Автор работы: Пользователь скрыл имя, 03 Сентября 2012 в 17:16, реферат
Дулат Бабатайұлы 1802 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аякөз ауданы, Сандықтас өңіріyде туып, 1871 жылы дүние салған.
Жырау алғыр, зерек болып өседі. Жасында ауыл молдасынан оқып, арабша хат таниды.
Дулат Бабатайұлының тікелей өзінің өмірбаянын немесе өмірінін белгілі бір кезеңін сипаттайтын туындылары аз. Әйтсе де жыраудың мінезі, ой-өрісі мен ақындық мұраты жайында шығармаларына сүйеніп, сенімді тұжырымдар жасауға болады.
Елді шен-шекпенге сатылған ел басшылары қор қылғанын айтып, күйінеді.
Заман осы қалпынан өзгермесе, келешекте мұның ақыры халықты көз көріп, құлақ естімеген қандай сұмдықтарға душар ететінімен шошытып, үрейлендірмек болады.
Сырғалынды күң қылып,
Солқылдақты жүн қылып,
Күніңді тұман түн қылып,
Қыл мойынға тақалтып,
Шабақтай жемге қақалтып,
Көмейіңе салар қармақты...
Жібек жалын жайнатып,
Ортекедей ойнатып,
Қабырғаңды сөгілтіп,
Аш күзендей бүгілтіп,
Әлі-ақ шауып алады
Түйең менен жылқыңды.
Егін себер жерді алып,
Бұрынғысы өтірік,
Шыныменен енді алып,
Кетірер кәпір сыйқыңды.
Мұндай төніп келе жатқан қауіпті сезініп, қам жасаушы ұлтжанды, сергек ойлы, серке сипатты жандарды ел тізгінін ұстағандар арасынан көре алмай торығады. Оның есесіне, "бозақор өңкей мастар", "есерсоқ, ойсыз жастар" көбейіп бара жатқанына налыған кемеңгер жырау:
Менің айтқан бұл сөзім,
Саналы болса ой көзің,
Өлең емес, жыр емес,
Құнсыз сөздің бірі емес,
Басыңа түссе білерсің, –
дейді толғанып. Ол еркіндігі жоқ халықтың ауыз бірлігі, елдік қасиеті азаяды, әркім қара басының қамын ойлап, сенім-нанымынан айырыла бастайды, ел ішіне неше түрлі жаман қылықтар жайылады деп біледі. Сөйтеді де, дүние-мал мен қарынның құлы – тоғышарлардын қайырым-сыздығын, екіжүзді арамзалығы мен енжарлығын көріп:
Тесекте жатқан керіліп,
Түзге отырса ерініп,
Аяғын буған қойға ұқсап,
Мойнын ұсынып беріліп,
Қол созбайды азатқа, –
деп ашынады, азаттық, еркіндік дегенді естеріне де алмай, құлдыққа, малайлыққа мойын ұсынып отыр деп кейді.
Түптеп келгендегі Дулаттың аңсаған арман-тілегі – халықтың ұлттық рухын, өзіндік салт-сана, дәстүрін, елдік, ерлік, адамшылық туралы ұғым-түсініктерін сақтап қалу.
Би мен бектің сәні жоқ:
Елін қорғай алмаса,
Тура жолға салмаса,
Ыстығына күймесе,
Суығына тоңбаса.
Батырлықтың сәні жоқ:
Елірген тұлпар ерттеліп,
Толғаулы найза қолға алып,
Тұйрын құстай толғанып,
Сары садақ асынып,
Егескен жауды қашырып,
....Ұлын қорып жауынан,
Ереулеген егер дауынан,
Тұтамдап оқ жанбаса.
Қазақ жерінің қиыр шығысы мен қиыр батысында араға бір ғана жыл салып дүниеге келген Дулат пен Махамбет туындыларындағы ұлттық бостандық, әлеуметтік әділеттік идеялар әуендестігінің көрінісі болып табылатын бұл өлеңнен де оның авторының шығармашылығына тән сыншылдық ел тәуелсіздігі мен жер бүтіндігін сақтаудан туындап жатқанын көреміз.
Дулаттың арнау өлеңдері ішінде "Ақтанға" деген өлеңінің сипаты өзгешелеу. Жетім бала Ақтанның өмірі ақынның аяушылық сезімін қозғап, жүрегін тебірентеді. Ал Дулатты баланың болашағы көбірек толғандырады. Ол осы Ақтан баланың бойынан ел тілегін арқалап, халық басына өз еркі өзіндегі өткен дәуренін қайта оралтар ерді, батырды көргісі келеді.
Ақын Ақтан бала ер жетіп, "бадана көз тоғыз тор сауыт" киіп, қашан ғана жауды қуар екен деп армандайды.
О, Ақтан жас, Ақтан жас, Жау қашырар ма екенсің?
Сен ер жетер ме екенсің, Тұлпар атты жаратып,
Жетімдіктің белінен, Құйрық, жалын таратып,
Асып өтер ме екенсің?.. Бежін ерді ерлетіп,
Бадана көз тоғыз тор Жорыққа жортып терлетіп,
Сауыт киер ме екенсің? Сырты қырлы, жүзі алмас,
Білтеліні тұтатып, Салған дағы жоғалмас
Түтін үзбей оқ атып, Сапы асынар ма екенсің? –
деп толғайды. Ақынның ойынша, жігіттің даңқын шығарып, оны дегеніне жеткізетін бір-ақ жол бар. Ол – ел мақсаты үшін жан аямай күресу жолы.
Ақын Ақтанның ел үміт күткен сондай жас болуынан үміттенеді.
Жетімдіктен өтерсің,
Шаң бермей әлі кетерсің,
Қажыма, Ақтан, қажыма,
Жетерсің, әлі жетерсің.
Талмай талпынса, қайраттанып алға ұмтылса, жетім Ақтанның да кейін қатарға қосылатыны, жетілетіні күмәнсіз дейді ол.
Адамдардың мінез-құлқындағы өзгерістер.
Дулат ел өміріне көз жібергенде, адамдар арасындағы қарым-қатынас көріністерін хандық замандағы, бұрыннан келе жатқан өмір қалпы бұзылмаған кездегісімен салыстыра қарайды. Тегінде мәселе хандық билік, бұрынғы ел билеу тәртібі мен феодалдық өмір қалпының ескіргенінде немесе оларға замана ағымына үйлесетін өзгерістер енгізілудің қажеттілігінде емес еді. Мәселе халқымыздың қоғамдық өміріндегі өзгерістердің тарихи қажеттіліктен, эволюциялық даму жолымен емес, күштеумен, отаршылдық саясаттың мүддесіне бағындыра жүзеге асырылғанында еді. Туған халқын отты жүрегімен емірене сүйіп, оның тағдыры толғандырған – Дулат Бабатайұлының шығырмашылығында және сол ұлттың менталитеті мен рухына жат өзгерістер сыншылдық тұрғысынан көрініс тапты. Ақын:
Қой зор болып түйеден,
Құлын зор боп биеден,
Сөз оралмай жүйеден,
Бұзақы би боп тізілді.
Лашын өрлеп ұша алмай,
Ер майданға түсе алмай,
Үлкеннің тілін кіші алмай,
Елдегі жақсы бұзылды, –
деп, жақсы мен жаман, құндылық пен құнсыздық туралы ұғымдардың әділдік, шынайылыққа кереғар түрде өзгергенін сыншылдық, шыншылдықпен көрсетеді. Ақын байлар саудагерлік жолына түсіп, соның арқасында жамандардың бағасы көтеріліп, қырандар – асыл азаматтар ескерусіз, елеусіз болып қалғанын айтады.
Мәстек озып, бәйге алды,
Тайша бұл боп, тай қалды,
Бағасыз қыран жай қалды,
Достықтың қылы үзілді, –
дейді кейіспен.
Бірталай үлкен ақындар, солардың ішінде Абай, Сұлтанмахмұт та бар, назар аударған: еңбек етіп, бала-шағасын бағудың орнына тамағы піскен үйді аңдып, иесінің қас-қабағын бағып, жағынатың, аузына бірдеңе тисе, елеуреп шыға келетін кер жалқау қазақ кедейінің бейнесін Дулат та айнытпай жасайды. Ондай сорлының өлер жерін білмей, әулекіленген сыйқы әрі күлкілі, әрі аянышты. Сен де ақынды қайталап:
Қымыз құмар, сөз құмар,
Сор құмар өңшең сорлылар,-
дейсің ішіңнен.
Ал енді ұлы сықақшы суреттеген мақтаншақ, өтірікшінің сатиралық бейнесі әлгі жалқау кедейдің екінші нұсқасы іспетті.
Жау көргенде, көздейсің
Ши бұтаның тасасын;
Жау кеткен соң, жотада
Кердең-кердең басасың;
Бір күн тойса тамағың,
Тасқын судай тасасың;
Қарның ашса бір түске,
Солбырайып солғандай...
Адам баласы өмірінің мән-мағынасы бақытқа талпынудан тұрады. Ал сол шынайы бақытты отбасынан ғана табуға болатыны жайында ұлы ойшылдар мен ақындар бірін-бірі қайталап айтумен келеді. Отбасы дегеніміз – ерлі-зайыптылардың бірлікте өмір сүретін ұясы ғой. Демек, бақыт – тағдырларын табыстырған қыз бен жігіттің бір-біріне деген айнымас сүйіспеншілігі, өмірде кездесетін куаныш пен қайғыны, баршылық пен жоқшылықты қатар тұрып, тең бөлісуі, сергек сезімталдықпен бірін-бірі аялап, тату-тәтті ғұмыр кешуі деген сөз.
Бұл үйлесім бұзылған бойда, отбасының қызығы мен берекесі кетіп, бақыты сорына айналмақ. Қазақ фольклоры мен ақын-жыраулар шығармашылығындағы отбасы мәселесінде "жақсы әйел – жаман әйел" тақырыбы дәстүрлік сипатқа ие. Ақын-жыраулар арасында аталған тақырыпқа жыр тудырмағаны кемде-кем. Дулат жаман әйел тақырыбын жекелеп алып, мейлінше өткір де шынайы суреттейді.
Жаман болса қатының, Көрінгенмен ұрысып,
Қонбаса айтқан акылың, Қайраумен тілің мұқалып,
Үйіңнің іші жау болып, Қалың өңің жұкарып,
Отыңның басы дау болып, Үйіңнің іші қаңырап,
Көп көзінше қыжыңдап, Өмірден көңлің тоқырап,
Оңашада ызыңдап, Белдеу жаудан жаман жоқ.
Құрбың келсе, құрысып,
Ащы болса да, шындық. Және бұл – бір дәуірге, бір ұлт пен ұлысқа ғана емес, барлық заманалар мен халықтарда кездесетін шындық.
XX ғасырдағы орыстың аса көрнекті ақыны А.Твордовскийдің "Василий Теркин" атты поэмасында үйінің шырқын бұзып, дозаққа айналдыратын әйел туралы:
Отырғанша оның қасында Миды жеп, төбе тестіріп,
Шыққаның жақсы күніне Атакаға бес кіріп, –
(Қ.Аманжолов аудармасы.)
деген ғой. Дулат дәстүрлі суреттеу тәсілдерін шебер жаңғырта отырып, көркем, шыншыл өлең түрін жасаған.
Туған жер тақсіреті
Атамекен – адамның ата-бабаларынан бері қарай кіндік қаны тамып, өсіп - өніп келе жатқан жері ғой. Сондықтан адам туған жерін дүниедегі ең қымбатты, ең қасиетті, ең аяулысы – Анасына балайды. Туған жерге қатынас – адамның адамшылығының, ізгілігінің, парасатының көрінісі.
Батырлар жырындағы:
Атам күйеу болған жер,
Анам келін болған жер,
Кіндік қаным тамған жер, –
деген қарапайым жолдарда адамның туған жеріне деген шексіз сүйіспеншілігі мен терең де ыстық сезімі тамаша бейнеленген. Бұдан, атамекен адамға өмір сұру қуанышын, еркіндік пен ел үшін мақтаныш сезімін сыйлайтынын көреміз. Адам толық бақытты болу үшін – аяулы Отаны болу керек, сүйіспеншілік жайындағы барлық түсініктеріміз атамекен деген бір ғана сөзге біріккен дейді даналар.
Ұлы дала, ұлан байтақ Отанымызды анталаған жауларынан аман алып қалған да сол перзенттерінің қанына ата құлқы, ана сүтімен тараған, ана тілімен дарыған, дәм-тұзымен бекіген сүйіспеншілік.
