Ақылбек Шаяхмет. Тарихи атаулар қайта оралуы керек

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Апреля 2014 в 18:03, реферат

Краткое описание

«Біздің заманымыз — өткен заманның баласы, келер заманның атасы» —
деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, осы екі заманға дәнекер болатын бүгінгі
күн біздің алдымызға ауыр да абыройлы міндет қойып отыр. Өткен заманнан
қалған қоқыс көп. Батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатыны рас
болса, кешегі отаршылдықтан басталып, бүгінгі күнге жалғасқан орыстану
саясатын тоқтатып, жөнсіз өзгертілген жер-су аттарын қалпына келтіру оңай
шаруа емес

Вложенные файлы: 1 файл

Ақылбек Шаяхмет.doc

— 310.00 Кб (Скачать файл)

Ақылбек Шаяхмет. Тарихи атаулар қайта оралуы керек

 «Біздің заманымыз  — өткен заманның баласы, келер  заманның атасы» — деп Ахмет  Байтұрсынұлы айтқандай, осы екі  заманға дәнекер болатын бүгінгі  күн біздің алдымызға ауыр  да абыройлы міндет қойып отыр. Өткен заманнан қалған қоқыс көп. Батпандап кірген аурудың мысқалдап   шығатыны   рас   болса,   кешегі отаршылдықтан басталып, бүгінгі күнге жалғасқан орыстану саясатын тоқтатып, жөнсіз өзгертілген жер-су аттарын қалпына келтіру оңай шаруа емес. Бұқаралық ақпарат құралдары бетінде кейінгі кезде жер-су атауларына байланысты  «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей неше түрлі қисынсыз болжамдар жазылып жүр. 
Қостанай аумағындағы көптеген жер атаулары орысшаға «жетік» біреулердің  жер аттарын қазақшалауынан қате айтылып келгені рас. Әулиекөл деген жер аты орыс босқындарының қоңыстануынан кейін сол арада жеті көлдің болуына байланысты Семиозер болып аталған болатын. Оны сол жердің кейбір тұрғындары қазақ тіліне сөзбе-сөз аударып алып, біраз уақыт Жетікөл деп те атап жүрді. Сол секілді Жітіқара қаласының аты біраз уақыт Жетіқара деп жазылып келді.  Жітіқара орыс тілінен қазақшаға көшкен атау емес, керісіңше, алдына «Д» әрпін қойып, бұрмаланып жазылған атау болды. Содан орысша Джетыгара болып айтылған сөз қайтадан «шала қазақшаланып», Жетіқара болып бұрмаланған болатын. Қазіргі уақытта тарихи әділет қалпына келтірілді.  
Алпайда, сол әділет қанатын кеңге жая алмай жатыр.Мысалы, Қостанай облысында әртүрлі дәуірде өзгертілген елді мекен, жер-су аттары мынадай: 
Құтты алап — Затобол 
Әйет — Аят 
Шыбынды — Чебиндовка 
Қасқа ат — Ломоносов 
Малдыбай — Ново-Николаевка 
Қызылқожа — Молодежный 
Соналы — Целинный 
Майбалық- Восточный 
Өтеп — Қазақстан      
Алдияр — Веселый Кут 
Шолан — Елшанка 
Еңбек — Котлованный 
Мыңбай — Белоглиновка 
Еркіншілік — Святославка 
Сүлікті — Дальный 
Шаған — Ново-Троицк 
Сомжүрек — Подгородка 
