпаған жер бетінде бір ғана адам болса, соның бірегейі азат Үндістанның ұлы перзенті - Махатма Ганди.

 

БРАХМАЧАРИЯ

Мохандас Карамчанд Ганди (Махатма - туған халқы құдайдай көріп, құрметтеп қойған ұлы есімі) - үнді халқының оның көзі тірі кезінде-ақ аты аңызға айналған көсемі екендігі турасында жоғарыдағы тарауларда азды-көпті әңгімелеп беруге талпындық. Енді ұлы адамның бейнесі жан-жақтылы толық ашылуы үшін оның басынан кешкен кейбір оқиғаларды ғана баяндап бермекпіз. Үндістанның ұлы перзентінің басынан кешкен барлық оқиғаларды баяндап шығу мүмкін емес. Тек қалың оқырманды еріксіз ойға қалдыратын, Ақиқатқа жетелейтін оның өмірінің кейбір тұстарын ғана тілге тиек етпекпіз.

Жалпы Гандилер әулеті үндінің Бания кастасына жатады. Олардың соңғы үш ұрпағы Катхиавар княздіктерінің бірсыпырасында бас министр қызметтерін атқарған. Өздері көп ағайынды, өсіп-өнген ұрпақ. Соңғы ағайынды екеуі бірінен-кейін бірі Порбандардың бас министрі қызметін атқарады. Мохандас Гандидің өз әкесінің аты - Каба Ганди. Ол төрт рет үйленген. Бұрынғы үш әйелі жастай қайтыс болады. Екі әйелінен екі қыз қалған. Төртінші әйелі - Путлибай бір қыз, үш ұл көтереді. Мохандас - солардың кенжесі.

Әкесі Каба ешқандай байлыққа ұмтылмаған, өз әулетіне берілген, шыншыл, ержүрек және мәрт адам болған (бұл екі қасиеті Мохандасқа дарыған сияқты. Авт. Ж.К.), бірақ қызба еді. Сезім ләззатын мейілінше татпайынша жүре алмайтын. Ешқандай білімі жоқ, бірақ тәжірибесі мол адам еді.

Шешесі Путлибай - құдайға құлшылық етіп алмай, тамақ туралы ойламайтын аса діндар адам болатын.

"Шешем парасатты  жан еді. Мемлекет ісінен жап-жақсы  хабардар болатын, сарайдағы әйелдер  де оның ақылдылығын құрметпен  ауыздарына алатын. Бала кездегі  еркіндіктің арқасында шешемнің  соңынан еріп, сарайға жиі баратынмын, оның такор-сахибтің жесір қалған  шешесімен қызу әңгімелесетіні  осы уақытқа дейін есімде" деп  өз өмірбаянында жазғандай туған  анасын қатты құрметтегені көрініп  тұр.

Сонымен Порбандарда немесе Судампуриде 1869 жылы 2 қазанда Мохандас деген бала дүниеге келеді.

Мохандас барлық балар сияқты жеті жасында мектепке барады. Оның өзі айтқандай "бастауыш мектепте өте нашар оқиды" (сонда). Жасы он екіге қарағанда орта мектепке ауысады. Мохандастың өзі айтқандай "мұғалімдерге немесе мектептегі жолдастарыма бір рет те болса өтірік айтқаным есімде жоқ. Тым именшек едім және балалардан қашқақтап жүретінмін".

Бірде халық ағарту инспекторы Джайлс деген шенеунік балалардың білімін тексеруге келгенде Мохандас класс жетекшісі қанша көмектескісі келсе де, алған бетінен қайтпай "қазан" деген сөзді толып жатқан емілелік қатемен жазып, жазықты болғаны бар. "Мұғалім айтып жібергісі келіп, мені аяғымен түртті. Білмеген сөзді қасындағы баладан көшіріп алсын дегендегісі."деп осы оқиғаны М.Ганди естелігінде ауызына алады (сонда). Өйткені ол өзінің ұстазы үйреткендей, қанша мүмкіндік туып тұрса да ешкімнен көшіріп алғысы келмеген. Ол ешқашан да біреуден білмеген сабағын көшіріп алу дегенді мектепті бітіргенше үйрене алмай-ақ кетеді.

