Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941-1945)

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Февраля 2014 в 15:30, реферат

Краткое описание

1 Ұлы Отан соғысының басталуы
2 Фашистік Германияның соғыс жоспары
3 Қазақстандық жауынгерлердің майдандағы ерлігі
4 Қаһарман партизандар
5 Қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары
6 Қазақстан экономикасын соғыс жағдайына бейімдеп, қайта құру
7 Қазақстан - майдан арсеналы
8 Еңбекшілердің тылдағы ерен еңбегі
9 Түркістан легионы
10 Қазақстан аумағына күшпен қоныс аударылған ұлттар
11 Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталуы
12 Пайдаланған әдебиет

Вложенные файлы: 1 файл

Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында.doc

— 117.50 Кб (Скачать файл)

     Актөбеде  салынып жатқан ферроқорытпалар  зауыты Запорожье ферроқорытпалар  зауытының құрал-жабдықтарын алды, көмірлі Қарағанды өзінің техникалық  кешенін донецкілік Пархоменко  атындағы шахтаның жабдықтарымен  толықтырды, Алматыдағы автожөндеу  зауытының аяқталмаған құрылысы Луганск ауыр машина жасау зауытының цехтары орналасқан базаға айналса, республиканың оңтүстігіндегі тамақ өнеркәсібінің жаңа құрылыстары Украинаның 14 қант зауытының құрал-жабдықтарын алды. Балқаш мыс қорыту кешенінің қуаты Владимир облысындағы Кольчугин қаласының түсті прокат зауытының құрал-жабдықтарын меңгеріп, оны іске қосқан соң елеулі түрде артты. Түсті металл және отын-энергетика өнеркәсібінің жаңа кәсіпорындары салына бастады. Жалпы соғыс жылдарында Қазақстанға 300-ден астам көшіріліп әкелінген зауыттар орналастырылып, жұмыс істеді. Тасып әкелінген кәсіпорындардың кейбіреулерінің құрал-жабдықтары салынып жатқан нысандарды аяқтау үшін пайдаланылды.

      Соғыстың  алғашкы жылдары Қазақстанға  батыс аудандардан эвакуацияланған  532,5 мың адам баспана мен жұмыс тапты, сонымен бірге 50 мың маманданған жұмысшылар, инженер-техник қызметкерлер және негізінен ауылдар мен селоларға орналастырылған 970 мыңдай күштеп көшірілген поляктар мен немістер келді. Республика жұмысшы табының қатарына Донбастың 2 мыңдай шахта құрылысшылары келіп қосылды. Өте қысқа мерзім ішінде эвакуацияланған кәсіпорындарды тиісті өндірістік алаңдармен қамтамасыз етіп, майданға қажетті өнімдер өндіруді жолға қою, адамдарды азды-көпті тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз ету қажет болды. Майданға жақын аймақтардан адамдарды амалсыз эвакуациялау көптеген қиындықтар әкелді. Олардың көпшілігі ауылдар мен селоларға орналастырыдды. Қалалардағы соғысқа дейінгі тұрғын үй проблемасы одан әрі шиеленісе түсті. Ел үшін ауыр болған осы жылдардың өзінде тұрғын үй құрылысы жалғастырыла берді. 1941-1945 жылдары жалпы көлемі 3 317 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға берілді.

 

                    Қазақстан - майдан арсеналы

    1941-1945 жылдары республика бұрынғы КСРО-дағы қорғасын (85%), мыс (35%) қорыту, полиметалл және мыс рудаларын өндіру жөніндегі жетекші орнын сақтап қалды. Барланған кен орындарының негізінде металл өндіру, байыту мен қорыту кәсіпорындары салынды (Шығыс Қоңырат молибден, Жезді марганец, Донской хромит кеніштері (рудниктері), Ақшатау молибден-вольфрам, Текелі полиметалл, Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты т. б.). Осының арқасында Қазақстан одақтағы молибден мен марганец рудаларының 60%-ын, висмуттың 65%-ын, полиметалл рудалары мен қорғасынның 80%-ға жуығын өндірді. Соғыс кезіндегі он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген қорғасыннан құйылды. Соғыс қызып тұрған кезде республика қара металлургиясының «тұңғышы» - Ақтөбе ферроқорытпалар зауыты іске қосылды,ал 1943 жылы Қазақ (Қарағанды) металлургиялық зауыты алғашқы 200 тонна көлеміндегі жоғары сапалы болат қорытып шығарды, бұл көрсеткіш 1945 жылы 4,6 мың тоннаға жетті.

   Соғыс жылдарында  республиканың қара металлургиясы  ойдағыдай дамыды. Донбасты фашистер  басып алғанда Қарағанды көмір  кеніші соғысқа қажетті отынның  65 пайызын өндірген. Қарағанды шахтерлері төрт жыл ішінде 34 млн тонна көмір қазды. Елімізде соғыс жылдарында 19 жаңа шахта, жылдық қуаты алты миллион тонналық үш көмір разрезі салынып, пайдалануға берілді. Өлкеде көмір өндіру 1940 жылғы 6,6 млн тоннадан 1944 жылы 11,2 млн тоннаға жетті. Осы жылдары 4 жаңа мұнай кәсіпшілігі ашылды. Атырауда мұнай айыратын зауыт салынды. Соғыстың 4 жылында алдыңғы жылдармен салыстырғанда 887,9 мың тонна мұнай жөнелтілген. Ал республика жеңіл өнеркәсіп өнімдері бойынша одақта РКФСР-ден кейін екінші орынға шықты. Қызыл Армия жауынгерлерін киім-кешекпен, азық-түлікпен қамтамасыз етуде республиканың жеңіл және тамақ өнеркәсібінің кәсіпорындары қыруар жұмыстар атқарды. Ер-азаматтары майданға алынып, бар ауыртпалық егде адамдардың, әйелдер мен балалардың мойнына түсті. Олардың еңбегінің арқасында соғыс жылдары Қазақстан колхоздары мен совхоздары елімізге 56 млн пұт астық, 733,9 мың тонна ет, 1142 мың тонна сүт, 62,4 мың тонна жүн өткізді. Тары өсірудің шебері Шығанақ Берсиев (әр гектардан 202 центнер), атақты күрішшілер Ы. Жақаев, Ким Ман Сам, дәнді дақылдардан мол өнім алғандар М. Сатыбалдина, А. Дацкова, Н. Алпысбаевалардың ерен еңбектерін атап өтуімізге болады.

    Қазақстан  еңбекшілері өздерінің жеке қаражатынан  майдан қорына 4,7 млн сом ақша, 2 млн дана жылы киім, 1600 вагон сыйлық жөнелтті. Қару-жарақ, көлік, киім-кешек, азық-түлікті майданға жылдам жеткізу мақсатында қысқа мерзімде Қандыағаш-Орск, Жамбыл- Шолақтау, Талдыкорған-Текелі темір жол желілері тартылды. Соның нәтижесінде шикізат көздері өнеркәсіп ошақтарымен жалғасты. 1942 жылы Алматыда құрылысы басталған вагон жөндеу зауыты соғыстың соңына таман пайдалануға берілді.

   Құрылыстың қарқын  алуына орай Теміртау, Текелі, Жезді,  Шығыс Қоңырат, Ақшатау, Макин  секілді жаңа қалалар мен жұмысшы поселкелері бой кетерді. Қазақстандағы қалалар саны 5-ке, поселкелер саны - 35-ке өсті.Соғыстың соңғы жылдарында Қазақстан Республикасы еңбеккерлері фашизмнен зардап шеккен 48 аудан мен 12 қаланы қамқорлыққа алды.

     Қазақстан  мұнайының да маңызы аз болған жоқ. Жұмыс істеп тұрған «Эмбімұнай» тресіне 4 жаңа мұнай кәсіпшілігі, ондаған бұрғылау скважиналары қосылды. Гурьев мұнай өңдеу зауыты жұмыс істей бастады. Соғыс жылдары республика мұнай өндіруді 40%-ға дейін арттырды. Жұмыс істеп тұрған электрстанциялар жүйесі Солтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстарындағы энергетиканың жаңа ірі және орташа нысандарымен толықты.Соғыс жылдары жалпы 460 зауыт, фабрика, кеніш, шахталар мен жеке өндіріс орындары, оның ішінде 300-дей эвакуацияланған кәсіпорындар салынды. Темір жол құрылысы жалғасты. 1942-1943 жылдары Мақат-Орск, Ақмола-Магнитогорск желісінің құрылысы аяқталды.Республикада танкілер мен ұшақтар жасау үшін ақша жинау қозғалысы жүргізілді. 1941 жылы күзде БЛКЖО (Бүкілодактық Лениндік Коммунистік Жастар Одағы) атындағы танк колоннасын құруға қаржы жинау басталды. Қазақтың белгілі балуаны, әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасов жеке қаражатынан қорға 100 мың сом өткізді. Нәтижесінде 1942 жылы армия қазақстандық комсомолдардан 45 жаңа таңк алды. 1942-1943 жылдары халықтан жиналған қаржыға 10 танк колоннасы, бірнеше авиация эскадрильясы, торпедалық катерлер мен жеке ұшақтар жасалды. Соғыс жылдары Қазақстан халқы әскери техника жасауға 480,3 млн сом қаржы қосты.