Ақтасты — Борисовка 
Иманбай — Огнеупорный 
Бірлік — Победа 
Шақар батыр ауылы — Саманы 
Қызылшырпы — Лесной 
Сырдақ — Светлый 
Қарағайлы — Славянка 
Тоғызбай — Октябрьский 
Қорпылдақ — Ленинский 
Барақбай — Песчаное 
Қарабас — Смирновский 
Жадыра — Рыбкино 
Керей — Приозерный 
Сүйіндік  — Таран(Викторовка) 
Қараоба — Красносельский 
Қайыңдыкөл — Щербиновка 
Жабағы — Журавлевка 
Қызылтал — Николаевский 
Бекібай — Асенкритовка 
Көрпелі — Варваринка 
Мақпал — Екатериновка 
Дос  ауылы — Аятское  
Майшолақ — Павловка  
Қадақ — Наталовка  
Қарақожа — Стретинка  
Борсықбай — Барсуковка  
Көшқұл — Нелюбинка  
Обалкөл — Мариновка  
Күшікбай — Луговой 
Бір ғана Таран ауданында (бұрынғы Әйет болысы) жер бетінен тып-типыл жоқ болған қазақ ауылдары: Қаратомар, Қарбасқан, Қарақоға, Қарымсақ, Қожай, Кіндіксай, Сарыала ат, Сұпылы, Сабынкөл, Мыңатыз, Жалтыр, Шиелі, Шегебай, Елтай, т.б. Бәрін тізіп айтсақ, оның ұшы-қиыры жок. Ұзынкөл ауданындағы «Ұзынкөл» дегеннен басқа елді мекендердің атауы түп-түгел орыс тілінде. Өзге  аудандардағы жағдай да жетісіп тұрған жоқ. 
Облыстағы 4 қаланың екеуінің атауы орысша. Рудныйдың байырғы атауы — Сарыбай. Лисаков қаласының орнында бұрын Наурызбай деген елді мекен болған. Аудан орталығы Орджоникидзе — Түйемойнақ, Таран — Тобыл (немесе Әйет),  Федоров — Жаркөл екеніне қазақ түгілі басқа ұлт өкілдері де дауласпас деп ойлаймын. 
Қостанай облысының картасына көз салсаңыз, зорлықпен таңылған атаулар аяқ аттаған сайын жолығады. 
Никитинка,Степановка,Михайловка,Суриковка,Костряковка,Рязановка,Давыденовка, Константиновка, Татьяневка, Янушевка, Докучаевка, Малороссийка,Варваровка,Нечаевка,Крыловка,Свердловка,Ливановка,Успеновка, Диевка, Москалевка, Тимофеевка, Анновка, Буденновка, Маковка, Славянка,Каменка,Лютинка,Белояровка,Харьковка,Тимирязевка,Барвиновка,Новониколаевка,Новопокровка,Новонежинка,Новошумновка,Воскресеновка,Ершовка,Миролюбовка,Святогорка,Милютинка,Валерьяновка,Банновка,Костряковка,Подгородка,Тавриченка,Затоболовка, Мұның кейінгісін кезінде орыстардың өзі Самодуровка деп атаған. Араққа сылқия тойып алған келімсектер мекеніне халық аузымен сондай  атау берілген. Бір кездері неміс ағайындар мекен қылған, кейін Торғай өңірінен қоңыс аударғандар жайлап отырғанСеменовка деген жердің өзін орыстар бұл күндері Воробьевка деп атайды екен. Күлесіз бе, жылайсыз ба?! Не деуге болады? 
Не мағынасы жоқ, не жер тарихына қатысы жоқ осындай атаулар құмырсқадай құжынап жүр. Қазақ ұғымына сай деген кейбір атаулардың өзі Шакировка, Шадыксаевка болып бұрмаланған. 
Бұл жалғауы «скаға» біткендердің бір парасы ғана. Ал Александровский, Владимирский, Бауманский, Ленинский, Приуральский секілді жалғауы  «скийларға» көшсек, оны айтып тауысудың өзіне едәуір уақыт керек. 
