Мектеп жасына дейінгі балаларға дене тәрбиесінің әсері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 14 Декабря 2013 в 14:36, доклад

Краткое описание

Мектеп жасына дейінгі балалардың дене тәрбиесін сапалы дәрежеге көтеру қазіргі Қазақстанның білім беру саласындағы өзекті мәселенің бірі болып табылады. Осы маңызды жұмысты іске асыру барысында тарихи ел арасында қалыптасқан ұлттық халық ойын түрлерін баланың денесін шынықтыру барысында ұтымды пайдалануды зерттеу маңызды сала болып табылады, себебі халық арасында таралған ойындар баланың сүйіп ойнайтын және оның күш-жігерін жетілдіретін әсерімен ерекшеленеді. Соңғы жылдарда зерттелген көптеген ғылыми еңбектердің негізгі тұжырымдамасы бойынша осы мектеп жасына дейінгі балалардың дене шынықтыруын нақты бір мақсатты бағытпен дамытқанда ғана денсаулығы нығайып, жұмыс жасау қабілеті дамып жеке тұлға болып қалыптасуына тікелей әсері бар екендігі дәлелденуде.

Вложенные файлы: 1 файл

Документ Microsoft Office Word.docx

— 21.52 Кб (Скачать файл)

Мектеп жасына дейінгі балаларға дене тәрбиесінің әсері.

Қалықұлова Айгүл

 

Мектеп жасына дейінгі  балалардың дене тәрбиесін сапалы дәрежеге көтеру қазіргі Қазақстанның білім  беру саласындағы өзекті мәселенің  бірі болып табылады. Осы маңызды жұмысты іске асыру барысында тарихи ел арасында қалыптасқан ұлттық халық ойын түрлерін баланың денесін шынықтыру барысында ұтымды пайдалануды зерттеу маңызды сала болып табылады, себебі халық арасында таралған ойындар баланың сүйіп ойнайтын және оның күш-жігерін жетілдіретін әсерімен ерекшеленеді.

Соңғы жылдарда зерттелген көптеген ғылыми еңбектердің негізгі  тұжырымдамасы бойынша осы мектеп жасына дейінгі балалардың дене шынықтыруын  нақты бір мақсатты бағытпен дамытқанда ғана денсаулығы нығайып, жұмыс жасау қабілеті дамып жеке тұлға болып қалыптасуына тікелей әсері бар екендігі дәлелденуде.

Неміс ғалымы В. Зигердің дәлелдеуінше: «Дене тәрбиесін қоғамдық құбылыс, мәдениет пен тұрмыс салтының құрамдас бөлігі, адамдардың нақты тарихи әлеуметтік топтарының тәрбиесі ретінде айтқанда, біз тәнді жетілдірудің әлеуметтік-мәдени жағдайларының, сонымен қатар белгілі-бір қозғалыстың дамуына дұрыс мән берілуі қажет екендігін көреміз  [1].

Қозғалмалы ойындарды дене шынықтыру сабақтарына кеңінен пайдалануды орыс ғалымы П.Ф. Лесгафт ұсынды. Ол балаларды ауыр гимнастикалық жаттығулардан сақтандыруды, оның орнына табиғи қозғалысты ойынды пайдалануды орынды деп дәлелдеді.

Лесгафт ойынның әлеуметтік-педагогикалық  мүмкіншіліктерін бағалай отырып ойын арқылы тәрбиелеуді, балаларды өз бетімен  жұмыс істеуге үйретудің жолы және қоғамдық пікірлердің маңызын бағалай білуге бір-бірімен жолдастық қатынас орнатуға, шындыққа баулуға, ойын барысында өздерін реттеп отыруы үшін ойын керек деді [2].

3-5 жас аралығындағы баланың  денесін шынықтыру кезінде басты  фактор оның қимыл әрекетінің  қаншалықты дұрыс жолға қойылғандығымен  байланысты себебі мақсатты орындатқан  қимыл-қозғалыс жаттығулары бұлшық еттерге қан жүгіртіп, ағза қорегін арттырады.

Балалар үшін қозғалыс әрекеті үлкен мұқтаждық болып табылады. Қозғалыс бала үшін үлкен бір қуаныш көзі, сондықтанда қимыл күші оның денесін қатайтумен қатар психикалық дамуына үлкен әсерін тигізеді.

Бала қозғалысы туралы Мағжан Жұмабаев былай дейді: «Адам неғұрлым жас болса солғұрлым қозғалуды көп тілейді, дені сау бала бір минут тыныш отыра алмайды. Күні бойы шаршау білмей, ойнайды да жүгіреді» [3].

Адамның денесі мен ақыл-ойының  дамуына дене қозғалысы күшті әсер етеді. Баланың қозғалыс белсенділігіне бөгет жасағанда оның дамуы нашарлайды және кешігеді.

Күнделікті тіршілікте орындалатын  қимылдардың қосындысын адамның  қозғалыс белсенділігі деп атайды. Қозғалыс белсенділігі ұйымдастырылған  және ұйымдастырылмаған қимылдардан тұрады. Ұйымдастырылған қозғалыс белсенділігіне дене шынықтыру және спорттық жаттығулар белгілі еңбек әрекеттері жатады. Ал ұйымдастырылмаған қозғалысқа түрлі ойындар кезіндегі  баланың өз тарапынан жасаған қосымша қозғалыстары жатады.

«Бала ағзасы үшін ұйымдастырылған  қимыл-қозғалыстардың маңызы зор», деп жазады Ж.Д. Демеуов бастаған бір топ ғалымдар. Сондықтанда мектеп жасына дейінгі мекемелердегі балалардың мұндай қозғалыстарын дұрыс жоспарлап оны іске асыру балалардың қимыл дағдыларын дұрыс қалыптастыруға, саналы қозғалыстарды көбейтуге, ағзаның бейімделу қабілетіне әсер етеді. Ұйымдастырылған қозғалыстар аз болса балаларда гиподинамия немесе бұлшық ет қозғалыс белсенділігі төмендейді [4].

Келесі ғалым А.Б. Нурлыбекова  өз еңбектерінде дене шынықтыру сабағындағы  ойын түрлерін үш үлкен құрылымға  бөліп жаттығу, еліктеу және ереже деп атайды. Барлық үш құрылымға ойынның үш түрі тән: жаттығумен дағдыны талап ететін ойын, белгілі бір нәрсеге еліктеу арқылы өткізілетін (аң-құс, мал, зат т.б.), үшіншіге арнайы қатаң ережеге бағынатын ойындар.

Ойындарды белгілі бір классификация арқылы кезең-кезеңге бөліп қарастыратын болсақ, алғашқы негізгі орынды жаттығуларға береміз. Келесі маңызды обьект еліктеу, ал соңынан ережені қадағалаймыз деп ұсынады [5].

Осы белгілерді негізге ала  отырып қазақтың ұлттық ойындарын балалар  арасында дамыту тиімді болып келеді. Жалпы алғанда дене тәрбиесінің  ұлттық пішіндерімен ұштасатын жолдары қоғамдық өмірдің барлық басқа салалары сияқты жаңа өмір салтына сай не сай еместігі жөнінде тексеруден өтеді. Ұлттық ойындардың кейбір түрлері жаңа мазмұнға ие болып әрі қарай дамиды, ал кейбіреулері тіпті жоғалып кетеді.

Қазақ халқы баланы туған  күннен бастап денесін қимыл-іс әрекетке тартып өсуіне мән берген. Баланың өсуіне қарай ұлттық дәстүрді енгізу мақсатында мынадай жағдайды ескеру керек. Әр бала жеке тұлға екендігі, оның қабілеті де әр-түрлі болып келетіндігі. Сондықтан қимыл-қозғалысқа үйрету барысында жасаған дене шынықтыру әрекетіне қарай белсенді қимылдайтын бала және жай қозғалатын балаларды ескеріп сабақ өткізу тиімді.

