Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Апреля 2014 в 21:27, курсовая работа
Қазақстандық патриотизм мен ұлтаралық татулықтыққа тәрбиелеудің жолдары мен құралдары – ол түрлі іс-шаралар, тәрбие сағаттары, гуманитарлық пәндердің мазмұны.«Қазақ баласын ұлтжандылық, отаншылдық сезімде тәрбиелеу, білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен, жоғары оқу орнына дейінгі барлық ұйымдардың міндеті. ХХІ ғасырда өз ұлтын сүйген, бірлікте болған халық қана тұтастығын сақтап қалады» – деп атап кетті Н.Ә.Назарбаев. Қай заманда болса да адамзат өз алдына – есті, еңбек сүйгіш, қайырымды бала тәрбиелеуді қояды. Соның ішінде қазақ халқы өз ұрпағын, үлкенді құрметтейтін адал, инабатты, әділ, ержүрек, намысшыл, ізгі ниетті болып өсуін қалайды. Бұл қасиеттер дұрыс тәрбие арқылы қалыптасады.
I.Кіріспе....................................................................................................................3
Патриотизмнің қоғам дамуындағы мәні..........................................................5
Қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы негізгі алғышарт....................9
II.Қорытынды........................................................................................................14
III.Әдебиеттертізімі.............................................................................................15
Ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті – бұл, сондай-ақ, тұлғаның рухани-өнегелік және саяси-әлеуметтік әлеуетінің тәжірибе жүзіндегі көрінісі.
Өкінішке орай, тәрбие жұмысында «ұлттық»-ты жалпыадамзаттықтың игілігіне жұмыс істейтін факторға айналдыру мүмкіндіктері әлі де әлсіз пайдаланылуда. Ал, онсыз жалпыадамзаттық құндылықтардың өздерінің ұлттық қатынастар жүйесіндегі дамуы мен тәжірибе жүзіне асуы үйлестігіне жету қиын. Ал, ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті іс жүзінде жалпыадамзаттық типті ұлтаралық қатынастардың ұдайы өндірісінің маңызды шарты ретінде көріне алады және көрінуге тиісті де.
Қазақ халқының дәстүрлері негізінде жүзеге асырылатын патриоттық тәрбие әлеуметтендіру процесін тұлғаға дәл осы Отанға, Атамекенге қызмет ету арқылы, өз тарихы үшін, өз Отанының әлеуметтік дүниенің ғылымына, мәдениетіне, рухани құндылықтарына қосатын үлесі үшін мақтаныш сезімі арқылы өз қабілеттерін мейлінше терең ашуға мүмкіндік беретін деңгейге жеткізеді. Тек тұлға ғана өзінің Отанға деген қатынасын ішкі, қастерлі сезім ретінде пайымдауға қабілетті. Сол себепті, патриотизм де тұлғаның биік даму деңгейін сипаттайтын аса маңызды рухани игілік ретінде түсініледі.
Қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы негізгі алғы шарт
Патриотизмді қалыптастыру – бұл мемлекеттік міндет, қоғамның әлеуметтік тапсырысы. Патриотизм өмірдің, жағдайдың, оқиғаның барлық жекелеген қырлары мемлекеттің, Отанның, Атамекеннің тұтастығы мен бірегейлігімен тікелей байланыста алып қарастырылатын қоғамдық қатынастардың мәні мен құндылықтарын зерделеу тәсілі ретінде көрінеді. Патриотизмді тәрбиелеу – бұл тұлғаның, елдің, оның мәдениетінің бірегейлігі, әлеуметтің, халықтың әлеуметтік психологиясының ерекшеліктері толымды көрініс табатын қоғамдық өмірді ұйымдастырудың мәні мен мақсаттарын пайымдау арқылы жүйелі дамуы. Патриотизм міндетті түрде тұлғаның жоғары әлеуметтік белсенділігін діттейді, өйткені, оның өзі еңбекте табыстарға жету үшін, қоғамға, ел жұртқа, халыққа қызмет ету үшін биік серпін болып табылады.
