Оралхан Бөкей

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Февраля 2013 в 17:50, реферат

Краткое описание

1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін бітірген соң аға пионер вожатый және Алтай совхозында тракторист болып төрт жылдай жұмыс істеген. 1963 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекетік ұлттық университетіне сырттай оқуға түседі де, оны 1969 жылы тәмамдап шығады. 1965-1968 жылдар аралығында Большенарым аудандық "Еңбек туы" газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары және облыстық "Коммунизм туы" газетінде әдеби қызметкер болған.

Вложенные файлы: 1 файл

оралхан бокей.docx

— 39.41 Кб (Скачать файл)

Оралхан Бөкей

 

Көрінуші ең көнелердің көзіндей,

Жазғандарың - қара өлеңнің сөзіндей,

Асқақ едің, атақты едің, Нар едің -

Туған өлкең - өр Алтайдың өзіндей

 

(С.Тұрғынбеков)

 

Оралхан Бөкеев 1943 жылы 28 қыркүйекте Катон-Қарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында туған.

1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін бітірген соң аға пионер вожатый және Алтай совхозында тракторист болып төрт жылдай жұмыс істеген. 1963 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекетік ұлттық университетіне сырттай оқуға түседі де, оны 1969 жылы тәмамдап шығады. 1965-1968 жылдар аралығында Большенарым аудандық "Еңбек туы" газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары және облыстық "Коммунизм туы" газетінде әдеби қызметкер болған.

1968 жылы республикалық "Лениншіл жас" газетінің шақыруы бойынша Алматыға келеді, осы газетте мәдениет және ғылым, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып істеді, ал 1974-1983 жылдарда "Жұлдыз" журналы проза бөлімінің меңгерушісі әрі редколлегия мүшесі болған. Өмірінің соңғы күніне дейін "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторлық қызметін атқарады. Шынында да осы Оралхан Бөкеев деген кім?

Оның көзі тірісінде де, бақиға аттанған соң да аттандап: "Алтайдың кербұғысы!", "Мұзтаудың мұзбалағы!" деген сынды эпитеттерді қарша боратқанымыз өтірік емес. Әлі күнге Оралхан туралы әңгіме қозғала қалса әлгі эпитеттерді малданып келеміз. Осы астам сөздердің екінші бетіне көп үңіле қоймағанымыз да, үңілуге батпай жүргеніміз де шындық. Үңілуге әрекеттеніп көрелікші. Бала Орашты, бозбала Оралханды, жазушы әрі қайраткер Бөкеевті танығысы келген кез келген адам оның шығармаларын екі қайтара оқып шықса, сол жеткілікті шығар. Екі қайтара деп отырғаным, жалқы оқумен Бөкеевтің будақ - будақ бу атқылап жатқан иін-иірімдеріне малтығып, тұншығып қаласыз. Оның үстіне екінші қайталағанда Оралханмен ілесіп жеті қат көкті шарлап кеткен көңіліңіз сәл - пәл байсал тартып, жерге түсесіз. Ақбаз дүниенің аппақ тұманының арқасында Орекеңнің жартылай адам, жартылай пері кейіпкерімен бірге адасып жүрген сіз, сансырай шаршағаныңызды сезесіз. Шаршау - салқын қандылықтың өзегі.

Оралхан - жазушылыққа өзін бала кезінен дайындаған адам. Жиырма жасына дейін ел деген, Өр Алтай деген құнарлы да қыз - табиғат өңірдің уызынан қанып ішкен ол, өз санасында сандаған повестер мен сарытап сағыныштарға толы әңгімелердің негізін қалап үлгерген екен. Алтайда жатып асқақ та өршіл дауысымен алты алашты елең еткізген өренді, Алматыдағы қазақ жұртының қаламының желігі бар жастарын құтпан айғыр секілді үйіріне қуып тығатын Шерхан Мұртаза сынды аймүйіз ағасы аяқ- қолын жерге тигізбей астанаға алғызған. Сөйтіп… Қазақтың шоқ жұлдыздарының қатарына мұрты жаңа ғана тебіндеп келе жатқан, жүрісі де, тұрысы да кербез, жұмбақ, өр де астам, басына сынық түймедей сөз асырмайтын түз тағысы - Кербұғы келіп қосылған…

Орекеңнің үлкен, көлемді  шығармаларын былай қойғанда, кез келген ұсақ әңгімесінен туған жеріне, тіпті оның әр бұта - қарағанына деген, жалпы адамзат баласына деген алапат сағынышы аңқылдап тұрады. Сағынышсыз адам - құр тұлып. Ал, Оралхандыкі тым ерекше. Туған жерінің төсінде ойнақтап жүріп-ақ әр тал ағашын, әр тал жусанын мың сан еңірей құшады. Сол от - жалынға оранған алапат сағынышына тым ерте өртеніп кетті ме, кім білсін?

