Автор работы: Пользователь скрыл имя, 26 Марта 2015 в 20:22, курсовая работа
Қазақ халық педагогикасында оқушыларды еңбекке тәрбиелеудің әлеуметтік-экономикалық алғышарттарын айқындау үшін, біз қазақ халқының шаруашылығының даму тарихына шолу жасаудан бастағанды жөн көрдік.
І. Кіріспе
Еңбек пәні туралы түсінік
ІІ. Негізгі бөлім
1) Теориялық бөлім
A. Қазақ халық педагогикасында оқушыларды еңбекке тәрбиелеудің тарихи және әлеуметтік-экономикалық алғышарттары
B. Қазақ халық педагогикасы идеяларының бүгінгі еңбек тәрбиесіндегі көрінісі
C. Оқушыларды еңбекке тәрбиелеудегі қазақ халқының моральдық-этикалық көзқарастары
2) Практикалық бөлім
ІІІ. Қорытынды
IV. Пайдаланылған әдебиеттер
• еңбекке оқыту барысындағы нақты мүмкіншілік пен демеуші демократиялық қатынастың жоқтығы, оның мазмұны мен түрлерінің және іске асыру әдістерінің жеткіліксіздігі;
• оқушылардың өздерін әр түрлі шығармашылық әрекетте сынау талабы мен оны қазіргі оқу-өндіріс құрылымында іске асыру мүмкіншілігінің
жоқтығы, еңбекке оқытудағы көшірмешілік (репродуктивтік) сипат пен үйірмелік жұмыстың алшақтығы;
• оқушы жастардың субъективті түрде мамандық таңдау талабы мен қоғамның кадр жағынан объективті қажеттілігі арасындағы алшақтық;
• көптеген мамандықтар бойынша істелетін жұмыстың күрделенуі және сол мамандықтар бойынша мектепте оқуға жағдайдың жоқтығы;
• оқушылардың таңдаған мамандығы бойынша іс жүзінде өз мүмкіншілігін байқау талабы мен жалпы білім беретін мектептердегі оған қажетті мүмкіндіктің жоқтығы.
Жоғарыда аталған кемшіліктер мен қарама-қайшылықтарды шешу үшін тұжырымдамада Қазақстан Республикасының егемендік алуы, нарықтық экономикаға көшуімен байланысты болып жатқан өзекті өзгерістерге сай оқушы жастардың еңбекке дайындығын теңдесі жоқ биіктікке көтеру талап етілді. Бәсекелік механизміне негізделген нарық еңбек адамына ерекше іскерлік, шеберлік, белсенділік пен істегі тәртіптілік, жауапкершілік, екпінді еңбекке жарамдылық, т.б. белсенді іс-әрекетке дайындық сияқты өте жоғары талаптар қояды. Еңбекке даярлау, оқыту мен тәрбиелеу жүйесі, тек бүгінгі талапқа сай, жаңа экономикалық жағдайда жаңа еңбек адамының тұлғасын қалыптастыруға арналған біртұтас Тұжырымдама негізінде ғана іске асырыла алатындығы айқындалды. Тұжырымдамада оқушыларды еңбекке даярлау мынадай құрама бөліктерден тұратындығы белгіленді:
• оқу еңбегі;
• еңбек сабағы оқу пәні қатарында;
• кәсіптік оқу;
• қоғамға пайдалы өнімді еңбек;
• сабақтан, мектептен тыс түрлі еңбек әрекеттері;
• кәсіптік бағдар беру.
Балалар мен жасөспірімдерді еңбекке даярлау ісі жасына, өзіндік мүмкіншілігіне, психикалық өрісіне және әлеуметтік мәртебесіне сай көпсалалы бағытта құрылып, мына талаптарға жауап беруі керектігі анықталды:
• еңбекқорлыққа, еңбекті қажеттілік ретінде танып, оған саналы және шығармашылдық тұрғысынан қарауды тәрбиелеу;
• оқушылардың еңбекке қажет психофизикалық мүмкіншілігін, жалпы және арнайы қабілетін өрістету;
• балаларды шамасына сай еңбекке қосып, оларға жалпы адамшылдық, имандылық қазынасының есігін ашу;
• жаңа экономикалық білім беру, жаңа экономикалық ой қалыптастыру.
Еңбекке даярлаудың жаңарған түрі төмендегі шарттарды орындауға тиістілігі белгіленді:
• әр оқушының өз қалауына, мүмкіншілігіне, икеміне сай кәсіпке орнығуына бағытталған еңбек пәнінің өскелеңдігін қамтамасыз ету;
• оның мазмұнын жетілдіру;
• оқу бағдарламаларына икемді құрылым енгізу, осы мақсатта оларға вариативті түр беріп, жергіліктік, аумақтық, ұлттық ерекшелік, өндірістік қоршау, оқушылар контингентінің сипаты сияқты жәйттерді ескеру;
• қосалқы экономикалық дайындықпен байланысты күшейту;
• бағдарламаларға менеджмент элементтерін, маркетинг, дизайн, халық кәсібін, фермерлікті, үй шаруасын басқару, экология, тағы басқа тіршілік әрекеттерін енгізу;
• оқушыларға техникадан және түрлі заттар өңдеу технологиясынан, адамзат қоғамының басқа да тіршілік қажеттіліктерінен оларды қызықтыратын қосымша мағлұматтар беру;
• мектептердің өндіріс орындарымен экономикалық әріптестік негізінде жаңа арақатынасқа көшуіне жетекшілік ету.
Сонымен қатар оқушыларды еңбекке даярлауды ұйымдастыру құрылымы мына принциптерге негізделетіндігі айқындалды:
• еңбекке оқыту мен тәрбиелеу ісінің барлық сатыда біртұтастығы мен өзара байланыстылығы;
• оқу-тәрбие жүйесінің мақсаты, мазмұны, оқыту әдісі, амал мен ұйымдастыру түрлерінің оқу кезеңінің барлық сатысындағы өзара сабақтастығы;
• ұлттық дәстүрлерді, аймақ ерекшеліктерін қамти алатын өсіңкі білім құрылымының әртүрлі болуы;
• еңбекке оқыту мен тәрбиелеу ісін адамның жас мөлшеріне,
психофизикалық ерекшеліктеріне, қоғамның бүгінгі таңдағы және болашақтағы сұрамына сай, әркімнің шығармашылық талабының өсіп өркендеуіне, өмірде тұрақтануына бейімдеу. Жалпы еңбекке, кәсіпке оқыту мазмұны мына типті жүйелі құрылымдарда іске асырылады делінген:
1. І–IV және V–XI сыныптарға арналған оқу шеберханалары.
2. Мектеп және мектепаралық оқу-өндірістік шеберханалары.
3. Еңбекке оқытып, кәсіптік бағдар беретін мектепаралық оқу-өндіріс комбинаттары.
4. Мектеп зауыты.
5. Өндірістегі оқу цехтары мен бөлімшелері.
6. Ауыл оқушыларын еңбекке
баулитын, шаруашылық базасында
ұйымдасқан оқу-өндіріс
7. Мектептің оқу-өндіріс шаруашылығы, оқушылар кооперативі, шағын кәсіпорын, т.б. шаруашылық есептегі оқушылар бірлестігі.
Тұжырымдамада еңбекке оқыту мен тәрбиелеуге байланысты қарастырылған мәселелерді төмендегіше таратып айтуға болады. Білім беру жүйесіндегі аталған оқу-өндіріс орындарында еңбекке оқыту мазмұны жағынан 50-60 пайызға үлгі бағдарламамен анықталып, қалғаны оқытушының ұлттық, аймақтық, жергілікті ерекшеліктерін ескеріп, оқушылардың және олардың ата-аналарының талаптарына көңіл бөле отырып орындайтын шығармашылық әрекетіне беріледі. Тәжірибелі маман оқытушыларға үлгі бағдарламаға сүйене отырып, өз қалауынша бағдарлама дайындап іске қосуына құқық беріледі. Осыған байланысты еңбекке оқыту мен тәрбиелеуде барлық мектептер үшін оқу жоспарына міндетті түрде енетін пән және оқыту бағдарламасының құрылымы жеке адамның өсіп-жетілуі, оның нарықтық экономика жағдайында тіршілік етуіне бағытталады. Сонымен қатар оқыту, тәрбиелеу үдерісінің барлық сатысында ұлттық тұрғыда еңбекке оқыту мен тәрбиелеу ісіне жағдай жасалғандығы байқалады. Мысалы, бірінші сатыда (І–ІІІ сыныптар) оқушылар өз жастарына лайық, қажетті әр түрлі заттармен қол жұмысын істеуге, көкөніс өндіріп, өсіруге үйренеді. Бұл сыныптарда технология сабағы өзге білім негіздерімен біріктіріліп өткізіледі. Бастауыш сынып оқушылары мектептің жер бөлімшесінде тәжірибе жұмысын жүргізу, тұрмысқа, үй шаруасына қажет еңбек ету, табиғи заттармен жұмыс істеуге машықтанады.
C. Оқушыларды еңбекке
тәрбиелеудегі қазақ халқының
моральдық-этикалық
Еңбек тәрбиесінің әлеуметтік-экономикалық мәселелері адамзат қоғамының барлық даму сатысында зерттеу нысанасы болып отырды. Алайда жазу-сызуды білмеген, ғылым мен мәдениеттен мешеу дәуірдің өзінде де, балаларды еңбекке тәрбиелеу отбасы, тайпа мүшелерінің ортақ ісі болған. Демек, адамның өз ұрпағын еңбекке қоғамдық өмірге икемдеп үйретуі адамзат қоғамымен бірге жасасып келе жатқан тарихи процесс. Сондай-ақ әрбір халықтың ұрпақ тәрбиелеудегі көптеген ғасырларға ұласқан өзіндік тарихи тағылымы мен ой-пікірлері, ғылыми-танымдық идеялары да бар. Қазақ халқының еңбек тәрбиесі туралы тәлімдік ой-пікірлері сонау VII–VIII ғасырлардағы Орхон-Енисей түркі жазба ескерткіштері мен Қорқыт ата тағылымдарынан бастау алады. Бұрын Орхон-Енисей ескерткіштері әдебиет тарихынан белгілі болса, бүгінде егемендіктің нәтижесінде оны көзбен көруге мүмкіндік алдық. Бұл жөнінде ҚР Философия және саясаттану институтының директоры, философия ғылымының докторы, профессор Ә.Нысанбаев былай деді: «Жақында тек қазақ мәдениеті тарихында қалатын ұмытылмас оқиға болды. Қазақстан Рсепубликасы Үкіметінің өкілдері монғол елінің басшыларымен келіссөз жүргізіп, Орхон өзенінің бойында бұдан 1300 жыл бұрын ұлы бабаларымыз тасқа қашап жазған «Күлтегін», «Білге Қаған», «Тоныкөк» жырларының көшірмесін олардың тікелей мұрагерлерінің ата жұртына алдырды. Демек, біз заттай айғақ арқылы өз мәдениетіміз бен дүниетанымымыздың тамыры тым тереңде жатқанын, елдік дәстүріміз бен рухани бітіміміздің қайнар бастауы берік екенін өзіміз де түсінетін, өзгеге де ұқтыратын халге жеттік» . Ал, енді осы тастағы жазулардың мазмұнына үңілсек, онда: «егер сен, түркі халқы, өз қағаныңнан, өз бектеріңнен, өз Отаныңнан жырақ кетпей, бірге жүрсең, сен өзің де бақытты өмір сүресің, өзіңнің отбасыңда болсаң, еш нәрседен мұқтаждық көрмейсің, құлақ қойып тыңдаңыздар, тереңнен ойланып-толғаныңыздар! Менің ағам мені адам етті», – деп жазылған. Бұл жолдар қоғамдық өмірде адамдардың ынтымақтастық пен береке-бірлікте өмір сүріп, бірлесе еңбек етуінің арқасында ізгі мұраттарға жететіндігін баяндайды. «Орхон-Енисей» жазба ескерткіштерінен кейінгі еңбек тәрбиесі туралы тағылымдық ой-пікірлер Қорқыт баба мұрасында көрініс тапты. Қорқыттың тағылымы мол поэзиялық шумақтарынан көшпелі тайпалардың тұрмысы мен әдет-ғұрпын, тәлім-тәрбиелік даналық ойларын көптеп кездестіреміз. Қорқыт баба нақыл сөздерінде «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Ондай бала ел басын құрап, үйінен дәм беруге жарамайды. Ақылсыз балаға ата дәулетінен қайран жоқ. Ер жігітке қара таудай мал бітсе, жияр, көбейтер, талап етер, бірақ несібесінен артығын жемес», – деп отбасындағы қыз бала мен ер баланы еңбекке баулуда ата-ананың үлкен рөлі атқаратынын айтады. Халқымыз бұл пікірді өрбіте отырып, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Баланың ұяты әкеге, қздың ұяты шешеге», «Ана көрген тон пішер, ата көрген оқ жонар», – деп ой түйіндеген . Еңбек тәрбиесі жайлы ой-пікірлерін ұлы ойшыл әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайындағы» трактатында баяндайды. Ол қала адамдарының әр түрлі топтарын қайырымды, қайырымсыз қала тұрғындары деп бөліп, оларға талдау жасайды. Онда жекеленген топтардың әлеуметтік жағдайын, қандай кәсіппен айналысатындығын, тұрмыс салтын, өмір сүру ерекшеліктерін, оларға тиісті құндылықтарды айқындау мақсатында «ізгі қаланың» тұрғындары, «надан қаланың» тұрғындары деп бөліп қарастырады. Ізгі қала тұрғындары тату-тәтті өмір сүріп, ғылым мен білімді дамытып, көркею жолымен бақытқа жеткілері келетінін, ал надан қаланың тұрғындары халықты алдап, неше түрлі қулық-сұмдық істер жасау арқылы бақытқа жетуді аңсайтындығын айтады. Надан қала тұрғындарының өзін опасыздар пен бақытсыздар, атаққұмарлар мен билікқұмарлар және бетімен кеткендер деп бірнеше топқа жіктейді. Мәселен, «қажеттілік тобының тұрғындарын феодалдар мен қала әкімдерінің қанауына түскен кедей шаруалар мен қала кедейлері. Олар ауыл шаруашылығы жұмыстарының әр түрлі саласымен, аң аулау, қолөнері, т.б. еңбек түрлерімен шұғылданады, өте еңбеккер келеді, тек өздеріне керекті, пайдалы нәрсені ғана өндіруге ғана тырысады (тамақ, киім т.б.) және еңбек үстінде бір-біріне көмектесіп ынтымақтасып отырады», – дейді. Міне, бұдан топтасу адамдардың жай біріге салуынан емес, олардың өмір сүру қажеттілігінен туындайтындығын көруге болады. Сондай-ақ әл-Фарабидің педагогикалық жүйесінде тәрбие мен тәлім, білім мәселелері бір-бірімен органикалық, диалектикалық байланыста қарастырылды. Әл-Фараби де Аристотель сияқты адамды қоғамдық жан деп қарап, өзінің бүкіл педагогикалық, этикалық және басқа гуманитарлық көзқарастарында осы қағиданы басшылыққа алады. «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактатының бір тарауында адамзаттың өзара бірлестік пен өзара көмекке зәрулігі туралы әл-Фараби былай деп жазады: «Жаратылысында әрбір адамға өз тіршілігі үшін және ең жоғары кемелділік дәрежесіне жету үшін көп нәрсе керек, ол мұны өзі жалғыз жүріп таба алмайды және бұған жету үшін ол қандай да бір адам қауымын қажет етеді, осы қауымдағы адамдардың әрқайсысы оған қажетті нәрселердің жалпы жиынтығынан қандай да бір затты тауып беріп отырады. Оның бер жағында әрбір адам өзінен басқа екінші адам жөнінде де нақ осындай күйге түседі. Міне, сондықтан да бір-біріне көмектесіп отыратын, біреуі екіншісінің өмір сүруіне қажетті нәрселердің бір бөлігін тауып беріп отыратын көптеген адамдар бірлестіктері арқылы ғана адам өзінің жаратылысына сай кемелділік дәрежесіне жете алады». Қоғамды кемелдендіру – бақытқа жетудің басты шарты болып табылады. Тек кемелденген қоғамда ғана адам ғылым, философия, тәрбие арқылы кемелдікке жете алады. Әл-Фараби шартты түрде адамды бақытқа, кемелдікке жеткізуге тиісті негізгі құрал ретінде мінез-құлық, моральдық және ақыл-ой, интеллектуальдық тәрбиелерге шешуші мән береді. Ол былай дейді: «Біз жақсы мінез-құлық пен ақыл-парасатқа ие болған кезде солардың арқасында міндетті түрде бақытқа жетеміз... Бұл екеуі бар кезде біздің өзіміз және іс-әрекеттеріміз үстем де кемел болады, осылардың арқасында біз шын мәнінде қастерлі, қайырымды, инабатты боламыз». Әл-Фарабидің педагогикалық топшылауларында адамның еркі (ырқы) мен талап-тілегіне үлкен маңыз беріледі, олар тиісті жағдай туған кезде адамдық жақсы қасиеттерді қалыптастыруға жетелейтін мақсат пен құралдарды еркін де саналы түрде таңдап алуына мүмкіндік береді. Ал мұндай жақсы сипаттар табиғаттан, сырттан емес, жаттығу машықтану, әдеттену арқылы дариды. Ерік пен тілектің ең жарқын байқалатын жері сезім мен рухани қажеттілікті таңдау кезі болып саналады. Осылай басында еркін таңдау, ерік күшімен келетін сапа-қасиеттер бара-бара біртіндеп тәрбие арқылы адам мінез-құлқының міндетті белгісіне айналады, рухани өміріне сіңіседі. Фараби өзінің саяси-педагогикалық трактаттарында халықты, тұрғындарды мінез-құлықты, ақыл парасатты етіп тәрбиелеуде қайырымды қала, мемлекеттерге, олардың басшыларына үлкен орын береді. Ол былай деп жазды: «Тұрғындар бір-бірімен шынайы көмекке бірігіп, шынайы бақытқа жетуді көздеген қала қайырымды қала, халқы да қайырымды адамдар болды. Егер дәл осылай бақытқа жету жолында барлық халық бір-біріне қалтқысыз көмектесетін болса, онда бүкіл дүние жүзі қайырымды мекен болар еді» . Әл-Фарабидің пікірінше, халықтар достығы – ырыстың басы. Бұл – әл-Фарабидің адамзатты болашақ бақытқа жеткізу жөніндегі ең басты гуманистік принципі. Ғұламаның түпкі ойы, имандай сыры міне осы қағидада жатыр. Басқаша айтқанда адамдар бақытқа жету жолында өзара көмек, достық, бейбітшілік қатынаста өмір сүруі тиіс. «Адамдар туралы айтсақ, – деп жазады ғұлама, – оларды қосатын байланыстыратын дәнекер, тұтқа – адамгершілік болып табылады. Сондықтан, адамдар адамзат тегіне жататын болғандықтан, өзара бейбітшілік, татулық сақтауы лазым». Педагогиканың мақсаты, мұраты туралы әл-Фараби ұсынған гуманистік идеялар мен қорытындылар адам өмірінің қазіргі кезеңінде де ағартушылықтың маңызды тіректерінің бірі болып отыр. «Біздің міндетіміз – бақытты адам тәрбиелеу. Бақыт – материалдық және рухани игіліктерді өзімшілдік мақсатта тұтынуда адамзат мұраттары мен құштарлықтарынан тыс та оқшау, өзіне ғана тән жан рахатын беретін кішкене дүние жасауда емес. Азаматтың бақыты – асқақ та биік мақсат – жаңа өмір жолындағы жасампаз рухани күштердің гүлденуін терең сезінуде». Бір қызық жәйт, ұлы бабадан кейін мың жыл өткізіп барып данышпан Абай дәл осындай гуманистік ұлы қағиданы жаңғыртып, қайталайды, қуаттай түседі. Ол өзінің отыз төртінші сөзінде былай деп жазады: «Адам баласына адам баласының бәрі – дос. Не үшін десең, дүниеде жүргенде тууың, өсуің, тоюың, ашығуың, қайғың, қазаң, дене бітімің, шыққан жерің, бармақ жерің бәрі бірдей, ахиретке қарай өлуің, көрге кіруің, шіруің, махшарда сұрауың бірдей екі дүниенің қайғысына, пәлесіне қаупің, екі дүниенің жақсылығына рахатың бәрі бірдей екен. Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па? Біріңе бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я көрсеқызарлық қылып көзалартпастық лайық па?» . Қазіргі таңда бүкіл шығыстың зерттеуші ғалымдарының назарын өзіне аударып отырған тарихи, ғылыми мұраның бірі – Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» дастаны. «Құтты біліктің» 57, 58, 59, 60 тараулары еңбек тәрбиесін уағыздайды. Мәселен, ол «Диқандармен қалай қатысу жайлы» деген толғауында:
Тағы бір топ – диқандардың әулеті,
Ең керекті жұрт ол, биік дәулеті.
Қатынасып, ыңғайыңды бергейсің,
Ас-тағамнан еш кемшілік көрмейсің.
Одан жанның бәрі пайда табады,
Ішпек-жемек күллі дәмін алады, – деп,
өзара ұйымдасқан, ынтымақтас диқаншы адамдар тобының бір-бірімен қарым-қатынасы еңбек іс-әрекетіндегі үлгі-өнегесі оқушыларды еңбексүйгіштікке, білімділікке, тәрбиелілікке ынталандырады. Не болмаса «Малшылармен қалай қатысу туралы» толғауында:
Малшылыр бар берекелі іс тындырған,
Күллі жылқы алдарында мыңғырған.
Бәрі ақкөңіл, шыншыл, елдің адалы,
Адамдарға жоқ еш зиян, залалы.
Жемек, кимек, мінбек айғыр,байталдар,
Жүк таситын жануарлар, шайқалған,
Қымыз, сүт, май, ірімшік, айран, сүзбе, құрт,
Киіз, перде – қолдарында күллі құт.
Бұл адамдар құтты жандар, пайдалы, – деп, адамдарды бір-біріне жақсылық жасап, қайырымды болуға, еңбек адамдарын құрметтеп, бағалауға үндейді. Әдептілік, тәрбиелілік, білімділік адамға өзінің өмір сүріп отырған қоғамдық жағдайларының әсері арқылы қалыптасып, дамитындығын үлкен философиялық ой-тұжырымдарымен түйіндейді. Сондай-ақ адамдардың еңбек іс-әрекеті, кәсіби мамандығы да өзінің өмір сүрген қоғамдық ортасына, оның талаптарына тәуелді болатынын, адамның мінез-құлқы, көзқарасы, білімділігі, тәрбиелілігі, еңбексүйгіштігі т.б.қасиеттері де қоғамның даму деңгейіне сәйкес қалыптасатындығын дәлелдейді.
2) Практикалық бөлім
Тақырыбы: "Алжапқышты үлгілеу"
Сабақтың мақсаты: оқушыларды таңдап алған үлгі бойынша алжапқышты үлгілеуді үйрету.
Білімділігі: Оқушыларға алжапқышты үлгілеуде, бұйым пішінін өзгертудің әдіс - тәсілдерін меңгерту;
Дамытушылығы: теориялық білімдерін сарамандық жұмыста пайдалана білу, оқушыларды өз бетінше ізденуге дағдыландыру, олардың ой өрісін дамыту;
Тәрбиелігі: оқушыларды ұқыптылыққа, талғампаздыққа, икемділікке тәрбиелеу, өнерге деген қызығушылығын арттыру.
Құрал - жабдықтар: жұмыс дәптері, үлестірмелі карточкалар, тігінші сызғышы, түрлі - түсті қағаз, желім, қайшы, қарындаш.
Сабақ барысы
І Ұйымдастыру кезеңі. Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру.
ІІ Өткенді қайталау:
1. Activote құрылғысымен жұмыс істеу.
Оқушылар арнайы бағдарламамен тест шешеді.
Өздерін бағалайды.
ІІІ Сабақтың тақырыбы мен мақсатын хабарлау
Өткен сабақта біз алжапқыштың сызбасын құрғамыз. Бүгін «Алжапқыштардың ғажайып әлемі» туралы әңгімемізді жалғастырамыз. Бүгінгі сабақтың тақырыбы «Алжапқышты үлгілеу»
Бүгін барлығымыз сәнгер құрастырушы боламыз.
Сабақтың мақсаты - таңдап алған үлгі бойынша алжапқышты үлгілеуді үйрену. Сәнгер – суретші, сәнгер - құрастырушы, тігін өндірісінің технологы, тігінші мамандықтарымен танысамыз.
Дәптерге тақырыпты жазғызу.
IV Жаңа сабақты меңгеру.
1. Оқушылармен әңгіме жүргізу
«Үлгілеу» дегеніміз не?
Бұйымды өзгертуге бола ма?
Алжапқыштың бөліктерін қалай өзгертуге болады?
2. Мұғалім сөзі
Киімді құрау модельдеумен тығыз байланысты. Киім бөлшектерінің формаларын өзгерту және оларды көркемдеу модельдеу жолы арқылы орындалады. Бұйым бөлшектері форма бойынша бір - бірімен үйлесуі керек. Киімді дайындау және модельдеумен бірнеше кәсіптің мамандары айналысады. Олар:
Суретші - сәнгер – киімді үлгілейді. Мұндай жұмысты орындау үшін адамның дене пішінін, оның тепе - теңдіктерін, икемділігін білу қажет. Тігін ісінің технологиясын, сондай - ақ костюмнің құралу заңдылықтарын, тігіс, әрлеу сызықтарын түсіну керек.
Суретші – құрастырушы – сызбалар мен пішін бөліктерін дайындайды.
Тігін өндірісінің технологы – сызбаларға сәйкес киімді даярлау тізбектілігін әзірлейді.
Тігінші – тігін операцияларын орындайды.
Модельдеу – таңдап алған қалыпқа сәйкес пішін сызбаларын өзгерту процесі. Бұл – сәні мен қиюы жаңа киімді құрастырудың шығармашылық процесі. Модельдеудің бірнеше түрлері бар.
1. Көркем модельдеу – модельдердің жиынтығын құру, бұл жерде киімнің сәні мен стилін ескеруі керек, онымен суретші - сәнгер айналысады.
2. Техникалық модельдеу – эскиздер, суреттер бойынша сызбалар мен пішіндерді жасау, онымен сәнгер - құрастырушылар айналысады.
Кез келген сәнгердің жұмысы: “кім үшін – не үшін – неден” деген формуладан басталады.
Киім - пайдалануына қарай тұрмыстық, өндірістік, формалық болып бөлінеді. Тұрмыстық киімдер күнделікті, сәндік, үй, спорттық, ұлттық киімдерге бөлініп, өндірістік киімдерге арнайы және санитарлық киімдер жатады. Үйде немесе мектепте аспаздық жұмыстармен айналысқанда алжапқыш пен орамалды пайдаланған жөн. Алжапқыш киімнің алдын ластаудан сақтайды. Ал орамал шаштың бөгет болуынан, әрі ас әзірлегенде санитарлық - гигиеналық талаптарды сақтау үшін қажет. Алжапқышқа арналған мата түксіз, жеңіл, тез жуылатын, тігісі мықты болуы керек. Ең бастысы - шыттан, зығыр матадан тігілген бұйым тез жуылады, жақсы үтіктеледі, сырт көрінісі тартымды келеді. Киім тігерден бұрын алдымен қандай киім тігуді орналастыру керек. Содан кейін таңдаған киімді қандай сән үлгісімен тігетінді, соған лайық мата түрін таңдау қажет. Таңдаған матаның тігетін бұйымға өрнегі, түсі үйлесімді, сәйкес болуын естен шығармаған жөн. Осы кезде бұйымға қандай сәндік жұмыстар жүргізуді ойластырған жөн. Сәндеу үшін таспалар, сутаж, көмкерме тесьма қолданады.
Информация о работе Еңбекке оқыту кезіндегі оқушыларды тәрбиелеу