Автор работы: Пользователь скрыл имя, 11 Апреля 2014 в 18:54, дипломная работа
Шығармашылықтағы тартыс пен мінез мәселесі қазіргі таңда прозалық және драмалық шығармаларда тереңінен талданғанмен лирикалық туындыларда жүйелі түрде қарастырылмай келеді. Қазіргі қазақ лирикасының даму сипатында мінез (характер) және тартыс(конфликт) мәселесінің әдебиет теориясының негізгі нысанасына ілінуі кезек күттірмейтін мәселе. Лирикалық кейіпкердің жан әлемін ашуға қызмет ететін, шығармашылыққа соны серпін беретін мінез бен тартысты нысанаға алу лирикалық туындыларға жаңа қырынан қарауға мүмкіндік береді.
Ақынның қоғамдағы биік қызметі, ең алдымен, ақын мінезіне, оның еңбегінің халықтық сипатына байланысты. Ол бойына халықтың жақсы арман-тілегін жинап сыйғыза алады. Өйткені ақында жақсыны сүйетін жүрек бар, жақсылыққа қуана алатын бай сезім бар.
Ақын болмашы нәрсеге күйінеді, тарылады. Оның көңілі нәзік, кейде сол көңіл күйін бөлісер адам таппай, бар құпиясын өлеңіне төгеді. Ақкөңіл, адал, сезімтал, сенгіш жанның налығыш, шағынған тұстары да қызық.
Сенетін едім ініге, үлкен ағаға,
Сенетін едім биік тауларға, далаға.
Сүйетін едім өзендерімді елжіреп,
Сондай бір жанды ренжітуге бола ма?
Көктемде шие, гүлдерін ашса долана,
Ұқсап мен кетем кәдімгі титтей балаға.
Қайта-қайта барамын туған далама,
Сөйткен бір жанға ғайбат айтуға бола ма?
Теңізге түссем, көп сендім құмды жағаға,
Толқынға сендім ұқсаған асыл анама.
Жарыма сендім жалт берер мінез таба алмай,
Сенген бір жанды алдап кетуге бола ма? [15, Б.179].
Тұманбай Молдағалиев - жаны дарқан, досы көп адам. Ол кешегі кеңес қоғамында туып, тәрбие алды. Біртұтас одаққа біріккен халықтардың бәрін де туыс тұтты. Адамдарымен, ақындарымен араласты. Елін, жерін көрді. Кейінгі жылдары дүниежүзі елдерін аралады. Олардың бәрі ақын сезімін қозғап, өлең болып туды. Оның «Қырғыз әуендері», «Қырым дәптері», «Саха дәптері», «Швеция сапары», «Италия жырлары», т.б. циклдік жырларында адамның бауырмалдық сезімі әртүрлі өмір фактілері негізінде ойлы жырланады. Оның жырларының көбі жарқын суретке адамдық сезімге бай.
Жығысқан емес толқын мен толқын күресіп,
Толқынды көріп, көңілім кетті-ау бір өсіп.
Жел үні келді көктемді маған хабарлап,
Еріді қарлар кеудемде жатқан сіресіп.
Соңғы бір кезде ауырлап еді бойым да,
Бақытқа деген кеткендей еді тойым да.
Теңізді көріп, теңселіп кеттім мен тағы,
Кішіре қалды тәкаппар тентек ойым да. [15, Б.312].
Ақындық пафостың биіктігі, ақын көңілінің алабұртып теңізбен жүздесуі оның жанындағы қандай құпиясын қозғағаны бірден көрінбей ме?
Тағы да жағаңа кеп тұрдым қарап,
Кеудеңнен көтерілді күй домалап.
Ұстатпай желге, күнге, сәулелерге,
Алыстап бара жатты ақ арғымақ. [15, Б.313].
Ақында ақындық, жауапкершілік күшті. Ол ылғи Абаймен сырласып отырады.
