Автор работы: Пользователь скрыл имя, 27 Января 2014 в 11:44, реферат
Жетісу атырабы көз жауын алатын сұлулығы мен көк май¬салы, сылдырай аққан өзен-кө¬лімен көрікті. Осындай барша¬ны тамсандырған саф ауасымен тыныстау, тамаша табиғатта еркін демалу арқылы адам ден-саулығы нығайып, күш-қайрат бітеді. Табиғат пен адам егіз дей¬тініміздің түп-төркіні осы¬дан. Табиғаттың әлеуметтік мә¬се¬лелермен қатар, экономикаға да қосары мол. Демек, туризмді дамытудың игілігі жетіп, арты¬лады. Өркениетті мемлекеттер бұған әлдеқашан мән берген. Осы мәселе соңғы жылдары жан-жақты қолға алына баста¬ған¬дықтан, барымызды жарқы¬рата көрсетуге мүмкіндік туды. Жер жәннаты саналған өлкеміз ішкі және сыртқы туризмді өр¬кендетуге қолайлы аймақтар қатарында болғандықтан, бұл бағытта ізгі ізденіс басым екендігі қуантады.
Жетісу атырабы көз жауын алатын сұлулығы мен көк майсалы, сылдырай аққан өзен-көлімен көрікті. Осындай баршаны тамсандырған саф ауасымен тыныстау, тамаша табиғатта еркін демалу арқылы адам денсаулығы нығайып, күш-қайрат бітеді. Табиғат пен адам егіз дейтініміздің түп-төркіні осыдан. Табиғаттың әлеуметтік мәселелермен қатар, экономикаға да қосары мол. Демек, туризмді дамытудың игілігі жетіп, артылады. Өркениетті мемлекеттер бұған әлдеқашан мән берген. Осы мәселе соңғы жылдары жан-жақты қолға алына бастағандықтан, барымызды жарқырата көрсетуге мүмкіндік туды. Жер жәннаты саналған өлкеміз ішкі және сыртқы туризмді өркендетуге қолайлы аймақтар қатарында болғандықтан, бұл бағытта ізгі ізденіс басым екендігі қуантады.
Жетісу – тарихи-географиялық аймақ. Солтүстікте Балқаш, солтүстік-шығысында Сасықкөл мен Алакөл, шығыста Жетісу (Жоңғар) Алатауы, оңтүстік және оңтүстік-батысында Солтүстік Тянь-Шань жоталарымен шектеседі. Тарихи деректер мен зерттеулерде Жетісу атын құрайтын 7 өзен туралы түрліше пікір бар. А.К. Гейнс бұлардың қатарына Лепсі, Басқан, Сарқан, Ақсу, Бүйен, Қаратал және Көксу өзендерін жатқызса, А.Влангали Басқан, Сарқан өзендерінің орнына солтүстік-шығыстағы Аягөз, оңтүстік-шығыстағы Іле өзендерін атайды. В.В. Бартольдтың айтуынша, алғашқыда жергілікті халық Жетісу деп Іледен солтүстікке қарай созылған аймақты атаған, оған Лепсі, Басқан, Ақсу, Бүйен, Қызылағаш, Қаратал, Көксу өзендері енген. Ал Жетісу Іленің оңтүстігіне қарай созылған таулы аймақ деген ұғым 19 ғ-да тарап, сондай-ақ, оған Тянь-Шаньнің солтүстік-батыс және орталық аудандары да қосылатын болған. Тарихи әдебиетте Жетісу ұғымына Шу алабы мен Нарын өзенінің жоғарғы ағысын қамтитын атырап та кірген.
Археологтар, тарихшылар мен географтар Жетісуды Солтүстік-шығыс Жетісу (солтүстікте Балқаштан Кетпен және оңтүстікте Іле Алатауы жоталарына дейін, солтүстік-шығыста Алакөлден оңтүстік-батыста Шу-Іле су айрығына дейінгі жерлер) және Оңтүстік-батыс Жетісу (Шу және Талас алқабы) деп екіге бөледі. Жетісуға мұндай тарихи-географиялық анықтама бере отырып, олар бұл өлкенің тек табиғи жағдайларын ғана емес, сонымен қатар оның өткендегі экономикалық, саяси, этникалық және мәдени даму ерекшеліктерін де еске алады.