Мохандас мектепте жүргенінде өзі құдайдай көретін ұстазының бойынан көптеген кемшіліктер көріп, таң қалғаны бар. "Үлкендердің кемшілігін мүлдем аңғармайтыным бар еді. Кейініректе мен мұғалімнің басқа да көптеген кемшіліктерін білдім, бірақ үлкендердің ісін сынамай, айтқандарын орындап үйренгендіктен, оған деген құрметімді жойған жоқпын" дейді тағы да ол сол естелігінде.

Әке-шешесі Мохандасты мектепте оқып жүргенде он үш жасында үйлендіреді. Оған дейін оны ата-анасы үш рет басқа біреудің қыздарына атастырғаны тағы бар. Алғашқы рет атастырғанда жасы жетіде екен.

"Бұл тарауды  тіпті жазбай-ақ қойсам ба деп едім: мұны әңгімелеу үшін көптеген ащы естеліктерді жаңғыртуға тура келеді. Бірақ мен басқаша істей алмаймын, өйткені ақиқаттан тайғым келмейді. Он үш жасымда мені қалай үйлендіргенін айтуды ауыр міндетім деп есептеймін Қамқорлығымда жүрген осы жастағы балаларға қарап отырып, некелескенімді есіме алғанда, өзімді өзім аяймын әрі менің көргендерімді бұлардың бастарына бермегенін ойлап, қуанамын" деп жазады естелігінде М. Ганди "Балалық некесі" туралы.

Қалыңдығына қосылып, ұлан-асыр той жастатқан түні жеңгесінің алдын-ала үйреткеніне қарамастан қойнындағы қалыңдығына дұрыстап еркектік міндетін көрсете алмай, масқараға ұшырағаны таусылмайтын бір әңгіме. Кейін нәпсіқұмарлығы оянғанда, нағыз тойымсыз еркектің өзі болып, жас келіншегін ұйқтатпайтын жаман әдет тауып алады.

"Ол кітапшаларда  ерлі-зайыптылардың махаббаты, ұқыптылық, балалық неке және басқа жайлар айтылатын... Бұл кітапшалардағы өмір бойы күйеудің мойнына әйелге деген адалдық жүктелетіні жүрегіме мәңгі ұялады. Оның үстіне мен шындықты сүйетінмін, сондықтан әйелге өтірік айта алмайтынмын. Және осынша жас кезімде оны алдауым тіпті мүмкін емес-ті. "Егер мен әйеліме адал болуға тиісті болсам, онда әйелім де маған адал болуы керек"-деп ойладым мен. Бұл ой мені қызғаншақ күйеу етіп шығарды... үнемі аңдып жүруге мәжбүр етті..." (М.Ганди "Менің өмірім", "Жалын" баспасы, 1989 ж., ауд. М.Асылғазин) деп жалтақтамай ашық жазады сол бір балалық пен жігіттіктің қызықты шақтарын есіне алғанда.

Келіншегі Кастурбай асқан инабатты әйел болады. Ал Мохандас болса мектепте сабақ оқудың орнына үйінде қалған жас келіншегін ойлап, үйге тез жеткенше асығатын. "Үлкендерден ұят болады, сабыр сақтасаңшы" деген оның өтінішіне қарамастан талай рет ұятқа қалғаны тағы бар. Оның үстіне Мохандас сондай қызғаншақ болады. Әйелінің әр басқан ізін аңдып, тіпті, төркініне де жібермей, оны қызғыштай қорып, әуреге түседі. Ол Кастурбайға шын мәнінде ынтыға ғашық болған еді.

Мохандастың қызғаншақтығының арқасында жас келіншек Кастурбай білім алуға мүмкіндігі болмай, сауатсыз болып қалады. Бұған алдымен кінәлі - қызғаншақ күйеу екенін Мохандастың өзі де мойындайды. Бұлар отау көтерген Мохандастың 13 пен 18 жасының арасы түгесіп бітпес тән ләззатына толы болады. Ол он сегіз жасында Англияға оқуға кетіп, жанып-күюі аздап болса да басылғандай еді.