Ата-бабаларымызға, қазақ халқының дарынына, оның Қазақстанның мақтанышы ғана емес, әлемдік өркениеттің игілігіне айналған жасампаз еңбегі мен өнеріне сүйсінушілік, құрмет сезімдерін тәрбиелеу ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың басты алғышарттарының бірі болып табылады.
Саяси тұрақтылық – түрлі субъектілер мен саяси күштер мүдделерінің тепе-теңдігіне жету негізінде, туындайтын мәселелер мен қайшылықтарды дер кезінде заңды түрде шешу негізінде азаматтық бейбітшілік пен келісімді сақтауды қамтамасыз ететін қажетті жағдайлар мен факторлардың болуымен сипатталатын саяси жүйе ахуалы.
Жалпы әлеуметтік тұрақтылықты, ең әуелі, саяси тұрақтылықты негізгі қызметтерін сатылы түрде, бірізді атқаратын саяси жүйе қамтамасыз етеді. Ал, бұл оның туындайтын мәселелер мен қайшылықтарды дер кезінде анықтап, оларды шешудің сәйкес шараларын қабылдайтындығын білдіреді. Сондықтан, қоғам тұрақтылығын өз іс-қызметінде тек заңдар мен басқа да нормативтік актілерге сүйенетін мемлекет «жоғарыдан» қамтамасыз етеді. Осы арқылы жүйенің қызмет ету қарқындылығы қамтамасыз етіледі. Бұл жағдайда барша саяси билік субъектілерінің қызмет-қайраткерлігін бақылау зор маңызға ие болады.
Алайда, тұрақтылық, оның ішінде, саяси тұрақтылық қоғам демократиялығының дамуына қарай, азаматтардың жүзеге асыратын шынайы саясаты, саяси басшылығының дұрыстығы негізінде билік органдарына деген сенімінің күшеюіне қарай едәуір нығайып, мейлінше тұрақты бола түседі. Бұл жағдайда тұрақтандарушы сана патриоттық санамен «қабысып», қоғам дамуы мен нығаюының күшті тұрақтандырушы факторы маңызын иеленеді.
Жоғары да айтылып кеткендей, дәл осы патриотизм қоғамның саяси бірігуіне, ынтымақтасуына немесе, керісінше, саяси жіктелуіне, бөлінісіне әкеле алады. Ақпараттық-бағдарлық тұрғыда дәл осы патриоттық көзқарастар әрекет етуші саяси жүйе туралы саналы білімді бойына тұтып, осыған байланысты адамдар мінез-құлқының саяси бағыттаушысы болып табылады. Дәл осы патриотизм адамның өз Отанында үстемдік ететін саяси билік жүйесін қолдауының немесе, керісінше, оған қарсы болып, күресуінің негізгі себептерінің біріне айналады.
Осылайша, кеңінен ұғынылатын патриотизмнің саяси ролі саяси қатынастарды тікелей реттеушілігінен көрінеді. Қоғамның саяси-әлеуметтік құбылысы ретіндегі патриотизм саяси билікке тікелей ықпал етеді; ұлттық-мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етеді; саяси және саяси-әскери тұрақтылыққа қолдау жасайды; қоғамның саяси мәдениетін қалыптастырады және т.б.
Шынайы патриотизмді жаңғырту – Қазақстанды жаңғыртуға жасалған қадам. Дәл осы патриотизм халықтың рухани игілігі, қоғамдық сана мен қоғамдық және мемлекеттік жүйелер тұғырының негізгі элементтерінің бірі болып табылады, олардың тіршілік әрекеті мен тиімді қызметінің рухани-өнегелік негізін құрайды.
Қазақстанда жаңа әлеуметтік құрылым орнықты. Қоғам тепе-тең әрі ұзақ мерзімді тұрақтылық күйіне енді. Бұл өзгерістер бұқаралық сананың және, сәйкесінше, патриоттық сананың ішкі феномендік құрылымдарының біржола түрленуіне алып келді. Бұқаралық та, патриоттық та сана иесі Қазақстан халқы болып табылады. Қазақстан халқы – тарих пен мемлекеттің өзегі, және де, бұқаралық сана мен мінез-құлық субъектісі ретінде, ол жаңа сапалық сипатта танылды. Іс жүзінде салыстырмалы тұрақтылыққа, экономикалық өрлеуге, билік үстемдігін бекітуге қол жеткізілді.
