Жастарға қазақ халық педагогикасы арқылы моральдық этикалық тәрбие берудің психологиялық-педагогикалық ерекшеліктері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 10 Ноября 2013 в 09:15, статья

Краткое описание

Қазіргі кезде білім беру ісінде, жеке тұлғаны жан-жақты жетілдіріп, танымдық іс-әрекеті мен ой-санасын дамытып, қалыптастыру барысында білім берудің ұлттық, педагогикалық, психологиялық негізін айқындау керек. Елімізде болып жатқан әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени өзгерістерге байланысты оқу-тәрбие процесін ұлттық сипатта ұйымдастыру - өмір талабы. Әр халықтың ұлттық-тарихи дәстүрі, оның азаматтық білім берудегі мәдениеті мен дидактикалық білімі осы оқу-тәрбие процесіне тікелей байланысты.

Вложенные файлы: 1 файл

макала.doc

— 54.00 Кб (Скачать файл)

Жастарға қазақ  халық педагогикасы арқылы моральдық  этикалық тәрбие берудің психологиялық-педагогикалық  ерекшеліктері

Қонысбекова. Қ. Қ

Қазақстан Инновациялық университеті

 

  Ел президентінің «Қазақстан - 2030» жолдауында Қазақстан азаматтарының денсаулығын, білім мен әл-ауқатын арттыруға, экологиялық ортаны жақсатуға ерекше мән берілген. Демек жас ұрпақтың денсаулығын нығайту, рухани-адамгершілігін жетілдіру мәселелеріне тың көзқарастардың қажеттігі туындауда. Сондықтан да ұрпақ тәрбиесіндегі көкейкесті мәселелердің бірі – жетілген тұлға тәрбиелеу.[1]

Қазіргі кезде білім  беру ісінде, жеке тұлғаны жан-жақты  жетілдіріп, танымдық іс-әрекеті мен  ой-санасын дамытып, қалыптастыру барысында  білім берудің ұлттық, педагогикалық, психологиялық негізін айқындау керек. Елімізде болып жатқан әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени өзгерістерге байланысты оқу-тәрбие процесін ұлттық сипатта ұйымдастыру - өмір талабы. Әр халықтың ұлттық-тарихи дәстүрі, оның азаматтық білім берудегі мәдениеті мен дидактикалық білімі осы оқу-тәрбие процесіне тікелей байланысты.

Кейбір зерттеушілер адамгершілік дәстүрлерін ұрпақтан-ұрпаққа  берілген өзгеріссіз, ал өзгерген жағдайда ұзақ уақыт қызмет ететін мораль элементтерінің тұрғысынан қарастырады. Бұған А.С.Макаренко  айтпақшы, «адамгершілік немесе  мораль саласында қызмет ететін және моральдық қатынастарды бейнелейтін дәстүрлер» деп білсек, ұлттық адамгершілік деп отырған ұғымдарымыздың түп-төркіні моральды этикалық дәстүрдің сара жолына әкеп тірейді. Алғаш тәрбиені дәстүрмен тығыз байланыстырып қарастырушы К.Д.Ушинский болды. Ол өз еңбектерінде тәрбиенің халықтық сипатына және тәрбиедегі адамгершілік мәселелерге көңіл бөле отырып, «Тәрбие көзі – халықтық педагогика » деген тұжырымға келді.[2]

Жастарды моральдық этикаға тәрбиелеу - ортақ моральдық этикалық категориялар мен нормаларды, моральдық құндылықтарды, мәдениетті, әдеп пен дағдыларды, адамгершілік құндылықтар мен заңдылықтарды жастарға меңгерту арқылы тұлғаның адамгершілік санасын қалыптастыру процесі. Моральдық этикалық тәрбие бүкіл балалық шағын қамтитын және есейген шақта жалғасатын ұзақ та күрделі үрдіс.

          «Этика» және «мораль» деген ұғымдарының мағынасы ұзақ  уақыт аралығында теңдестіріліп келді. Мораль – адам санасының формасы және адамзат мәдениетінің бөлігі.  Мораль принциптерін, нормасы мен мәнін түсінуден тәрбиеленушілер өздерінің және басқа адамдардың қылықтарын дұрыс бағалауға үйренеді. [3] Ал «этика» (әдеп) моральдық нормаларды қарастырады.