Жер-су және ауыл атауларына бір кездегі көзқарасқа кісінің күлкісі келеді. Мәселен, Әулиекөл ауданында әлгінде аталған Шакировка деген ауыл болды. Шәкір деген сол ауылда озат шопан болған, ауыл болса сол кісінің көзі тірісінде-ақ Шакировка аталған. Бұл ол кісінің беделіне байланысты емес, сол тұстағы ұлты орыс басшының бірі: «озат шопан Шәкірдің ауылын Шакировка деп жаза салыңдар» деген бір ауыз сөзден қойылып кеткен. 
Қазақ даласында осы күні Затобол, Заречный, Притобольский, Приреченский секілді зорлап жапсырылған жер атаулары көбейіп кетті. Бұл сөздердің мағынасы Тобылдың жағасы, сырты, өзеннің жағасы немесе маңайы деген ұғымды білдіретіні аттарынан-ақ көрініп тұр. Алайда, келімсектердің өктемдігімен осылай деп аталған жерлердің тарихи атаулары ұмыт болып барады. 
Қазіргі Қостанай ауданының  орталығы болып есептелетін Затоболовка ертеде Құтты алап деп аталған. Бұл туралы өзіміздің классик жазушымыз Бейімбет Майлин «Жалбыр» повесінде жазған.  
«Тобыл өзенін төмен қуалай жүріп отырсаң, бір ауылдан кейін екінші ауыл кездесіп, Қостанай қаласына жеткенше екі болыс елдің басынан кіріп, аяғынан шыққандай боласың. Әсіресе, жерің айтсайшы. Ат шаптырым жерді алып жатқан кең алаптар — Тобыл өзені тасыған кезде  теңіздей боп кетеді.  Май ішінде тасыған су қайтып, июнь ішінде сол алаптар  мың түрлі-түсті жоңышқамен безенеді, июль ішінде қыбырлаған адаммен толып, жарқылдаған орақты көресің. «Үй орнындай жерден бір кебен шөп беретін  «Тобылдың құтты алабы» атанған жер осы. Алаптың шөбі байдың малына  сұлыдан да жұғымды. Кедейдің малына мұның шөбі бұйырған емес: кедейдің байға қарызданбай жүрген күні бар ма, алаптан алған шөбі сол қарызын өтеуге кетеді...» (Б.Майлин. «Ел сыры».Алматы: Жазушы,1994 ж.) 
«Жалбыр» повесі осындай жолдардан басталады. Одан әрі жазушы Тобылдың екінші жағы — қанаттасып жатқан қалың поселке тұрғындарына «Құтты алаптан» орын тигенін айта келіп «бірақ, қазақ құсап шөбіне қызықпай, алқапқа олар огород егеді. «Орыс, шіркін, жердің қадірін біле ме?» — деп миығынан күлетін ақсақалдар да жоқ емес. Күз күні сондай ақсақалдардың: «Знаком, картоп бересің бе?» — деп орыс поселкесін қыдырып жүргенің көресің» — дейді. Боямасыз айтылған шындық осы. Құтты алап орысқа қоңыс болғалы қазаққа оның қадірі кеткелі қашан?! 
