Қазақстан Ресейдегі 1905-1907 жылдардағы революция кезінде

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Октября 2013 в 01:59, реферат

Краткое описание

1905 жылдан 1907 жылға дейінгі кезеңде бірінші орыс революциясы болып өтті. Оның жаңғырығы Қазақстанға да жетті. Патша үкіметінің 1905 жылғы 9 қаңтарда қарусыз шеруге шыққан жұмысшыларға оқ атып, қырып салғаны оның қанішер зұлымдық саясатын әшкерелеп берді. Бұл хабар халықтың кекке толы ашу-ызасын келтірді. Қазақтың белгілі ақыны әрі этнограф, тарихшы, шежірешісі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы осы оқиғаға арнап «Қанды жексенбі» деген өлең жазды. Өлеңнің «Айқап» журналына жарияланғалы жатқанын сезіп қалған жергілікті отаршыл әкімшілік оны басып шығаруға тыйым салды. Автор қуғын-сүргін көрді. Ташкент, Қоқан жағында және Ішкі Орда аумағында бой тасалауға мәжбүр болды.

Содержание

І. Кіріспе

ІІ. Негізгі бөлім

Қазақстан Ресейдегі 1905-1907 жылдардағы революция кезінде

Бірінші орыс революциясының қазақ халқына тигізген ықпалы

Бірінші орыс революциясы және оның Қазақстанға әсері 1- бөлім

Бірінші орыс революциясы және оның Қазақстанға әсері 2 - бөлім


ІІІ. Қорытынды

Вложенные файлы: 1 файл

революция.docx

— 35.61 Кб (Скачать файл)

    1905 жылы Семей облысы Қарақаралы уезінің Қоянды жәрмеңкесінде 14,5 мың адам қол қойған Қарқаралы петициясына Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, Ж.Ақбаевтың қатысы болған. Осы петиция туралы және оны дайындап, көптеген адамдарға қолдатудағы Ахмет Байтұрсыновтың ерекше еңбегін жоғары бағалаған М.Әуезов 1923 жылы жазған “Ахаңның елу жылдық тойы” деген мақаласында: “1905 жылы Қарқаралыда Ахаңмен басқа да оқығандар бас қосып, кіндік хүкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз-тілек) жіберген.

 

Бірінші орыс революциясы  және оның Қазақстанға әсері 2- бөлім

 

    Осы кезеңде Қазақстан халқының саяси ой-өрісінің дамуында Мемлекеттік Думаға сайлау жүргізу науқаны маңызды рөл атқарып, онда қазақ зиялыларының көптеген өкілдері белсенді қызметімен көрінді. Мысалы, 1905 жылдың 6 тамызында Мемлекеттік Дума жөніндегі патша Манифесі қазақ еліне де депутат сайлау құқығын берген болатын. Бірақ, бұл құқықтың жартыкештігі байқалды. Өйткені, депутаттарды сайлау барысында ұлттардың ара салмағы есепке алынбады. Сондықтан, қазақ зиялылары мұндай әділетсіздікті түзетуге біршама әрекет жасап көрді. Нәтижесінде, қазақ халқы Мемлекеттік Думаға әр облыстан бір депутаттан ғана сайлау құқығына ие болды. Сөйтіп, Қазақстаннан бірінші Мемлекеттік Думаға барлығы 9 депутат, оның ішінен 4 миллион қазақ халқынан 4 депутат: Ә.Бөкейханов, А.Бірімжанов, А.Қалменов және Б.Құлманов сайланды. Олар Дума жұмысына мұсылман депутаттары фракциясы құрамында қатынасты. Бұл фракцияның заң жобасы ретінде дайындаған ең басты құжаты аграрлық мәселеге байланысты еді. Мұсылмандар фракциясы жер мәселесіндегі аграрлық тұжырымдаманы мұсылмандар партиясының бағдарламасы негізінде ұсынды.

    Ал барлығы 72 күн ғана жұмыс жасаған бірінші Мемлекеттік Дума 1906 ж. 9-шілде күні үкімет шешімімен таратылды. Дәл сол күннің кешінде Думадағы оппозицияның 182 өкілі (кадеттер, трудовиктер, меньшевиктер) Выборг қаласында (Финляндия) жиналып, Манифест дайындап, оған өздерінің қолдарын қойды. Олардың арасында Ә.Бөкейханов та бар еді. Сол үшін ол келесі Думаға  сайлану құқығынан айрылып қана қойған жоқ, сонымен бірге жауапқа тартылып, абақтыда отырып шығады. Сөйтіп, халық бұқарасының назарын алаңдату үшін шақырылған бірінші Мемлекеттік Дума оның үміттерін ақтамады, ал оның мінберін партиялар өз мақсаттарына пайдаланды.

     Екінші Мемлекеттік Думаның сайлануына келер болсақ, ол 1905 жылдың 6 тамызындағы және 11 желтоқсанындағы сайлау заңдары негізінде өткізілді. Думаға Қазақстаннан 14 депутат, олардың 6-ы қазақ ұлтының өкілдері: молда Ш.Қосшығұлов – Ақмола облысынан, би Х.Нұрекенов – Семей облысынан, адвокат Б.Қаратаев – Орал облысынан, сот тергеушісі А.Бірімжанов – Торғай облысынан, Т.Алдабергенов – Сырдария облысынан, қатынас жолдары инженері М.Тынышбаев – Жетісу облысынан сайланды. Екінші Дума депутаттарының құрамы жағынан болсын, күн тәртібіне қойылған мәселелерді талқылау жағынан болсын бірінші Думаға қарағанда солшыл бағытта болған-ды. Негізгі пікір тартысын тудырған мәселелердің бастысы аграрлық және қоныс аудару мәселесі болды. Әсіресе, депутаттар Б.Қаратаев, А.Бірімжанов, Ш.Қосшығұлов, Х.Нұрекенов өте белсенді түрде, заң шеңберінде патша өкіметінің қоныс аудару саясатына қайткенде бір ықпал етуге тырысты. Мәселен, 1907 жылы 17 мамырда депутаттық сауалға байланысты жарыссөзде депутат Б.Қаратаев сөйледі. Ол өзінің сөзін қазақ халқы үшін ең маңызды іске айналған жер мәселесіне арнады: "Үкімет, біріншіден, Ресей ішіндегі помещиктер мүддесін, яғни, 130000 помещиктің мүддесін қорғау үшін" жерсіз орыс шаруаларына қазақ жерлерін тартып әперіп отыр. Екіншіден, үкіметтің бұл саясаты ашықтан-ашық ұлы державалық, шовинистік негізде жүргізілуде. Соның нәтижесінде жерге орналастыру мекемелері қазақтарды "орныққан орындарынан, поселке, деревня құрап отырған үйлерінен жаппай қуып шығумен айналысып отыр". Әрине, бұл сөз іс жүзінде патша үкіметінің қазақ даласындағы отарлау саясатын жергілікті халықтың атынан әшкерелеу еді. Б.Қаратаев орыс халқының еңбекші бұқарасы мен зиялы қауымын қазақ елінің осындай ауыр жағдайына көңіл аударуға шақырды.

     Патша үкіметі 1907 жылдың 3-маусымында шығарған заңымен екінші Мемлекеттік Думаны да таратып жіберді. Бұл құжат, сонымен бірге, сайлау Заңына өзгерістер енгізді. Патша үкіметі Қазақстан мен Түркістанда пәрменді отарлау саясатын жүргізе отырып, Думада бұл аймақтардан депутаттардың болмағанын өзіне қолайлы деп тапты. Сонымен, қазақ депутаттары қатынасқан бірінші және екінші Думалар қазақ қоғамының отарлық жағдайына өзгеріс енгізе алатындай ешқандай заңдар қабылдаған жоқ. "3-маусым Заңының" өмірге келуімен бірге, қазақ зиялыларының Думаға артқан үміті де біржола сөнген еді. Дегенмен, "3-маусым Заңы" қазақ зиялыларын Дума арқылы жүргізуді көздеген саяси күрестен біржола ығыстыра алған жоқ. Олар Думадан тыс қала отырып, құрамы жағынан алғашқы екі Думадан анағұрлым консервативті, ұлыдержавалық бағыттағы үшінші Дума шеңберінде де мұсылман фракциясы, сібірлік депутаттар, солшыл кадеттер және басқа да одақтастары арқылы патшалықтың қазақ жеріндегі отарлау саясатына, "3-маусым Заңына" қарсы әрекеттерін тоқтатпады. Ал, жалпы алғанда, сол кезеңдегі қазақ зиялыларының мерзімінен бұрын таратылған патша үкіметінің бірінші және екінші Дума жұмысына және оларға қатысты саяси шараларға қатысуы, әрине, олар үшін үлкен өмір мектебіне айналып, белгілі деңгейде өзіндік із қалдырды. Олар, біріншіден, империя жағдайында Дума сияқты "өкілетті" орынның, ең алдымен, орыс помещиктерінің мүддесіне, империялық мүдделерге қызмет жасайтындығына көздерін жеткізді. Ал, екіншіден, қазақ зиялылары Думаға қатысты шараларға араласа отырып, негізгі мақсатқа жету үшін жалпы халықтың саяси белсенділігін арттыру мен батыл қимыл-әрекеттердің қажет екендігіне де көздері жетті. Сондықтан да бұл ізгі мақсатқа қол жеткізу үшін, ендігі жерде қазақ зиялылары саяси күрестің басты құралдары ретінде "Айқап" сияқты журнал мен "Қазақ" сияқты бұқаралық газет шығарып, өздерінің ғасыр басындағы белсенді басталған қоғамдық-саяси қызметін одан әрі жалғастыра түсті.