Әдептiлiк - халқымыздың ұлттық психологиясының өзегi, имандылық пен адамгершiлiктiң басты белгiсi, оның ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық санасының практикалық көрiнiсi, барлық кiсiлiк қасиеттердiң жиынтығы. Әдеп сақтаудың экологиялық астары да бар. Әдептi адам табиғаттың досы, оны қызғыштай қорғай да бiледi. Табиғаттың әсемдiгi мен сұлулығына, әдемiлiгiне әрбiр адам зиян келтiрмеуге тиiс. Мәселен, суды ластау, талды кесу, қайнардың көзiн ашпау, жолдағы тасты алып тастамау, көктi жұлу, құстарды ату, құдыққа түкiру – барып тұрған әдепсiздiк. Әдеп сақтау – халықтық рәсiмге, жол-жоралғыға, тәртiпке бағыну, ерiксiз бағыну емес, бұл ата дәстүрдi құрметтеу, қастерлеу, дәл айтқанда адамгершiлiк борышты өтеу. “Әдептiлiк - әдемiлiк” дейдi халық. Яғни, әдептiлiк: iзеттiлiк, кiшiпейiлдiлiк, көпшiлдiк деген сөз.

“Қазақтардың” – деп  жазды, осы халықтың өмiрiн, тұрмыс-салтын зерттеушiлердiң бiрi А.И.Левшин: “(1799-1879) – басқа Азия халықтарына қарағанда, қайырымдылық, адамды аяу, қарттарға құрмет көрсету, баланы аялап, жанындай жақсы көруі – айрықша қасиет. Яғни, қайырымдылық – кең мағыналы ұғым екенiн оқушыларға түсiндiруiмiз қажет” [4].

            Қорыта келгенде, моральдық этикалық тәрбие  қоғамда қалыптасқан мінез-құлық ережелерін, қарым-қатынас жасау түрлерін, этикалық нормаларды балаларда қалыптастыруды мақсат көздейді. Яғни,

моральдық этикаға тәрбиелеу, бұл - жастарды моральдық біліммен қаруландыру, моральдық нормалардың әлеуметтік-психологиялық мақсатын ашу, оған терең тұлғалық жағымды қатынасты қалыптастыру, тәрбиеленушілерді өзінің тәртібі мен құрдастарының тәртібіне қоғамдық моральдық сұраныс тұрғысынан  анализ жасауға үйрету.

Жастарды моральдық  этикаға тәрбиелеу мәселесі шетел  педагогикасының классиктерінің Я.Коменский, И.Пестолоцци, Ж.Руссо, т.б еңбектерінде орын алды . Ж.Руссо жастарға моральдық нормалар туралы нақты білім беру жеткіліксіз және жасөспірімге күнделікті іс-әрекеттерде көрінетін адамгершілік қылықтардың айтылып отырылуына назар аударды, және тек моральдық ой-пікірлер емес, тәрбиеленушідлерді нақты іс-әрекет тәрбиелейді деп атап көрсетті.

Моральдық  этикаға тәрбиелеу мәселелері орыс педагогикасы классиктерінің  (С.Русова, В.Сухомлинский, К.Ушинский және т.б) жұмыстарында ашып айтылған. К.Ушинский адам психикасының ерекшеліктері, атап айтсақ, еліктеуге, көшіріп алу қабілеттерін ескере отырып, балаларды тәрбиелеуде үлкендердің үлгісін негізгі құрал ретінде қарастырды. Ол тұлғаны тек тұлға тәрбиелейді деп дұрыс атап өткен.

Ұлттық тәрбие беру мәселесі әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің еңбектерінен бастау алады. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары түркі халықтарының тәрбиелік ерекшеліктеріне үлкен мән бере отырып, ұлттық тәрбие берудің әдіснамалық негізін жасады. Халқымыздың кемеңгер ағартушылары Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің, А.Құнанбаевтың, Ш.Құдайбердиевтің, М.Жұмабаевтың, А.Байтұрсыновтың, Ж.Аймауытовтың, М.Дулатовтың, Х.Досмұхамедовтың, т.б. педагогикалық мұрасында тұлғаның қалыптасуы мен дамуындағы ұлттық тәрбиенің маңыздылығы мен мазмұны ашып көрсетілді.