Отырғанда бабымда,
Жыр жаңбырын төгіп-төгіп түнімен,
Өзіме өзім күдіктенген шағымда
Абайыма үңілем.
Өз бабымда
Тоқтау білмес Тұманбайдың құнаны.
Қайда шауып, қай қияны шалмайын,
Абай қарап тұрады [15, Б.318].
дейді ол.
Ақын Мағжанды да ұстаз тұтады. Тұманбайдың бала кезінде-ақ біздің қоғамнан аластатылып, көзі жойылған Мағжан шығармаларын ол оқи да алған жоқ. Бірақ ақындық рух, өлеңдегі сезім байлығы жағынан, Мағжанға ең жақын адам – Тұманбай Молдағалиев. Мағжан ақталғаннан кейінгі бір өлеңінде Тұманбай ақын былай деген:
Анау биік, анау шың, анау ойпаң,
Бүгін саған қарайды жаутаң-жаутаң.
Әбділда мен Қасымда бар едің сен,
Сені оқымай өстім деп қалай айтам.
Ақын туындыларының уақыт сынына төтеп берерлік бүкіл ұлттық, адамзаттық мазмұн-тақырыбын, тіл құнарлығы мен ой тереңдігін, сөз қолдану шеберлігін басты ереешелігіт деп айтлуға болар. Өйткені ақынның нағыз өзіндік бет-бағдары мен айырым қырлары осы маңайдан табылмақ. Тәңғірдей таланттының, дарын табиғатының көрінісі, осы бұлақтай мөлдір поэзиясынан көрінетіні анық. Ой, қиял ұшқырлығы, сөз кестесінің әрқилылығы, сан айшықты болып келуі мүлде болек жайлар. Оның сол шығармашылығына, яғни романтикалық өршілдік, махаббат, сүйініш, арман, мақсат, үміт жатады.
Ақын рухын көтерер, оның ойын марқайтып,жанына азық берер өмір десек, Тұманбай жырлары сол өмірдің алуан түрлі сырын, ондағы өзгерістерді шынайы бейнелейді.Ол өзгерістердің негізгі куәгері болып, ақын сол қаһарманының тағдыры тұрады. Мұндайда ақын сол қаһарманының ішкі толғанысына үңіледі.Оның өлеңдерінде өмір сабағының ғибраты мол болатыны да сондықтан.
Тұманбай арнау өлеңдерді көп жазды. Мұны ақын бойына мін деп қарайтындар да бар.
Тұманбай Молдағалиевтің өлеңдерін оқи отырып, тылсым буғандай әсерге енесің, таң қаларлық күй кешесің, ойлар мен толғамдардың терең тұңғиығына сүңгіп, әсем суреттер дүниесіне кіресің. Не суық, не жылы, әлде жарық, әлде көмескі сезімнен хабар беретін алуан бояудың сырларына қанығып, ақынның құдіретті шеберлігін танисың.
2.3. Тұманбай Молдағаливтің ұлттық рухтағы эпикалық шеберлігі
Адамның рухани болмысын, сезім дүниесін лирикада шыншыл бейнелеуші, танымал эпик ақындарымыздың бірі - Тұманбай Молдағалиев. Ақын жайлы академик С.Қирабаев мынадай пікір айтады: «Бір кездерде, жеке адамға табыну тұсында, өлеңді тек саясатқа құрып, науқандық істерғе үгіт есебінде көбірек пайдаланғанымыз бүгін жасырын емес. Адамның ішкі сезім күйіне, махаббат тақырыбына аракідік болса да барған ақындарымыздың төбесінен жұдырық кетпеді. Осыдан барып шын лирика, адамның рухани тіршілігін, жеке басының қуаныш-сүйінішін, сүйіспеншілік сезімдерін, туған табиғатымен сырластығын жан-жақты бейнелейтін туындылар тым азайып кетті. Адам еркін тежеген, ойындағыңды еркін, ашып айта алмайтын осы бір тұсаудан бізді партиямыздың XX съезі ғана құтқарды. Тұманбай Молдағалиев осы бір тұста әдебиетке келді де, өзінен бұрынғы ұрпақтың бойына сіңген тежеуге ілікпей, адам ырқына ғана тән еркін ойды, ашық, бүкпесіз ойды айтты». Ақынның шығармашылығына тән ерекшеліктің бірі де осы - оның туындыларында адамның ішкі жан дүниесі, тебіренісінің айқын көрініс табуы дер едік. Сондай-ақ, эпик ақынның поэмаларына тән қасиет поэтикалық өрнекпен өмірдің шыншыл болмысының өзара үндестік табуы. Т.Молдағалиевтың кейбір эпикалық туындыларының тағы да бір сипаты поэманың өн бойында ақын – кейіпкер.