Кез келген өнер иесі туралы әріден әңгіме қозғау барысында біз оның өмірін - дайындық, білімін жетілдіру, даму, өсу кезеңдері деп шартты түрде бөліп, бөлшектеп жататынымыз рас. Осы бір шарттылық шеңберіне Оралхан сыймайтын секілді. Себеп мынада: Оралханның қулық пен сұмдыққа толы қитұрқы өмірдің мәні мен мағынасын әлі толық ажырата алмай жүргенде жазылған шығармалары мен кейіндеу жазылған шығармаларын безбендер болсақ, бірін-бірі баса алтай, итжығыс түсіп жатар тұстары көп. Асылық болмасын, тіпті отызында жазылғандары қырық жасындағы "ағаларынан" өр де өршілдеу екендігін ешкім жоққа шығара алмас. Яғни Оралхан шығармашылыққа өмірдің өзінен дайын келді деген сөз. Оның әдебиет институты да, аспирантурасы да, академиясы да - айналайын ауылы, соның ақеділ адамдары, Өр Алтайы, оның табиғаты болатын. Соған тамсануын тауыса алмай, таңырқауын түгесе алмай көз жұмды. Қат - қат сағыныштарын өзімен бірге ала кетті.

Оралхан Бөкеев шығармашылығының бастауы ретінде "Сарыарқаның жаңбыры" атты ұзақ әңгімесін атап жүрміз. Бәлкім, дұрыс та шығар. Дегенмен, мен айтар едім, "Сарыарқаның жаңбыры" болашақта дауылдатып, селдетіп өтер автордың оқырмандарына, цензураға жіберген "барлаушы" шығармасы ғана деп. Ол онда аспайды, таспайды. Сұлтанмахмұтпен кеудесіне сырыл араласа бастаған бейкүнә ақынмен бірге байсал күй кешеді. Мұңдасады, сырласады. Алғашқы шер шеменінің шетін шығарады. Оны Махмұттың ауызымен айтқызады. Күркіременің бойындағы ай сәулесінен жасыруға қауқары жоқ сирек талдың жанында, бой түзеп қалған балаң бойжеткенге айтқан өзінің асық жырын Махмұттың аузына салады. Бұл - автор мен оның кейіпкерінің тағдырларындағы ұқсастықтан да шығар.

Оралханды өз биігіне шығарған, "Бөкеев - нағыз талант" дегізген шығармасы - "Мұзтау" повесі. Міне, дәл осы шығармасынан бастап Оралхан Бөкеев қоғаммен, оның кереғарлығымен, адамзатқа қасірет әкелетін сойқанды іс-әрекеттермен тайталасқа түседі. Бөкеевтің мәңгіге бітпес айтысы басталады. Міне, осы "Мұзтаудан" басталған қоғам кереғарлығымен Бөкеевтің жекпе-жегі оның қалған ғұмырындағы шығармаларының лейтмотивіне айналғаны рас.