Осылайша, қазақстандық қоғам тұрақтылығының қуатты факторы ретіндегі патриотизмнің саяси-әлеуметтік маңызы аса зор. Оның біріктіруші, тұтастырушы, тұрақтандырушы роліне ешкім күмән келтірмесі анық. Бұған қоса, оның осы тұтастырушы, тұрақтандырушы маңызына күллі тарихи даму барысы айғақ бола алады.
Қазақстандық патриотизм қазақ халқына да, сол сияқты, Қазақстан бірден-бір Отаны болып табылатын басқа халықтарға да тән екендігін атап өткен жөн. Әлбетте, қазақстандық патриотизм қазақ ұлттық патриотизмінен бастау алады, алайда, ол Қазақстанның құрамына жаңадан еніп отырған басқа халықтарды да шарпиды.
Профессор Р.Б.Әбсаттаровтың атап көрсеткеніндей, «Қазақстандық патриотизм тәрбиесі – бұл адамға оның бойында белгілі бір патриоттық көзқарастарды, пікір-пайымдарды, нормалар мен принциптерді қалыптастыру, сондай-ақ, оны сол көзқарастар мен принциптерге сәйкес іс-әрекетке бағыттау мақсатымен әсер ету жүйесі. Патриоттық ұстанымдардың беріктігі айқын мақсатқа жетелейді, қазақстандық азаматқа ұлттық өмірге тар өріс аясынан тыс ұстаным тұрғысынан қарауға және қарапайым адамды екіұдай күйге түсіретін қиындықтарды жеңуге мүмкіндік береді. Сондықтан, бүгінгі таңда біздің бүкіл патриоттық тәрбие жұмысымыздың міндеті – қазақстандық патриотизмді әрбір азаматтың өмірлік серігіне айналдыру».
Осылайша, Қазақстан патриоттарының сезімдері мен іс-әрекеттері Отанға (елге, Қазақстанға) және оның халқына бағытталған. Патриотизм – бұл саяси идеология, оның басты қағидасы Отанға, өзінің халқына, Атамекеніне деген сүйіспеншілік болып табылады. Бұл өз еңбегімен, жанкешті ерліктерімен елінің беделін арттырып, халқының абыройын асыратын қазақстандық азаматтардың күнделікті өмірінде пайда болады. Бірақ, ол Отан мен Қазақстан халқына қауіп төнген сындарлы жағдайларда, әсіресе, айшықты әрі қарқынды түрде туындайды. Күнделікті тіршілікте ол азаматтардың өндірістегі, ғылымдағы, өнердегі, спорттағы, сондай-ақ, жауынгерлерді туған өлкені батыл қорғауға, өз халқының, елінің, Атамекенінің егемендігін, «құрмет көрсетіліп, қастерленуі» тиіс шекарамыздың бұзылмауын, қоғамдық құрылыстың мызғымастығын қамтамасыз етуге даярлайтын әскери қызметтегі жасампаз еңбегінен көрінеді.
Осылайша, біз патриотизмнің қоғам өміріндегі күрделі рухани және саяси-әлеуметтік құбылыс болып табылып, рухани және саяси өмірді байланыстырушы, тұтастырушы қуатты күшке ие екенін көреміз. Қазақстандық қоғам өмірінің, тарихының қиын-қыстау кезеңдерінде ол саяси сипат алады. Бұл жағдайда патриотизм ортақ мақсаттар мен мүдделерге жетуде бірінші дәрежелі, басым маңызға, мақсатты сипатқа ие болады.
