Бауыржан Момышұлы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 13 Июня 2013 в 13:51, реферат

Краткое описание

Қонақтар отырмыз. Түскен үйіміздің қонақ күтіп көрмегендігі, ағайын арасында ынтымақтары аздығы, шал-кемпірлерінің қадірі жоқ екендігі, келіншек-кепшік, бала-шағаларының берекесіз бейбастау екендігі жүріс-тұрысынан, қарым-қатынастарынан көріне бастады...
Сыйлап отырса да көп алдында қонағының қадірін кетіріп, күлкі қылуға тырысып жыртақтасып жатыр. Жұмыс кезі болса да бәрі ауылда, баққаны сөз, аңдығаны әр үйдің түтіні, ескі өмірдің әлі өлмей келе жатқан ескі көзіндей көрініп, жынымды келтіріп отыр.
Шай алдымызда, қой сойылып, еті асылып жатыр. Әдеп сақтап, зорға шыдап отырмыз.

Вложенные файлы: 1 файл

Бауыржан МОМЫШҰЛЫ.doc

— 44.50 Кб (Скачать файл)

Бауыржан Момышұлы

 

Бата 

 

 

    Қонақтар отырмыз. Түскен  үйіміздің қонақ күтіп көрмегендігі, ағайын арасында ынтымақтары  аздығы, шал-кемпірлерінің қадірі  жоқ екендігі, келіншек-кепшік, бала-шағаларының  берекесіз бейбастау екендігі  жүріс-тұрысынан, қарым-қатынастарынан көріне бастады...

      Сыйлап отырса  да көп алдында қонағының қадірін  кетіріп, күлкі қылуға тырысып  жыртақтасып жатыр. Жұмыс кезі  болса да бәрі ауылда, баққаны  сөз, аңдығаны әр үйдің түтіні, ескі өмірдің әлі өлмей келе  жатқан ескі көзіндей көрініп, жынымды келтіріп отыр.

       Шай алдымызда,  қой сойылып, еті асылып жатыр.  Әдеп сақтап, зорға шыдап отырмыз.

Тамақ алдында бір жігіт жанындағыларға көз қысты да:

 – Ляумиін! – деп бізден  бата сұрады. Табақтас шал төмен  қарап тұқырайып отырып қалды. Осы тұста:

– Батаны батыр берсін, – деді ауылдың  бір қуы. Шынымды айтсам мен не дерімді білмей біраз сасқалақтап  қалдым. Қасымдағы бата білмейтін  жазған шалға...

–  Ақсақал, жол сіздікі еді  ғой, – деп оңай құтылғым кеп еді.

–  Жоқ, батаны батыр берсін, –  деді тағы да жаңағы қу жігіт тықылықтап.

Абырой болып баяғы бір ескі батаның негізгі арнасы сап етіп есіме түсе қалмасы бар ма. Қолымды  жайып сол батаны өз кәдеме жарайтындай  етіп, біраз өзгертіп тақпақтай жөнелдім.

– Илля құдая! – дедім. Отырғандар да қолдарын жайды. –Тілегімізді қабыл ет, иманымызды кәміл ет. Дозақтың отынан сақта(кемпір-шалдар мүлгиді). Қаңғыған оқтан сақта, парақор соттан сақта (қатарымдағы халық сотына қарап, отырғандар ду күлісті). Кірлі сумен жуыстан сақта, ынтымақсыз туыстан сақта. Қаражүрек батылдан сақта, көк долы қатыннан сақта. Колхозды жеген бастықтан сақта (отырғандар ду күлісті). Адамды қадірлемес есерден сақта, нанды басқан кесірден сақта, кеудесін керген келіннен сақта, мезгілсіз келген өлімнен сақта. Татымсыз тұзыңнан сақта, ұятсыз қызыңнан сақта. Қайырымсыз жек-жаттан сақта, жалқау бала тек жат тексізден сақта. Түнере атқан таңнан сақта, жаңбырсыз шаңнан сақта. Жастарында әдеп жоқ, өлгеніне батуа жоқ, құр айғай шат-шәлекей даңнан сақта. (Әлгі қу жігіттер бірін-бірі саннан шымшып, қызарақтасып қалды.) –Я, алла тағалам! –деп мен де тақпақтап соза түстім батамды (кемпір-шал еріндері жыбырласып  қалғып-мүлгіп, бастарын шұлғысып отыр).

– Өмір берсең жайлы ғып бергін. Дәулет берсең сайлы ғып бергін. Еңбегіміз өністі болсын, қамбамыз астыққа толсын; көсегеміз көгере түсіп, мыңғырған мал өріске толсын; әйел берсең әдепті, жанға тыныш жайлы ғып бергін. Келін берсең келісті ғып бер. Ағаш берсең жемісті ғып бер. Тұлпар берсең шабысты ғып бер... жомарт болсаң осы айтқандарымның барлығын үйіп-төгіп бір-ақ бер. Аллау-әкпар, – деп батамды аяқтадым.

       Осы батадан  кейін аттанып кеткенімізше сөз  жарыстырып жыртаңдап, тықылықтаған  қулар бәсеңсіп қалды. Сірә, сөз  өтсе керек. Сөз түсінгендеріне  де шүкіршілік еттік.

 

*********

 

 

Байғұс Полковник

 

 

      Мен өз қолыма  ақша ұстамайтын жанның бірімін.  Тапқан-таянғанымды әкелген бойда  жұбайымның алдына тастай салам.

