Автор работы: Пользователь скрыл имя, 21 Мая 2013 в 19:39, реферат
Мақалдардың негізгі ерекшеліктерінің бірі сол, олардың қолдану орындары мен ауыспалы мағыналары әр түрлі ұрпақтар мен дәуірлердің қөзқарастарына, тәжірибесіне сәйкес өзгеріп отырады. Ауыз әдебиеті талай ғасыр жемісі. Халық жыраулары, жыршылары, ертекшілері анау заманнан рухани асыл қазына ретінде сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп бүгінгі біздің күнімізге жеткізген. Адамзат өзінің бала кезінде, табиғаттың сиқырлы алуан жұмбақтарын шешесем, оны тілегіме жаратсам, бағындарсам деген арманын өзінің ауыз әдебиетінде бейнелеген. Адамның, табиғаттың дүлей, мылқау күшімен арпалысы да сол ауыз әдебиетінде өрнектелген. Қоғамдық- әлеуметтік, экономикалық өмірдің ілгерлеуіне адамның ой санасының өсуіне, өзін қоршаған табиғаттың сырына терең бойлауына байланысты ауыз әдебиеті мазмұны, формасы жағынан байып, дамып отырған.
Тұрақтылық болмаса даму да болмайды. Соның нәтижесінде әрбір жаңа ұрпақ өткен ғасырлар мұрасының әсеріне ұшырап, оған бойсұнуға әзір. Белгілі француз социологі Э.Дюркгейм “Дәстүр – адамдардың қоғамнан дайын күйінде табатын, өздерінің тәртіптерін жөнге түсіріп және әрекетке келтіріп отыратын тетік. Дәстүрді бұзғаны үшін берілген жаза тайпалардың бірлігін сақтауға көмектесетін қорғаушы құрал болып табылады” – дейді.
Бұл жерде әңгіме Бірлестіктің берік өмір сүруі үшін, оған кіретін адамдарға дәстүр талаптарын орындаудың міндеттілігі жайында болып отыр.
Дәстүрдің тағы бір қызметі – жақындастыру. Мұның тарихтағы айқын көрінісі – рулық қауымдастықтар, олардың ауызбірлігі, тұтастықтарын сақтауға ұмтылушылық “Кімнің жерін жайласаң, соның жырын жырлайсың” деген мақал осыған байланысты айтылған.
Дәстүр ақпараттық қызмет атқарады. Ақпарлар дәстүр арқылы екшеліп, қорытылып, қоғам жадында сақталады, соның арқасында ғасырдан ғасырға жетеді. Соған байланысты адамдардың дүниеге келген жаңа ұрпақтары өзара қарым-қатынас нормаларын қайтадан жасап қалыптастырып әуреленбейді, яғни бұрыннан қалған жол-жосынды басшылыққа алады.
Дәстүрде жиналған ақпарлар арқылы ата-бабадан қалған материалдық және мәдениетке иеғ мұрагер болады. Мысалы халқымыздың “Ата салған жол бар, ене пішкен тон бар”, “Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер” деуінің мәні бұрынғыдан қалған жөн-жосық, әдеп-салттың басшылыққа алынуға міндеттілігін білдіреді.
“Түбірлі мәселені шешерде, түп атадан келе жатқан жолды ұстар” дейтін мақалдардың бір әулеттен келесі әулетке ұмытылмай жетіп келе жатуының өзі- дәстүр. Халық осындай дәстүр жалғастығын зор мұрат санайды. “Атадан ұл туса – игі, ата жолын қуса игі” деген ұлы арман соған меңзейді.
Сондықтан да жеткіншек ұрпақтың дәстүрге құрметпен, әрі ықтияттылықпен қарауы, яғни оны түсінуі, дәстүрді бұзып алып, адамдардың көңіліне қаяу салудан қатты сақтануы айрықша мәнді қастерлі қасиет саналады. Ондай жастар “көргенді” деп бағаланады, көптің алғысына бөленеді, дәстүрмен сыйыспайтын іс істегендер “тексіз”, “көргенсіз” деген өте жеккөрінішті атқа ие болып, қауымдастық алдында абыройдан айырылып, ауыр айыпқа бұйырылады.