    "Айқап" журналы қазақ елінде 1911-1915 жылдары шығып тұрды. Оның шығарушысы және редакторы Мұхамеджан Сералин (1871-1929) болды. Журнал Қазақстандағы сол кезеңнің идеялық-саяси ой-пікірдің аграрлық-демократиялық бағыттарын білдірді. Оған Б.Қаратаев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Торайғыров, Ж.Сейдалин және басқалар қатысып тұрды. Журнал беттерінде негізгі мәселелер қатарында оқу-ағарту ісі мен аграрлық мәселе, яғни жер қатынастары, көшпенділердің дәстүрлі мал шаруашылығы және олардың отырықшылыққа көшуі туралы мақалалар көптеп жазылды. Сондай-ақ, журналда патша өкіметінің отаршылдық саясаты әшкереленіп отырды.

    Сонымен қатар, Орынбор қаласында 1913-1918 жылдары А.Байтұрсыновтың басшылығымен шығып тұрған ресми "Қазақ" газеті болды. Ол либерал-демократиялық бағыт идеяларын ұстанды. Газет редакциясында сол кездегі қазақ конституциялық-демократиялық партиясының және қазақ халқының жалпы ұлттық қозғалысының жетекшісі, экономист-ғалым Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов және басқалар қызмет істеді. Олар ең күрделі аграрлық мәселеде жерге Ресей патшалығының тарапынан мемлекеттік меншіктің күшін жою және оны қазақтардың меншігіне беру, жер сатуға тыйым салу талаптарын қойды.

    Тұтас алғанда, қазақ өлкесінің әлеуметтік-экономикалық  және қоғамдық-саяси өмірінің дамуы туралы әр түрлі көзқарастарда болғанына қарамастан, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде шығып тұрған "Айқап" журналы мен "Қазақ" газеті  өз беттерінде ұлттық идеялар мен қазақ халқының мүдделерін ақиқат жолымен жан-жақты көрсете білді.

     Қорыта айтқанда, Қазақстандағы революциялық қозғалыстың біршама өрлеуі 1905 жылдың қазан-қараша айларында өткендігі тарихтан белгілі. Өйткені, бұл кезде 17 қазандағы патша Манифесінің жариялануы Қазақстанның көптеген қалаларында көп адам қатысқан жиылыстарға, демонстрацияларға және халықтың қалың тобының бой көрсетулеріне ұштасқан болатын. Бұл туралы Әлихан Бөкейханов былай деп жазды: "Қазақтардың жүріп-тұруы арқасында Манифест қысқа уақытта бүкіл даланың қолына тиді. Жер-жерде қазақтар үлкенді-кішілі съездерге жиналды… Манифесті оқыды, оны түсіндірді, болашақтағы Мемлекеттік Дума сайлауы туралы мәселелерді талқылады. Облыстың ең алыс түкпірлерінен қазақтар топ-топ болып қалаларға барды, онда қала тұрғындары ұйымдастырған қалалық митингілерге қатысты. Орыстар, татарлар, сарттар мен қазақтар бір туысқан от басына қосылып кетті".