 

                         ОҢТҮСТІК-АФРИКАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ

Оның сотта (Бомбейде) алғаш сөз сөйлеуі сәтсіздікпен аяқталады: ол өзін қорғайтын сөз айта алмайды. Ол уақытта Гандидің бойында 1930 жылдары халықтың үлкен тобын өзіне қаратқан ерекше дарындылық (харизма) жоқ болатын. 1893 жылы ол өз отандастарының мүддесін қорғау үшін Оңтүстік Африкаға аттанады. Және 1915 жылға дейін (арасындағы үзілістерімен) сонда тұрады. Гандидің өзінің айтуынша, бұл оңтүстік-африкалық жиырма екі жыл оның тағдырындағы шешуші кезең болып табылады. Ол үнді қауымы азап шегіп жатқан шыңғырған шындықты танып, қызу түрде үкіметке берілетін арнаулы өтініштерді дайындайды, биліктің ресми құжаттарын өртеп, оған қарсы шығады. 1908 жылы ол алғаш рет тұтқынға алынады. 1913 жылы әлеуметтік бассыздықтың жаңа әрекеттерімен бетпе-бет келген Ганди билікке өз талаптарын қою үшін Трансвааль маршын қабылдайды. Әйтсе де, қайта қамауға алынған ол нәтижесінде тым болмағанда ұлттық теңсіздіктің ең жексұрын формаларын айыптайтын пакттың жазылуына қол жеткізеді (пакт – келісім-шарт – үлкен саяси маңызға ие халықаралық келісім-шарттардың бірі). Бұл оның бірінші жеңісі еді. Оңтүстік Африкада Ганди Англияға қарсы шығуға рухани күш-жігер жинайды. Табысты адвокат санатындағы ол кез-келген молшылықтан бас тартып, Дурбанның маңында ашрам деп аталатын ферма-коммунаның негізін қалайды, сонда тақуалықты, вегетариандықты, кедейлік пен тазалықты насихаттайды. Оның философиясы өзінің болмысы жағынан тұтастай алғанда түрлі діни сенімдер мен ілімдерді біріктіре отырып, өмір салтымен де үйлесім табады. Христостың адамгершілік ерліктері тамсандырған Ганди Құранды да беріле оқиды. Сондай-ақ Лев Толстойдың, Генри Тороның («Азаматтық бағынбаушылық»), Джон Рёcкиннің шығармалары оның зор қызығушылығын тудырады. Алайда оған бәрінен де индуизм мен оның басты киелі мәтіні, зорлық-зомбылықты айыптайтын және тән құштарлығының құлдығынан құтылуға шақыратын «Бхагаватгита» («Ізгі Құдайдың әні») күшті әсер етеді.

«МАХАТМА» НЕМЕСЕ «ҰЛЫ ЖАН»

Ганди 1915 жылы Үндістанға оралған кезде, оны ұлттық батыр ретінде қарсы алады. Ол балалық шағы жайлы естеліктерін жаңа әсерлермен байыту үшін қала ішіне саяхат жасайды. Барлық жерде кедейліктің шегіне жеткенін көрген Ганди бұған ағылшындарды басты кінәлі санайды. Және ол өзі кейін «Сатьяграха» («Шындық күші») деп атаған әдіске жүгінуге шешім қабылдайды. Гандидің ойынша, адам әділетсіз және зұлым қарсыласқа тап келсе, ол оған адамгершілік күшімен және жақындарына деген махаббатымен қарсы тұруы керек. Махатма күш қолданбау қағидасымен қанаттана отырып, азаматтық бағынбаушылық пен пассив қарсылық науқанын бастайды. Мұндай маңызды акция ретінде ол 1919 жылы 6 сәуірде «хартал» ұйымдастырады (жалпы көтеріліс). Мұны ол Үндістандағы ағылшын үкіметінің төтенше өкілеттілігін кеңейтетін Роулетт заңдарына қарсылық белгісі ретінде өткізеді. Табыс көзге айқын көрініп тұр еді: оның ағылшындармен ынтымақтастықтан бас тартуға үндеуі Үндістан ұлттық конгресі партиясының (өзі оны 1920 жылдан басқарады) бағдарламасына негіз болып, елдімекендерді көптеп қамти бастайды. Ол ауыл экономикасын жандандыруға ұмтылып, үнділер өздерінің киімдерін шығарулары үшін британдық өндіріс киімдерін өртеуді ұсынады. Алайда 1922 жылы ағылшын тауарларына бойкот қозғалысы тоқтап қалады: Ганди тұтқындалып, алты жылға абақтыға қамау туралы үкім шығарылады. Екі жылдан кейін ағылшын билігі Гандиден азап шегуші жасаудан қорқып, оны түрмеден шығарады. Енді Махатма «сотқа жүгіне алмайтын» касталарға (зерттеушілер «сот жоқ каста» деп те атайды) ерекше көңіл аудара отырып, халықты ағартуға кіріседі. Өйткені 70 миллиондай үнділік тұрғын нас саналып, былғаныштарды тазалау сияқты ең лас жұмыстарға жегілген еді. Ганди өз ашрамына «сот жоқ касталарды» да қабылдап, осы тәріздес дәстүрлерге қарсы күресті. Түрмеде болған кезінде (1932) «Бапу» («Ұлы әке», сол кезде оны осылай атаған) қоғам назарын төменгі кастаның кедейлігіне аудару үшін аштық жариялайды. Оның үні көпшілікке жетті: «сот жоқ касталар» үшін ғибадатханалардың есігі ашылды және индустар да осы бір «Құдай балаларының» (Ганди атағандай) қолынан ас жеу үшін сонда ұмтылды.

