1781 жылы күзде
Корнуоллис басқаруындағы ағылшын
армиясы Йорктаунде (Виргиния) орналасты.
Нақ осы уақытта Нью-Йоркты
алуға дайындық жүргізген Вашингтон
өзінің күштерінің жартысымен
Виргинияға жылжыды. Сондай-ақ
Чезапик бухтасына адмирал де
Грассенің күшті француз эскадрасы
келді. 1 қазанда Корнуоллис әскері
Йорктаунде құрлықтан да, теңізден
де американ-француз бөлімдерімен
қоршауға алынды. Американ-француз
әскерлері британ әскерлерінен
үш есе көп болды. 19 қазанда
Корнуоллис шегінуге мәжбүр болды.
Корнуоллистің тізе бүгуі Англиядағы
тори үкіметінің ауысуына себеп
болды. 1783 жылы билік басына кіші
Уильям Питт басқаруымен жаңа
тори келді. Британ империясының
одан әрі әлсіреуінен қорыққан
Питт АҚШ-тың тәуелсіздігін мойындау
негізінде бейбітшілікті ұсынуға
мәжбүр болды.
Бейбіт келіссөздер
жүргізу барысында антибритандық
коалицияға қатысушылардың жаулап
алушылық ұмтылыстары айқын көрінді.
Испания келіссөздерге бөлек
енді. Ол уәде етілген Батыстағы
территорияларды талап етті. Алайда
ол Флорида және Миноркамен
қанағаттануға мәжбүр болды. Канаданың
қайтарылуына сенген Франция
Вест-Индиядағы Тобаго аралын
иемденді. Сондай-ақ Англия Африкадағы
Сенегалды да Францияға қайтарды.
Аллеган тауларынан батысқа қарай
орналасқан жерлердің Англия
мен Франция арасында бөлінуінен
қорыққан Париждегі американ
делегациясы ағылшындарға сепараттық
келіссөздер жүргізуді ұсынды. Ағылшындар
өз кезегінде бұған келісім
берді.
1782 жылы 3 қарашада Парижде
келісімнің шарттары жасалды. Англия Америка
континентінде Канаданы, Ньюфаундленд
және Вест – Индияны өзінде сақтап қалды.
Бірақ осы жағалауларда АҚШ – тың балық
аулауына рұқсат берді.
1783 жылы 4 наурызда
Англия соғыс қимылын тоқтатқанын
хабарлады. 1783 жылы 3 қыркүйекте Версальда
Англия мен АҚШ арасында бейбіт келісімге
қол қойылды. Ол 1784 жылы 4 қаңтарда
түпкілікті бекітілді. Сөйтіп сегіз жылға
созылған тәуелсіздік жолындағы соғыс
Америка Құрама Штаттарының тәуелсіздігін
толық мойындаумен аяқталды. Англия келісім
бойынша Батыстағы Аллеган таулары
мен Миссисипи өзені арасындағы жерлерді
берді. Ал конгресс өз жағынан ағылшын
көпестеріне соғысқа дейінгі қарыздарды
және тәркіленген тори жеке меншігіне
өтемақы төлеуге міндеттенді. 1783 жылғы
американ-ағылшын келісімі тарихқа Версаль
бейбіт келісімі деген атпен енеді. Ол
АҚШ-тың Англияны жеңуін бекітті.[15]
Американ буржуазиялық
революциясының негізгі мақсаттарына
– тәуелсіздікті орнату және
жер иеленудегі феодализм элементтерін
жою, - қол жеткізгеннен кейін
АҚШ-та таптық қарама-қайшылықтар
шиеленісе түсті. Офицерлер мен
әскерлерге конгрестің айлық
бермеуіне байланысты армияда
аса қатты толқулар өршіді. Ақын
Френо былай жазған: Республика
азаттық соғыс ардагерлеріне
тек «атақ пен аштық» әкелді.
1783 жылы маусымда
Ланкестерде көтеріліске шыққан
әскери бөлімдер конгресті олардың
талаптарын орындату үшін Филадельфияға
жорыққа шықты. Вашингтон ақшаның
төленетіндігін уәде етіп, әскерлерді
тоқтата алды. Алайда конгресс
бұл қозғалыстың кеңеюінен және
оған жағдайлары нашар азаматтық
тұрғындардың қосылуынан қауіптеніп,
армияны таратуды жөн көрді. Армиядағы
толқуларды монархиялық көзқарастағы
офицерлер пайдалануға әрекеттер жасады.
Олар Пруссия бекзадасы Генрихке американ
тәжін ұсынды, алйда ол бұл ұсыныстан
бас тартты. Офицерлердің басқа тобы корольдік
билікті Вашингтонға ұсынды. Олар Вашингтонға
мемлекеттік төңкеріс өткізуде армияның
қолдау көрсететіндігін уәде етті. Вашингтон
бұл ұсынысты қабылдамады. Ол әлемнің
барлық империясынан өзінің «фермасын»
қалайтындығын мәлімдеді.[16]
2.2 Соғыстан
кейінгі жағдай
Жас республиканың сыртқы
саясатындағы басты мәселе оның бұрынғы
метрополиясы – Англиямен өзара
қарым-қатынасы болды. Тәуелсіздік
үшін соғыс ірі буржуазияның экономикалық
қуатын айтарлықтай күшейтті. Алғашқыда
Англиядан әкелінген қару-жарақ
пен бұйымдарды өндіруші өнеркәсіпшілер
мемлекеттен төлемақы алып отырды.
Көпестер мен өнеркәсіпшілердің
арзан бағамен алынған тәркіленген
тори жерлеріне капиталдарын тиімді
орналастыруға мүмкіндігі болды. Алып-сатарлар
жер иелену құқығының сертификаттарын
әскерлерден сатып алып, өздерінің
қолдарына ірі жер иеліктерін
түсіріп отырады. Осындай жолмен
пайда болған капиталдар бірқатар ірі
иеліктердің негізін қалады. 1781 жылы
Солтүстік американ банкінің құрылуы
елдің капиталистік дамуына үлесін
қосты. Американ көпестері Жерорта
теңізінің, Скандинавияның, Ресейдің алыстатылған
рыноктарына ене бастады. 1784 жылы
ең алғаш американ кемесі Кантонда
пайда болды.[17]
Шейс көтерілісі (1786-1787). Соғыстан кейінгі экономикалық
және қаржы қиыншылықтары бар ауырлығымен
фермерлік кедейшілік мойнына түсті. Әскери
жеңіліс тапқан Англия, өзінің бұрынғы
отарларын экономикалық жағынан тәуелді
етуге әрекеттер жасады. Ол ұзақ мерзімді
несие шартымен, жергілікті мануфактуралар
дамуына жол бермеу үшін АҚШ рыногына
демпинг бағаларымен тауарлар жіберді,
АҚШ-тың Вест-Индиямен саудасына кедергі
жасады. 1786 жылы бірқатар штаттардың, әсіресе
Жаңа Англияның кедейшілігі қарыздардың
алынуын, қарыз үшін қамауға алу жағдайының
күшін жою, салықтардың төмендеуін талап
етті. Бірқатар штаттар кейбір талаптарға
көнуге дайындығын білдірді. 1786 жылғы
сайлауда Нью-Йоркте, Нью-Джерсиде, Род-Айлендте,
Пенсильванияда, Оңтүстік және Солтүстік
Каролинада, Джорджияда жеңіске халыққа
басқа да жеңілдіктер берудің жақтастары
жетті.
Массачусетсте және Нью-Гемпширде
ірі буржуазия өкілдері жеңіске
жетті. Олар барлық жеңілдіктерге қарсы
болды. Бұл штаттарда қатаң валютадағы
борыш айыбын өндіріп алу жөніндегі
заңдар өткізілді. Қатты қиыншылық
көрген фермерлік кедейшілік қолға
қару алуды шешті. 1786 жылы күзде көтерілісшілер
сот ғимараттарын жаулап алуды бастады.
Олар революцияға дейінгі теңсіздік
одан әрі күшейгеніне наразылықтарын
білдірді. Олар «аграрлы заңды», яғни жерді
қайта бөлісуді талап етті. «Құрама
Штаттардың меншігі, - деп айтты көтеріліс
жетекшілері, - Британиядан ортақ
күш нәтижесінде қорғалған еді,
сондықтан ол ортақ жетістік болуы
керек; ал бұған қарсы шыққандар
теңдіктің жаулары болып табылады
және олар жер бетінен жойылу керек».
Милицияның көтеріліске жаны ашыды және
олар биліктің қарумен ұсталған әрбір
адамды өлтіру бұйрығын орындамады.
Көтерілісшілер Массачусетс
пен Нью-Гемпширдің бірқатар ұсақ қалаларын
басып алды. Олардың басында азаттық
соғыстың батыры капитан Даниель
Шейс тұрды. Әрине, Шейс көтерілісі
аяғына дейін қаруланған жас республиканың
әскери отрядтарына төтеп бере алмады.
Бұлар өте нашар қаруланған еді, қару –
жарақ, тіпті мылтықтың өзі аз болды. Жеңілді.
Шейс көтерілісін халық бұқарасының революцияны
плебейлік әдістермен тереңдету әрекеті
деп түсінген дұрыс. Оны Лафайет батылдығы
үшін алтын қарумен марапаттады. Шейс
бостандық үшін күрескендердің барлығын
көтеріліске шақырды.