– Сабыр етші, мына ақшаларды есептеп, қалай жаратуды ақылдасып алайықшы...

–  Балалар сенікі, бай сенікі, үй сенікі ... басымды қатырма, маған десең өртеп жібер!

–  Әйел үй қожасы, одан басқа ешкім  біздің семьяда ақша ұстамайды.

–  Мама –у нассамый главный человек, – дейді кенже қызым.

– Дұрыс айтасың, балам, – деп  мен оны қостап қоямын. Москваны көрсін деп биыл жазда балаларды  алып бардық. Кремль, МГУ, Третьяков галереясында болып, астананың тағы басқа да мақтаулы орындарын аралап, балалар бір жасап қалды.

       Мақпал –сәби, Шапулька болса  бойжеткен қыз бала. Бір күні  кешке Кремльдің Съездер Сарайына  театрға билет алып келдім.

–  Кішкентаймен екеуің үйде қаласыңдар, біз Шапулька екеуміз барамыз, –  деді жұбайым маған.

–  Мен неге бармаймын, – деп  шатақ шығарды Мақпал.

– Жаным-ау, ол жерге сәбилер мен  шалдарды жібермейді екен, мен шалмын, сен әлі баласың, екеуміз үйде қалатын болдық.

      Мақпал басқа түскен  шарасыздыққа көнгендей боп, бұрышқа  барып мұңайып отырған-ды. Мен  аяп кетіп қасына барып, басынан  сипаған соң, кішкентай қызым:

– Байғұс полковник, – деп мені аяғандай болмасы бар емес пе. –Бар ақша мамамда. Ол бізге ақша да бермейді, Кремльге де жібермейді.

      Мен рахаттана  қарқылдап күліп, кішкентай қызымды  көтеріп ап, бетінен сүйдім; ол  мені аймалап:

– Байғұс полков-ник!... – деп күрсінді.

 

*********

 

 

Нар

 

 

       Бала кезімде  біздің рудан Нар дейтін би  шығыпты. Ол кісіні мен өз көзіммен көрдім де, сырықтай тіп-тік, шойындай қап-қара, орақ мұрын, салпақ ерін, шүңірек көз, қалың бурыл сақал омырауын қаптай басқан еңгезердей биік шал әлі есімде. Нар деп шынында атын тауып қойған екен дейтін ел. Нар екені рас еді.

      Нар әділ би болған деген лақап осы күнге дейін ел аузында. Ол кезде біздің ел Әулиеата оязына қарайды екен. Қалаға жақын Бақтөбе дейтін жер бар. Ол он үш үй сіргелі, он үш үй қораластардың қонысы екен. Нардың жамағайын апасы Ұмсындықтың үйіне барып би жатады екен. Ұмсындық ерте жесір қалып, он үш үй сіргеліні билеген әйел екен.

     Бір жолы би Нар  жол жүріп Әулиеатаға барады. Жолай Ұмсындықтың үйіне тоқтайды. Қазақ ол заманда таң сәріде  тұрып малын өргізіп, қорасын  сыпырып, атын ерттеп болып  қана сәскеде ертеңгі шайға отырады екен. Ұмсындық жесір кемпір болғандықтан Нар елден бұрын тұрып, малын өргізіп, қорасын сыпырып, биелерін сауып, су алып келіп самауырын қойып, үйдің шаруасын істеп жүреді екен. Көрші ауылдың бір еркегі Нар қора сыпырып жүргенде әйелін шыңғырта сабапты.

–  Ей, оразасын ашпастан әйелін сабап  жүрген қандай ақымақ? –  деп шошына сұрапты Нар.

–  Е, биеке, әлгі өздеріңіздің күйеулеріңіз ғой.

–  Ол ақымақтың әйелі кімнің қызы еді?

–  Өз ағаңыз Байменнің қызы ғой.

–  Онда қораластың кәриясы Омарбекті шақыр.

–  Құп! Ол кісі де келінінің шырылдап жылағанын естіп отырған болар, барсам, барайын...

Нар тұрған жерінде сыпырғышына  сүйеніп тұрып қалыпты. Тапалтақ жирен сақал шал келіп:

–   Ассалаумағалейкүм, Нар би, –  деп сәлем беріпті.

–  Жібекті түте білмеген жүн етер, қатынды күте білмеген  күң етер. Қатынды еркелет, ол сенің жұбайың, балаңды еркелет ол сенің ұрпағың. Қатынды ұстай білмесең үйленіп нең бар, балаңды тәрбиелей білмесең оны таптырып нең бар, әйелді сөзбен жықпай, таяқпен жығу әр жаман еркектің қолынан келеді, ақсақал, тентегіңе мен қолымды былғамайын, тыйымды өзіңіз салыңыз, –   деп Нар сыпырғышын тастап, қарайып шөгіп отыра қалыпты.

– Түсінікті, биеке, –  деп Омарбек  бұрылып кетіпті.

– Ойбай-ойбай, не жаздым, –   деген  дауыс естіліпті.

– Бейбастығыңды  қашан қоясың, бидің алдында мені жерге қаратасың! –   деп  шажылдап баласын сабап жүрген Омекеңнің  дауысы естіліпті. Түс қайта Нар  қаладан қайтыпты.

–   Биеке, біздің ауылдан дәм татыңыз! –   деп Омекең алдынан шығыпты.

–   Ана  қадірін білмеген ауылдан мен дәм татпаймын, –  деп Нар атының басын бұрып Ұмсындықтың үйіне кетіпті.


Информация о работе Бауыржан Момышұлы