Жазушы Жайсаңбек Молдағалиев («Жомарт жүрек» Алматы: Өнер, 1990 ж.): «Самодуровка Тобылдың шығыс бетіне орналасқан, уездік қаланың қалқаны секілді, ылғи аннан, мұннан қашқан, не адамның, не құдайдың есебінде жоқ жатақтар мекені болатын. Қыр елінен қалаға келушілер ол мекенді айналып өтіп, Тобыл өзенінің паромына басқа жақтан келіп мінетін. Өйткені мұндағы жатақ бұзақылары көлдеңен көк аттыны өткізбей, не тонап жіберетін, не сабап жіберетін Сол міңезіне лайық ресми Затоболовка аты өзгеріп, Самодуровка болып кеткен» — деген дерек келтіреді. 
Жазушы Ыбырай Алтынсаринға арналған «Алғашқы қоңырау» атты кітабында: «Кедей-кепшіктің, жетім-жесірдің қара сирақ жетімектерін тышқан аңдыған қара жапалақтай қағып алып, Тобылдың суына бір батырып алады да, православиеге кіргізе салады. Тіпті, осы Қыпшақ жұртында, Тобылдың Әбілсай аталатын иіріміне және бір  форпостың қалана бастаған кезі еді. Өзеннің күншығыс бетіне көшкен бейбастақ әскерлердің мекенін орыстар «Самодуровка», қазақтар «Дорақ қала» деп атай бастаған. Ашытпа араққа тойып алған әскерлер атты қазақ кездессе, анадайдан мылтық атып, тымағын түсіріп, сабап жібереді, әйел жолықса, абыройын төгеді» — деп жазады. 
Самодуровка дейтіні — самогон айдаған мұжықтар арағын ішіп, есіргеннен шыққан сөз болуы керек. Сондықтан қасиетті жер атауын қайтарып беруді талап ететін мезгіл жеткен тұста жеткен жерімізді салмақтап, асылдарымызды  ардақтап жатсақ — бұл елдіктің белгісі. 
Қостанай ауданы кейінгі жылдары қазақы қалыпқа келе бастады. Аудан орталығында Нұржан Наушабайұлы атындағы қазақ мектебі, оның іргесіндегі Заречный елді мекенінде тағы бір қазақ орта мектебі бой көтерді. Бейімбет айтқан екі болысқа қараған көп қазақ ауылының бірі осы Заречный орналасқан жерде де болғаны анық. Оның қазақша атауы қандай екенін көне құлақ қариялар білмесе, мен тап басып айта алмаймын. 
Ал Затоболовка атауы қазақ түгілі, басқа ұлтқа да жат. Мағынасы бұлдыр, мәні шамалы сөз. Олай болса, «Құтты алап» деген тамаша жер атауын қайтаратын мезгіл жеткен жоқ па?! 
Қазақ қазақ болғалы көрген күні азап болғаны, ал ХХ-шы ғасырда өзгелерге мазақ болғаны өтірік емес.  Тәні өртке шарпылған, санасы дертпен уланған, жанары жаспен суланған халықтың тілі әлі күнге тоқалдан туған баланың күйін кешіп келеді. 
Атамекенімізді бірлігіміздің айғағы, ана тілімізді тірлігіміздің қайнары деп есептейтін болсақ, жеріміздің төбе құйқасы сыпырылып, жайылымға жаманы ғана қалғанын, суымыздың балығы мен бақасы таусылып, табаны ғана қалғанын, жағалаудың жекені мен борығы таусылып, келімсектердің бос қалбыры мен арағы ғана қалғанын, ал қазақ тілінің бұлтылдаған бұлшық еті бар білегі емес, сүйегінде жілік майы бар, тепсе темір үзетін аяғы да емес, жәудіреген жанары ғана қалғанын мойындауымыз керек. 
Ешқашан кемдік көрмеген орыс тіліне теңдік сұрағандар пиғылын түсіну қиын. Тың  кеңшарлары қазақ ауылдарының кескін-келбетін айқындай алмайтыны  ақиқат.

