Автор работы: Пользователь скрыл имя, 07 Мая 2014 в 20:13, реферат
Махамбет Өтемісұлы (1803-1846) - Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістің көсемі әрі жалынды жыршысы, халқының азаттығын көксеген күрескер, ел бастаған батыр, қазақтың өр рухты ақыны.
Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында туған. Бала кезінен мұсылманша, орысша білім алды. Әкесі Өтеміс елге ықпалды би болған. 1824-1828 жылдары Орынбор қаласында Жәңгір ханның ұлы Зұлқарнайынның қасында болды.
Өмірбаян
Тақырыбы: Махамбет Өтемісұлы
(1803-1846)
Исатай Тайманұлы
(1791-1838)
Орындаған: Акимжанов Амангелды Аралбайұлы
Тексерген: Баянбаева Гүльфия Нұрмұратовна
Талдықорған 2012
Махамбет Өтемісұлы
Махамбет Өтемісұлы (1803-1846) - Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістің көсемі әрі жалынды жыршысы, халқының азаттығын көксеген күрескер, ел бастаған батыр, қазақтың өр рухты ақыны.
Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында туған. Бала кезінен мұсылманша, орысша білім алды. Әкесі Өтеміс елге ықпалды би болған. 1824-1828 жылдары Орынбор қаласында Жәңгір ханның ұлы Зұлқарнайынның қасында болды. 1829 жылы Махамбет Ішкі Ордаға Жайықтан жасырын өтті деген айыппен ұсталып, Калмыков бекетіндегі абақтыға 2 жылдай қамалды. 1831 жылы түрмеден қашып шықты, бірақ артынша ақталды. 1834 жылы Исатай батырмен бірікті. Осы жылы маусымның 9-ында Жәңгір хан Махамбетті өз жағына тарту мақсатында старшын лауазымын ұсынды.
Жер мәселесі, жайылымның тарлығы, орыс империясының қазақ хандығын жою мақсатындағы іс-қимылдары, сондай-ақ Жәңгір ханның жерді туған-туыстарына бөліп беруі мен ел билігінде қайын атасы Қарауылқожаға үстемдік берген астамшылық әрекеттері көтерілістің тууына себепші болды. Қарауылқожа мен Исатай-Махамбет арасындағы тартыс өршіп, наразылық үлкен қозғалысқа айналды. Исатай атынан жазылған «Әй, Махамбет, жолдасым!» атты ақын толғауы, ондағы «Хан баласы жылады-ай, Жанымды қи деп сұрады-ай» деген жолдар хан ордасын қоршауға алған соғыс күндерінің шындығын сипаттайды. Осы жылдың қараша айында көтерілісшілер Бекетай құмында өздерінен күші әлдеқайда басым Гекке әскерімен соғысып, жеңіліс тапты. Бұл оқиғалар ақынның «Соғыс» жырында бейнеленсе, «Жабығу», «Ереулі атқа ер салмай» туындыларында жеңілістің күйзелісті күйі шертіледі.
1838 жылы шілденің 12-інде Ақбұлақ бойындағы шайқаста Исатай қазаға ұшырап, Махамбет Хиуа жақта 2 жылдай жасақ жинауға әрекет жасады. Бұл ниетінен нәтиже шықпаған соң Бөкей ордасына жасырын өтіп, ел ішін паналады. Ақын өміріндегі ауыр да сүргінді жылдар жалғасып, 1841 жылы наурыздың 4-інде белгісіз біреулердің көрсетуімен Тілеков деген қазақтың үйінде отырған жерінде қолға түсті. Орал әскерінің 40 адамнан құралған жасағы үй иесі мен Махамбетті тұтқындап, Калмыков бекетінде 2 апта түрмеде ұстады, кейін Орынборға айдады. Орынбор генерал-губернаторы Махамбет ісін әскери соттың қарауына тапсырды. Сот 1841 жылы шілденің 7-інде «бүліншілікке» тағы араласса, қатаң жазаланасың деген үкіммен тұтқыннан босатып, шекарадан өтпеуді қатаң ескертті.
1841-1845 жылдар аралығындағы Махамбет өмірі туралы деректер тым аз. 1845 жылы ол баласы Нұрсұлтанды оқуға орналастырмақ ниетпен Орынборда болды. Шекарадан өтуіне байланысты генерал-губернатор істі қайта қозғаса, Кіші жүздің батыс бөлігінің әкімі Б.Айшуақов та ақынды қудалауын қоймады. Ол ақынның басына 1000 сом тігіп, оны ұстау үшін арнайы адамдардан құралған қарулы жасақ жіберді. Махамбет хорунжий Тұрымұлының қолынан қаза тапты.
