Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Сентября 2014 в 19:22, реферат
Жұмыстың мақсаты – талдау, саралау негізінде ұтқыр, дәл айтылған тіркестерде берілген қазақ халқының ділінің жалпы және жеке ерекшеліктерін анықтау; ұлттық мінез-құлықтың мақал-мәтелдерде айтылған өзіндік ерекшеліктерін зерделеу.
Жұмыстың міндеттері – оқушылардың, менің достарымның сөйлеу тілінде пайдалануын белсендіруге және жеке өмірлік тәжірибесін кеңейтуге ықпал ететін қазақтың тіл шығармашылығының бірегей формасы, мақал-мәтелдердің тақырыптарын зерделеп, мәнін ашу.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ
СӨЖ
Тақырыбы: Мақал – мәтелдердің тәрбиелік мәні.
Орындаған:Тулебаева А
Тексерген:Тұрғанбаева Б.Ш
Семей-2014ж
Жұмыстың мақсаты – талдау, саралау негізінде ұтқыр, дәл айтылған тіркестерде берілген қазақ халқының ділінің жалпы және жеке ерекшеліктерін анықтау; ұлттық мінез-құлықтың мақал-мәтелдерде айтылған өзіндік ерекшеліктерін зерделеу.
Жұмыстың міндеттері – оқушылардың, менің достарымның сөйлеу тілінде пайдалануын белсендіруге және жеке өмірлік тәжірибесін кеңейтуге ықпал ететін қазақтың тіл шығармашылығының бірегей формасы, мақал-мәтелдердің тақырыптарын зерделеп, мәнін ашу.
Ұсыныс- мектепте тек қазақ тілі мен әдебиеті пәні ғана емес, сонымен қатар басқа да оқу пәндерін оқыту іс-тәжірибесінде; әсіресе, жастардың сөйлеу тілінде пайдалану керек.
Кіріспе бөлім
Мақал-мәтел – әрі қысқа, әрі нұсқа айтылған сөз мәйегі, ой маржаны. Мақал-мәтел бір ғасырдың ғана жемісі емес. Олардың алғашқы үлгілері есте қалмаған ықылым заманда туып, өзінің қалыптасу, даму, өсу процесінде талай ғасырмен бірге жасасқан. Бұл жолда әр түрлі қоғамдық, таптық тілектерге сәйкес өзгеріп, жаңарып отырған. Мақалдар мен мәтелдерде айтылмайтын, сөз болмайтын өмір саласы жоқ десе де болады. Мақал-мәтелдерден халықтың ой-санасы, дүниеге көзқарасы, ақыл- өнегесі мол көрініс тапқан. Мақал-мәтелдер ой дәлдігімен, мазмұн тереңдігімен, түр жағынан ықшамдылығымен ерекшеленеді. Онда өмірдің сан алуан салалы құбылыстарына баға беріліп, ой түйінделіп, халықтың ғасырлар бойғы тәжірибесі негізінде пікір айтылады.
Халық терең ойды аядай қалыпқа сыйғызып, шебер беруге тырысқан. Сөйтіп, «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» жинақтап, қорытып береді. Онда халық тарихы, әлеуметтік тіршілігі, ақыл-өнегесі кең көрініс тапқан.
Мақал менен мәтелдерде халқымыз жақсылық пен жауыздықты, адамдық пен арамдықты, еңбеккерлік пен еріншектікті, жомарттық пен сараңдықты салыстыра сөз етеді. Адамгершілік жолына нұсқан, мін келтіретін жамандық пен жауыздық қылықтардың барлығын батыл сынап, жиренте әшкерелеп, бүкіл жұртшылыққа адамгершілікке тән мінез, қылықтардың барлығын ұсынады.
Өкінішке орай ғылым мен техниканың, жалпы өркениеттің қарыштап алға дамыған заманында біз дайын құндылықтарға әбден үйреніп, төселіп кеттік. Олар – әлемдік ғаламтор өнімдері, электрондық өнімдер, т.б. Сөз жоқ бұл құндылықтардың да өмірде алатын орны зор. Дегенмен, адамдардың арасындағы «тірі» қарым-қатынасқа жетпейді. Көпшілігіміздің сөйлеу мәдениетіміз, сөздік қорымыз, ұтқыр, ойлы сөйлеу шеберлігіміз кемшін түсіп жататыны жасырын емес.
Мақал – мәтелдердің құрылымдық ерекшеліктері.