Оңтүстік Африкада адвокаттық қызметте. 1906 жыл

СОҢҒЫ ШАЙҚАС

1931 жылы қыркүйек-қазан айларында Лондонда «дөңгелек үстел» ұйымдастырылады. Оған қатысу үшін Ганди де келеді. Ағылшын билігінен ештеңе өндіре алмаса да, халықаралық қоғамдық пікір айтушыларды өзінің ізгі ниетіне сендірді. Үндістанға оралған соң ол саясаттан, Үндістан ұлттық конгресінен кетіп, елдімекендердегі түрлі касталар мен ұлттық топтардың қажеттіліктерін жақсырақ білу үшін ел ішінде саяхаттайды. Ганди қоғамның жағдайы – Үндістанның тәуелсіздігі жолындағы күрделі мәселе екенін жақсы түсінді. Ол өзінің серіктестерімен де, әсіресе елді жаңарту мен әлеуметтік әділеттіліктің қамтамасыз етілуін көздеген Үндістан Ұлттық конгресінің сол қанатының өкілі Джавахарлал Нерумен де байланысын бекітті. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде (1942 жылы) Ганди ағылшын үкіметінің Үндістанға жапон әскерлерінен өз күшімен қорғанатындығын шарт ете отырып, доминион (Британия империясына қарайтын, бірақ басқару билігі өзіндегі елдердің аты) дәрежесін беру жайлы ұсынысын қабыл алмайды. Гандидің жауабы мынадай болды: «Үндістаннан кетіңдер!». Бұл жауап оның серіктестерінің ұранына айналады, осыдан кейін ол тағы да түрмеге түседі (1942-1944). Гандидің рухын түсірген және Үндістанның соңғы вице-королі лорд Маунтбаттеннің күш салуына қарамастан орын алған оқиға: тәуелсіздік алудың бірінші кезекте индуистер мен мұсылмандар арасындағы қарулы қақтығыстарсыз өтпей қалмағандығы болды. 1947 жылы 15 тамызда Үндістанның тәуелсіздігі туралы Заңға қол қойылды, алайда елді индуистік Үндістан және мұсылмандық Пәкістан деп екіге бөлуге тура келді. Соңғысы өз кезегінде екі бөлікке бөлінеді: батыс және шығыс (соңғысы кейін Бангладеш мемлекеті болды). Әртүрлі діни конфессиялар арасында бейбітшілік орнату үшін әдейі аштық жариялаған Махатма бұл бөлінуге қатты қапаланады. Жаппай қоныс аудару және онымен қатар орын алған күш көрсетушілік әрекеттер де оның жанын ауыртты: 7 млн. мұсылман үнді штаттары одағынан кетуге мәжбүр болса, 10 млн. индуист Пәкістаннан қашып құтылады. Махатманың шыдамдылық жайлы үндеуі тыңдаусыз қалды. Осы кезде сахнаға Пәкістанның болашақ көшбасшысы Мұхаммед Әли Джинна шығады. Ганди ешуақытта өзін мұндай жалғыз сезінбеген еді: мұсылмандар оны жек көреді және оның күресінің басты мақсаттарын түсінбейтін, жат көретін көпшілік индуистер оны сатқын санайды. 1948 жылы 30 қаңтарда Махатма индуист-экстремист Натхурам Годсенің қолынан қаза табады. Өз көсемдерін соңғы сапарға үнділер ғана шығарып салып қойған жоқ. Лорд Маунтбаттен «Махатма Гандидің есімі тарихта әрқашанда Будда және Иисус Христос есімдері сияқты ұлылықпен әспеттелетін болады» деп жариялады.