Терең рухани ой-зерде, биік өнегелі мінез-құлық нәтижесі ретіндегі патриотизм іс жүзіне асыру процесінде жаңа сапалы мәнге – Қазақстан мемлекетінің әрбір адал азаматының саяси қызмет-қайраткерлігінің нышанына айналуда. Ол Қазақстанның гүлденуі, қазақстандық азаматтардың әл-ауқаты артуы жолында елімізді инновациялық және шығармашылық тұрғыдан өзгертуге ұмтылатын бүкіл саяси институттардың өмірі мен іс-қызметінің өзекті мәселесі болып табылады.
Біздің патриотизмнің белсенді, қайраткер, қарымды қыры адамдардың өз Отанының игілігіне, мемлекеттік билікті нығайтуға бағытталған іс-әрекеттерінен көрінеді, сондықтан, тәуелсіз дамыған ел ретіндегі Қазақстанның қайта жаңғыруының саяси-патриоттық нышаны болып табылады.
Осы себепті, күрделі рухани және саяси-әлеуметтік құбылыс ретіндегі қазақстандық патриотизм Отанды қорғау, нығайту және гүлдендіру жолында онымен ажырамас тұтастығын саналы түрде ұғынатын тұлғаның руханилығы, азаматтығы және саяси-әлеуметтік белсенділігінің бірлігі болып табылады. Ал, бұл кез-келген мемлекеттің түбірлі саяси міндеті екендігі белгілі.
Осыдан бірнеше жыл бұрын патриотизмді дамыту «Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» негізінде жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта осы бағдарлама өзінің жалғасын тапқан жоқ. Патриоттық тәрбие беруден құжат азаматтардың патриоттық қозғалыстарға қатысуға деген ұмтылысын арттыру, патриоттық санасын жетілдіру жөнiндегi мемлекеттiк саясатты iске асыруды ақпараттық-насихаттық қамтамасыз ету, елдiң мемлекеттiк нышандарын, мемлекеттiк және әскери қызметтi танымал етуге, патриоттық тәрбие жүйесiн одан әрi дамытуға бағытталған шараларды жандандыру, азаматтарға патриоттық тәрбие беру жөнiндегi кеңес құру, патриоттық тәрбие беру мәселелерi бойынша ақпараттық-әдiстемелiк жинақтар, ұсынымдар, ақпараттық-талдамалы материалдар әзiрлеп шығару, экскурсиялық және өлкетану жұмыстарының бағдарламаларын дайындау, ерекше көзге түскен оқушылардың және студенттердiң Астана қаласына сапарын ұйымдастыру, 36 республикалық iс-шара (семинарлар, форумдар, конференциялар, «дөңгелек үстелдер» отырыстары, әлеуметтанушылық зерттеулер, әлеуметтанушылық мониторинг, акциялар, слеттер, конкурстар, турнир) ұйымдастыру көзделген еді. Осылайша бiлiм беру ұйымдарының желiсiмен 3,5 миллион жасөспiрiм балалар осындай маңызды шараға тарту мәселесі қарастырылған-ды. 2009 жылы осы бағдарлама нәтижесі бойынша депутаттар сауалына жауап берген сол кездегі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Қазақстан жастарының 90,4 пайызы өзін патриот санайтынын айтқаны есімізде. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 143,5 млн. теңге бөлініп, 2006 жылы 27,9 млн. теңге, 2007 жылы 63,5 млн. теңге, 2008 жылы 52 млн. теңге толық игерілген. Мемлекеттік бағдарламаның аясында 2006-2008 жылдары 800-ден аса іс-шара өтті. Осы шараларға білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін 3,5 миллионнан астам жеткіншектер қатысқанын айта кетуіміз керек. Осылайша қоғамдық пікірдің қорытындысы нәтижесінде 2008 жылы азаматтардың 90,4 пайызы өздерін патриот деп санайтынын көрсетті. 2007 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 21,1 пайызға өскенін байқаймыз. Жастардың айрықша бөлігі (19 пайызы) патриот болу дегенді бірінші кезекте мемлекеттік тілді білу деп түсінеді. Сондай-ақ кейбір жастар патриоттықты өз елінің тарихын білумен (16,9 пайызы), азаматтық белсенділікпен (14,3 пайызы) байланыстырады.