«Әкемменен әңгімелесу» поэмасы - майданға аттанған әкенің әрбір сөзі, қылығы санасында сәулеленген перзенттің ішкі сыры. Ауыр мұң мен ойлы сезімталдықтың жаршысы бола білген ақын көңілі. «Өміріңнің бұлт кезін көріп едім, өміріңнің көргем жоқ той кезін мен» дейді. Поэманың «Жоғалған домбыра» бөлімінде иесіз қалып жоғалған домбыраны қаралы аруға теңейді.
Домбырадан мен сөйтіп қашық қалдым,
Ұқтым бірақ жан сырын ғашықтардың.
Мен көңілім күйлерін ақ қағазға,
Айнытпастан түсіріп машықтандым...
Тірі болсаң, жан әке, менде мүмкін
Домбырашы жігіт боп өсер ме едім[15, Б.318]..
Соғыс салған ауыр жараны жүрегіне арқалаған жастың мұнды, сағынышты кейпі, «балалығы жас болып еріп кеткен, аналардың жылаған көздерінде», алғы күннен бақыт күткен, тағдыр тезіне ішкі дүниесі шындалған бейнесі көз алдыңа елестейді.
Қияларды жүр асыл құсмекендеп,
Тілейміз ғой биікке ұшса екен, - деп!
әке арманын, еңселі кейпін есіне алған, сол бір ой-дүниесіндегі асқақ тұлғаның ұрпағына мирас еткен тілегін жырлаған ақын:
Өмір деген бір бұлақ сарқылмайтын
Толғанбайтын күнім жоқ, шарқ ұрмайтын.
Менен кейін, ұлың бар, немерең бар,
Әз атыңды жалау қып жарқылдайтын, -[15, Б.318]..
дейді шабыттана.
Әке орнын жоқтаған, сағынышпен қиялында бір көруді аңсаған ақын тебіренісі де әсерлі:
Көшелерден қарадым, метродан,
Арасында болмадың нөпір адам.
Сенің атың кездесіп қалама деп,
Кітабым аз бұл күнде оқымаған.
Күтіп жүрмін кездесер кезегімді,
Қаламаймын тез гүлдеп, тез өлуді.
Бейіттерден мен сені іздегем жоқ,
Өлген батыр өртер деп өзегімді-[15, Б.345].
Шығармада адам тағдыры лирикалық толғаныс арқылы шебер пайымдайды. Ішкі дүниенің сыртқы шындық өмірмен астасуын, жанды байланысын аңғарамыз.
Эпик ақынның «Атанбай ата» атты поэмасы — аңыз ізімен жазылған ғибраты мол шығарма. Бабасына арнаған осы бір жырда ақын сыр толғайды. Бабасы Атанбай Шапыраштының датқасы, батыр болған кісі. Оның қадір-қасиеті, кісілік қелбеті туралы ақынға сөз берсек:
Куә болсын ендігәрі осы жыр
Саған деген елдің махаббатына.
Абыройлы, ауыр ойлы, қарт бабам,
Жан екенсің еліңе есік жаппаған.
Туын ұстап Есқожаның ежелгі
Қарсы шапқан қалың жауға қаптаған.
Шығармада айтылар ой ақын санасында сақталған аңыздың төркінінен өрбиді. Жасы келген Атанбай қарт датқалықтан бас тартып, ел билігі Екейдің қолына өтеді. Өмірдің ақиқат шындығы алдыңнан көлбеңдейді.
Кеше бура, бүгін жуас ботасың,
Көзіңді де көрінгенге сатасың.
Кеше ғана қолыңа су құйғыштар
Бүгін саған көрсетеді жотасын. -[15, Б.345].
Алатаудың нулы етегіндегі жайлауға Екей еге болып, Атанбай қарт елін Албан жеріне көшіріп, жайлы қоныс алып береді.
Жылдар өтеді. Шығарма түйініңде парықсыздық көрініс беріп, адамгершілік мәселесі көтеріледі. Күш-қайратын ел игілігі үшін жұмсаған қартқа өз елі опасыздық танытады. Бүкіл Қошқар жайлауға көшіп, «өмірінің кешінде» Атанбай қарт жалғыз қалады. Қараша үйде жүзінен торығу мен зарығу сезілген шал жатады.
Әмір жолы - айқыш-ұйқыш, ой-қыр-ау,
Уақыт деген терең теңіз жойқын-ау.
Кеше ғана осы шалсыз бұл ауыл
Ас ішпейтін сыяқты еді-ау, ойпыр-ау.. [15, Б.345].
Қарттың демі үзілген шақта туыстары топырақ салысуға да жарамапты. Ащы шындық имандылыққа шақырады. Ақын адамгершілік тұрғысынан түйін түйеді. Ақиқат өмірде бұл іспетті жайлар аз емес, тұғырында тұрғанда кісінің алдында жорғалап, ердің басынан бақ тайған шақта сырт айналар рухани болмысы кемтарлар көп. Ақын өмірдің өзінен боямасыз шындықты туындысына арқау ете отырып, адамдық қасиет, ізгілікке жетелегендей. Поэмадағы көркемдік сипатты ерекшелендіріп тұрған тіл өрнектері де ақынның эстетикалық талғамын танытады. Мәселен, «Билік деген шалдуаз ғой антұрған», «Жері тардың - көңілі тар», «Ер – ез ғой, ыстық жасқа толса етегі»... «Атанбай ата» поэмасы – аңыздық оқиғаны көркемдік шешіммен жырлаған әдеби шығарма.
Тұманбай ағаның жоғарыда аталып өткен екі эпикалық туындысының алғашқысында лирикалық кейіпкердің жан дүниесінің иірімдері, сырлары ашылған. Тұманбай аға - сезім жаршысы бола білген ақын. Ақиық ақын Мұқағали аға былай деген екен: «Тұманбайдың лирикалық кейіпкерінің жүрегі - қылау түсе қоймаған сәбидің мінезіндей...»
2.4Тұманбай поэзиясы ‒ толысқан дәуірінде
Тұманбай Молдағалиев ‒ негізінде ХХ ғасырдың 60 жылдарының поэзиясына ерекше жастық күш-жігер, ұлы екпін, талантпен кіріп келіп, соңынан қаламы кем-кемнен ұшталып, оның поэтикалық пікір дүниесінде өмір толғаныстары да барынша тереңге тартып, оның үстіне өлең-жырды өрнектеуге ақындық шабыты да шарықтаған кісі.
Біз мұны талантты қаламгердің кейінгі екі томдығынан (Алматы, «Балауса», 1995) көреміз. Оларда «Студент дәптері», «Жас қанат», «Көктем таңы», «Алатау қызы», «Зулайды күндер», «Жүрегім менің сапарда», «Жаңа дәптер», «Ескерткіш», «Шақырады жаз мені», «Жүректегі жазулар» сияқты жыр жинақарынан таңдап алынған циклдері бар. Ақын мұнда өзінің де, лирикалық қаһарманның да, көңіл кеңдігін, әдеби қаһарманның ішкі сырларын, жеке психологиясын, жоғары патриотизмін, күрескерлікті, шығармашылық психологияның ерекшеліктерін, өмір жайындағы терең философиясын, ерекше драматизмге толы толғаныстарын жайып салады. Әсіресе, балалықты, жастықты сағыну, махаббатты қадірлеу, жоғары эстетикалық талғам, сезімталдық бұл жинақтарда ерекше көзге түседі.
Ерекше атап өткіміз келген бір нәрсе ‒ ақынның қаламы қарымданып, толысқан шағында, ол көбіне жалпы дүние, адам өмірінің мазмұны, өмір диалектикасы жайында өзінің ақиқат реализмін, трагизм мен драматизмге толы өмірді көруге, жырлауға құштарлық көрсетуі.
Бұл арқылы Тұманбай өз оқушыларын терең ойға тартып, ізіне ертіп, ақыл-парасатқа сілтеп, гуманизмге шақырады. Жоғарыдағы ойлардың өлең жолдарына айналған ақынды оқып көрейік:
Үлкен сыйлау ‒ жасымнан маған әдет,
Сәлем берем қарт ата, анаға кеп.
Сәлем берем осынау қарияға,
Көрмей кетсем, өкпелеп қалма деп.
...Менің жігіт шағыма қызыққандай,
Тұрады ол соңымнан ұзақ қарап [15, Б.104].
Осы пікірлердің жалпы халықтық педагогика мен этикалық нормаларға тіркесіп кететін жайлары бар. Бұған поэтикалық күш қосу үшін Тұманбай тағы былай дейді:
Желдей зулап жас өмір өтетіндей,
Маған сыйлап таяқты кететіндей.
Соңыма мен бұрылмай тарта берем,
Мені қуып сол қарттық жететіндей[15, Б.104].
Міне, жеңіл юмор болумен бірге, барлығын тұтас алғанда, өмірдің толық суреті көзге елестейтіндей сурет емес пе бұл? Ақындық мәдениет пен шеберлік дегеніміз осы екеуінің бірігіп кетуінен көрінеді, өйткені идея дұрыс болса, өткір келсе, поэтикалық ой объективті келсе, айтылған идея негіз таппай ма?! Осылардың барлығы Тұманбай жырларынан табылады:
Адам жанған сексеуілге ұқсайды,
Бар қызуын беріп барып сөнеді.
Күз келсе де көнеді,
Қыс келсе де көнеді,
Бар қызуын беріп барып сөнеді.
Адам теңіз толқынға ұқсайды,
Құшақтасып жатады,
Қуанышқа батады.
Сөйте тұра әттең-ай,
Бірін-бірі сатады[15, Б.104].
Өлең жолдарындағы салыстырулардың шындығы мен салмағы да басым, олар орынды, сондай-ақ ақын шумақтарындағы адамзаттың кейбір кемшіліктері де дұрыс. Әрі қарай поэтикалық ойды өрістетіп, реализмін көтеріп, өлеңдегі ойды күшейте түскен:
Сол адамның бірі – мен,
Көп нәрсеге сүйенем,
Көп нәрседен түңілем.
Сәл кішіге шалқайып,
Сәл үлкенге жүгінем! [15, Б.104].
Ойдың өрістеуіне қараңыз... Міне, Тұманбайдың лирикалық қаһарманы осындай! Шындықты сүйеді, расын айтады, кейде өз қателігін де басқадан бұрын көріп, оны басқалардан кездестірмеуге талап қылады.
Бұл – әрине, поэзия мен әдебиеттегі дұрыс тенденция. Ал, біздің көп кейіпкеріміз кейде тіпті кездеспейді, кейде қара жағылып, бас көтермей қалып жатады. Ол енді ескі Кеңес кезеңінен қалған әдет! Осыдан арылып, шынын айтып үйренейік те!