БӨЛІНУГЕ ӘКЕЛГЕН ТӘУЕЛСІЗДІК

Махатма Ганди бастаған «Тұзды шеру»

Үндістанның отарлық тәуелділіктен азат етілуі (1947 жылы жазда) Біріккен Корольдіктің әлемдік ірі держава ретінде соңғы күндерінің жақындағанын білдірді. Алайда үнділердің жалынды үміттері мен Махатма Гандидің табанды күресінің мұраты болған тәуелсіздік нәтижесі елдің бөлінуіне алып келді. Кейбіреулердің айтуынша, бұл жерде бірінші кезекте ағылшындардың «Бөліп ал да, билей бер!» деген ұраны әсер етсе, енді біреулер мұны тарихи себептермен түсіндіреді: мұсылман дегдарлары ХІІ-ХVII ғасырлардағы басым позициясын жоғалтумен ақыры келісе алмады. Тәуелсіздік сол себепті өштесуге себеп болды, оның басында Пәкістан мемлекетінің басты құрушысы Мұхаммед Әли Джинна (1876-1948) тұрды. Отарсызданудан кейінгі алғашқы айларда бұқаралық қақтығыстар мен қоныс аударулар орын алды. Бұл, жалпы алғанда, 14 миллиондай адамды қамтыды. Ганди елдің бөлінуін өзінің жеке сәтсіздігі санады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ІV. ТҮЙІН 

Үндістанның азаттығы жолында Махатма Ганди жалғыз күресті десек қателескен болар едік. М.Гандидей рухы биік ұлы тұлғаны жебеп, желеп жүрген Үндістан халқының небір тамаша перзенттері тарихқ атты өшпес кітапқа өз есімдерін алтын әріптермен қалдырды. Есімдерін атайтын болсақ олар мыналар:

Ең алдымен М.Гандидің күрескер серігі, Үндістанның тұңғыш Премьер-Министрі Джавахарлал Неру, халық Конгресінің белгілі көшбасшылары - Бепин Чандра Лал, Л.Л. Рай, Гопал Кришна Гөкхале, Балангадхар Тилак, Рабиндранат Тагор, Патель, Раджендра Прасад, Сарат Чандра Бос, С. Раджагопалачария, Асаф Али, Джагдживан Рам, Джон Маттхай, Мтилал Неру, Аббас тьябджи, М.Р. Джайякар, т.б. есімдерін зор құрметпен ауызға алуға болады ( бұл деректер "ЖЗЛ" сериясы бойынша А.Горев, В. Зимяниннің Неру, Москва, "Молодоя гвардия", 1980 г. жарық көрген кітабынан алынды).

Тәуелсіз Үндістанның бүгінгі халқының саны ол тұста 300 миллионның о жақ, бұ жағында еді және халқының 90 пайызы ауылды жерде тұратын ( бұл да сонда). Сол соңғы көрсеткіштегі халық тұтастай Махатма Гандидің соңынан ерген және оны әулие тұтқанының өзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның негізгі тұрғыны қазақтардың да дені бүгінге дейін ауылды жерде тұратыны қай-қайсысымызды ойлантқаны жөн сияқты.

"Үндістан мен  Пәкстан арасындағы алғашқы дау-жанжал  кезінде 1947 жылдың 31 наурызында Делиге  вице-королт Маутбэттеннің арнайы  шақыруымен келген М.Ганди:

- Егер Халық  Конгресі Үндістанның екіге бөлінуіне  дауыс беретін болса, онда олар  менің өлігімнің үстінен аттап  барып қана ондай қадам жасай  алады. Тірі кезімде Үндістанның  екіге бөлінуіне өліп бара  жатсам да жол бермеймін!" - деген ( 307-б.).

Информация о работе Мохандас Карамчанд Ганди (02.10.1869-30.01.1948 ж.ж.)