Жетісудың кең аумағы (солтүстіктен оңтүстікке дейін 900 км, ал батыстан шығысқа дейін 800 км) және тауларының биіктігінің әр түрлі болып келуі оның климаты мен ландшафтарының да түрліше болуына ықпал етті. Бұл өлкеде егін шаруашылығы ертеден-ақ шұраттық сипат алып, қолдан суғаруды қажет еткен. Жайылымдық мал шаруашылығы кең өріс алған. Жетісудың оңтүстік-шығыс бөлігінің тау бөктерлерінде (600 — 1200 м биіктікте) ауа райы ылғалды, қоңыр салқын және ауыспалы, топырағы құнарлы. Онда суармалы егіншілікке пайдаланылатын көптеген тау өзендері бар. Жемісті ағаштар мен жапырақты ағаштар, ал одан жоғарыда шырша ормандары өседі. Бұл өңір мал жайылымына қажетті көкорай жемісті ағаштар мен шалғындарға бай. Міне, осындай қолайлы табиғи географиялық жағдайлар Жетісуды Түркістан жеріндегі ертедегі мәдениет ошақтарының біріне айналдырды. Оны мекендеген тайпалардың қазақ халқының тарихи қалыптасуында, мемлекеттің құрылып, нығаюында, мәдениеттің өркен жаюында зор маңызы бар. Жетісу жерінде мал бағу мен егін шаруашалығының пайда болуы неолит пен энеолит дәуіріне жатады. Қола дәуірінде (б.з.б. 15 — 8 ғ-лар) бұл өлкені мекендеушілердің материалдық және рухани мәдениеті одан әрі өркендеп, мыс пен қоладан құралдар жасау, бақташылықпен, жер өңдеумен, аң, балық аулаумен айналысу кәсіптері пайда бола бастаған. Б.з.б. 1-мыңжылдықтың орта шенінде Жетісуда, негізінен, малшы қауымдарының бөлініп шығу дәуірі аяқталды.
Ертедегі жергілікті тайпалар шаруашылығы Жетісуды дербес экономикалық аймаққа айналдырды. Б.з.б. 7 — 4 ғасырларда Жетісуды сақтар мекендеген. Олар шаруашылықтың сол кездегі жетілген түрі малшылық және суармалы егіншілікпен айналысып, қола мен темірден жасалған құралдарды пайдаланған. Археологтар Талас алқабындағы алғашқы отырықшы мекендердің қалдығын б.з.б. 5 ғ-ға дейінгі уақытқа жатқызады. Б.з.б. 3 ғ-да Жетісудағы сақ тайпаларының одағын үйсін тайпаларының одағы алмастырды. 6 ғ-дың орта шенінде Жетісу Түрік қағанатының құрамына енді. Ал 581 ж. одан Батыс Түрік қағанаты бөлініп шықты. Оның орталық ауданы Жетісу, астанасы Суяб қаласы болды. 7 ғ-дың 30-жылдарында Жетісуда Шу өзенінің шығысында дулу, ал батысында нушеби деп аталған екі иелік пайда болды. 8 ғ-ға дейін бұлар Шығыс Түрік қағандығына тәуелді болатын. Ал 8 ғ-дың басында Жетісудағы өкімет билігін Шу мен Іле арасында көшіп-қонып жүрген түргештердің билеуші топтары басып алды. Түргеш қағанаты (704 — 766) ала ауыздық, ішкі әлеуметтік қайшылықтардың барған сайын өршуі, оңтүстікте арабтармен, шығыста қытайлармен үнемі қақтығысып отырудың салдарынан әлсіреді. Жетісудағы өкімет билігін тағы бір түркі тайпасы қарлұқтар басып алды. Түргеш және Қарлұқ (766 — 940) қағандықтары дәуірінде Шу, Талас және Іле бойында қолөнер мен сауданың орталығы болған ескі қалалар өсіп, жаңалары пайда болды (Атлах, Хамукент, Құлан, Мерке, т.б.). 9 — 10 ғ-ларда Жетісудың солтүстік-шығыс өңірінде отырықшы егіншілік пайда болды, оның іздері Алматы, Талғар, Дүңгене, Қойлық, Қарғалы, т.б. қалалардың қираған үйінділерінде сақталған. Қолөнер кәсібінің өнімдері ұлғайып, көрші көшпелі тайпалармен экономикалық байланыстар дамыды, сауда-саттық өсті. Ақшаны пайдалану және жергілікті ақша шығару (Таразда) пайда болды. Жетісуды мекендеген түркі тайпалары едәуір дәрежеде отырықшылыққа бой ұрды. Орта Азия, Шығыс Түркістан өңірлерімен сауда-саттық, мал айырбасының тиімділігін жақсы түсінген топтар жақсы жайылымдарды басып алып, мал басын көбейтуге тырысып бақты. Мал мен жайылымнан айырылған көшпелі кедейлер енді егіншілікпен, қолөнер кәсібімен айналысып, қала халықтарының қатарына қосылуға мәжбүр болды. Жетісуға Шығыс Түркістаннан шыққан көшпелі түркі тайпасы ягма басып кіргеннен кейін (940) енді ол Қарахан мемлекетінің құрамына енді. Сөйтіп, Жетісу Шығыс Түркістанмен бірге, Қарахан мемлекетінің Елхан билеген шығыс бөлігін құрады (Қарахандар мемлекеті). 10 ғ-дың аяқ шенінде Қарахан әулетінің астанасы Шу бойындағы Баласағұн қаласы болды. Жетісудың бір бөлігінде қарлұқ және шігіл тайпаларының өкілдері билікті өз қолдарына алды.
Жетісуда 10 — 11 ғ-лардағы отырықшы егіншілік пен қала мәдениетінің едәуір өркендегенін орта ғасыр авторлары (Макдиси, ибн Хордадбек, т.б.) мен Қазақстан, Қырғызстан археологтарының зерттеулері дәлелдейді. Жаңадан пайда болған егінжайлар мен қалалық мекендер енді тек сауда жолдарының бойында ғана емес, сондай-ақ, өңірдің шалғай түкпірлерінде де (Іленің төменгі ағысы) пайда бола бастады. 11 — 12 ғ-ларда Жетісудың солтүстік-шығысындағы негізгі қалалар мен елді мекендер (Шелек, Қапал, Арасан, Лепсі, т.б.) пайда болған. Сәулет өнерінің жоғары дәрежеде дамуының куәгерлері — Бабажы қатын кесенесі (10 — 11 ғ-лар) мен Айша бибі кесенесі (11 — 12 ғ-лар), т.б. Жетісу мен Қазақстанның өзге бөлігін мекендеген түркі тайпалары этникалық жағынан одан әрі жақындаса түсті. 1129 — 30 ж. Жетісуға қидандар басып кіріп, көп ұзамай-ақ жергілікті тұрғындармен араласып кетті. Өңірдің Іле өзенінен солтүстікке қараған жері бұрынғысынша Қарлұқ хандығының (астанасы Қойлық қаласы) қарамағында еді. Қидандардың өктемдігі 13 ғ-дың басына дейін созылды. Жетісу мен Шығыс Қазақстанға түркі тілдес найман, керей тайпалары келіп кірді. Наймандардың қолбасшысы Күшлүк ханмен күрес қидан гурханын әлсіретті. 1210 ж. ол Мұхаммед Хорезм шаhтан Талас өзені бойында жеңіліс тапты. Енді Жетісуды Күшлүк биледі. 1211 ж. өңірдің солтүстігіне Шыңғыс хан әскерлері баса көктеп кіріп, 1218 ж. Жетісуды жаулап алды. Осының салдарынан Жетісу екіге бөлініп кетті. Оның үлкен бір бөлегі (Іледен оңтүстікке және оңтүстік-батысқа қараған жағы) Шағатай ұлысына (орталығы Алмалық маңында болды), ал Іледен солтүстікке қараған жерлер Жошы ұлысына қарады. Солтүстік-шығыс қиыры (Тарбағатай, Еміл мен Көбік маңы) Үгедей ұлысының еншісіне тиді. 1269 ж. Таласта өткен құрылтайда бұрынғы Шағатай, Үгедей ұлыстарының негізінде Хайду (1301 ж. ө.) басқарған мемлекет құрылды. Оның ордасы Іле алқабына орналасты. Біршама уақытқа елдің ішкі саяси және экономикалық өмірі қалыпқа түсті. Алайда Шағатай әулетінің ол өлгеннен кейінгі іштей өзара қырқысуы, сондай-ақ, көрші хандықтармен жүргізілген соғыстар Жетісу халқына және оның экономикасына едәуір зардабын тигізді. 14 ғ-дың 1-жартысында Жетісу және Мауераннахр билеуші топтарының арасындағы қайшылықтар одан сайын үдей түсті. 14 ғ-дың орта шенінде Шағатай ұлысының батыс және шығыс бөліктері ыдырай бастады. Оның басты себептерінің бірі шапқыншылық салдарынан шаруашылық-саяси және тарихи даму жағынан әр қилы этникалық топтардан құралғандығы еді. Шағатай ұлысының шығыс бөлігіндегі дулат тайпасының билеушілері жаңадан Моғолстан деген мемлекет құрып, оған өз іштерінен Тоғлұқ Темірді хан етіп жариялады (1348 — 62/63). Енді Моғолстанның орталық бөлігі болып қалған Жетісудың түркі тайпалары этникалық жағынан қайта топтасуға мүмкіндік алды. Дегенмен, олар әлі де болса Қазақстанның өзге өңіріндегі мәдени, тарихи байланысы бір қандас бауырларынан жырақ жатыр еді. Моғолстандағы тайпалар одағына дулат, қаңлы, керей, барін (баарын), бұлғашы секілді жергілікті түркі және оларға етене болып сіңіп кеткен моңғол тайпалары кіретін. Бұлар кейінірек (15 ғ. және 16 ғ-дың басы) қазақ және қырғыздардың құрамына енді.
Жетісудың Моғолстан құрамындағы 14 ғ-дың 2-жартысындағы саяси жағдайы өзара қырқыстармен және Әмір Темірдің шапқыншылықтарымен сипатталады. Камар әд-Дин Дулати 14 ғ-дың 70-жылдарында Жетісудың көпшілік жерін басып алып, өз билігін жүргізген. Жетісуда бұл ұлыстан басқа Моғол билеушісі Еңкетөренің ұлыстары, бұлғашы тайпасы әмірлерінің ұлыстары, бірнеше дербес иеліктер пайда болды. Бір орталыққа бағынған өкімет билігінің болмауынан Жетісу халқы Әмір Темірдің шапқыншылығына айтарлықтай қарсылық көрсете алмады. Шапқыншылық Моғолстан мен Ақ Орданың шаруашылық және саяси жағынан нығаюына кедергі жасады. 14 ғ-дың 80-жылдарының аяқ шені Әмір Темірге бірлесе соққы беруге кіріскен кез болды. Оған қарсы күресте Жетісу билеушілері Камар әд-Дин Дулати, Еңкетөре, Моғолстан ханы Қызыр Қожа (1389 — 99) және Дешті Қыпшақ ханы Тоқтамыс күш біріктірді. Бұлай бірігу Дешті Қыпшақ пен Жетісу тайпаларының өзара байланысты болуы үшін едәуір маңызды болды. Әмір Темірдің қанды жорықтарының салдарынан Жетісу халқы сан жағынан азайды, егін шаруашылығы құлдырап, мал саны кеміді. 15 ғ-дың 1-жартысында да Жетісудағы қырқысулар толастамады. Моғолстандағы Қызыр Қожа, Мұхаммед хан (1408 — 15), Уәйіс хан тұсындағы ішкі саяси жағдайдың уақытша тынышталуы Жетісуға Әмір Темір әскерлерінің басып кіруімен (1425 жылғы (Ұлықбек жорығы) және ойраттардың (қалмақтардың) шабуылдарынан бұзылды. Қарамағындағы халықты барған сайын қанай түсудің нәтижесінде экономикалық күш-қуаты артқан шонжарлар енді саяси тәуелсіздікке ұмтылды. Мұхаммед Хайдар Дулатидің мәлімдеуінше, 1430 ж. шамасында 30 мыңға жуық моғол отбасы Мауераннахрға жөнелтілген, барін (баарын) және чорас тайпаларының бір бөлігі Амасанджи Тайша билеген ойраттарға өтіп кеткен. Қаңлы, т.б. тайпалар Әбілхайыр хан иелігіне қоныс аударған. Ал мұның өзі ішкі ала ауыздыққа қарсы халық наразылығының белгісі еді. Моғолстанның жаңа ханы Есенбұғаның (1424 — 62) билігі Қашқарияның бір бөлігімен ғана шектелді.