Сонымен қатар дәстүрден, ғұрып-салттан адамдар өзінің жеке басын таниды. Мұнда адамдардың айналадағы заттар – нәрселер мен табиғат құбылыстарына қатынасындағы жеке ұлттың және кәсіби өзгешеліктер көрініс табады. Мысалы, Үндістанда сиыр мен маймылды ерекше құрметтеуі, қытайлардың, жапондардың жыланның етін, италяндықтардың есектің етін аса сый тағамға санауы, қазақта қойдың басын сыйлы қонақ ретінде ер адамға, қырғызда әйелге ұсынуы тағы басқа сияқтылар сондай салт-ғұрыптар өзгешеліктеріне жатады да, соларға байланысты әдептік талаптар келіп шығады. Ел мен ел, ұлыс пен ұлыс шекаралас, аралас-құраласта өмір сүреді. Сондықтан олардың ғұрып- салт ырымдарында ұқсастық та бар. Мысалы Иранда жылдың ақырғы сәрсенбісін киелі күнге балап, ол күнгі барлық тілек қабыл болып, ойлаған ой іске асады деп ырымдайды екен. Ирандықтар бұл сәрсенбіні «қызыл сәрсенбі» деп атайды. Әсіресе ол күнді бойжеткен қыздар асыға күтеді. Олар соңғы сәрсенбіге байланысты шартты орындар, түрлі жоралғы –кәделер жақсы жасалса, тұрмысқа шығуымыздың сәті түседі деп сенеді. Біздің халқымызда бар:
Сәрсенбі сәтті күні той жасапсыз,
Тойыңыз құтты болсын, қыз атасы! – деп «Тойбастар» жырында айтысатын, сол күнгі бастаған ісі сәтті болады деп ұғынылатын «Сәрсенбінің сәттісі» ырымының да иранның «қызыл сәрсенбісімен» бір негізден шығуы да ғажап емес.
Мұның бәрі әр түрлі халықтардың салт-дәстүрлерінде кейде әріден жалғасатын сабақтастық та, діни наным бірлігінен бастау алған ұқсастық та, тарихи аралас құраластық. Ұзақ уақыт іргелес шекаралас өмір кешуден болған ауыс-түйістер де кездесетіні сондай-ақ өздеріне ғана тән, былайғы жұртқа өрескел, ерсі көрінетіндері де болатыны дәлел.
Қазақ - дәстүрі бай және оны қатаң сақтайтын халық. Туған халқының мінез-құлқы, наным-сенімін жете зерделеген ғұлама Ахмет Байтұрсынов қазақтың құдайдан кейінгі қорқатыны дәстүр бұзушылық екенін айтады. Қазақ дәстүрді білмегенді, сыйламағанды надан дейді. Бұл - өте ауыр сөз, ауыр кінә, бірақ әбден орынды баға. Қазақтың туыстық, құда – жекжаттық, той-томалақ өткізу, өлім жөнелту, аруақ сыйлау, үлкенді, ата-ананы құрметтеу, қыз ұзатып, келін түсіру, жүйелі сөзге жығылу, тоқтау, обал-сауап, дастархан, шаңырақ, қонақ сыйлау т.б салт-дәстүрлерінде қаншалық адамгершілік, ізгілік, көргендік жатыр. Осындай дәстүрлерімізді ардақтап, қадір тұтуға ақыл-парасаты, мәдениеті, білім-білігі жетпеген жетесіз надан, көргенсіз болмағанда не болады? Рас, кешегі кеңес заманында халықты ұлттық жадынан, тілінен, төлтума мәдениеті мен діни нанымынан қол үздіруге бағытталған зымиян саясат жүргізілді. Соның салдарынан қазақтың бірнеше ұрпағы, осы күнгі егде, қарт кісілеріміздің көпшілігі әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізден бейхабар болып қалады. Оқу-тәрбие орындары болмаса, қазіргі отбасы, ата-аналар салт-дәстүр жөнінен ұл-қыздарына толымды тәрбие беруде білімдері, тілі жағынан қиындық көруде. Қазақты қазақ етіп, ұлтымызды ұлт етіп келген және солай болып қалуға тиісті ата салт, асыл дәстүрімізді, шала, шалағай ортада кездесіп жүргендей, қолжаулық етіп, сөз алдарға ғана қолданып, құнсыздандыруға немесе өңін айналдырып, рухына жат “жаңа замандық” жамаулар жамап боямалауға, әрине болмайды.