Ғасырлар  бойы әдет-ғұрып дәстүрге айналып, ұрпаққа  ақыл-сана беретін, атадан–балаға тұрмыс-тіршілігіне  өнеге болып, ауызша жалғасып келе жатқан қазақтың қанына сіңген тәрбиелік қағидасын халықтық педагогика дейміз. Халықтық педагогика жас ұрпаққа өмір тәжірибесінен халықтың сенім, наным-танымынан жинақтап, әдеп пен өнеге беру үшін атадан-балаға ауызша жалғасып келе жатқан қағида, оны жасаушы – халық. Қазақ халқының тәлімдік мәні зор ой-толғаныстары бесік жыры мен батырлық эпостарда, ертегілер мен мақал-мәтелдерде, аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыс термелерде көптеп кездеседі. Мұндағы ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні – адамгершілік – имандылық, ақыл-ой, еңбек, эстетика, дене, отбасы тәрбиесіне байланысты мәселелерге келіп тіреледі.

Этнопедагогика –  бұл адамды белгілі бір ұлттың өкілі, ұлттық дәстүрді, халықтық тәжірибені ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші ретінде сипаттайтын адами сапа (қасиет) болып табылады, ол ұлттық тұлғаның таным-білімімен, сана-сезімімен және алынған білімді іс жүзінде жүзеге асыра алу дәрежесімен – мінез-құлқымен өлшенеді. Демек, бұдан шығатын қорытынды: жастардың ұлттық тәрбиелілігі (ұлттық тұлғаның қалыптасуы) өз кезегінде кіріктірілген біртұтас тұлғалық құрылым болып табылатын когнитивті,  эмоциялық және мінез-құлықтық компоненттерін қамтиды. [5].

Қазақ елінің болашағын  айқындайтын, оны тұрақты даму деңгейіне  көтеретін бірден-бір құндылық, ол – жасөспірімдерді отаншылдық, ұлтжандылық  рухта тәрбиелеу. Ендеше, қазақстандық жаңа білім үлгісі осыдан бастау алып, жас ұрпақты білімді және сол  білімді ұтымды пайдалана алатын іскер, білгір де, білікті етіп өсірумен қатар, оның адамгершілік болмысын, ішкі жан дүниесін, азаматтық тұлғасын, халықтық қасиеттерін дұрыс және орнықты түрде қалыптастыру болмақ. Білімнің басты ұстанымы адамға білім беру ғана емес, сол білімді және біліммен қарулануды «руханияттандыру», «адамгершіліктендіру» болғаны аса маңызды. Қазір еліміздегі ұрпақ тәрбие мәселесіне тікелей қатысты прагматикалық құндылықтарға негізделген батыстық өркениетке, батыстық мәдениет үлгілеріне (үлгіге келмейтіні қанша) талғамсыз еліктеу; идеологиялық, ақпараттық дамудың зардаптарын алдын ала ескермеу және оларға қарсы тұрудағы құлықсыздық пен шарасыздық; ұлттық идеяға негізделген сындарлы идеологиямыздың болмауы, жастар арасында саяси-идеологиялық тәрбие жұмыстарының әлсіздігі; мектептің тәрбие жүйесінде стратегиялық көзқарастың болмауы, оған тиісті көңіл бөлінбей, қосымша міндет деп қарау; тәрбие жүйесінің ғылыми-әдіснамалық, педагогикалық-психологиялық және рухани-әлеуметтік негіздерінің осалдығы; тәрбие мәселесіндегі отбасының, социумның, қоғамның рөлінің төмендеуі; өзімізде барды бағаламай өзгенің жасығына еліктеп-солықтау, т.б. басты-басты ойлануға тұрарлық мәселелер орын алып отырғаны белгілі. Сондықтан жаңа білім үлгісін жасау аясында бүкіл қоғамды жұмылдыра отырып рухани, интеллектуалдық және экономикалық тәуелсіз мемлекет орнату болшағына бағдарланған, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға үйлестірілген ұлттық тәрбие берудің үлгісін жасау және білім беру көлеңкесінде қалып қоймайтын, керісінше тәрбие мәселесін төрге қоятын тәрбие-білім жүйесін іске қосу – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін басты мәселелерінің бірі болып табылады.