   Елдің корғаныс  қабілеті армияны киім-кешек,  азық-түлікпен жабдықтаумен де анықталды. Соғыс мұқтаждықтарын қанағаттандыруға женіл және тамақ өнеркәсібінің өндіріс орындары да бейімделді. Жеңіл өнеркәсіпте тігін, тоқыма, тері, аяқ киім салалары жылдам дамыды. 1941 жылы Алматыда тігін-тоқыма және тері-былғары фабрикалары, майдан үшін жұмыс істей бастаған фурнитура зауыты іске қосылды. 1943 жылдын басында республиканың жеңіл өнеркәсібі өнім өндіру көлемі жағынан бұрынғы КСРО-да Ресейден кейінгі екінші орынға шықты. 1945 жылы 1940 жылмен салыстырғанда шұлық бұйымдарын өндіру - 11,3 есе; мақта-мата - 7,4 есе, тоқыма бұйымдары - 4 есе, жүн мата - 2 есе, былғары аяқ киім өндіру 1,3 есе өсті. Соғыс жылдары 500-дей дивизия солдаттардың жазғы киім-кешегімен, 70 дивизия - шинельдермен, 67 дивизия — қысқы аяқ киіммен, 59 дивизия - жылы киімдермен, 25 дивизия — шолақ тондармен қамтамасыз етілді. Соғыс кезіндегі дивизиялардағы әскер саны 10000 адамға жеткенін ескерсек, тауарлардың келтірілген тізімі бойынша қандай мөлшерде өнім дайындалғанын есептеп алу қиын емес. Бүтіндей алғанда республика енеркәсібі өндірісі соғыс жылдары 37%-ға өсті. Бұл нәтижелерге үлкен қажырлы еңбектің арқасында қол жеткізілді. Республика индустриясының одан арғы дамуы, оның жаңа салаларының, әсіресе жетекші салаларының пайда болуы Қазақстанды майданның қуатты арсеналына, маңызды экономикалық аудандардың біріне айналдырды.

 

                   Еңбекшілердің тылдағы ерен еңбегі

    Ұлы Отан соғысы жағдайларында Қазақстанның майданды ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз етудегі рөлі мен маңызы өсті. Соғыс жылдары Қазақстанның ауыл шаруашылығы елге соғысқа дейінгі соңғы бес жылда өндірілген өнімнен артық өнім тапсырды (астық - 5 829 мың тонна, ет - 734 мың тонна, жүн - 17,6 мың центнер, 3194 мың центнер сүт пен басқа да азық-түлік өнімдері және өнеркәсіп үшін қажетті шикізат).Малшылар да аянбай еңбек етті. Соғыс жылдары Қазақстан елдің шығысындағы негізгі мал шаруашылығы базасына айналды. Соғыс жағдайларында техниканың жоқтығынан миллиондаған бас малды жемшөппен, әсіресе қысқы жемшөптің қосымша қорларымен қамтамасыз ету аса қиын міндет болды. 1942 жылы колхоздар мен совхоздар етке 169,4 мың бас ірі қара мал (1941 жылмен салыстырғанда екі есе дерлік көп), 878,1 мың кой (1941 жылмен салыстырғанда 3 есе дерлік көп) тапсырды. Еттің көп мөлшерде тапсырылуына қарамастан республикадағы мал басының жалпы саны осы кезеңде 1 миллион басқа көбейді. Қазақстанның колхоздары, МТС-тер мен совхоздар майдан қажетіне 7 416 трактор (негізінен жаңасы), 110 мың жылқы жіберді.Тамақ өнеркәсібі өнімдерін шығару жоғарғы қарқынмен өсті. 1945 жылы 1940 жылмен салыстырғанда өсімдік майын өндіру 1,8 есе, консерві - 1,7 есе, кондитерлік өнімдер - 1,5 есе, макарон өнімдері - 1,3 есеге өсті.