Тарихқа көз жүгіртсек, халқымыз ата-бабаларының жинақтаған өмір тәжірибесін, бай рухани қазынасын жас ұрпақты тәрбиелеуде пайдаланған, бала тәрбиесіне ерекше мән бере, үміт арта сергек қараған.
Салт-дәстүр ұлттық тәрбие. Ұлттық тәрбиені оқыту үшін мектепте мұғалім баланың жас дара ерекшеліктеріне сай ұғымына байланысты ертегі, мақал-мәтел және алуан түрлі салт-дәстүрлерді педагогикалық тұрғыдан іріктеп алу керек. Балаға ұлттық тәрбиені дер кезінде меңгерту ұстаздың басты міндеті. Төменгі сынып оқушыларына ізеттілікті, кішіпейілділікті, қайырымдылықты үйрету тәрбиелеу. Оның бастамасы қазақ халқына тән үлкен бір ерекшелік “сәлемдесу” дәстүрі. Сондықтанда қазақ халқында “Сәлем - сөздің атасы”- деген мақал бар.
Ендеше оқушының басты қарым-қатынас жасауының басты әліппесі сәлемдесуден басталады.
Мақал-мәтелдер жайлы мағлұмат.
Мақал-мәтелдер – халық даналығының қазына байлығы. Олар ғасырлар бойы қалыптасып, сол халықпен мәңгі бақи бірге жасап, біте қайнасып кеткен дүние. Сондықтан да оны жұртшылық жадына сақтап, өзінің күнделікті өмірінде, өзара қарым-қатынасында пайдаланады. Мақал мен мәтелге бай халықтың бірі – қазақ халқы. Қазақ халқының мақал-мәтелдерінің шығу тегі жөнінде айтар болсақ, А.Байтұрсынұлы: «Мақал да тақпаққа жақын салт-санасына сәйкес айтылған пікірлер. Тақпақтан гөрі мақал маңызы шын келеді. Мәтел дегеніміз кесегімен айтылатын белгілі-белгілі сөздер. Мәтел мақалға жақын болады. Бірақ мақал тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылады. Мәтел ақиқат жағын қарамай, әдетті сөз есебінде айтылады»[1,112 б.],─ деп көрсеткен болатын. Демек, мақалда тұрмыста қолданылып жүрген сөздеріміз шындықпен астасып келіп, мақалдап, шешен тілмен айтылатын сөздер болса, ал мәтелде тұрмыста қолданылатын сөздердің шындыққа жанаса қоймай, кесегімен айтылатын сөздердің қатарына жатқызуға болады. Қазақ мақал-мәтелдерінің бастау көзі сонау Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен бастау алады. XII-XIII ғасырлардан бізге жеткен жазба ескерткіштердің тілінде мақал мен мәтелдер баршылық. Мысалы: Орхон жазбаларында: «Бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген» («Күлтегін» жырынан), «Өлімнен ұят күшті» («Тоныкөк» жырынан) деген мақал-мәтелдерді кездестіреміз. Ал Махмұт Қашқаридің «Дивани лұғат-ат түрік» сөздігінен: «Ұлы болсаң, кішік бол, халық үшін бәлік бол», ал «Құдатғу біліктен»: «Біліп сөйлеген білекке саналар, білімсіз сөз өз басын жояр» [2, 56 б] дейтін мақал-мәтелдерді байқауға болады. Бұл деректерге сүйене отырсақ, мақал-мәтелдердің бастауы сонау көне ескерткіштерден бастау алып, шығармалардың тілінде қолданыста болғанына көз жеткіземіз.
