Автор работы: Пользователь скрыл имя, 04 Апреля 2014 в 09:50, дипломная работа
Тақырыптың өзектілігі. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының жеке ел болып, төл шаңырағының астына көптеген ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп, өркениетті даму жолына түскеніне де он бес жылдай уақыт болды. Әрине, қазіргі жағдайына ғасырлап жеткен өзге өркениетті елдерге қарағанда бұл тым аз уақыт. Бірақ, осыған қарамастан бәйге жолына бірге шыққан көршілерінен оқ бойы озық келе жатқан Қазақстан Республикасының бүгінгі экономикалық, әлеуметтік және саяси салаларда жеткен жетістіктері аз емес.
Мәселен, осындай проблемаларды шешу үшін заңдық нормалармен анықталған, мемлекеттің қаржылық қолдауымен «Қазақстан жастарының патриоттық тәрбиесі» атты бағдарлама қабылданып, осы сарында тиімді жұмыс атқарудың маңызы зор. Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты жалпы Қазақстандық жастарға Отанына деген патриоттық тәрбиесін жетілдіру болуы тиіс.
Қандай мемлекет болмасын өзінің даму барысында басынан бірқатар өтпелі кезеңдерді өткізетіні белгілі. Бұл тарихи даму заңдылығы және ол барлық елдер үшін ортақ аксиома. Трансформациялану процесі немесе өтпелі кезең қиындығы сол мемлекет ішінде өтіп жатқан реформалардың деңгейі мен тереңдігіне байланысты. Міне, осындай құбылыс ұзақ жылдар бойы Кеңес Одағының құрамдас бөлігі болып келген Қазақстанды да айналып өтпеді. Жалпы қоғамдағы өзгерістер жайлы ой шерткенде, бірінші кезекте азаматтардың материалдық жағдайы туралы көп айтылып, олардың рухани құндылықтары шет қалатыны бар. Шын мәнінде, қандай да болмасын қоғамдық өзгерістер барысында өз қалпына қайта келуі қиын, әлсіз буын осы рухани сала болып табылады.
Міне, дәл осылай Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан қоғамының, әсіресе жастар буынының дүниетанымы бірден өзгеріп шыға келді. Осындай жағдайда Қазақстан Республикасының қалыптасуында кеңестік дәуірдегі және одан кейінгі жастардың арасындағы рухани сабақтастық үзіліп, қазіргі таңда нарықтық экономикаға бейімделе бастаған тәуелсіз жаңа буын өкілдері өсіп жетілуде.
Өз кезегінде соңғы он төрт жылда Қазақстан Республикасының экономикалық, қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі өзгерістер қоғамның, соның ішінде жастардың да дүниетанымына әсерін тигізгені рас.
Бүгінгі жас буынның бағыт-бағдары ертеңгі мемлекеттігіміздің кепілі болуымен қатар қоғамның прогрессивті дамуына белгілі бір мөлшерде ықпал ететін әлеуметтік топ құру мақсатымен ұштасуы шарт. Жалпы еліміздегі қалыптасқан экономикалық және саяси жүйе жастардың құндылықтарын түбірінен өзгертті және де бұл өзгерістерге толыққанды оң баға беру әлі ерте. Дегенмен, тәуелсіз мемлекет, оның саяси және экономикалық институттарымен қоса жаңа буын өкілдері дүниеге келіп өздерінің ерекше дүниетанымдық көзқарасымен, мәдениетімен, салт-санасымен жаңа ағымда өсіп жетілуде деген үміт те жоқ емес.
Осы орайда Қазақстан жастары жайында қазіргі қоғамда бірқатар сұрақтардың туындауы заңды. Атап айтқанда Қазақстан жастарының қазіргі жағдайы мен болашағы қандай болмақ? Қоғамның саяси өмірінде жастардың орны қандай? Жастардың патриоттық сана-сезімін қалай көтереміз? Болашақтың кепілі болатын жас буын өкілдерінің қазіргі қоғамдағы орны мен ролі қандай болуы керек? Міне, осы және басқа да мәселелер дәл бүгін шешімін табуы керек.
Осындай еліміздің баянды болашағы үшін өмірлік маңызы бар сұрақтар жоғары мемлекеттік деңгейде, ғылыми тұрғыдан кешенді түрде зерттелініп, жастарды нарықтық заманда қорғай алатын біртұтас бағдарламалар мен құқықтық нормалар қабылдаудың қажеттігі туындайды.
Әрине, бұл бағытта осы уақытқа дейін мемлекет тарапынан атқарылған істер аз емес. Айталық мемлекетімізде «Жастар туралы» заң қабылданып, «Қазақстан республикасының жастар саясаты туралы» концепциясы және тағы басқа да мемлекеттік құжаттар, бағдарламалар мен іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Алайда, жастардың бүгінгі таңда қоғамымыздағы ең ірі әлеуметтік-демографиялық топ екендігін ескерсек, жоғарыда аталған шаралардың жеткіліксіз екендігін және де аталмыш проблеманың тиімді шешілуін қамтамасыз етуге жеткіліксіз екендігін көреміз.