Денсаулықты қалыптастырып  орнықтыратын және шыңдайтын дене жаттығуларын екі үлкен топқа бөліп қарастыруды Н. Мырзақанұлы ұсынады ол жаттығуларды біртектес және әртектес деп топтастырады. Бір тектес дене қозғалыстары түрлері үздіксіз бір текті және тұйықталған әрекеттерді қайталайтын қимылдар жүйесінен тұрады бұған: жүру, жүгіру, велосипед тебу, суға жүзу т.б. жатады. Әр текті дене жаттығулары айырмашылығы олар қимыл-әрекеттерін орындау үстінде жаттығу түрлері үнемі өзгеріп отырады оларға: гимнастикалық жаттығулар, күрес түрлері, спорттық ойындарын жатқызады [6].

Мектеп жасына дейінгі  балаларға арналған дене шынықтыру  сабағын ұйымдастыру ерекшеліктеріне  қарай сабаққа дайындау кіріспе бөліміне оның мақсаты балаларды ұйымдастыру олардың назарын жинақтау, эмоциялық қалыпқа келтіру, баланы күрделі жаттығулар жасауға әзірлеу болып табылады.

Жаттығу барысында балалардың дене бітіміне, денесін, басын ұстауы мен қол, аяқтарының қимыл координациясына, аяқ алысына, жүгіру жеңілдігіне мән берілуі керек.

Мектеп жасына дейінгі  балалардың негізгі дене қимылдарына  жүру, жүгіру, секіру, лақтыру, еңбектеу, өрмелеу, асып түсу, шығу, тепе-теңдікті сақтау түрлерін дұрыс қалыптастыру негізгі мақсат болып табылады. Бұл дағдыларды қалыптастыру кезінде балалардан ынталы болуды, дұрыс орындауға талпынуды, оларға нақты нұсқаулар беруді, орындауларына көмек көрсетуді талап етеді.

Дене шынықтыруды қимыл-қозғалыс ойындары арқылы жүзеге асыру балалардың дене мүшелері мен көңіл-күйлеріне қатты әсерін тигізеді. Қимыл-әрекетке толық жағдай жасаудың, барлық бала ойыннан қуаныш табуға мүмкіндік жасаудың маңызы зор.

Ғалымдар Д.А. Фарбер, В.И. Козлова балалардың ми қыртысындағы сезім аймақтарының даму ерекшеліктерін зерттеп оның 14 жасқа дейін қалыптасатынын анықтады. Бұған қоса баланың зейіні 3-4 жаста қалыптаса бастап, 6-7 жаста зейін  тұрақтанады да, 7-8 жаста ерікті зейін нашарлау болып, 9-10 жаста сыртқы ортаның әсерін терең және жан-жақты талдау қабілеті күшейетіндігін анықтаған [7].

Ойын барысындағы іс-қимылды дұрыс сапалы түрде балаға жеткізіп бірнеше рет қайталап әдетке айналдырғанда, бала ағзасындағы зат алмасу артып, жүйке жүйесі белсенділігін танытып, қан айналымы жақсарады. Қозғалыс барысындағы жиі демалудан бала ағзасындағы оттегіге деген қажеттілік артады. Дене шынықтырудың арқасында баланың көңіл-күй жоғарылап, жүйке жүйесі бекиді. Дене шынықтыру нәтижесінде бала өзінің іс әрекетіне және топтық тәртіпке үйреніп, оның ережесіне бағынады. Бұл оның жан-жағындағы оқиғаға мән беріп қарауына, төзімді болуына, тәртіпті сақтауына септігін тигізеді.

