Автор работы: Пользователь скрыл имя, 05 Октября 2012 в 19:20, лекция
Экология пәні- ( лат. оіkos – үй, баспана; logos – ілім) – жеке организмнің қоршаған ортамен қарым-қатынасын, ортаға бейімделу заңдылықтарын, сондай-ақ организм деңгейінен жоғарырақ тұрған биологиялық жүйелердің – популяциялардың, организмдер қауымдастықтарының, экожүйелердің, биосфераның ұйымдастырылу және қызмет атқару заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Экология терминін ғылымға енгізген Э.Геккель (1866). Экология ғылымы жедел дамып, көптеген жаңа салалары пайда болды. 19 ғасырдың аяғы, 20 ғасырдың басында ғалымдар негізінен жекелеген факторлардың, әсіресе климаттық факторлардың, организмдердің таралуы мен сан динамикасына әсерін зерттеді.
Екінші кезеңде — экология ғылымы өз алдына жеке ғылым саласы болып қалыптасты. Бұл кезең XIX ғасырдың 60-жылдары мен XX ғасырдың 50-жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезеңде орыс ғалымдары К.Ф.Рулье (1814—1858 жж.), Н.А.Северцов (1827—1885 жж.) және В.В.Докучаев (1846—1903 жж.) еңбектерінде алғаш рет көптеген экологиялық ұғымдар мен қағидаларга ғылыми тұрғыдан дәлелді қорытындылар жасалды.К.Ф.Рулье органикалық дүниенің дамуы үнемі өзгеріп тұратын орта жағдайларының әсерлеріне тікелей байланысты деп қорытынды жасады. Сонымен катар ол жануарлар экологиясы ғылымының негізін салды.Н.А.Северцов 1855жылы "Воронеж губерниясындағы аңдардың, құстардың, қосмекенділер мен жорғалаушылардың тіршілігіндегі маусымдық құбылыстар" деген еңбегін жариялады. Бұл еңбек сол кездегі зоология ғылымындағы жан-жақты жүргізілген теңдесі жоқ экологиялық зерттеу деп бағаланды.Топырақтану ғылымының негізін салған В.В.Докучаевтың табиғат белдемдері жайлы ілімі экология ғылымының дамуына зор ықпал етті. Ғалым өз еңбектерінде өсімдіктер мен топырақ арасында болатын өзара қарым-қатынастарға жан-жақты талдау жасады.Экология ғылымының дамуына үлкен үлес қосқан ағылшын ғалымы Чарлз Дарвин (1809—1882 жж.) болды. Оның "тіршілік үшін күрес" және "табиғи сұрыпталу" туралы түйінді тұжырымдары тікелей тірі организмдердің өзара және олардың орта жағдайларымен байланыстарына негізделді.Неміс ғалымы Эрнст Геккель алғаш рет экологияны өз алдына жеке ғылым саласы деп,оған ғылыми анықтама берді. Сондықтан да Э.Геккель экология ғылымының негізін салған ғалым деп өте орынды аталады.XX ғасырдың 30—40-жылдарында табиғат жүйелерінде болатын өзара байланыстарды зерттеу жоғары сатыға көтерілді. Ағылшын ғалымы Артур Тенсли (1871—1955 жж.) 1935 жылы "экожүйе" ал орыс ғалымы В.Н.Сукачев (1880—1967 жж.) 1940 жылы "биогеоценоз" туралы ұғымдарға ғылыми нақты түсініктемелер берді.Атақты орыс ғалымы В.И.Вернадскийдің (1864—1945 жж.) дүние жүзі ғалымдары мойындаған биосфера туралы ілімі қазіргі экология ғылымының ғылыми теориялық негізі болып есептелінеді.
Үшінші кезең — XX ғасырдың 50-жылдарынан басталып қазіргі уакытқа дейінгі аралықты қамтиды. бұл кезеңде экология ғылымы өз алдына көптеген жаңа салалар мен бағыттарға бөлінді. Сонымен бірге экология жаратылыстану және қоғамтану ғылымдарының басын қосып отырған кешенді ғылымға айналды.
Экология ғылымының қазіргі жаңа бағыттары
Қазіргі жалпы экология ғылымы организмдерді тіршілік деңгейлеріне сәйкес жеке салаларға бөліп зерттеуге ерекше мән береді. Мысалы, жеке дараларды — аутэкология, популяцияларды — демэкология, табиғи бірлестіктерді — синэкология, ал биосфераны — ғаламдық экология ғылымдары зерттейді. Экология ғылымының бұл салалары мен негізгі бағыттары бір-бірімен өзара тығыз байланысты. Мұның бәрі де жалпы экология ғылымына берілетін анықтамалардың мәнін аша түсуде әрі өз зерттеулері арқылы оның дамуына зор үлестерін қосуда.