Ақын өлеңдерінің басты қаһарманы - Исатай Тайманұлы. «Исатай деген ағам бар», «Исатай сөзі», «Арғымаққа оқ тиді», «Тарланым», т.б. өлеңдерінде Исатай батырдың көркем тұлғасы, адамгершілік, қайсарлық, тапқырлық қасиеттері жан-жақты сипатталды.
Оның «Жәңгірге», «Баймағамбет сұлтанға» арналған өлеңдері патшаның жергілікті билеуші өкілдері - хан-сұлтандарға қарсы жазылған, олардың бет пердесін ашатын жырлар болды.
Ақын өлеңдерін дәстүрлі үлгіге негіздей отырып, түр, мазмұн, жағынан байыта, жетілдіре түсті. Лирикалық өлеңдері көбіне толғау, жыр, терме түрінде жазылды. Исатайға арналған өлеңдерінде жоқтау сарыны басым. Оның шығармалары қазақ поэзиясының сатира, элегия, монолог, арнау жанрларының қалыптасуына, стилінің дараланып, поэтикалық тіл құралдарының артуына, философиялық тереңдіктің орнығуына үлес қосты. Халық нақылына құрылған философиялық толғаулары мен жігерге толы ерлік жырлары, жауынгер рухты биік өлеңдері оның шығармашылығын жоғары деңгейге көтерді. Махамбет жырлары дәуір шындығын бейнелеп, көтеріліс айнасы болып қана қойған жоқ, асқақ рух пен болашаққа деген сенімнің ерекше үлгісін көрсетті. Ақын жырлары орыс, араб, парсы сөздерінің көп кездесіп, шағатай тілінде жазылуымен ерекшеленеді. Ол жыраулық поэзия дәстүрін шебер дамыта отырып, қазақ өлеңінің табиғатын жаңартты.
Махамбет ақындығына қатар шебер күйші болды. Оның 11 күйі 1982 жылы «Шашақты найза, шалқар күй» деген атпен жарық көрді.
Исатай Тайманұлы
Исатай Тайманұлы (1791-1838) Бөкей ордасы мен Кіші жүздің батыс бөлігінде болған азаттық көтерілістің басшысы, халық батыры. Кіші жүз Байұлының Беріш руынан. Жоңғар шапқыншылығы кезінде атағы шыққан Ағатай батырдың ұрпағы. Ел ісіне ерте араласқан Исатайдың кемелденуіне қайын ағасы Жабай Бегалиннің көп көмегі тиді. Ол кісі орысша оқыған, әжептеуір сауаты бар адам болған, старшын қызметін атқарған. Ол өлгеннен кейін оның орнына Бөкей хан Жабайдың тәрбиесін көрген Исатайды старшын етіп тағайындап, 1814 жылы қарашаның 25-інде Орынбор губернаторы осы ұсынысты және қағазға түсірілген қонысын бекітіп берді. Бөкей қайтыс болып, ел билігі оның інісі Сығай Нұралыұлына тигенде Исатаймен жеке бас араздығы туындап, екі арада барымта, ауылды шауып кету оқиғалары орын алды. 1817 жылы Орынбор шекара комиссиясы старшын Өтеміс Құлманиязұлын шаптың деп Исатай Тайманұлын Сарайшық қамалының түрмесіне жапты. Ел-жұрты 20 мың сом ақша жинап беріп, оны босатып алды. 1823 жылы Сығай сұлтан тама руының 2 адамын өлтірдің деген желеумен екінші рет түрмеге қаматтырды. Бірақ бұл істе айғақ-дәлелдері жол болып, Исатайды босатуға мәжбүр болды. Жәңгір хан таққа отырған соң И.Тайманұлының жағдайы біршама жақсарды. 1826 жылы Жәңгір хан батырдың бұрынғы қонысында қала беретінін мақұлдап, қуаттау қағазын берді. Жәңгір ханның тапсыруымен 1826 жылы қарашаның 29-ында Санкт-Петербордан қайтып келе жатқан Бұхар елшісін Сарайшық бекінісінде қарсы алып, Астраханға жеткізіп салды. 