    Экономикадағы  бұл күмәнсіз табыстарға қажырлы  еңбектің арқасында қол жетті.  Еңбекке жарамды ер азаматтардың көпшілік бөлігі майданға аттанды. Өнеркәсіптегі әйелдердің үлес салмағы 50%, ал жеңіл және тамақ өнеркөсібінде 80-90%-ды құрады. Әскерге шақыру жасына дейінгі жасөспірімдер мен жастардың үлес салмағы Қазақстандағы бүкіл жұмысшылардың 35-40%-ын құрады. Еңбек тәртібі қатайып, жұмыс күні ұзартылды, мамандардың тұрақтамауы шектелді, 11 сағаттық 6 күндік жұмыс аптасы енгізіліп, қосымша демалыс жойылды. Тәртіп бұзғандар, кәсіпорыннан кетіп қалғандар 5 жылдан 8 жылға дейін түрмеге отырғызылып, жазаланатын болды. Экономиканы басқару әскериленді, төтенше өкілдер қызметі, азық-түлікті карточкалық жүйемен бөлу енгізілді.

     Қазақстан  соғыс жылдары қорғаныс мамандарын  дайындаудың орталығы болды. Республикада  майданға жақын қалалардан көшірілген  әскери училищелер орналастырылды. Ұлы Отан соғысы тарихының белгілі беттерінің бірі - Қызыл Армия үшін тау атқыштарын дайындайтын арнайы мектептің Алматыға жақын жерде ашылуы еді. Солтүстік Тянь-Шань тауларында орналасқан бұл мектептің беделі мен маңызы өте жоғары болды. Сталинград шайқасынан кейін, барлық майдандарда шабуылдар басталған кезде мектепке тау атқыштарын көптеп даярлау тапсырылды. Бастапқыда шақырылу жасына дейінгі жасөспірімдер, соңынан майдандағы офицерлер, тіпті Карпатқа, Татраға, Бескидке, Судетке, Трансильвания Альпісіне т. б. таулы аудандарға жіберілетін тұтас бөлімшелер оқытылды.

Қазақстанның жұмысшы  күшінің елеулі бөлігін арнайы қоныс  аударғандар құрады. Соғыс басталған  кезде олардан Еңбек армиялары  құрылды. Оның құрамында 700 мыңнан аса (200 мыңы қазақтар) адам болды. Ұлан-ғайыр қажырлы еңбектің арқасында Қазақстан экономикасы КСРО-ның Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісін қамтамасыз етуге өзінің лайықты үлесін қосты.

 

                                 Түркістан легионы

    Түркістан  легионы оқиғасын да еске алған жөн. Соғыстың бастапқы кезеңінде жүздеген мың, тіпті миллиондаған кеңес әскерлері фашистерге тұтқынға түсті. Олардың арасында көптеген түркі халықтарының өкілдері де болды. Қолға түскен түркі жауынгерлерінің 80%-ы фашистік лагерьлерде адам шыдамайтын жағдайларда қаза тапты. Гитлершілдер аман қалған әскери тұтқындардан Кеңес Армиясына қарсы күреске шығатын әскери бөлімшелер жасақтауға әрекеттенді. Қазақстан мен Орта Азия халықтарының өкілдерінен бірнеше батальоннан тұратын Түркістан легионы құрылды. Алайда фашистер оларды шайқастарға пайдалана алмады. Қолына қару алған көптеген легионерлер майдан шебінен өтіп Кеңес Армиясының қатарына қайта қосылды, ал олардың бір бөлігі партизандарға кетіп қалды. «Түркістан легионы» күрделі, қайшылыққа толы жолдан өтті. Нәтижесінде легион таратылды. Бұл оқиға байыпты зерттеуді және әділ бағасын беруді талап етеді.Кеңес адамдарының бір бөлігінің неміс-фашист басқыншыларымен ынтымақтасуы (коллаброционизм) мәселесі аз зерттеліп отыр. Неміс құрамаларының қатарында өз Отанына қарсы соғысқан КСРО азаматтарының саны бір миллионнан асты. Олардың арасында негізсіз қудаланып, Кеңес өкіметіне наразы болған адамдар да бар. Осындай фактор көптеген кеңес жауынгерлерінің тұтқынға түсуі және соғыс аяқталған соң Отанына қайтпай қалуына себепші болды.

 

 

 

           Қазақстан аумағына күшпен қоныс аударылған ұлттар

     Кеңес халқы ортақ Жеңіс үшін батырлық пен ерліктің үлгілерін көрсетіп жатқан уақытта сталиндік қылмыскер топ өз халқына геноцидін жалғастыра берді. «Халық жауларын» жоюмен қанағаттанып қана қоймай, ол тұтас этникалық қауымдастықтарды өздерінің туған жерлерінен күшпен қоныс аударып, террорлық әдістер қолдануға көшті. Күштеп жер аударудың алғашқы құрбандықтарының бірі - Қиыр Шығыстағы кеңестік корейлер. 1937 жылы Қазақстанға бұл этностың 100 мыңдай өкілі қоныс аударылды. 1941- 1942 жылдары республикаға 408 мың неміс депортацияланды. 1943-1944 жылдары ешбір дәлелсіз басқыншыларға дем берді деп айыпталған Солтүстік Кавказ халқы да жер аударылды. Олардың ішінде Қазақстанға депортациялауға қарашайлар - 45,5 мың адам, балкарлар - 25 мың, чешендер мен ингуштар 406 мың адам душар болды. Сондай-ақ Қазақстанға қалмақтар (2,2 мың), ирандықтар (2 мыңнан аса отбасы), поляктар, финдер, күрдтер, қырым татарлары, түріктер, гректер, батыс беларустар мен батыс уқраиндықтар, литвалықтар т. б. қоныс аударылды. Тіршілік ауыртпалығы мен күшті моральдық қысым жағдайында жергілікті халықтың тілектестігі мен қолдауынсыз өмір сүру қоныс аударушылар үшін қиын еді.

 

         Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен аяқталуы

     Неміс басқыншыларын кеңес жерінен қуған Кеңес Одағының Қарулы Күштері дүниежүзілік тарихи миссияны - Еуропаны гитлерлік оккупациядан азат етуді жүзеге асыруға кірісті. Румыния мен Бол- гарияны азат ету шайқастарына 387-ші қазақстандық атқыштар дивизиясы қатысты. Югославияда 73-ші гвардиялық дивизия шайқасты. Ұлы Отан соғысының ірі, шешуші операциясы - Берлинді алуға 150-ші атқыштар дивизиясы қатысты. Шайқас қызып жатқан уақытта қазақстандықтар - офицер Р.Қошқарбаев, қатардағы жауынгер Г. Булатов, кіші сержант М.Еремин, қатардағы жауынгер Г. Сывенко т. б. тіккен қызыл тулар желбіреп тұрды. Берлинге тіке шабуыл жасауға «Қазақстан комсомолы» танк колоннасының танкілері қатынасты. Бұл колонна Қазақстан еңбекшілерінің жеке қаражаттарымен құрылған еді. Республика патриоттары соғыс жылдары 480 миллион сом жинап, бұл қаржыға «Қазақстан колхозшысы», «Түрксібші», «Қазақстан кеншісі», «Қазақстан мұнайшысы», «Қазақстан металлургі», «Қазақстан пионері» атты т. б. майдандардағы армиялардың құрамына кірген танк колонналары мен авиаэскадрильялары жабдықталды.

Фашизммен соғысты жеңіспен аяқтаған Қазақстан жауынгерлері Квантун  армиясымен болған шайқастарға да қатысты. Көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін 2027 қазақстандық ордендермен, медальдармен марапатталды, олардың ішінде 14-і - «Кореяны азат еткені үшін», 234-і - «Жапонияны жеңгені үшін» медаліне ие болды.Жеңіс күнін армия қатарында болған, Қазақстанда құрылған 12 дивизия, 3 атқыштар, 1 артиллерия, 1 минометші, 2 авиация полкі, басқа да бірнеше әскери бөлімшелер қарсы алды. 500-ге жуық қазақстандықтар Кеңес Одағының Батыры атағын алды, оның 97-і қазақтар. Б. Момышұлы, Б. Бейсекбаев, X. Доспанова т. б. қазақстандық батырлар соғыстан кейінгі кезенде марапатталды.

Информация о работе Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941-1945)