Қазіргі жалпы экология ғылымының зерттеу бағыттары, негізінен, биоэкологияның іргелі заңдылықтарына сүйенеді.
1. Биоэкология ғылымы
тірі организмдердің
2. Биоэкология жеке табиғи белдемдер экожүйелеріндегі организмдер мен орта жағдайларының өзара байланыстарын зерттеуге байланысты арктика және тундра экологиясы, орман экологиясы, дала экологиясы, шөл экологиясы, тay экологиясы және т.б. да көптеген салаларға бөлінеді.
3. "Адам және табиғат" жүйесі бойынша табиғат пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастарға байланысты экологиялық зерттеулер көптеген бағыттар мен салаларға бөлінеді. Мысалы, тарихи экология, адам экологиясы, қала экологиясы, инженерлік экология, ауыл шаруашылығы экологиясы және т.б.
Экологияның негізгі әдістері
Экологияны жалпы (биологиялық жүйелердің құрылымы мен тіршілігінің негізгі принциптерін зерттеу) және жеке (тірі организмдер топтарын зерттеу) деп бөлу экология ғылымының мәселелерін ғана емес зерттеулердің сипаты мен әдістерінің де айырмашылықтарын білдіреді.Әр түрлі деңгейдегі биологиялық жүйелердің иерархиялық бір-біріне бағыныштылығы, өз ара тәуелді болуы экологияның негізгі мәселелерін - экожүйе құрылымының организм, популяция, биоценоз деңгейлерінде зерттеуді қажет етеді. Мұндай жағдайда экологияны аутэкология (жеке түрлер экологиясы) және синэкология (қауымдастықтар мен биоценоздар экологиясы) деп бөлу зерттеу жұмыстарының ерекшеліктерін білдіреді. Осыған байланысты қазіргі кезде экологияның негізгі әдістері - далалық зерттеулер, табиғат жағдайындағы тәжірибелер, математикалық модельдеу болып табылады.
Далалық әдістер - далалық жағдайда жүргізіледі, популяциялар мен олардың қауымдастықтарын табиғи ортада зерттейді. Әдетте мұндай жағдайда физиология, биохимия, анатомия, систематика және т.б әдістері қолданылады. Далалық әдістер арқылы организмге немесе популяцияға әртүрлі факторлардың әсерін, белгілі бір жағдайдағы түрдің тіршілігі мен дамуын анықтауға болады.
Экспериментальді әдістер - табиғаттағы қарым-қатынастардың себебін анықтау. Бұл әдістер арқылы организмнің дамуына жасанды, қолдан жасалған кейбір жекелей факторлардың әсерін білуге мүмкіндік береді. Лабораториялық жағдайда алынған тұжырымдар міндетті түрде табиғи жағдайда тексеруді қажет етеді.
Химиялық әдістер - қауымдастықтағы жеке организмдерде минералды заттардың, органикалық заттардың жинақталуын анықтау.
Физиологиялық әдістер - жеке организмдер мен қауымдастықтағы болып жатқан физиологиялық процесстерді анықтау.
Геоботаникалық картаға түсіру - картаға өсімдіктер ассоциациялары немесе ассоциация топтары түсіріледі. Аэрофотосуреттер қолданылады.
Экологиялық болжам және мониторинг - қоршаған ортаның жағдайын және қоршаған орта жағдайын бақылау, басқару.
Математикалық әдістер және модельдеу - математикалық белгілердің көмегімен зерттеуге алынған жүйенің кейбір параметрлерінің мәндері өзгертіліп, жасанды жүйенің өзгеруін, яғни соңғы нәтижесінің қалай өзгеруін анықтау. Модельдер далалық бақылаулар мен лабораториялық зерттеулер арқылы алынған мәліметтер негізінде құрылады. Бұл әдістің міндеті - алынған тұжырымдарды, биологиялық жүйелердің жұмыс істеу ерекшеліктерін жасанды жолмен тәжірибе арқылы тексеру.Экология заңдарының негізінде - өсімдіктер, жануарлар, микроорганизмдер мен абиотикалық ортаны зерттеу кезіндегі сандық және сапалық мәліметтер жатыр. Төменде экологиялық зерттеулердің сандық және сапалық жақтары қарастырылып, кейбір зерттеу әдістері мен мәліметтерді жинау, қоршаған ортаның абиотикалық және биотикалық компоненттерін зерттеу нәтижелерін өңдеу туралы жалпы түсініктеме берілген.Кез-келген экологиялық зерттеулерді бастамас бұрын зерттеудің мақсаты мен міндеттерін айқындап алу керек. Бұл өз кезегінде әдісті дұрыс таңдауға, мәліметтер жинауға және соған сәйкес негізделген тұжырымдар жасауға көмектеседі.