Тек 15 ғ-дың 40-жылдарының аяғы мен 50-жылдарының басында ғана ол Жетісудың көшпелі халқына өз үстемдігін жүргізе алды. Алайда осы қиындықтарға қарамастан, Жетісуды (жалпы қазақ жерін) мекендеген қазақ тайпаларының бірігу үрдісі жалғаса берді, енді олардың Моғолстаннан бөлінгісі келетіндіктері айқын сезіле бастады. Мұны Моғолстанның солтүстік және оңтүстік аудандарындағы (Жетісу және Тянь-Шань, Шығыс Түркістанның біраз бөлігі) табиғи-географиялық, экономикалық және тарихи жағдай, сондай-ақ, Жетісу халқының Қазақстанның өзге өңіріндегі тайпалармен ежелден бергі мәдени-этникалық, туыстық жақындықтарын тездете түсті. “Тарихи-и Рашидидегі” мәліметке қарағанда, 1465 ж. бұл жерге 200 мыңға жуық қазақтар көшіп келген. Олармен бірге Әбілхайыр ханмен жауласқан Барақ ханның ұрпақтары Жәнібек және Керей сұлтандар да келген. Сонымен Жетісу Дешті Қыпшақтан келген тайпалардың, сондай-ақ, жергілікті қазақ тайпаларын саяси-этникалық жағынан біріктірудің орталығына айналды. Ал 15 ғ-дың 60-жылдарының орта шені мен 70-жылдардың басында Жетісудың батыс бөлігінде Қазақ хандығы құрылды. 15 ғ-дың аяғы мен 16 ғ-дың бас кезінде Қазақ хандығының шекарасы Жетісу, Дешті Қыпшақ және Түркістан өлкесінің солтүстік бөлігінде (Созақ, Сауран, Сығанақ қалалары қосылды) бірте-бірте кеңейе түсті. Бұл жерлерді жайлаған қазақ рулары мен тайпалары Қазақ хандығына бірігіп, қазақ халқының ұзаққа созылған қалыптасу процесі аяқталды. Қазақ халқының құрамында тарихи даму барысында тайпалардың үш тобы пайда болды. Олардың әрқайсысының шаруашылық мүдделері ортақ болғанмен, территория жағынан бір-бірінен айырмашылықтары болды. Осыған байланысты қазақ даласындағы үш жүздің қалыптасуы, соның ішінде Жетісудағы Ұлы жүздің қалыптасуы 15 ғ-дың соңы мен 16 ғ-дың басында аяқталды. Қасым хан тұсында (1511 — 23) Қазақ хандығының шекарасы Қаратал өзеніне дейін жетсе, Тахир ханның билігі дәуірінде Қас және Күнес өзендеріне дейінгі атырапты қамтыды. Қазақ хандығының күшеюі 16 ғ-дың бас кезінде Моғолстанның Жетісуда билігінің жойылуын тездетті. Шығыс Түркістан өлкесін билеген Сұлтан Саид (1514 — 33) пен Абд әр-Рашид (1533 — 65) хандар Жетісуды өздеріне қайтарып алуға тырысып бақты. Алайда қырғыздармен одақтасқан қазақ билеушілері оны жүзеге асыртпай тастады. Бұл күрес Ақназар хан тұсында да тоқтаған жоқ. 17 ғ-да өлы жүз басқа қазақ жүздері сияқты жеке хандық болып саналды. Жетісу рулары басқа да отырықшы егін ш-мен айналысатын аймақтармен сауда-экон. қарым-қатынастар жасап тұрды. 1643 ж. Жоңғар қонтайшысы Батур Жетісудың біраз жерін өзіне бағындырды. Ал 1681 — 88 ж. Жоңғар хандығы Жетісудан Оңтүстік Қазақстанға бірнеше дүркін жорықтар жасады. 18 ғ-да Жетісудың едәуір бөлігі Жоңғар хандығының қол астында болды. Жоңғар мемлекетін Цинь империясы талқандағаннан кейін, енді Жетісуды осы империя басып аларлықтай қаупі төнді. Жетісудың Ілеге дейінгі оңтүстік бөлігін 19 ғ-да Қоқан хандығы жаулап алды. Жоңғар және Қоқан хандықтарының қайыршылыққа ұшыратқан зорлық-зомбылығына қарсы Ұлы жүз қазақтары күрес жүргізді. 19 ғ-дың 40-жылдарының ортасында Жетісудың Қапал аймағында көшіп-қонып жүрген қазақтарды Ресей өз қол астына қаратты. Жетісудың Іле өзеніне дейінгі бөлігі Ресей мемлекетінің құрамына енді. 1854 ж. Алмалы деген жерде патшалық Ресейдің Орта Азияны отарлау барысында “сенімді” тірегі саналған “Верный” бекінісі салынды. 1860 ж. қазақтың атты жасақтарымен бірге Ресей әскерлері өзынағаш түбінде Қоқан хандығының әскерін ойсырата жеңді. 1860 ж. аяғында патшалық Ресей Жетісуды толықтай өз отарына айналдырды. 1867 ж. Жетісу территориясында Жетісу облысы құрылды. Жетісу 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың ірі ошақтарының бірі болды. 1924 — 25 ж. Орта Азия республикаларында жүргізілген ұлттық — мемлекеттік межелеуден кейін Жетісу Қазақстан мен Қырғызстан құрамына кірді. Қазақстанның тәуелсіздік алуымен бірге (1991) Жетісу да қазақ халқының байырғы атамекені ретінде біртұтас мемлекеттің мәдениеті дамыған, экономикасы қуатты аймағына айналды.