Мақал – мәтелдің өн бойында поэзияға тән жинақылық, үнділік, сазды- лық, ұйқас, ырғақтылық байқалады. Онда басы артық сөз болмайды. Барлығы өз орнында, екшеленген, сұрыпталған, жымдаса біріккен, ой-өрнек ажыраспас туыстық тапқан, ішкі мазмұнына сыртқы формасы сай үндестік тапқан болып келеді.
Мақал-мәтелдердің тура және ауыспалы мағынасы болады. Мысалы, «Өнер алды – қызыл тіл», «Ер қанаты – ат», «Елін сүйген ер болады», «Жігітті намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деген мақалдар ешқандай тұспалдаусыз тура мағынада айтылып тұр. Ал, «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда», «Тоқпағы күшті болса, киіз қазық жерге кірер», «Не ексең, соны орарсың», «Жауырды жаба тоқиды», т.б. мақал-мәтелдерде айтпақ ой тура айтылмай, жұмбақтап, астарлы мағынада ишарамен білдірілетінін көреміз.
Мақалдар мен мәтелдердің үш жақты ерекшелігі бар тұлғалар екендігіне ғалымдар ертеден-ақ назар аударып келеді. Біріншіден, мақалдар мен мәтелдер – фразеологизм сияқты тілдік құбылыс. Екіншіден, пайымдау мен ой - пікірдің түйіні ретінде логикалық тұлға. Үшіншіден, келелі ой, кең мазмұнды қысқа айтып, қорытынды жасаудың тамаша үлгісі. Мақал-мәтелдердің осындай үш жақты қасиеті оларды тілдік құбылыс ретінде және ойлау құбылысы ретінде бөлек-бөлек зерттеуді қажет етеді.
Мақал – мәтелдердің өзара айырмашылығы.
Мақал-мәтелдер құрылысы жағынан сырттай ұқсас болып келгенімен, олардың мазмұнды түйіндеуінде, ойды шешуінде өзіндік ерекшеліктері, айырмашылықтары бар. Ол айырмашылықтар мен ерекшеліктер мақал-мәтелдің ойды түйіндеу жағынан да, құрылымы жағынан да байқалады. Мысалы, «Ерге жаттың тізесі батса, ағайыншыл болады» деген мақалда ердің ағайыншыл болуының себебі жаттан көрген қиянатымен байланыстырыла білдіріліп тұр. Яғни, іс - әрекеттің себеп-салдары сөз тіркесінен-ақ байқалып тұр.
Ал мәтел құрылысы жағынан мақалдан өзгешерек. Мәтелде қорытынды ой, түйін айтылмайды, тұспал ғана болады. Бейнелі сөз айшығы арқылы берілген ойды тыңдаушы өзі топшылайды, тұжырым жасайды.Мысалы, «Көппен көрген – ұлы той» дегенде тұспал ғана бар. Бұл жерде мағынаны тыңдаушы өзі қорытуына тура келеді. Мәтелде дәлелдеу де, тиянақты тұжырым да болмайды, мағына ашық емес, қорытынды пікір жоқ.
Мақал мен мәтел бір-бірінен осындай белгілерімен ерекшеленеді.
Мақал – мәтелдердің тақырыптары
Мақал-мәтел – сөз мәйегі, саф алтыны. Мақалдар мен мәтелдерді, сара сөз бен нақылдарды халқымыз ежелден жақсы көреді, сүттей ұйып, сүйсіне тыңдайды. «Мақал – сөз атасы». Олар сөз дәлдігімен, ықшамдылығымен ерекшеленеді. Мақал-мәтелдер нақыл сөз есебінде қызмет атқарады. Олардың қайсысында болсын поэзияға тән ырғақ, үйлесім, саз, интонация барлығы бар.
Мақал-мәтелдердің тақырыптары әр алуан. Бір алуан мақал-мәтелдерде өнер-білім, оқу, ғылым дәріптеледі. Халқымыз олардың қоғамдық өмірдегі орнын ерекше бағалаған. Адамзат баласының дүние тіршілігіндегі қол жеткен табыстары – адам еңбегінің, ғылым-білімнің жемісі. Сондықтан халықтың «Білімді өлмес, қағазда аты қалар, ұста өлмес, істеген заты қалар», «Өнер – ағып жатқан бұлақ, білім – қайық», «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген мақал-мәтелдері білімге, өнерге үндейді.
Қазақ халқының негізгі күн көрісі, кәсібі, тіршілігі малға байланысты болғанын білеміз. Сондықтан төрт түлік малға қатысты мақал-мәтелдер де – өз алдына бір сала. «Мал – баққандікі, жер – жыртқандікі», «Ат – ер қанаты», «Өлкенің көркі мал болар, өзеннің көркі тал болар», «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның – көл-көсір» деген мақал-мәтелдер – осы ойдың айғағы.
Мақал – мәтелдің енді бір саласы ерлікке, батырлыққа байланысты туған. Халық ерлік пен елдікті бірдей көрген. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар», «Батыр туса – ел ырысы, жаңбыр жауса – жер ырысы», «Ер бір рет өледі, ез мың рет өледі», «Ер елімен жақсы», «Елі жоқ ер жетім, ері жоқ ел жетім» деп, халық ел қорғаны батырды мадақтаған. Мақал-мәтелдерде ер мен ез, батыр мен қорқақ қатар сипатталады. Сөйтіп, елге ерді үлгі-өнеге етсе, қоян жүрек қорқақты жеріне жеткізе сынайды. Жастарды ерлікке баулуды мақсат етеді.
Ынтымақ – бірлік туралы да мақал-мәтелдер көп. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деп, қазақ елді бірлікке үндеген. «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» деген мақал елді бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға шақырып тұрғандай. «Байлық – байлық емес, бірлік – бай- лық», «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді», «Ынтымақтың арты – игі», «Ері ынтымақты елде жоқшылық болмайды» деген дана халқымыз байлық та, ырыс-береке де, елдік те, күш те бірлікте екендігін меңзеп, үлкен түйін жасаған.
Халық даналығына баулудағы мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні.
Мақал-мәтелдердің адамды игі қасиеттерге үндеу, уағыз-өсиет сипаты бар екені баршаға мәлім. Бұл қазына тәрбиелі қыз, ұлағатты ана, ардақты ұл, елі аялаған ер, жылы жүректі әке қандай болуы керек, осының бәрін тобықтай сөздің түйінінде түйіндейді. Жастарға өнер-білім, тіл үйретуге, жан-жақты тәрбие беруде мақал-мәтелдің мән-маңызы өте зор. Білім мен өнер еңбектің бір түрі болса, аз сөйлеп, көп тыңдаған, көп оқып, білімін байытқан бала ғана өмірден өз сыбағасын алып, өз орнын таба алатыны сөзсіз. Қазақтың мақал-мәтелдерінің өскелең ұрпақтың эстетикалық мәдениетін дамытуда да маңызы зор. Мұндай мақал-мәтелдердің мазмұны ата-бабаларымыздың бүкіл өмір тәжирибесін қамти отырып, жас ұрпақ санасын, әсемдік сезімін, талғамын, көзқарасын дамытады.
Қорытынды бөлім.
Мақал-мәтелдер – ауыз әдебиетінің ең байырғы, ең көне түрі. Ол – ғасырлар бойы халқымыздың ұқыптап сақтап келген тәжірибесінің жиынтығы, ой-пікірінің түйіні, аңсаған асыл арманының арнасы, өмір тіршілігінің айнасы, көнеден жаңаға, атадан балаға қалдырып келе жатқан тозбайтын, тот баспайтын, өмірлік өшпес мұра.
Жастарға тәлім-тәрбие беретін, ұнамды үлгі қалыптастыратын мақал-мәтелдерді насихаттау; мақал-мәтелдерді мектеп өмірінің барлық бағыттарына сабақта, сыныптан тыс өмірде ,т.б. кеңінен енгізу керек деген қорытындыға келдім.
Мақал-мәтелдер көркемдік бейнелі сөз айшықтарымен әсерлі. Олардың айтуға оралымдылығы, тілге үйіріле кететіндігі, ойдың өткірлігі, ұшқырлығы, тереңдігі мақал-мәтелдердің сапаларын анықтайды. Мақал-мәтелдер адамды сөз қадірін білуге, жақсы мен жаманды, қас пен досты айыра білуге, айналадағыларға мейірбан, кеңпейіл болуға, сезімтал болуға, халық шығармашылығының інжу-маржанын бағалай білуге баулиды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.С.Қалиев. «Халық педагогикасы хақында бірер сөз». Алматы – 2000.
2.С. Ұзақбаева. «Оқушыларға эстетикалық тәрбие беру». Алматы – 1988
3.Ғаламтор жүйесі: http://kk.wikipedia.org