Автор работы: Пользователь скрыл имя, 28 Октября 2015 в 16:37, реферат
Генетика және молекулярлық физиологияның, сонымен қатар кибернетиканың дамуына байланысты соңғы бірнеше онжылдықта естің биологиялық негіздері мен физиологиялық амалдарын зерттеу өзіне ерекше назар аударды. Бұл зерттеулердің бір бөлігі нейрондық деңгейде, демек, жекелеген жүйке жасушаларының жұмысын зерттеу деңгейінде және олардың кешендері еске сақтау үрдісінде жүргізілді. Бірақ ақпараттың есте қалдыру және қайта жаңғыру үрдістерінде мидың әр түрлі жасушаларының рөлі туралы, сонымен қатар молекулярлық деңгейде іске асып жатқан өзгерістердің ес үшін маңызы туралы сұрақтарға толықтай біржақты, сендіретіндей жауаптар әзірше алынған емес.
Қайта жаңғырту еріксіз және ерікті іске асуы мүмкін. Еріксіз қайта жаңғырту ешқандай алдын ала мақсат қоймай, жаңғыртатын материалды таңдаусыз және ешқандай күш-жігер жұмсамай іске асыру. Бұл қайта жаңғырту өздігінен іске асады. Дүниеде өздігінен ештеңе болмайды. Еріксіз қайта жаңғырту әр уақытта да белгілі себептерге байланысты іске асады.
Еріксіз қайта жаңғыртуға себеп қаңдай да бір қабылдаулар, елестетулер, ойлар болуы мүмкін. Мысалы, мектеп деген сөзді қабылдағанда бізде еріксіз мектептің жағдайы, шәкіртгер, мұғалім және т.б. елестетулер пайда болады. Пайда болған елестету немесе ой жаңа елестетулерді шақырады, ал бұл елестету немесе ой өз кезегімен келесі елестетуді шақырады. Бұл үрдіс белгілі тәртіппен жүріп отырады. Бұл тәртіп еске сақтауда ұйымдасатын ассоциациялармен анықталады. Сондықтан да еріксіз қайта жаңғырту ассоциациялар түрінде (көршілестік, ұқсастық, қарама-қарсылық) іске асады.
Ерікті қайта жаңғырту дегеніміз алдын ала мақсат қойып, жоспарлы түрде, қайта жаңғыртылатын материалды таңдауды айтады. Мысалы, бізге қажетті тарихи деректер, атаулы күндер, есімдер, жер-су аттары, әр түрлі ережелер және т.б. Шәкірт оқыған сабағын қайта жаңғыртады. Ерікті қайта жаңғыртуда, сонымен есте сақтауда ұйымдасқан ассоциациялар ерекше рөл атқарады. Ерікті қайта жаңғырту ассоциациялық үрдістермен, ойлаудың белсенді жұмысымен байланыста іске асады.
Біз бір кезде есте қалдырған, демек, есте сақтау үрдісіне кері үрдіс ретінде санамыздан жоқ өшуін ұмыту деп түсінеміз. Бірақ есте сақтау мен ұмытуды осылай деп түсіну негізсіз емес. Қайта жаңғырту тек еске түсіру түрінде емес, сонымен қатар тану түрінде де іске асатындығын ескеруіміз керек, ал белгілі дәрежеде барлығын біз танимыз. Сонымен қатар әрбір қабылдауда танудың элементтері болады. Кейбір меңгерілген материал сол күйінде сөзбе-сөз (мазмұны және түрі бойынша) есте сақталады. Сол күйінде сақталатындар, мысалы, үйреншікті әрекеттер, көбейту кестесі, әр түрлі математикалық формулалар мен грамматикалық ережелер, өлеңдер, телефон нөмірлері және т.б.
Психологияда мынадай пікір қалыптасқан, адамның қабылдайтын және есте қалдыратынының барлығы есте сақталады, бірақ біразы қайта жаңғырады: бізге қажетті қайта жаңғырту үшін тек қолайлы жағдайлары бары қайта жаңғыртылады. Осындай қолайлы жағдайлар болып табылатын қайта жаңғыртуға қажеттіліктің болуы, жүйке жүйесінің сау және сергек болуы, қайта жаңғыртылған мазмұнның жекелеген бөліктері арасында берік байланыстың болуы жатады.
Бұл жағдай болмаған уақытта қажетті материалды қайта жаңғыртудың ерікті үрдісі қиындық туғызады.
Қайта жаңғыртудағы бұл қиындықтар, сонымен қатар қазіргі сәтте қажеттіні қайта жаңғыртудың мүмкіншілігінің болмауы ұмытуболып табылады. Сондықтан ұмыту - есте сақтауға кері үрдіс емес, қайта жаңғыртуға кері үрдіс. Ұмытудың жүйке-физиологиялық негізі уақытша байланыстардың тежелуі болып табылады.
Ұмыту толық болуы мүмкін, ондай жағдайда есте сақталған материалды немесе оның бөлігін көп мезгілге дейін қайта жаңғырта алмаймыз. Көп жағдайда ұмыту уақытша болады.
Алғаш есте қалдырған материалды неғұрлым толық және дұрыс түрде қайта еске түсіруді реминисценция деп атайды. Реминисценция терминін 1907 жылы серб ғалымы В. Урбанчич ұсынған. Реминисценция сөйлеу мен бақылау барысында адамға эмоциялық әсер ететін түрлі материалдарды есте сақтауда, сондай-ақ сенсоматорлық дағдыны орнықтыруда байқалады. Бұл психологтардың арнайы зерттеулерімен дәлелденуде, адам есінде бекітілген сөздік материал өте үлкен дәрежеде жаттаудың бірінші сағаттарынан кейін ұмытылады. Кейбір уақыт өткеннен кейін бұл материалдың қайта жаңғырту мүмкіншілігі арта түседі және біршама уақыт өткеннен кейін қайта жаңғырту мүмкіншілігі тағы да төмен түседі.
Ұмыту әр түрлі шапшаңдықпен іске асады. Баяу ұмыту "жақсы", күшті естің белгісі, ал тез ұмыту — "жағымсыз" естің, әлсіз естің белгісі.
Ұмыту үрдісі әркелкі жүреді: алғашында тез, одан кейін баяу.
Мысалы, жаттағаннан кейінгі бес күнге қарағанда алғашқы бес күнде ұмыту тез жүреді.
Психологтардың эксперименттік зерттеулерінің мәліметтері бойынша оқушылардың есінде бекітілген материалдан бір күннен кейін 77,6 пайыз, төрт күннен кейін — 62,7% қалады.
Ұмытуға қарсы негізгі құрал — қайталау. "Қайталау — оқу анасы" — дейді халық мәтелінде. Қайталау оқу материалын берік есте қалдырудың негізгі шарты ғана емес, сонымен қатар оны есте сақтаудың да шарты болып табылады.Ұмыту әсіресе, алғашқы кезде тез іске асатындығын ескере отырып, оқу материалын ұмыту үрдісі басталмай тұрып, қайталауды ерте бастаған жөн. Ұмыту жылдамдығы көп жағдайда жүйке жүйесінің жағдайына байланысты. Шаршағанда, аурудан кейін жүйке жүйесінің әлсіреуінен ұмыту өте тез аңғарылады.