Жастар әлеуметтік-демографиялық топ ретінде өзіндік ерекшеліктерге ие. Бұл ерекшеліктер ең алдымен қоғамның обьективті процестерінен туындап, болашақта жастар мәселесін қайшылыққа әкеп тіреуі мүмкін. Жастар – қоғамның саяси, мәдени және әлеуметтік-экономикалық салаларының толыққанды қалыптасуына және оның тұрақтылығына ықпал ететін негізгі әлеуметтік-демографиялық топ. Демократиялық даму жағдайында жастар мен қоғамның өзара қарым-қатынасы еркін түрде өрбиді. Бұл мәселе өз кезегінде жастар мен қоғамның бір-біріне өзара ықпалы мен тәуелділігін айқындайтын фактор болып табылады.
Демек, демократияның Қазақстандағы ертеңгі күні бүгінгі жастардың, ал олардың ертеңгі тағдыры қазіргі қоғамның қолында. Алайда, өз бетімен жүріп үйренген жас сананы жүйелендіру оңай шаруа емес. Себебі, жылдам уақыт аралығында өзгерген бұрынғы идеология мен рухани ұстанымдар, бірегей дүниетаным, әлеуметтік мәдени өзгерістер тікелей және жанама түрде қоғамда рухани бос кеңістіктің пайда болуына әкелді. Осындай рухани бос кеңістіктің орнын толтыру өтпелі кезеңде көптеген қиыншылықтарды да ала келгені шындық.
Оның үстіне мәселенің қиындығы белгілі бір бағдарламалар немесе жоспарлар жасаумен шешілмейді. Өйткені, қазіргі таңда кеңестік дәуірде өмір сүрген жастармен бүгінгі тәуелсіз Қазақстан жастары арасында рухани сабақтастық үзілген. Кеңестік жүйедегі қалыптасқан колликтивизмге негізделген мемлекеттік идеиология бір мезетте құрдымға кетіп, оның орнына «өз күніңді өзің көр», яғни индивидуализмге бет бұру біршама қиындықтар туғызды.
Демократиялық ашық қоғам құруға дайын болмаған қоғамда саяси мәдениет кенжелеп ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтары, кино клубтар талан таражға түсіп, ұстағанның қолында кетті. Қалалық жерлерде үлкен завод, фабрикалардың жұмыс істеуі қиынға соғып, тоқтағаны тоқтап, өндіріс ошақтарды қаржыландыру тежеліп, әркім өз күнін көруге бет алғаны бар. Бұл жай өз кезегінде қоғамдағы жұмыссыздықтың көбеюі мен бос жүрген жастардың ішімдікке үйір болып, нашақорлыққа салыну тенденциясына әкеп соқты.
Әрине, осындай жағымсыз ішкі факторлардың өршіп тұрған шағында жастардың патриоттық, ұлтжандылық, отансүйгіштік туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз еді. Өйткені, қиын-қыстау кезде патриоттық тәрбиеден гөрі, одан да «маңызды» экономикалық-саяси реформаларды іске қосу, жұмыссыздықты азайту проблемалары бірінші орнында болғаны рас.
Қазақстан жастарының саяси мәдениетін трансформациялау – қиын және ұзақ процесс. Оны қазіргі жағдайынан белсенді, демократиялық мәдениетке ауыстыру – жастардың санасына ересек ұрпақ тәжірибесі негізінде қалыптасатын жаңашылдыққа тән дәстүрлі құндылықтар жүйесін құрумен түйіндес. Бұл процесті декретпен немесе заңдармен жылдамдату мүмкін емес. Оның өзіне тән заңды эволюциясы бар.
Бұл туралы отандық зерттеушілер де айтып жүр. Мысалы, Р.К.Қадыржановтың зерттеуінде көрсетілгендей, Қазақстан қоғамының саяси мәдениетін тоталитарлық және авторитарлық ауыспалы саяси мәдениет модельдері арасындағы аралық жағдайға жатқызуға болады.
Ал өз кезегінде отандық саясаттанушы Е.С.Шәуеновтің еңбегінде республика тұрғындарының саяси мәдениеті белсенді мәдениеттің ең төменгі деңгейімен сипатталатындығы көрсетілген. Бұл демокртияның когнитивтік дағдысының баяу дамуынан (халықтың саяси қатысуы, үстірт саяси институттар туралы білу, қалай ақпараттар алу туралы үйрену және т.б.) сондай-ақ, азаматтардың жүйелі сезімдерінің немесе басқа да саяси қауымдастық сезімдерінің төмен көрсеткішінен көрінеді. Демек, өтпелі кезеңге тән саяси мәдениет мемлекет тарапынан белгілі бір реттуді қажет етеді.
Жалпы ересектерге қарағанда жастар демократиялық дағдыларды тез қабылдауға қабілетті. Сондай-ақ жастар кеңес уақытын сағынудан алшақ, оның үстіне жастар өмірінің саналық кезеңі кеңес уақытынан кейін басталады. Әрине жастар жалпы халықтың басқа категорияларына қарағанда жаңа құндылықты тез қабылдауға қабілетті, сондықтан да оның прогрессивті күші басым. Мұндай жағдайда мемлекет бүкіл қоғамды жаңғыртудың бас субъектісі ретінде жастарды, олардың саяси белсенділігі мен рухани жағдайын белгілеуі орынды. Алайда, мемлекеттік органдар тарапынан қабылданатын шаралар науқаншылдық сипатта емес, керісінше мемлекеттің ұзақ және мақсатты бағыттағы стратегиялық жолы болу үшін шын мәніндегі нақты мазмұнда толықтырылуы қажет.
Қазақстан үшін өтпелі кезеңнің келеңсіз жақтарымен қатар, оңды тұстары да болғанын жасыра алмаймыз. Айталық, терең әлеуметтік-экономикалық дағдарыс етжеңді, ертеңін бүгін ойлайтын жастар өрісінің құрылуына себепкер болды. Мұндай жағдайда жас буын ортасындағы әртүрлі құнды бағдарлар көбіне-көп алғашқы посткоммунистік буынның қалыптасуына алғы шарт болды. Осындай үрдістер аясында нарықтық қайта құру әсерінен жастардың түрлі ағымдағы либеральдық-демократиялық бағыттағы саяси мәдениетінің айрықша, дербес және мықты жақтары қалыптаса бастады.
Мысал ретінде жастардың саяси санасы мен мәдениетінің өзгеру барысын алып көрелік. Жалпы қазіргі таңда Қазақстан жастары арасында қандайда болмасын саяси идея, бағыт түрлері бойынша бірігуден гөрі бытыраңқылық тенденциясы басым. Әрине жастардың әртүрлі қарым-қатынас жасауы, белгілі бір қоғамдық іс-әрекетке бой беруі олардың тікелей тілек-қалаулары мен саяси болмысына байланысты. Бұл демократиялық қоғам құрудың белді принциптерінің бірі. Бірақ, мақсат пен әрекет ерекшеленуі мүмкін. Сондықтан бұл жағдай жастардың күнделікті өмір тіршілігіне сәйкес құрылған санасының қазіргі озық модельдерін бейнелейді.
Соңғы он төрт жылғы отан тарихында ауыз толтырып айтарлық саяси өзгерістерге толық болды. Бұл ең алдымен еліміздің саяси жүйесіндегі демократиялық үрдістер, атап айтқанда мемлекеттік органдар мен ұйымдардың демократиялық үлгіде қайта жаңғыруы және сайлау науқандары десек қателеспейміз. Себебі, осындай елеулі құбылыстар ғана жастар санасына айтарлықтай әсер етуге бейім.
Өткен жылдарда жүргізілген социологиялық зерттеулер нәтижелеріне қарағанда жас буын өкілдері жеке-дара электорат (сайлаушы) ретінде өз басынан бірнеше маңызды кезеңдерді өткізген. Бұл олардың саяси сауаты мен белсенділігінің дамуына түрткі бола отырып, жалпы жастардың демократиялық саяси мәдениетінің қалыптасуын және олардың тәуелсіз қазақ мемлекеттігімен бірегейлену процесінің дамуын қамтамасыз етті.
Мәселен, елімізде өткен сайлау науқандарына көз жүгіртер болсақ жастарымыздың белгілі бір ықпалды топқа айналуын көрсетеді. Яғни еліміздегі жас буын өкілдері сайлау кезінде белгілі бір саяси күштерді қолдай отырып, өз пікірлерінің әралуандығын да көрсете білді.
Алайда, бұл жастар арасында толыққанды демократиялық саяси мәдениет қалыптасып бітті деген сөз емес. Себебі, осы уақытқа дейін ел ішінде орын алған саяси жағдайға селқостықпен қарайтындар қатары аз емес. Мысал ретінде сол сайлау науқандарын алсақ болады. Айталық, жастардың көбі сайлауға қатысуға ынтасыз, ал қатысқан жағдайда өз сайлау құқын мақсатты түрде пайдалануға асықпайды. Бұл өз кезегінде жастар арасында патриоттық сезімнің қалыптасуына елеулі әсері бар өзара консенсус, яғни келісімпаздықтың орнауын тежейді. Ал “келісімпаздық” болмаған жағдайда, жастар түрлі саяси күштердің алдап-арбау объектісіне айналуы мүмкін. Мұндай жағдай жастардың саяси санасының болашақ тағдырын болжауды қиындатады. Байқағанымыздай қазіргі жастарымыз саяси келісімпаздыққа итеретіндей өмір тәжірибесі мен саяси сауаттылығын жеткілікті дәрежеде жинақтаған жоқ.