1827-1829 жылдары аралығында ол Бөкей ордасы өмірінде айрықша белсенділік көрсетті. Жәңгір ханның беделін асырып, билігін нығайтуға көп күш салды. Ханға қарсы Қайыпқали Есімов сұлтан көтеріліс бастап, Бөкей ордасын дүрліктіргенде, Исатай Жәңгір хан жасағында жүрді. Көтерілісті басу үшін қырға шыққан Орынбор шекара комиссиясының төрағасы Г.Генстің қауіпсіздігін сақтап, жолбасшы болды. Кейбір старшындарды ханмен мәмілеге келтіру үшін Ұялы съезінде Жәңгірге адалдыққа ант берді. Бұл кезде Қазақ хандығының ішкі ісіне тікелей араласа бастаған Ресей отаршылары қазақтардың құнарлы жерлерін тартып алып, өздерін сыртқа қуа бастаған еді. Орал казак-орыстары Жайық бойын иемденді. Мұндай қысымшылықты Исатай старшыны болып жүрген беріш руы да көрді. Осы кезде Жәңгір ханның Жайық бойындағы руларды екіге бөліп, бірін қайын атасына, екіншісін жұртқа зорлық-зомбылығымен аты шыққан саудагер Қарауылқожаға басқартып қоюы жоқшылықтан ашынған шаруалардың ашу ызасын тудырды. И.Тайманұлы бастаған 8 старшын басқарушының жолсыздықтарын жіпке тізіп, ханға арыз жолдады. Бірақ оған еш тыйым салынбады. 1934 жылдың маусымында Жәңгірдің хандық құрғанына 10 жыл болып, той жасалды. Той соңы «Би сайлау съезіне» ұласты. Осы жиында Жәңгір хан мен Исатай арасына сызат түсті. Би сайлауында қарсы шығып, қатты-қатты сөз айтқан батырға Жәңгір хан 60 атан айып тарттырып, әрі біржола ықтыру үшін оны ата қонысынан да айырды. Сонда да И.Тайманұлы Қарауылқожаның озбыр билігіне тыйым салуды ханнан батыл талап етіп, хат жазды. Бірақ ханнан еш жауап болмай, қайта батырдың өзін кінәлағандай болды. Осыдан кейін Каспий жағалауындағы халық Қарауылқожаға бағынудан бас тартып, Исатай мен Махамбеттің төңірегіне тұс-тұстан келіп жинала бастады. Мұның аяғы тарихтан белгілі 1836-1837 жылдардағы Бөкей ордасындағы шаруалардың феодалдық қанау мен патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы көтерілісіне ұласты. Көтеріліске Исатай мен Махамбет басшылық жасады. 1837 жылдың қазан айында Исатай 2000 жауынгермен келіп, хан ордасын қоршап алды. Бірақ көтерілісшілерге қосылғанымен, ханнан қол үзгісі келмеген билердің ықпалымен Исатай орданы бірден басып алмай, хан мен орыс полковнигі Геккемен пайдасыз келіссөз жүргізіп уақытты өткізіп алды. Осы уақытта ханға көмекке жіберілген казак орыс отрядтары ордаға жетіп үлгірді. Қараша айында Тастөбе деген жерде шешуші шайқас болды. Қанша ерлікпен шайқасқанымен, көтерілісшілер орыстың отты қаруына төтеп бере алмай, жеңіліске ұшырады. Жазалаушылар көтерілісті аяусыз басты. Тұтқындарға 500-ден 2000-ға дейін дүре соғып, Сібірге айдады. Исатай күші басым жау қолына төтеп бере алмай, Махамбет Өтемісұлы және басқа да сенімді 40 жолдасымен түн жамылып, қарулы тосқауылды бұзып, Жайықтан өтіп кетті. Исатай Тайманұлы 1878 жылы шілденің 12-інде Ақбұлақ өзенінің бойында болған шайқаста қаза тапты. Ол бастаған көтеріліс жеңіліске ұшырап, түпкі ой-мақсаттарына жетпесе де, халықтың сана-сезімінің оянуына үлкен әсер етті. Атырау облысында Исатай Тайманұлы атындағы аудан бар. Сонымен қатар Атырау қаласында мұражайы жұмыс істейді, ескерткіші орнатылған. Қала көшелеріне, орта мектептерге есімі берілген.
Пайдаланған әдебиеттер: