Ертегілердің шығу тарихы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 20 Ноября 2015 в 22:03, реферат

Краткое описание

Оның мақсаты – тыңдаушыға ғибрат ұсынумен бірге эстетикалық ләззат беру. Ертегінің атқаратын қызметі кең: ол әрі тәрбиелік, әрі көркем-эстетик. әдеби қазына. ертегінің бүкіл жанрлық ерекшелігі осы екі сипатынан көрінеді. Сондықтан ертегілік прозаның басты міндеті – сюжетті барынша тартымды етіп, көркемдеп, әрлеп баяндау. Демек ертегі шындыққа бағытталмайды, ал ертекші әңгімесін өмірде болған деп дәлелдеуге тырыспайды.Ертегінің композициясы бас қаhарманды дәріптеуге бағындырылады, сөйтіп, ол белгілі бір сұлба бойынша құрылады

Содержание

1.Мақсаты
2.Құрылымы
3.Түрлері
4.Қалыптасу тарихы
5. Қазақ ертегілерінің қалыптасуы
6.Пайдаланған әдебиеттер

Вложенные файлы: 1 файл

ертегилердің шығу тарихы.docx

— 52.26 Кб (Скачать файл)

Салт ертегілері 

Жалпы ертегілер тобында салт ертегілерінің орны өзгеше. Бұлардың арасында феодализм дәуірінің ең ескі болмысынан туған немесе одан арғы тарихтан бұрынғы дәуірлердің елесін беретін ертегілер бар. Және сонымен қатар кешегі-бергі заман болмысынан, шындығынан туған, нақтылы тарихи дәуірлермен нық байланысты көп ертегілер де анық, айқын аңғарылады. Осы ертегі түрінің таптық, қоғамдық мазмұны, идеясы қазақ еңбек елінің тартыс, тағдырының шындығымен байланысқан күйде өткен ғасырдың 60-жылдарында басталатын, реформадан соңғы дәуірдің ертегілерінде ұштасып, жалғасады. 

Салт ертегілерінің қазақ ауыз әдебиетіндегі ірі өзгешелігі, ерекше қасиеті - бұлардың ең зор, ең мол мазмұны еңбек халқының тірлік жағдайынан, ауыр халінен туған. Сол себепті бұл ертегілерде қанаушыларға қарсы арналған еңбек халқының ызасы, таптық жиреніші аса өткір түрде қалыптанады.  

Орыс халқының салт ертегілерінде патшаға, баринге (мырзаға), саудагерге (купецке), попқа қарсы ертегілер мол болғанындай, немесе буряттар сияқты қазақ халқының шаруашылық-қоғамдық жағдайларымен жағдайы ұқсас ұсақ елдердің салт ертегісінде жауыз хандар, шамандар, ламалар жайындағы өткір сынға, жиренішке, сықақ-ажуаға толы ертегілер мол болғанындай, қазақта да осы салт ертегілерінің зор өзгешелігі - сол өзіндегі қанаушылар ортасына аяусыз сын, соққы беруінде. Қазақ ертегілерінде де ханға қарсы, уәзірге қарсы, байға қарсы, қомағай саудагерлерге қарсы, бақсы-балгер, құшнаштарға, сиқыршы молдаларға қарсы туған салт ертегілері, сатиралық ажуа, мысқыл, күлкі әңгімелері көп екенін көреміз. Бұл ертегілерде ұзақ заманның тарихтық-дәуірлік ерекшеліктерін көрсете отыратын жағдайлармен қатар, әр уақытта қанаушы таптар адамдарынан халық адамының ақылы, адамшылығы әлдеқайда зор, жоғары қасиетті боп келеді. 

Салт ертегілерде көбінше күлкі, ажуа, сайқымазақ, сатира тап тартысының құралы есебінде қолданылады. Көп салт ертегілерінде еңбекші шаруаның алдыңғы қатарлы топтарының салт-санасы көрінеді. Бұл ертегілердің осындай тарихтық-қоғамдық өзгеше бағалы мән-мазмұнын ескеруде біз Энгельстің халық кітаптары турасында айтқан келелі пікірін еске аламыз. 

Салт ертегілері - қазақ ертегісінің ең мол түрі. Топталып аталған атынан-ақ бұл ертегілердің тегі, мәні мәлім болғандай. Қиял ертегілері мен хайуанат жайындағы ертегілерден бұл топ мүлде бөлекше, ерекше келеді. Салт ертегіге халық өзінің дүние тануындағы, қоғам тіршілігіндегі, үй тұрмысындағы, бас тірліктегі барлық мұң-мүддесін, тартыс-таласын жиып түйген. Бұл тектес ертегілердің ескісі де көп, бертінде туған жаңасы да мол. Әрине, бұдан да айрықша еске алатын бір жай бар. Ол салт ертегісінің арасына халық шығарған үлгілерден басқа, жат саналы бөтен тап, жау ортаның патриархалдық феодалдық салт-санамен тудырған, таратқан ертегілері де болады. Бұрын-сонды қазақ ертегілерін жинап таратушылар арасында әдейі сондай үлгілерді дәріптей түсіп, молырақ үгіттеген жат саналы байшыл-ұлтшыл зерттеушілер болғаны да бар. Сондықтан енді біз анық халықтық сананы танытатын, еңбек адамының қиялы, еңбек тәжірибесі мен ұғым-нанымын білдіретін ертегілерін талдап бағалаймыз.  