Қазақ халық  педагогикасы арқылы тәрбиелеуге ықпал  жасайтын әлеуметтік факторлар сан  қырлы. Оған ұлт тарихы, ұлттық материалдық және рухани мәдениет, халық фольклоры, дәстүрлер мен салт-жоралғылар, ұлттық психологияның элементтері, саясат пен қоғам идеологиясы әсер етеді. Осы тұрғыдан ұлттық тәрбиені қалыптастыратын мәселелердің өрісі жайлы айтылып жүр. Мұның арасынан тек мектеп оқушылары ғана емес, жоғары білімді мұғалімдерді ұлттық тәрбие беруге дайындаудың теориясы мен практикасының қолға алынуы құптарлык нәрсе. Дегенмен, осы кешенді құбылыстардың арасынан ұлттық тәрбие процесінде ұлттық психология үлесінің қомақты екендігі дау тудырмаса керек. Мұның өзі — қазіргі егеменді тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-саяси және экономикалық жағдайында ерекшеленіп отыр. Оған нарықтық қатынастар дәуірінің өмір салтының психологиялык, дәстүрлік өзіндік қасиеттері қосылады. Соған орай көптеген тарихи-дәстүрлік белгілер жаңа рухымызға. ұлттық тәрбиге үйлесімді жүзеге асуы қажет.

Жастардың моральдық  этикалық тұлғасын қалыптастыруда алдымызға  мынадай міндеттер қойдық. Олар:

- жастардың моральдық этикалық тұлғасын қалыптастыруға арналған педагогикалық, психологиялық және әдістемелік әдебиеттерге талдау жасау, теориялық білімдерін тәжірибеде пайдалана білу шеберлігін меңгеру;

-  жастардың моральдық этикалық тұлғасын қалыптастырудың маңызы мен мәнін анықтау;

- халық педагогикасының  мазмұны мен әдістемесі туралы білімдерін жетілдіру;

- бүгінгі  жастардың моральдық этикалық  тұлғасын қалыптастыруға бағытталған  тиімді әдіс-тәсілдер жүйесін  айқындап алу;

- жастардың  моральдық этикалық тұлғасын  қалыптастыруда диагностика жасай  білу іскерлігін меңгеру.

Дәстүр ­ өзінің өміршеңдігімен, тұрақтылығымен біршама сипатталатын және қоғамның бір тобынан екіншісіне ауысып отыратын мәдениеттің өткендегі элементі. Олай дейтініміз, дәстүр ғана адамзаттың әлеуметтік-тарихи тіршілігіндегі тәжірибесін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп жинақтайды. Дәстүрде көптеген ұрпақтың мәдениеті мен мәдениеттілігінің түрлері және бірлігі шоғырланған. Дәстүр қоғамдық өмірдің барлық бағытын, тәжірибесін қамтиды, әр кезеңдегі даналықты бейнелейді. Жаңа ұрпақ өткендегі тәжірибеден өздеріне қажетті құндылықтарды қабылдайды. Әлбетте, мәдениет құндылықтары бүгінге өту барысында өзгеріске түспей қоймайды, олар тіршіліктің жаңа шарттарына бейімделеді.

Ендеше жастарды  тәрбиесі арқылы толыққанды жетілген азамат етіп тәрбиелеу- қоғамымыздың басты міндеті. Рухани тәрбиенң адамның ізгілік, имандылық, ұстанымдарын тәрбиелеп, ақыл- ой мен іс-әрекеттерін ізгілік мұраттарға бағыттап, рухани көзқарастарын қалыптастыратынын естен шығармайық

Әр қоғамда бүкіл  адам баласына тән ұзақ уақыт өзгемейтін моральдық этикалық нормалар бар. Бұл халықтың әдет-ғұрыптары, қалыптасқан дәстүрлер. Бұлар ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырады, жастарға үлкен ықпал жасайды.

 

 

 

 

 

 

Әдебиеттер:

  1. Назарбаев. Н. Ә «Қазақстан-2030» / Назарбаев.Н.Ә - А.: 1997ж
  2. Өтегенова. С.Ж. Адамгершілік мәдениеті мәселесінің педагогикалық-психологиялық әдебиеттерде зерттелуі.// Педагогика және оқушы психологиясы. 2012, - №2 – 20б.
  3. Абиев. Ж, Бабаев. С, Құдиярова. А. Педагогика. 2004ж – 102б.
  4. Сiләмбекова Т. Адамгершiлiкке тәрбиелеу – басты мақсат. //Қазақстан мектебi. 2003, -№5, -44б.
  5. Балтабай Е. Этнопедагогика және тәрбие. //Қазақстан мектебi, -2003, -№1,-40 б.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Информация о работе Жастарға қазақ халық педагогикасы арқылы моральдық этикалық тәрбие берудің психологиялық-педагогикалық ерекшеліктері