XIX ғасырдың ұлы ақындарының бірі – Дулат жыраудың да туған жер туралы тебіреністерінен перзенттерінің туған жермен жан дүние жақындығының қаншалықты терең тамырлы әрі мәңгілік екеніне тағы да толғана отырып көз жеткіземіз.
XIX ғасырдың орта тұсына қарай патша отаршылдары ел ата қонысынан шетке сырған кезде шығарған өлеңдерінде туған жердің ендігі тағдыры үшін қан жылаған ақын жүрегінің күйініші үлкен суреткерлік қуатпен бейнеленген. Дулат өзінің "Аягөз", "О, Сарыарқа, Сарыарқа!", "Ақжайлау мен Сандықтас" деген тамаша жырларында өзі туған өңірдің көркем келбетін кестелі тілмен суреттей отырып: "Құт-берекелі көркем қоныс енді кімдікі?" – деген сұрақ қояды. Сол арқылы жұрттың туған жерді сүю, қорғау түйсігін оятып, оның қазіргі мына күйіне күйіндіріп, ашындырмақ болады. Туған жерді мадақтай отырып, оқырмандарды (тыңдаушыларды) егілту сарыны Дулат поэзиясына ода түрін әкелді. Ол "О, Сарыарқа, Сарыарқа!" атты өлеңінде қасиетті қара қоныс Сарыарқаның артықша сипаттарын мұнды әуенмен төгілте жыр етеді.
О, Сарыарқа, Сарыарқа!
Самалың салқын жон едің...
Масаты кілем жяйғандай
Қоныстың шұрай жері едің!..
Саған келіп ішіп ек,
Тұнықтың мөлдір шынысын.
Мұнда мадақтан басқа сөз айтылмаса да, мұңды сарынның қайдан құйылып тұрғанын аңғару қиын емес. Ақын "сондайсың" демейді, "сондай едің" – деп өткен шақта айтады. "Енді бұрынғыдай емессің, бұрынғы толықсып, толып, лықсыған... бейбіт өрісің жоқ" дегенді меңзейді. "Енді бұрынғыдай саған келіп тұнықтың мөлдір шынысын іше алмаймыз" деп мұңаяды. Ақын бұл өлеңінде астарлап жеткізген жайларын "Аягөз" атты өлеңінде ашып айтты.
Тауды екіге жарасың, Арнаң қалды осылып.
Тастың қашап арасын. Күркіреген үніңнен
Кесіп өтіп кезеңді, Аңдар қашты шошынып.
Аягөз қайда барасың?.. Қырға суың тарады,
Тарбағатай тауынан Ойға суың барады
Тоқсан сала қосылып, Тоғанменен тосылып.
Тоғыз өзен түйісіп, Қырың-малдың кіндігі,
Ақтың төмен жосылып. Ойың-өнім, егіс қой.
Ағының тасты ағызып,
Дулат "шалқып шапқан жүйріктей" Аягөз өзені мен оның шүйгін де жемісті өңірін маржандай таза шұрайлы тілмен бедерлеген құлпырған суреттермен оқырмандарын (тыңдаушыларын) елітіп келеді де, кенет сөз арнасын кілт бұрып:
Айтуға ауыз келе ме,
Аягөз кімнің жері еді? –
деп, Аягөздің бүгінгі күніне оралтады. Оқырман да оқыс ітттін тартып, көңілі құлазып сала береді. Осындай жердің өзінікі екеніне қуана, бақытты сезімге бөленіп отырған ол табан астында сол асылынан айырылып, пұшайман күйге түседі.
Бұдан кейін өзінің әсер күші, поэтикалық қуаты, ойының тереңдігі мен шыншылдығы мен сыншылдығы жағынан Абайға дейінгі поэзияда сирек кездесетін жырдың нөсер бұршағы төгіледі. Осының бәріне мойындарына жезден қарғы таққан би, старшындар мен ұлықтарға "жағымды болған" аға сұлтан, қазылар кінәлі екенін айта келіп:
Жауға шабар ерің жоқ,
Сақадай болып сайланып.
Төсекжанды мырзалар
Ала баспақ байланып,
Үй күшіктей үреді,
Отының басын айналып.