Автордан:

Бұл «Қазақ» газетінде 2011 ж. 25 қараша күні (№ 46,47) жарық көрген мақала. Облыстық «Қостанай таңы» газетінде де (№ 139) Жітіқара атауы туралы алып-қашпа пікірлер жазылып жүргендіктен осыған байланысты тағы бір жағдайға назар аударғым келеді. Өйткені, жіті қарасаң ғана сөз төркінін аңғарасың. 
Кезінде Жетісуды Семиречье, Көкшетауды Синегорье деп аударып алған орыс тілдестер Жітіқараның екінші бунағындағы «қара» деген сөзді де өздерінше өңдеп, Джетыгора деп те жазғанын білеміз. Сондай жазулар қалааралық автобустардың бүйірінде «мен мұндалап» тұратын. 
Қазақ топономиясындағы сын есімдерге келсек, қазақ ұғымында қасиетті болып есептелетін «үш», «жеті», «тоғыз» сандарына байланысты қойылған атаулар да жеткілікті. Мәселен, Тоғызақ. Оны кейбір басылымдар Тоғұзақ деп жазып жүр. Шын мәнісінде, ел аузындағы әңгімеге қарағанда,  атаудың түбірі тоғыз. Бір шайқаста тоғыз ұлы бірдей қаза тапқан қыпшақ жұртының  ақылман қариясы: «тоғыз-ақ» деп бармағын шайнап жібергеннен кейін туған  атауда тарих шындығы жатыр.  
«Ғылым» баспасынан 1989 жылы жарық көрген «Орталық Қазақстанның жер-су аттары» деген кітапта берілген тізімде Жітіқара атауы  сан есімдік топономиялық атаулар қатарына жаңсақ жатқызылған. Қазақ Совет Энциклопедиясының 4-ші томында қаланың аты Жетіқара деп көрсетілген. 
Осы қателердің салдарынан кейін қалпына келтірілген қала атауы көбінесе, әсіресе, орыс тілінде қате айтылады. Кейбір теледидар дикторлары Житикараны ысырып қойып, баяғыша Джетигора деп саңқылдайды. 
Қазақстанның оңтүстік-шығысында Доланқара деп аталатын тау бар. Бұл атаудың алғашқы бунағы Долан моңғол тілінде долоон, яғни жеті деген сөз. Белгілі ғалым Э.Мурзаев өз зерттеуінде осы атаудың екінші бунағындағы «қара» сөзін славян тіліндегі  гора (тау), ауған тіліндегі гор (тау), албан тіліндегі гур(тау), армян тіліндегі қар (тас), көне үнді тіліндегі гирис( тау), хинди тіліндегі гар (қамал), грузин тіліндегі гора (тау) сөздерімен салыстырады. Әрине, ана тіліміздегі «қара» сөзі тау деген ұғымды білдіруі мүмкін. Бірақ, біз білетін Жітіқарада жеті тау жоқ, жалғыз-ақ тау бар. Қазақы ұғымға салсақ, Жалғызтөбе. «Қараймын қарайғанға мал ма екен деп» басталатын халық әнінде айтылғандай, бұл сөздің басқа мағынасы да жеткілікті.Осы сөздерге зер салсақ, «жыты», «жіті» деген сөздер бажайлап қара, анықтап қара дегенді,  ал екінші бунақтағы сөз кәдімгі көру, қарау дегенді білдіреді емес пе?! Яғни, Жітіқара атауын сан есімнен емес, сын есімнен іздеген абзал. 
Шоқан Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағының 1-ші томының 152 бетінде «Жыты» сөзіне түсінік берілген. Онда: «Жыты-тез, шапшаң, қолма-қол. Жыты қара — тез хабар алатын қарауыл орны (см. киргизско-русский словарь. Издание второе. Оренбург, 1903, стр 89)» — деп атап жазылған.  
«Қозы Көрпеш -Баян сұлу» жырындағы: 
«Алыс болып Баян қыз бара алмайды, 
Жыты хабар жарына бере алмайды. 
Жұртын жиып, Қарабай ойлатса да, 
Сан кісіден бір кісі таба алмайды» — деген шумақтағы «жыты» сөзі осы мағынаны білдіреді. Яғни, Жітіқараның алғашқы  атауы Жытықара болып айтылуы да ықтимал. 
Орыс патшасының өкілі Тевкелевтің 1748 жылы жазылған құжаттарында: «Абулгаир-хан кочует ныне от Орска на вершине Камышлак-реки на двуденную езду, а Джанебек-тархан — по реке Тоболу у называемой горы Джитыкара езды на три дня» («История Казахстана в русских источниках ХҮІ-ХХ веков», том 3,152 бет)» — деген деректер бар. Осы орыс тіліндегі тау атының жазылуынан да, оның атауы Жетіқара емес, Жітіқара болғаны  көрініп тұр. Қазіргі Жітіқара (орыс тілінде Житикара) атауы үкіметтің қаулысымен тарихи әділет қалпына келтірілген тарихи атау. Ендеше өңбейтін дауды қуып, әуреге түсудің не қажеті бар?!