Революциялық соғыстың дәстүріне
байланысты Шейстің жақтастары Конкорд
қаласын Бостонға жорыққа шығудың
жиналу орны деді. Себебі бұл жерде
1775 жылы ең алғаш ағылшындармен күрес
болды. Көтерілісшілердің саны шамамен
15 мыңдай болды. Оларды генерал Линкольн
армиясы қарсы алды. Көтерілісшілер
талқандалып, Массачусетске қарай
кері шегінді. Олардың Спрингфилдтегі
арсеналды жаулап алу әрекеттері
сәтсіз болды. 1787 жылы ақпанда Шейс
өзінің отрядымен қоршауға алынды және
берілуге мәжбүр болды.
Бұл көтерілістерді
билеуші топтар «ұнатпады», оларды
қатаң жазалауды ұсынды. Дж. Вашингтон
бұны «тәртіпсіздік» деп атап, оған
қарсы шешуші қимыл жасауды талап
етті. Тек Т. Джефферсон ғана қоғамды
дұрыс дамытуда бұндай ұсақ бас көтерулер
қазір де, кейін де пайдалы, - деді. Сондай-ақ ол көтерілісті
– тазалау әрекеті деп қарсы алды. Шейс көтерілісінің
басшылары (14 адам) өлім жазасына бұйырылды,
ал жай мүшелерінен «ант» алып босатып
жіберді. Бұл көтерілістер билеуші топтың
өкілдері елдегі басқару аппаратын нығайту
және күшейту керек деген тұжырым жасады
және оны жүзеге асыруға кірісті.
1787 жылы мамырда
Шейс көтерілісін басқаннан кейін
Филадельфияда конституциондық
Конвент шақырылды. «Конфедерациялар
баптарын» 13 штаттың заң шығарушы
жиналысының келісімінсіз қарауға
тыйым салынады. Отырыстар жабық
түрде жүргізіледі, ресми хаттамаларсыз,
халықтың наразылығын тудырмау
үшін жасырын түрде өткізіледі.
Конвент мүшелерінің әлеуметтік
құрамы оның кімнің мүдделеріне
қызмет ететіндігін көрсетті. 55 мүшенің
ішінде 20-сы плантатор, 23-і банкирлер,
көпестер және өнеркәсіпшілер, 10-ы
заңгерлер болды. Қалған екі
орында дәрігер және мұғалім
болды. Бірақ бірде-бір фермер,
қолөнерші және жұмысшы болмады.
Қыркүйекте Конвент өз ісін
аяқтады.[18]
«Конфедерация
баптарына» қарағанда жаңа конституция
федералды үкіметке кең көлемде
міндеттемелер ұсынды. Заң шығарушы
орган – конгресс ( сенат және
өкілдер палатасы ) салық салуға,
Солтүстік-Батыста ұлттандырылған
жергілікті фондты басқаруға,
армия мен флотты ұстауға, сауданы,
сыртқы қарыздарды реттеуге құқылы
болды. Өкілдер палатасының мүшелері
әрбір штаттан 2 жылға сайланды,
ал сенаторлар әрбір штаттан
екеуден 6 жылға сайланды. Заңның
қабылдануы үшін екі палатаның
да қолдауы қажет.
Атқарушы билікті
конституция президентке жүктеді.
Президент армия мен флоттың
бас қолбасшысы болып табылды,
сенаттың шешімімен Жоғарғы сот
мүшелерін, сондай-ақ министрлер
мен елшілерді тағайындады. Жоғарғы сот
конституцияға қайшы келетін заңдарды
алып тастауға құқылы болды. 1787 жылғы буржуазиялық
конституция прогрессивті болды, бірақ
ол демократиялық болған жоқ. Ол ең алдымен
құл иеленушілер мен ірі буржуазияға тиімді
жақтарды қарастырды. Негрлердің құлдығы
заңды түрде бекітілді және 20 жыл алдын
ала АҚШ-қа негр құлдардың енгізілуі рұқсат
етілді. Қашқан құлдар өздерінің иелеріне
қайтарылуға тиіс болды. Индеец тайпалары
теңсіз жағдайда болды және олар АҚШ азаматтары
болып саналмады. Әрбір штаттың конституцияларына
сәйкес сайлау құқығы әртүрлі болды. Бірақ
барлық штаттардағы ұсақ фермерлер, жұмысшылар,
кедей қолөнершілер сайлау құқықтарынан
айырылды. Әйелдер де ешқандай құқыққа
ие болған жоқ. АҚШ-тың 3 млн. тұрғындарынан
тек 120 мың адам ғана сайлау құқығына ие
болды.