Бала өмірінде белсенді қозғалыстар аз болса  гиподинамия белгілері пайда болатындығы туралы К.А. Жаңабердиева т.б. авторлардың «Валеология,дене тәрбиесі және спорт» атты еңбектерінде… Гиподинамия деп бұлшық еттердің қозғалыс белсенділігінің төмендеуін айтады, бұл жағдай бала аз қимылдағанда пайда болады. Ал қозғалыс белсенділігі тиімді мөлшерден асып кеткен жағдайда (ауыр жұмыс, мөлшерсіз еңбекпен шұғылдану) - гипердинамия пайда болады деп көрсетеді. Гипердинамия ағзаның қызметінің қалыпты жағдайын бұзады себебі адамның жүйке-жүйесі, жүрек-қан, тыныс жүйелерінің  қызметі мөлшерсіз еңбек барысында қалпына келіп үлгермейді де олардың зорығуы байқалады [8].

Сондықтан балалардың қозғалыс белсенділігі мөлшерін реттеп дұрыс ұйымдастырған жөн. Балалардың бұлшық еттері даму жағдайында болғандықтан олар қимылсыз отыра алмайды, оларды ұзақ уақыт қимылсыз бір қалыпта отырғызуға немесе тұрғызуға болмайды.

Мектеп жасына дейінгі  балаға дене мүсінінің дұрыс қалыптасуын  яғни денесін түзу, тіке ұстауды, бала отырғанда, тұрғанда, жүргенде денесін тік ұстауды әдетке енгізу қажет.

Дұрыс мүсін адамның ішкі ағза құрылымының жетілуін жақсартады. Дене мүсінінің дұрыс қалыптасуы сүйек-бұлшық ет құрылысының дұрыс дамуына байланысты. Қозғалыс тірегін дұрыс қалыптастыруды бала шақтан дағдыға айналдырған тиімді болып келеді.

Дене шынықтыру жаттығуларының өзіндік мазмұны мен белгілі  бір құрылысы болады. Мазмұнға дене шынықтыру жаттығуы барысындағы механикалық, биологиялық, психологиялық үрдістер кіреді. Осылардың әсерімен қимыл-қозғалысқа әрекеттену жүгіру, адымдау, секірудің т.б. қорытындысы ағзадағы  және денедегі  өзгерістерге әкеледі.

Дене шынықтырудың сыртқы құрылымы көзге көрінетін бейнесі, ол қозғалыс сәтіндегі кеңістік, уақыт және күш қатынастарын көрсетеді.  

Мазмұн болмысқа қарағанда басты болып саналады. Мазмұнның өзгеруі болмыстың өзгеруіне алып келеді. Мысалы: жылдамдықтың артуымен жүгірудің техникалық орындалу жағдайы да өзгереді мысалы адымдау қашықтығы, денені ұстау басқаша болады.  

 

 

                                                             

 

 

 

 

Әдебиеттер                                                                                

1. Зигер В.К. К определению  понятий и признаков, характеризующих  физическую культуру //Очерки по  теории физической культуры. -М: ФИС., 1984. -75 б.

2. Лесгафт П.Ф. Собранные  педагогические сочинения.-Т.2. -М:Педагогика, 1962.-122 б

3. Жұмабаев М. Пидагогика . -Алматы: Рауан, 1992. -21 б.

4. Демеуов Ж.Д., Байназарова  Б.Я., Алиакбарова З.М., Бекетаев А.М.  Мектепке дейінгі балалардың  анатомиясы физиологиясы және  гигиенасы.          -Алматы: Білім, 1995. -113 б.

5. Нурлыбекова А.Б. Физическое  воспитание дошкольников на современном  этапе //Материалы Международной  научно-практической конференции,  посвященной 10-летию Независимости  Республики Казахстан. -Алматы: 2001. -С. 273-279.

6. Мырзаханұлы Н. Педагогикалық  валеология негіздері //Валеология. Дене тәрбиесі. Спорт. 2002. №11. -9 б.

7. Д.А. Фарбер., В.И. Козлова. Физиология развития ребенка. -М. Педагогика, 1983. -296 с.

8. Жаңабердиева К.А., Әділханов Ә.С., Қайым Қ. Салауаттану //Валеология. Дене тәрбиесі. Спорт. 2003 № 11. -55 б.


Информация о работе Мектеп жасына дейінгі балаларға дене тәрбиесінің әсері