Қалай десек те, өтпелі кезең заңдылықтары қоғамдық-саяси ортада жастардың саяси симпатиясы мен көзқарастар жүйесін қалыптастыра білді десек қателеспейміз. Мәселен, осы кезеңдегі жастардың саясаттағы позициясына жасалған талдау, олардың өзін-өзі ұйымдастыруға талпыныс жасауын, сондай-ақ мемлекет тарапынан болған жастар саясатындағы көпполюстік беталысты айқындады.
Соңғы он бес жылдың ішінде кеңес дәуірінен кейінгі кеңістікте құрылған тәуелсіз мемлекеттердің құрылуы, бұрынғы тоталитарлық жүйеден бірден өзіндік даму жолына түсті. Әрине, әр елдегі саяси-экономикалық процестердің даму мазмұны мен сипаты өзіндік менталитетіне, ерекшеліктеріне тән ішкі факторлармен анықталады. Мәселен, әрбір азаматтың қоғамдық ұйымдардың жұмысына қатысуы немесе қатыспау туралы таңдау еркіндігі берілген жағдайда, демократиялық даму жағдайында ол көбінесе жеке тұлғаның ұйғарымына байланысты болады. Өйткені әр жас азамат өз таңдауын өзі анықтап, өз өмірінің қожайыны болмақ. Кейінгі уақытта республикамыздағы жастардың қоғамдық саяси өзгерістерде назарын аударуынан – жастардың жаңа идеяға жол бастағандығын байқау қыйын емес.
Жалпы алғанда, жастар проблемасын зерттеуші А.Шайкенов атап көрсеткендей, Қазақстан жастары “әлеуметтену” процесінің үш кезеңін бастан кешіруде. Олар: азаматтық-құқықтық, материалдық-экономикалық және өнегелік-дүниетанымдық. Осының ішінде өтпелі кезеңдегі ауыртпалық және оның ұзақ уақытқа созылуы - тұлғаның рухани дағдарысқа түсіп қоғамнан тысқары қалу қаупі де жоқ емес.
Жастардың қоғамдық ұйымдар жұмысына қатысуы міндетті емес, сондықтан бұл жай комсомолдық ұйым сияқты өткен уақыттағы құрылымнан қазіргі жастар ұйымын ерекшелейтін негізгі сипаттама. Егер біз жастардың өзін-өзі ұйымдастырудың әртүрлі үлгілеріне ұмтылыс жасауы туралы айтар болсақ, онда негізінен өзекті мәселелер жиынтығы жастар ұйымының бірнеше түрлерін және мақсатты бағыттарын болжауға мүмкіндік береді. Олар әртүрлі қолдау қорлары арқылы жұмыс істейтін экологиялық, құқықтық, спорттық, экономикалық сипаттағы ұйымдар. Ұйымды құру және оны бастау оңай шаруа емес. Ол таңдап алынған бағыттағы әрекет мүдделеріне ие болу, өзін-өзі тану және таныту, өз көзқарасы мен наным-сенімін жеткізе білу болып табылады.
Мұндай жағдайда, мемлекет жастарға еркін әрекет ету мүмкіндігін бере отырып, жастар қозғалысының дамуы, жастардың қоғамды жалпы саяси реформалау процесіне мүмкіндігінше белсенді қатыстырудың қажетті компоненттерін құруға көмектеседі.
Жалпы, қалыптасқан пікірлер бойынша қазіргі уақыттағы жастар ұйымын қалыптастырып, қолдауға жасалынып жатқан шаралар, белсенді қадамдар, мемлекеттік органдар тарапынан жасалуы тиіс. Көптеген жастар ұйымдары мен қозғалыстары қажетті қаржылық-материалдық қолдаудың жоқтығынан өз әрекеттерін кең көлемде жүзеге асыра алмай отырған жайы бар. Тек қаражаттың жоқтығы емес, сондай-ақ жергілікті әкімшілік органдарының қолдауы да аздық етіп отыр. Мұндай жағдайда мемлекет, қаржы орталықтары мен арнайы қорлардың күшімен қоғамдық жастар ұйымдарының күшін біріктіргенде ғана, Қазақстандық жастарды қоғамдық-саяси өмірге баулып, өсіп келе жатқан ұрпақтың патриоттық сезімінің дұрыс арнада қалыптасуына септігін тигізеді.