1787 жылғы конституция
13 штаттың 9-ы бекіткеннен кейін
өз күшіне енуі керек еді.
Осылайша 1787 жылы 17 қыркүйекте конвентпен
мақұлданған Екінші конституцияға
штат өкілдері қатысты. Онда
конфедеративтік билік құрылымдарының
жетіспеушіліктері айтылды. Бұл
жобаға Дж.Вашингтон мен Б.Франклиннен
басқа, американ саясаткерлері
– Александр Гамильтон, Джеймс
Мэдисон және өзге де белгілі
азаматтар қатысады. Томас Джефферсон
басқаруымен антифедералистер конституцияға
бірқатар демократиялық түзетулер
енгізуді ұсынды. Жаңа конституцияны
бекітуге қарсы барлық жерде
кең қозғалыс басталады. Тек
бес штатта ғана конституцияны
бекіту ешқандай қарсылықсыз
өтті. Ал қалған сегіз штаттар
«Конфедерация баптарынан» бас
тартуды заңсыз деп санап, жаңа
конституциондық конвент шақыруды
талап етті. Буржуазия мен плантаторлар
штаттардың конституцияны бекітуіне
қиындықпен қол жеткізді. Алайда
кейбір штаттарда оның бекітілуімен
күрес 1790 жылға дейін жалғасты.
1789 жылы Конгресс
сайланды. АҚШ-тың ең алғаш президенті
Джордж Вашингтон болды. Конгресс
1791 жылы конституцияға ондаған
түзетулер қосуға мәжбүр болды.
Олар сөз, баспасөз бостандығын,
жиналыс және петициялар құқығын,
жеке меншік, тұрғын үйге қол
сұғылмаушылықты жариялады. Ортақ
мемлекеттік діннің енгізілуіне
тыйым салынды. Түзетулердің бірі
халықтың қару ұстауға құқығын
қарастырды. Қаруды қолдану ең
алдымен негр құлдарға қарсы
болды. 1791 жылы қабылданған 10 түзету
үлкен маңызға ие болды. АҚШ
тарихына бұл түзетулер «Құқықтар
туралы Билль» деген атпен
енді. Көп штаттар құқықтар туралы
билльді енгізу шартымен конституцияны
бекіткен болатын. Екінші конституцияның
1789 жылы күшіне енуі солтүстік-американ
ұлтының дамуында аса маңызды
кезеңдердің бірі болып табылды.[19]
Шын мәнінде, АҚШ-тың құрылуы
революциялық сипатта болды. АҚШ
жаңа замандағы алғашқы демократиялық
республика болып табылды. Ол
Еуропадағы ағартушылық кезеңіндегі
дүниеге келген саяси идеяларды
шынайы қолданысқа енгізді. Құлдықтың
бірқатар аумақтарда сақталуы, жергілікті
басқару институтының қалдықтары
болып есептелді.
XVIII ғасырдағы Американ революциясының
маңызды сипаты – оның барысындағы
террордың болмауымен де ерекше.
Бірде-бір король губернаторы
жазаланбады, лоялистер АҚШ-тан
өздігінен кетуге мәжбүр болды.
Тәуелсіздік және республика
құру үшін болған күрес әрекеттері
еуропалық монархтарға қорқыныш
тудырған жоқ. Ұлыбританиядан
тыс жерлерде американдықтарға
жақсы ниет көрсетілді. Француздар
мен орыстар американдықтармен алғашқы
болып сауда қатынастарын жүргізді. Жаңа
дәуірде пайда болған тәуелсіз республика,
феодалдық монархиялық Еуропаға ешбір
революциялық сілкініс қауіпін төндірмеді.
Штаттар мүддесіндегі дамудың барлық
амалдарын жүзеге асыруы міндетті болған
жаңа мемлекет үшін ұстаным діңгегі мықты
болуы тиісті еді.
Американ революциясы тамаша
нәтижелі революция болды. Әсіресе
бұл оның аграрлық мәселені
біршама демократиялық сипатта
шешуінен байқалды. «Жалған» рента
төлеу тоқтатылды, жер ұсақ бөліктермен
сатылатын болды. Бұл сату ұсақ
жер иеліктерін көбейтті. Бұл
операцияда жермен алып-сатарлар
пайда болды, олар ірі жерлерді
сатып алып, кейін оны ұсақ
бөліністермен сатып пайда тапты.
Ауыл шаруашылығында капитализмнің
дамуының американдық жолы немесе
фермерлік жолы қалыптасты. Бұл
– революцияның түпкі мақсаты
капитализмді қарыштата дамытуға
қажетті ең негізіг фактор
еді.