 

 

 

 

«Қостанай облысындағы жер – су аттарының шығу тарихы немесе осы өлке туралы біз не білеміз?»

Бұрын да және қазір де Қостанай облысының жер – суының атауы әр кезде де сөз болып, оның шығу төркінін білсек деген ниет қойылып отыр. Қазақ халқының атам заманынан орнығып, өмір сүріп жатқан жерінің аумағы қандай көлемді де, кең екені бәрімізге мәлім. Қостанай облысындағы өзен, кол жер бедеріне меншіктелген атаулардың мыңдап саналатыны белгілі. Ертеде өткен ата-бабаларымыз солардың әр - қайсысына ат қойылып, айдар тағу жағынан жай ұқыпты ғана емес, шебер де тапқыр болғандығын байқаймыз.  
 
Алға қойып отырған мақсатым - ғылыми ізденіс арқылы Қостанай аумағындағы бірқатар жер-су атауының сырын ашып. алғашқы мағыналарын ашу.  
 
Аманқарағай – бұл Қостанай облысындағы Әулиекөл ауданының теміржол станциясы. Кейбір зерттеушілер мұны көне түрікше «емен – қарағай мәніндегі атау» - деп санайды. Ол Әулиекөл поселкісінен 5-6 шақырым жердегі қалың қарағайлы жер. Атаудың - «аман» және «қарағай» деген екі сөзден пайда болғандығы белгілі. Алғашқы «аман» сөзі біздің тілімізде де жиі қолданылады. Алайда оның төркіні – араб тілі. Онда «аман» сөзінің екі түрлі мағынасы бар: біріншісі – қауіпсіздік; тынжитық; екеншісі- рақымдылық, мейірімділік. Біріккен сөздің екіншісі – «қарағай». Бұл – емен, қайың терек сияқты, ағаштың бір түрінің аты. «Қарағай» сөзінің өзінде екі сөздің қосындысы деп қарауға мүмкіндік мол. Алғашқысы – «Қара» (түске байланысты айтылатын сөз,) екіншісі - «ағаш». Қосып айтсақ «Қараағаш» болып шығады. Қазіргі ұғымға сәйкес қазақшаласақ – «қауіпсіздік қара ағаш» немесе «тыныштық қара ағашы» болып шығады.  
 
Арқа – батысы Торғай ойпатынан басталып, шығысы Тарбағатайдың батыс сілеміне дейін жалғасқан, солтүстігі Батыс Сібір жазығына, оңтүстігі Балқаш көліне ұласқан кең дала. Мұны «Сарыарқа»деп те атайды. Бұл тұралы әңгіме кейінірек болмақ. Ал қазір Арқа атауының бұрын қандай түсінік бергендігіне тоқталамын.  
 
«Арқа» сөзінің бізге мәлім мағынасынан басқа да көптеген мағыналары бар. 
 
Қазақ тіліне бір табан жақын қырғыздарда «арка» тұлғасы «солтүстік», одан әрі якут тілінде «арғғаа-батыс, батыс жақ», туваларда «арга» - бірде «таулы», екінші жерді «қылқан жапырақты ағаш», тунгус-маньчжур тобындағы тілдердің кейбіреуінде «аргаа» - «батыс» ол монғолдарда: ара + сөзі «солтүстік» сияқты ұғымдарды меншіктенеді. Осы мағыналардың ішінде мына жер атауы – «Арқаға» сәйкес келетіні «батыс» немесе солтүстік ұғымдары. Тарих шыңына бой ұрсам, түркі халықтарының көбірек шоғырланған қоныстанған мекені монғол даласы мен Алтай төңірегі деп танысам, мына сөз болып отырған жер, дұрысында да, олардың батыс, солтүстік жағында болғандығын аңғару қиын емес. Осымен байланысты бұл жерді сол кезде – ақ «Арқа» деп атаса керек.  
 