Аршалы. Қазақ жерінің күншығыстағы сіргежинар пұшпағы. Жұрты екі - ақ күнде көр-жерін буып-түйіп бел асып, бошалап кеткен, әдірем қалған мекен. Мылқау шешесімен Ақтан ғана қалған. Тағы да бір Ақтанның мұңдасы, тіршілік иесі бар, ол арса -арсасы шыққан Шағырқасқа. Оның да терісі қанжар жүзіндей боп жұқарған, жүдеген. Мынау мүлгіген мылқау тірліктен Шағырқасқа да әбден зәрезеп болған: алқа салқасы шығып жылағысы, белгісіз бір шулы өмірге күңірене кісінеп еніп кеткісі келетін. Бірақ ондай шылбыр үзер тентектікті Шағырқасқаға кім беріпті?! Қайта мынау меңіреу тайгадағы өзі салған, өзі мың сан таптаған сүрлеуімен митың - митың тапырақтағанына, тірлік етіп жүргеніне риза болсын. Жылқы да болса өз әулетінің тым жуастығына, тым көмпістігіне іштей қан түкіре налитын. Екі аяқтылардың еркіне көндім дегенің, табиғат берген тәуелсіз тірлігіңнен айырылдым деген сөз. Анау жылы бір тентек суға тойып алған, зәр жіберер долы Екі аяқты мұның көзін шұқып та алған. Шағырқасқа аталып жүргені сондықтан, Шағырқасқа екіаяқтылардың қолынан күніне сан рет жем алып жүрсе де оларға сауырын сипатпайтын бұғы, маралдардың ерлігіне қызығатын, Аршалының самырсынды бір сайында туып, соның ғана төсін дүбірлетіп келе жатқан Шағырқасқаның қиялы да қысыр қалған. Аршалы көгінің көкжиегін көмкерген әнеу бір, қол созым жердегі түкті төбемен шектелген. Шіркін, бұғы-маралдардай тәуелсіз болсам-ау дегенді ғана армандайды.

Шағырқасқаның үстіндегі иесі - Ақтан да жалқы. Жалғыз. Жартылай аң, жартылай адам. Табиғилығына түрен түспеген пенделердің соңғы тұяғы. Өрелдегі өңезкеуделердің Аң атап жүргені де сондықтан. Олардың ойынша қулық, сұмдық, аярлық, алааяқтықты меңгермеген жан - Аң.

Ақтанның бар ермегі - ой. Санасына мәңгі тыныштық бермейді. Оралхан өзін шаршатқан, санасын сансыратқан, жауабын табу қияметқайым сандаған сұрақтарын Ақан арқылы жарыққа шығарады. Ақтан мен Аңды пікірталасқа түсіру арқылы жауап іздейді. Жақсылық пен Жамандықтың қансонарда жерді жапқан аппақ қылаудың бетіндегі қатар жатқан, бәсекелес қос із екендігін, жиі-жиі бастары тоқайласқан сәтте шарпысып, шаптығысып тіпті, қантөгіске де баратынын - қолқасына өгіз тобығы тұрып қалғандай өксікпен өреді.

Ақтан - Әділетсіздік пен  Аярлықтың ордасы - күлкітоқ қоғамнан қашып, Алтай тайгасының тағылар ғана мекендейтін түкпірінде табиғилығын сақтап қалу үшін жансауғалап жүрген қияли, ойсоқты адам. Совхоз орталығы Өрелге зәуімен бір бара қалса жиреніш те лас өмірден түңіле қашып тауымен, жалғыздығымен еңіреп табысады. Бұл еркіндігі, еркелігі қаншаға созылары бір аллаға ғана аян.

Беу-беу Оралхан - Ақтан-ай, қаншама көз көрмес, құлақ естімес меңіреуге лағып, маңып кеткенімен кесірлік пен кесапаттың күйік сасыған иісі іргесінен үріп жатқанын, ерте ме, кеш пе қолқасын қан түкірте қабарын болжамаған-ау!

Әттең, Оралхан - Ақтан-ай, әр пенде шыр етіп жарық дүниеге келген сәттен бастап-ақ оның тағдырдан жер тоқпағы да, бастан сипар мейірімі де, бағы да, соры да ең аяғы тірліктің мәресі - ажалы да соңынан таяқ тастам жерде еріп отырарың соның көбі екі аяқты адам бейнесінде тапырақтап сүмеңдейтінін ертерек ойламағанын қарашы!

Қайран, Оралхан - Ақтан-ай, адам жатырынан адам болып дүниеге келген екенсің, сол тобырдан қолыңды төбеңе қойып қаншама қашқаныңменен, қаншама саяқтаңғаныңмен сол тобырсыз күнің жоқ екенін неге түсінбейді екенсің. Ажалдан қашқан Қорқыт бабаларың қайда ұзап кетіп еді?

 

Адалдық пен Арамдық - егіз ұғым. Ақтан - адалдықтың бейнесін сомдаса, Кан-қулық, сұмдығына сырық байламайиын арамдықтың өкілі. Кан жетесіз емес. Ақтан секілді ауызынан әулиеліктің уызы аңқып тұрған он шақты аңқау да адал жандарды қанжығасына бөктеріп кетеді. Тым зымиян. Тым жады. Тым уытты.