Мақал-мәтелдер негізінен халық аузында ауызша сақталған. Ал, оларды нақты жинап, қағаз бетіне түсіру, баспасөз беттерінде жариялау – XVIII ғасырдың II жартысынан басталады.Қазақтың мақал-мәтелдерін алғаш қағаз бетіне түсірген ғалым – Шоқан Уәлиханов. Шоқан Уәлихановтың «Таңдамалы шығармалар» [3,416 б.] еңбегіндегі біршама мақал-мәтелдер әлі күнге дейін өз құндылығын жойған жоқ. Сол уақыттан бері қазақ мақал-мәтелдері түрлі жинақтарда, хрестоматияларда жазылып, жарияланып келді. Ш.Ахметовтың құрастыруымен шыққан «Қазақ балалар әдебиетінің хрестоматиясында» бірнеше тақырыптағы мақал-мәтелдер берілген. Сонымен қоса, қазақ мақал-мәтелдерін жинап, жариялауда: Ш.Ибрагимов, М.Терентьев, Ы.Алтынсарин, Я.Лютшь, Ф.Плотников, И.Гродеков, А.Васильев, П.М.Мелиоранский, Ә.Ә.Диваев, Н.Ф.Катанов, Н.Н.Пантусов, В.В.Катаринский, Ө.Тұрманжанов, М.Әлімбаев, Ә.Нұршайықов, Н.Төреқұловтарды атап көрсетуге болады.
Қазақ халық ауыз әдебиетінің нұсқалары, соның ішінде Қазан төңкерісіне дейінгі әдебиетте 1879 жылы Орынборда шыққан, 1906 жылы толықтырылып қайта басылған Ы.Алтынсариннің хрестоматиясының алатын орны ерекше. Бұл хрестоматияда берілген мақал-мәтелдер бірнеше тақырыптарға бөлініп, жүйелі түзілген.
Жоғарыда аталған жинақтарда берілген түсінік дәрежесіндегі бірен-саран шағын алғы сөздерде, жалпы халық ауыз әдебиеті жайында жазылған шолу мақалаларда айтылғаны болмаса, қазақ мақал-мәтелдері қырқыншы жылдарға дейін арнайы сөз болып зерттелген емес. Бұл кезеңдерде М.Әуезовтің 1927 жылғы «Әдебиет тарихында» [5,234б.], С.Сейфуллиннің «Таңдамалы шығармалар» [6,55 б.] жинағында мақал-мәтелдер қазақ халық ауыз әдебиетінің бір саласы ретіне аталып, топтап мысалдар келтірілген. Мұнда Сәкен Сейфуллин мақал-мәтелдерді шешендік сөздердің бір саласы ретінде қарастырған.
М.Әуезов 1940 жылдардың басында «Қазақ халқының эпосы және фольклоры» атты зерттеуінде қазақтың мақалдары мен мәтелдерінің тұлғасы өлең түрінде жасалатын, мазмұны халықтың негізгі кәсібі малшылықпен байланысты болатын екі ерекшелігіне көңіл бөлген. Қазақ мақал-мәтелдерінің зерттелуі шын мағынасында «Қазақ әдебиетінің тарихында» басылған Б.Шалабаевтың «Мақал-мәтел» атты ғылыми очеркінен басталады (Алматы, 1948). Кеңес дәуіріндегі мақал-мәтелдерді жинау, жариялау жұмысы, әсіресе 50-жылдары әбден қанат жая бастады. Мақал-мәтел осыған дейін, көбінесе республикалық газеттер бетінде ғана жарияланып келсе, енді «Қызыл ту», «Оңтүстік Қазақстан», «Ленин жолы», «Есіл правдасы», «Коммунизм жолы» сияқты облыстық газеттерде де жиі жарияланып, жарық көре бастаған.