Фольклор қай елде, қай заманда болса да шаруашылық құрылыстың болмысынан және тап тартысының шындығынан туған. Сол тартыстың құралы болудан арылмайды. Тек қана кейбір фольклор түрінде осы шындық, сол болмыс тартыс түйіні теңеу үлгісімен, бейнелеумен көрсетіліп, үстірт қараған көзге айқын көрінбей тұратыны болады. Грек эпосы туралы жазған сөзінде Маркс, орыс ертегісі турасында айтқан пікірінде Ленин - осы көмескі көрінетін болмыс шындығын, таптық сырды тереңдеп ашу, бойлап ұғыну қажет екенін айтады.  

Ал сол ертегінің тап тартысының ертегісі екенін әсіресе нақтылап айыру жолында ауыз әдебиетінің бұл түрінен ең алдымен типтік белгіні ерекше алу керек. Типтік дегеніміз - көркем шығармалардың ішінде белгілі ортаға айрықша тән болған тенденцияны, қасиетті, озғын тенденцияны айрықша бағалауда. Сонда типтік дегеніміз - саны көп немесе статистикалық орташа мөлшер емес, ол алдымен қоғамның өсу перспективасымен, өмірлік тарихтық бағалы сипатымен ерекше болған деп танылуы керек. 

Салт ертегісін тудырып, таратушы қоғамды, ортаны алсақ, мысалы, орыстың еңбекші шаруаларына арнап айтқан пікірлерінде В.И. Ленин ол ортаға ерекше тән тенденция - демократиялық тенденция дейді. В.И. Ленин шаруалар жөнінен жазған сөзінде: "Бұның орасан мол көпшілігінің халі соншалық ауыр. Алпауыттардың жер қожалығы, бұларға көрсететін қысымы соншалық күшті, ал шаруашылық жайлары сорақы күйде нашар, теңсіздік сондай масқаралық халде зор, сондықтан бұл ортада демократиялық көңіл мен талаптар тұрғанда, аңдап болмастай стихиялық, амалсыздық қалпы да туады", - дейді. 

Салт ертегілері қазақта ұшан-теңіз болса да, әлі тегіс жиналған жоқ, ерекше зерттелген де емес. Бірақ бүгін туып отырған көркем прозаның (роман, әңгіменің) мол іргесі, кең қоры осы түрде екенін даусыз дәлелдейтін ауызша айтылған салт романы (халық романы), тарихи ұзақ әңгіме (повесть), тарихтық хроника, ең алғашқы қысқа әңгіме (новелла), қызық құрылысты өткір әңгіме, өсиет әңгіме, күлкі әңгіме, геройлық аңыз, шебер өмірбаяндық әңгімелері, жорық-жортуыл әңгімелері сияқты - құбылысы көп, қиын түйінді, шытырман оқиғалы (приключенческий) әңгімелер - бәрі де осы топтан табылады.

Мұндай алуан түрі, көркі көп халық қорына қарағанда, жазба әдебиеттен бұрын-ақ көркем қара сөз туғызушы атсыз әңгімешілер еңбегімен, қалың халық даналығымен бірге қазақта аса шебер жанрлар (түрлер, үлгі, өрнектер) туып, өсіп қалғанын көреміз.  

Салт ертегілер қазақ фольклорында сан жағынан аса көп болумен қатар, бірнеше айқын түрлерге де бөлінеді. Соның алдымен көзге түсетін түрі - тұрмыс-салт ертектері.  

Жалпы ертегі ішінде салт ертегілер көп болса, соның өз тобындағы ең молы - тұрмыс-салт ертегілері. Бұл ертегінің көптігіне орай тақырыбы да мол. Оның ішіндегі бастыларын санасақ: пайдалы өсиет, ақылды жігіт, ақылды қыз, қиянатшыл жар, өгей шеше қастығы, хан қиянаты, әке мен бала, ағалар мен інілер арасы, тағдыр мен бақ, ұрылар мен аярлар әңгімесі сияқты неше алуан болып шығады. Бұлардың жалпы тобынан туатын идея, қоғамдық салт-сана: үстемдік пен теңсіздікті, зорлық пен қарсылықты, байлық пен кедейлікті, бақ пен сорды, жақсылық пен жамандықты, ақыл мен ақымақтықты қарсы қою түрінде болады. Осы қатарда үй іші тұрмыстың адалдық пен қиянаты, беріктік пен алдасуы да көп ертегінің идеясын ашып отырады. 

Жоғарыда айтылған тақырыптар ретімен қарасақ, пайдалы өсиет жайындағы салт ертегілері өз алдына бір мол әңгімелер болады. "Білгір адам", "Қарттың ұлына өсиеті", "Үш ауыз сөз", "Үш өсиет", "Өнеге", "Алпысқа келгеннен ақыл сұра", "Үш кеңес" деген ертегілердің барлығы осы бір тақырыптың көп түрлі әңгімесі, кең қайталамасы есепті. 

Тұрмыс-салт ертегілерінің тақырып түрлері бұл саналғандармен бітпейді, көп те, кем де келеді. Бірақ осында тексерілген ертегілер арқылы ашылған ерекшеліктер, қоғамдық, сыншылдық сырлар, таптық идеялар, композициялық ерекшеліктер бәрі де тұрмыс-салт ертегісінің байырғы, туынды түрлеріндегі ескілі-жаңалы жалпы бітімді аңғартуға жарайды. 

Салт ертегілері қатарындағы алуаны бөлек бір топ - күлдіргі ертегілер. Бұл ертегілер бала мен үлкенге бірдей ортақ, тапқыр күлкіге, қызықты жеңіл түйіндерге құрылған әңгімелер болады. Алдымен бұндай ертегілердің оқиға ортасында жүретін бас геройының өзі ерекше. Оның бар іс-мінезінен бұрын аты-қалпы, кескін-ұсқыны да күлкі, оқыс келеді. "Ши бұт, қағанақ бас, қыл тамақ'", "Ұр тоқпақ", "Қаңбақ шал", "Байбай шал'", "Айлалы тазша", "Қу тазша", "Тазшаның қырық өтірігі", "Қу бала", "Екі еріншек" деген сияқты болып, ертегінің аты мен адамынан да әңгіменің ойнақы, күлдіргі жаққа қарай бейім тұрғаны мәлім болады. 

Бұл қатарда қазақ халқы айтатын күлдіргі әңгімелер ішінде алдымен аталатын "Алдаркөсе" болуға керек еді. Бірақ ол жайындағы әңгімелер ілгеріде айрықша тексеріледі. 

Жаңағы алғашқы саналған күлдіргі ертектердің өзіне оралсақ, ең алдымен олар жайында байқалатын бір өзгешелік, көбіне ортақ бір сипат осы. Күлкі оқыстан туған, келте қайырылған тар жердің тәсілі, ұйқы-тұйқысы тәрізді болады. Оқиғалы тартысы күлкі болғандай, ойда жоқ күлкі хал көп қимыл-әрекеттер туғыза келіп, бірінің үстіне бірі қат-қабаттап үйіле, жұмарлана түссе, сонда күлкі әңгіме жетісе түсіп, күлкісі, қызығы үдей береді.  

Күлдіргі әңгіме, тегінде, анық шебер құрылса, осындайлық көпке мәлім, көпке қанық жайдан алыну керек. Ол үшін күлкілік хал барлық жұрт білетін көптің көз алдындағы табиғат ішінен алынатыны - халық күлкісінің бір ерекшелігі, даналығы. 

Қазақтағы күлдіргі ертегінің осы алуандас бір мысалы - "Ши бұт, қағанақ бас, қыл тамақ". Онда да адам өрескел кескінде болғанмен, тағдыры табиғат көрінісімен байланыстыра алынған. Бұты шидей, басы қуық қағанақтай, тамағы қылдай кісілер әңгіменің басынан-ақ оқшау тұрпатымен көпке күлкі болып тұрады. Олардың өрескел кейпіне қарай ісі мен өлімі де күлкі, оқыс болады. 

Әңгіме өте қысқа, сол қысқалығы да мазмұнынан туған соншалық түсінікті, заңды тұр. Атына затын сай келтіретін күлдіргі ертегінің бір тарауы қайшы халге, контрастқа құрылады. "Қаңбақ шал", "Байбай шал", "Шал сияз" сияқты ертегілерде шалдың қарттық себебіндегі әлсіздігі алынса, сонымен қатар тапқыр, айлакер, қулығы алынады. Әрі әлсіз, әрі өзі ақылды, сол ақылдылығымен мықты болған қайшылық күйі бұл алуандас әңгімені де өткір күлкі етіп шығарады.  

Қаңбақтай қураған шалға алып дәумен шайқасуға тура келеді. Қаңбақтай шал дәуден күш асырған болып, жердің ішегін теуіп шығарады. Түлкіні алдайды. Үш дәу бірігіп көп алыспақ болғанда, "жоғарғы дәудің басын ас, төменгі дәудің төсін ас, ортаншы дәудің өзін ас" деп айламен үркітіп, қу болып саналады. Қаңбақ шал қысылған шағында айла мен өтірікті еппен құрал етеді. Мұндайлық өтірікке құрылған әңгіменің сөз кестесі де соған бейім, сай келеді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. “ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық  анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.»  ЖШС, 2010 жыл.

2. “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор  Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ  энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998


Информация о работе Ертегілердің шығу тарихы