Повесть соңында Арамдықтан сілікпесі шыға орлық көрген Ақтан оның қыр соңына түседі. Арқасына таңып алған, ғұмыр бойы жақ ашпаған мылқау шешесі тұңғыш рет ұлына:

- Құлыным-ай, сол қуды қуып жете алар ма екенсің? - деп күрсінеді.

Ақтан жетуін жетер, ал оны жеңу үшін өзі де арамдықпен тояттауы қажет-ау.

Повесте қосалқы бейне есебінде үнемі көрініп қап отыратын кейіпкер - өтірікші Асан шал. Бұл кейіпкер - Оралханның алмас алдаспаны. Оны әрі өтірікші, әрі шежіреші етіп алуы - саясат.

Қоғам кереқарлығын, өз ұлтыңның кеңкелес кезеңде іштегі запыранды шығару үшін әр түрлі әдеби тәсілдерге бару қажет болды. Міне, Асан сол олқылықты толтыруға келген өкіл." Мұзтау" повесінің көтерген ең ауыр жүгі - оның адами мораль мен этикасының жиынтығы екенінде. Оралхан осы шығармасында Арамдық пен Адалдықтың бетін қанжосасын шығарып, аймаңдай етеді. Адамдарды ізгілікке үндейді. Етегі тола еңірей отырып "Адам" болып қалуға шақырады.

Жалпы "Мұзтау" повесі - Мұзтаудай биікке шыққан шығарма. Ол аласаруы мүмкін емес!...

Ол - ерлік пен өрлікке толы хикаят. Оны оқып шыққан соң өзіңнің де бойыңа шым-шымдап қуат құйылып жатқанын, моншадан шыққандай бусанып, сергіп қалғаныңды сезесің. Күйкі тірлігіңе қынжыласың, аттандап Алтай мен Алатауға шығып, алапат ерлік жасағың келеді-ай!

Әсілі, Бөкеевтің қара сөздің інжу-жақұтымен өрілген жырларынан әмәнда ерлік рухы атқақтап, шарасына сыймай асып - төгіліп жатқан асқақтық лебі өн-бойыңызды тоқ соққандай қалшылдатады-ай!

Пенде Оралханның кеудесінен шыбындай жаны ғана пыр етіп ұшып кетіпті. Жазушы Оралхан Бөкеев тірі екен. Шығармашылық өмірі тек ғана өнермен, соның інжу-маржанымен көмкерілген Оралхан кербез жымиып, әне арамызда жүр...

 

Олар: Нұржан ("Қар қызы"), Таған ("Атау кере"), Аға ("Жылымық"), Қиялхан ("Жасын"), Аман ("Сайтан көпір"), Ақпан ("Мұзтау"), Жеңісхан ("Ұйқым келмейді"), қойыңызшы, тіпті, газет үшін жазылған ұсақ мақалаларының өзінде Орекең тұр тәкаппар көз салып. Оған кербездік жарасушы еді. Оған жұмбақтық жарасушы еді. Оған... оған, бәрі-бәрі жарасатын...

Он алты алашқа сүйкімді еткен де, ерке еткен де, шашын жұлғызып, жоқтатқызған да хас таланты болатын. Ал таланты үшін; ол Аллаға ғана қарыздар...

Ел айтады: "Оралхан Бөкеев тіпті де өлмепті. Ол түз тағысына - Кербұғыға айналып, алтайдың құзар шыңдарын гуілге толтырып жүр екен"...

О.Бөкеевтің шығармашылық жолы 1970 жылдан басталады. О.Бөкеев әдебиетімізге өз өрнегімен келген жазушы. Ол алғашқы әңгіме повестерінен-ақ оқушысын бірден баурап әкетіп еді. Жазушының ой мен сезімді қатар өрген шығармалары бірде тұңғиық ойға жетелесе, бірде өршілдікке тарта беретін.

О.Бөкеев әу бастан - әдебиеттің киелі босағасын аттаған күннен бері өз заманын, сол заманда ғұмыр кешіп жатқан қарапайым еңбек адамдарын шығармаларына арқау еткен жазушы. Оралханның кейіпкерлері - өзіміз күнделікті көріп, араласып жүрген замандастарымыз. "Жетім бота", "Мынау аппақ дүние" повестерін, ондағы Тасжан, Нұрлан, Луйза бейнелері поэзия тілімен өрнектелген деуге болады. "Бәрі де майдан" повесіндегі Ақан мен Құмырай- адалдық пен арамдықтың, қарапайымдылық пен қатыгездіктің бітіспес күресін көрсететін типтік бейнелер.

Оралханның қазақ әдебиетінде  салып кеткен өзіндік жолы бар. Жазушы Алтайды, еңбектің сан түрлі саласында ерліктің үлгісін көрсетіп жүрген адамдарын тек өзіне ғана сыйымды, ғажап пейілмен сүйе білді. Олардың сан-салалы, қилы-қилы тағдырларын өзінің үлкенді-кішілі шығармаларына өзек етті. Жазушының қандай да бір шығармасын қолымызға алып, парақтай бастасақ оның әр бетінен ауыл иісі, ауыл тұрмысы аңқып тұрады.

Асқар Алтайдың кербез табиғатын, тамылжыған сұлулығын Оралхан Бөкейдей сүйіп, жырлаған жазушы әзірге жоқ. Ол - табиғаттың асқақ жыршысына айналған табиғи тума талант.

Оралхан кейіпкерлерінің тағы бір ерекшелігі - олар арманшыл, қиялшыл болумен бірге ойшыл, мұңшыл, жан-дүниелерінде сағынышқа толы аңсау, ынтығу, күрсініс пен өкініш, шексіз ынтызарлық, жұмбақты сыр жатады. Олармен бірге белгісіз бір сағынышқа толы мұңға беріліп кеткеніңді өзің де байқамай қаласың.

Оралхан Ұлы Отан соғысы жылдары дүниеге келген ұрпақтың өкілі. Сол бір алапат-сойқанды көзімен көрмесе де анасының құрсағында жатып, тылдағы ауыр еңбектен қабырғасы қайысып, күрсіне-күңірене жүріп күн кешкен қамкөңіл жандармен бірге тыныстап, бірге қиналып дүниеге келген бұл ұрпақтың да жанына соғыс салған жара аз болған жоқ. Осы соғыс тақырыбына жазушы "Бәрі де майдан" повесін арнады. Бұл повесть - тақырыбының сонылығымен де, кейіпкерлерінің тосын тағдырымен де ерекше шығарма. Шығарманың негізгі қаһарманының бірі - Ақан. Қолына мылтық алып, қан майданға қатыспаса да, еңбек армиясында болады. Белуардан батпақ кешіп, таң атқаннан күн батқанға дейін тыным көрмей жер қазатын. Тамағы да өте нашар еді. Қатықсыз қара көже ішіп, үсіген картоп жеген кісілер ауыруға шалдығады. Өлім-жітім де болады. Осының бәріне Ақан мойыған жоқ. Мұнда да ол соғысқа қатысқандардан аз азап шеккен жоқ. Оны қиындықпен келген Ұлы жеңіске үлес қоспады деп ешкім айта алмайды. Ендеше неге бұның: "Еңбегім елеп ескерілмеді? Неге ол Жеңіс мерекесіне арналған жиналысқа шақырылмайды? "Менің кінәм не сонда? Бар жазығым қолыма мылтық орнына күрек ұстағаным ба? Біле-берсе күрек те қару ғой. Осы ғой жанға бататыны. Әйтпесе батыр атағын бермеді деп жүрген мен жоқ", - деп қиналады Ақан.

Жалпы, әдебиетімізде соғыс кезіндегі қара жұмыста болғандар еңбегі туралы жазылған шығармалар жоқтың қасы. Көбіне тікелей соғысқа қатысқандарға қарағанда осы бір белгісіз ерліктің иелері еленіп - ескеріле бермейді. Осынау еңбекте ерлік көрсеткен мыңдаған адамдардың тіршілігі қан майдан қаһармандарының тасасында қалып келгені белгілі. Сол олқылықтың орнын толтырған, ерліктің бағасы біреу ғана екенін, мейлі ол майданда жасалсын, мейлі ол тылда көрсетілсін, ашып, айғақтаған бұл повестің тағылымы мол, тәрбиесі толайым. Жақсылыққа ізгілікке деген ұмтылыста жүрген, ұлы сенімді серік еткен Ақан, Алма сынды кейіпкерлер әр жүрекке жол табады. Олардың көрген қиыншылықтары, тартқан азаптары жігерлерін шыңдап, қажыр - қайраттарын арттыра түсуі көңілге қонады.

Информация о работе Оралхан Бөкей