Биылғы Жолдауда атап өтілген жаңа қазақстандық патриотизмге келсек, бұл бағдарламалық құжаттың жастарға үміт артатынын ескерсек, патриотизмнің жаңа үлгісі жастар үшін тартымды болу керектігі анықталады. Жаңа қазақстандық патриотизм не үшін қажет? Маңыздылығы неде? Соңғы жылдарда орын алған оқиғаларға көз жүгіртіп, оларды сараптайтын болсақ, жастардың кришнаиттер, иегова куәгерлерi секiлдi Қазақстан үшiн дәстүрлi емес бiрлестiктерге, сондай-ақ экстремистiк ұйымдарға, мысалы, «Хизб-ут-Тахрир» дiни-саяси бiрлестiгiне және басқаларға деген қызығушылығы осы бiрлестiктер мен ұйымдардың белсендi жақтаушылардың жас адамдардың санасына психологиялық ықпал етуiмен байланысты. Президент те биылғы Жолдауында «Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды. Өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз», – деп айтты.
Егер де жан-жақты мәселелерді қамтыған патриотизмді күшейту, оны жастар үшін ұстанымның альтернативті моделіне айналдыра алатын болса, онда бұны тиімді шешім деп қарастыруға болады. Сонымен қатар қауіп-қатерлердің алдын аламыз. Жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру қажеттілігінің өзектілігі де осында жатыр.
Сонымен қатар, жастарды патриотизмге баулу оларға үлгі болар тұлғалардың көмегінсіз мүмкін еместігін атап өткен жөн. Елбасы «Біз жастарымыз бағыт алып, бой түзеуге тиіс өз заманымыздың жаңа қаһармандарын көрсету және жасауымыз керек», – деп айтты.
Қазақ ұлтында, Қазақстан халқы арасында үлгі тұтарлықтай тұлғаларымыз жетерлік. Тарихқа көз жүгіртсек, жоңғарға қарсы соғыс кезінде ел қорғап, тарихта өшпес атын қалдырған батырларымыз бар. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс батырларын да ұмыт қалдыруға болмайды. Осыған қоса сол жылдары мемлекеттілігімізді қайта жандандырып, ел қамы үшін жандарын пида еткен Алаш арыстары да бірден еске түсетіні анық. Бері келе тәуелсіздігімізге жол ашқан 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің боздақтары бар. Аталған оқиғалардың қаһармандары ел үшін жан салды, патриотизмді қалыптастыру жолында осылардың мысалдары ерекше үлгі бола алады.
Қазақстанның тәуелсіз жылдарындағы қаһармандарымыз да аз емес. Олимпиада жеңімпаздары, білім-ғылым саласында елеулі көрсеткіштерге қол жеткізген ардақтылар, ұлттың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өмірлерін қиған Ғазиз Байтасов сияқты қаһармандарымыз жас буын үшін үлгі боларлықтай тұлғалар. Олардың өмірі мен ерлігін насихаттауда жаңа әдістерді іздеу керек. Қазіргі жастарды телеарна тәрбиелемейді. Қазіргі ұрпақ байланыстың жаңа әдістерін пайдаланады. Олар арасында патриотизмді насихаттау жұмыстары қазіргі заманғы тілмен жүргізілуі керек. Осының айғағы ретінде Елбасының 2012 жылдың 14 желтоқсанындағы Жолдауы, біріншіден, жастарға бағытталса, екіншіден, телеарналар арқылы тікелей эфирде көрсетілмей, онлайн режімінде «twitter» арқылы, яғни жастар қолданатын қызмет арқылы трансляцияланды. Сөзімнің соңында Елбасымыздың биылғы Жолдауындағы үзіндіні келтіре кетейін: «Біз бұл мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарауымыз керек. Егер мемлекет әр азаматтың өмір сапасына, қауіпсіздігіне, тең мүмкіндіктеріне және болашағына кепілдік беретін болса, біз елімізді сүйеміз, онымен мақтанамыз. Осындай тәсіл ғана патриотизмді және оны тәрбиелеу мәселесіне прагматикалық және шынайы көзқарасты оятады», – деген еді.