Мақал-мәтелдерді жан-жақты зерттеп талдағандардың бірі – Мәлік Ғабдуллин. Ол «Қазақ халық ауыз әдебиеті» [8,70б.] атты еңбегінде қазақ мақал-мәтелдерін жинап, бастырушыларды атай кетіп, оның жанрлық табиғатын, әдеби-әлеуметтік мәнін анықтайды. Н.Төреқұловтың 1957 жылы шыққан «Қанатты сөздер» [4,13б.] атты жинағына бірнеше мақал-мәтелдер енген. Соңғы кезеңдерде балаларға арналып шығарылған жинақтарда мақал-мәтелдер көптеп кездеседі деп айтуға боларлықтай. Оларға М.Жаманбалиновтың, Қ.Баянбайдың, Е.Елубаевтың, С.Қалиевтің [9,320 б.], Е.Ерботинның [9,80 б.], Б.Кірісбаевтың [9,32 б.], т.б. жинақтарын атап көрсетуге болады. Осындай мол меңгерілген рухани мұра Абайдың болашақ туындылары мен шығармашылығында көрініс тапқан. Мысалы: «Сап-сап, көңілім, сап, көңілім» өлеңінде «не күн туды басына», «сабыр түбі – сары алтын», «ауру да емес, сау да емес», «ағын судай екпіндеп» деп кездеседі. Сонымен қоса, Абайдың Абайдың қара сөздерінде, оның ішінде «отыз тоғызыншы» қара сөзінде: «Ағайынның азары блоса да, безері болмайды», «Аз араздықты қуған көп пайдасын кетірер» сияқты мақал-мәтелдерді кездестіруге болады. Ал, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққан туралы» атты еңбегінде 10 мақал талданған [10,312 б.].
Мақал-мәтелдерде бала тәрбиесіне де үлкен мән беріледі. «Қызды асырай алмаған күн етеді, ұлды асырай алмаған құл етеді» деген мақал-мәтелдердің мәнісі – жас ұрпақты жақсылыққа баулу болмақ. Жастарға өнер-білім, тіл үйретуде мақал-мәтелдің мәні аса зор. Білім, өнер еңбектің бір түрі болса, аз сөйлеп, көп тыңдаған, көп оқып білімін байытқан бала ғана өмірден өз орнын алып, даналық сөздеріміз мақал-мәтелдерден өнеге алмақ.
. Мақал - мәтелдер - ғасырлар шежіресі, ауыз әдебиетінің бір түрі. Онда халық тарихы, оның әлеуметтік тіршілігі, ақыл- өнегесі мол көрініс тапқан. Мақал-мәтелдер дәлдігімен, тереңдігімен, ықшамдылығымен ерекшеленеді. Мұнда өмірдің сан –алуан құбылыстарына баға беріліп, үлкен түйін жасалады, халықтың ғасырлар бойғы тәжірибесі қорытылады. Олар – қолдану әдісі мен аясына қарай, мазмұн мен мәні жағынан сан – саққа құбылып отыратын көне де күрделі жанр. Мақалдар мен мәтелдердің дүниетанымдық табиғатының күрделілігі оның көнелігі мен қолдану аясының кеңдігінде ғана емес, мыңдаған ұрпақтардың ми қазанында құрыштай шыныққан ой-өрісінің биіктігіне, тәжірибе тезінен сұрыпталып өткен сұлу мүсіні мен ой маржандарының тазалығында жатыр. Сондықтан да мақалдардың төрт негізгі ерекшеліктерін ескерген жөн:
Мақалдар объективтік дүниені көркемдік тұрғыдан жалпылай қорытады.
Мақалдардың негізгі атқаратын қызметі сөйлеу практикасында қолдану ерекшелігі арқылы ашылып отырады.