     Қазақ ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметіндегі белсенділігі де арта түсті. Олар 1905 жылдың желтоқсанында Оралда бес облыстың қазақ халқы делегаттарының съезін өткізіп, өз партиясын – Ресей конституциялық-демократиялық (кадет) партиясының бөлімшесін құруға әрекет жасаған болатын. Ондағы мақсат – 17 қазанда жарияланған патша Манифесі берген бостандықтар шеңберінде қазақтардың ұлттық мүддесін қорғау еді. Осыған байланысты 1906 жылдың ақпанында Семейде қазақтардың екінші съезі өткізілді. Ол кадеттерге жақын бағдарламаны мақұлдады. Сонымен қатар, оған өлкеге шаруалардың қоныс аударуын тоқтату, Қазақстанның барлық жерін байырғы халықтың меншігі деп тану, ұлттық мектептер ашу, тағы басқа да талаптар енгізілді. Олардың басында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, М.Шоқаев, М.Дулатов, Б.Қаратаев және қазақ зиялыларының басқа да көрнекті қайраткерлері жүрді. Сондай-ақ, олар дін ұстану бостандығын жақтап, әсіресе үкімет пен жергілікті органдардың мұсылман дініне қарсы шараларына наразылық білдірді. Ұлттық мәдениетті дамытуды, сонымен қатар, Қазақстанда қазақ тілін басқа тілдермен тең қолдануды талап етті. Міне, осыған орай мұсылман дінбасыларының ықпалы күшті болған Семейде, Петропавлда, Ақмолада, Верныйда және т.б. қалаларда діни ұйымдар пайда болды. Өлке мұсылмандарының діни талаптар қойған петициялық науқаны кеңейе түсті. Жалпы, мұсылман қозғалысы түрік халықтарының Ресей империясы құрамындағы автономиясы және мәдени-автономиялық дамуы туралы мәселе көтерді.

     ХІХ ғасырдың  аяғы мен XX ғасырдың басындағы  қазақ өлкесінің әлеуметтік-экономикалық  өмірінде болған өзгерістер ескі  қалалардың өсуімен, жаңа қалалардың  пайда болуымен, әсіресе, олардың  ірі әкімшілік орталықтарына  айналып қана қоймай, оларды мекендеген  халықтың шаруашылығында және  мәдени, қоғамдық өмірінде үлкен  роль атқаруымен сипатталды. XX ғасырдың  басында-ақ Қазақстан көп ұлтты  елге айналды да, ғасыр басында  Қазақстанның негізгі территориясы  алты облысқа бөлінді: Сырдария  мен Жетісу облыстары Түркістан  генерал-губернаторлығына (орталығы - Ташкент қаласы), ал Ақмола, Семей,  Орал, Торғай облыстары – Дала  генерал-губернаторлығының құрамына  кіргізіліп, Ішкі (Бөкей) ордасының  территориясы Астрахань губерниясына, ал Маңғыстау Закаспий облысына  қаратылды.

     Осы кезеңде Ресей империясының ішкі губернияларынан көші-қон ағынының дамуы нәтижесінде Қазақстан халқының тез өскендігі де аңғарылды. Оған дәлел: Ресей империясының бірінші жалпыға бірдей санағынан кейінгі алғашқы екі онжылдықта (1897-1917 жж.) Қазақстан халқының саны 4147,7 мың адамнан 5045,2 мың адамға, яғни 25,7% көбейген. Ал, өлкенің демографиялық деректерінің табиғи өсу деңгейіне салыстырмалы талдау жасасақ, мынадай цифрларды аңғаруға болады. Өлкенің сол кездегі негізгі алты облысы бойынша 1897-1906 жылдарда жалпы алғанда бір мың адамға халықтың табиғи өсімі 11,3%, ал 1907-1916 жылдарда -15,3%; Ақмола облысы бойынша орыстар мен украиндардың үлес салмағы 1897 жылғы 33,0% 1917 жылғы 55,7% дейін өскен де, осы екі онжылдық ішінде халықтың табиғи өсімі 38,9% болған. Ал, қазақтары басым облыстарда табиғи өсімнің едәуір төмен болғандығы көрінеді: Жетісуда - 25,7%, Сырдарияда - 25,6%, Оралда – 20%, Семейде - 15,6%. Сөйтіп, Қазақстанның байырғы халқының үлес салмағының азаюына ғасырдың басында орыстардың, украиндардың және басқа да ұлт өкілдерінің империяның ішкі аймақтарынан жаппай қоныс аударуының қатты әсер еткендігін аңғаруға болады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

  1. Қазақстан тарихы. Очерк
  2. Қазақстан тарихы. 5-томдық 3-том
  3. Г.В. Кан, Н.У. Шаяхметов. Қазақстан тарихы.  А., 2009
  4. М. Б. Мұхамедов, Б. Сырымбетұлы. Қазақстан тарихы (оқу құралы).

А., 2009

  1. М. Чапай. Қазақстан тарихы. А., 2008

 

 

 

 

 

 

 


Информация о работе Қазақстан Ресейдегі 1905-1907 жылдардағы революция кезінде