Арқалық – Торғай облысының орталығы. Қала-орналасқан жерінің атауын меншіктенген. Бір зерттеушілердін пікірінше, жер атауы, мен жоғарыда көрсеткен «солтустік», «батыс», мағыналарын беретін «арқа»сөзімен байланысты пайда болған. Мен бұған басқаша қарап, өзімше топшылау жасауды ұйғардым. Башқұрт тілінде «арғышы» сөзі «таулы», ар «арғышы урын» тіркесі «таулы жер» деген мағына береді. Мұны хақас тілі дерегі қуаттай түседі. Оларда «арғалығ» дыбыстық құрамдағы сөздің екі түрлі ұғымы бар: 1) жоталы, 2) биік (жер туралы). Расында да, Арқалық қаласы мен Арқалық ауданының орналасқан жері үстіртті, шоқылы болып келеді: сол жерлерден боксит, қоңыр көмір кеңдері қазылып алынады. Шығыстан батысқа қарай аласара түсетін бұл қадірлі жерлердің теңіз бетінен биіктігі 250-300 метрдей болып келеді. Келтірілген тіл деректері мен жер бедеріне сүйене отырып, Арқалық өз атауын орналасқан жердің бедеріне байланысты иеленген. Дәлірек айтқанда, түркі тілдерінде ертеректе жоталы, үстіртті жерлер «арқалық» сөзімен аталған деуге болады.  
 
Бүйрек – Торғай облысы, Жангельдин ауданында кездесетін жер атауы. Бұл өңірде «Бүйректал» деген де атау ұшырасады. Осы атаулар туралы пікір айтушылар «бүйрек» сөзін ертедегі түркі руларының бірі – бүйрекпен байланысты. Пікір иесінің бұл жорамалды қандай дерекке сүйеніп жазғаны беймәлім.  
 
Менің шамалауымша, «Бүйректал», «Бүйрек» деген атаулар жер бедеріне байланысты шықса керек. Қырғыз тіліндегі «бөйрек» сөзінің бір мағынасы – тау бөктеріндегі ойпан, еңіс жер. Егер мұны негізге алсам, «Бүйректал» - ойпақ жерге өскен тал, ал «Бүйрек» - тек қана «ойпақ, ойпат, еңіс» деген мағынаны аңғартады. 
 
Қабырға – Торғай облысы, Жангельдин ауданы және Аманкелді аудандарының көлеміндегі өзен. Бірі – Жангельді ауданының оңтүстігі, екіншісі солтүстік жағында ағып жатады. Өзеннің бұл атауы жөнінде бірнеше жорамалға жол беруге болады. Біздің тілімізде «қабырға» - «адам қабырғасы», «үй қабырғасы» деген мағына берсе, басқа түркі тілдерінде, әрігірек барсақ, тунгус-маньчжур тілдерінде өзгеше мағыналарға тап болады. Якут тілінде «хабырға» - жұтқыншақ, тамақ, алқым; ноғайларда «кабырға» - шет, шекара; татар-башқұрттарда «кабыра» - тау баурайы, қия қабақ; хакасша «хабырға» - шек, шет және тау баурайы іспеттес мағыналарда қолданылады. Тунгус-маньчжур тілдерінің кейбіреулерінде «капурға» тұлғалы сөз, біздің түсінігіміздегі «сыну, бүліну, тозығы жету» дегендерге нұсқайды. Осы деректерді сарайлай келіп, ой елегінен өткізгенде «Қабырға» өзенінің атауын татар, башқұрт, хақас тілдеріндегі «Қия қабақ, тау баурайы» сияқты мағыналарымен байланыста қараған қолайлы көрінеді. Өйткені, қандай өзен болмасын бастамасын биік, үстірт жерден шығатын бұлақ, су көздерінен алатыны мәлім. Демек, өзен атауы - өзі бас алып жатқан тау баурайының көптеген түркі тілдеріндегі ежелгі атауы – «қабырға»-мен байланысты туса керек.  
 
Қорасан – Қостанай облысындағы Тобыл өзенінің бір саласы. Бұдан басқа мұндай атауды «Батырлар жыры» және ел аузындағы аңыз әңгемелерден ұшырастырамыз. Бұларда көбіне «Қарасан тауы» тіркесінде айтылады. Аты естер құлақтарға таныс, үйреншікті болғанымен, жеме-жемге келгенде, «қорасан» сөзінің дәл мағынасын әркім біле бермейді. Сөз төркініне түркі тілдерінен дерек кездестіре алмадық. Бірақ араб тілінде осы тұлғаға жақын, «хорошун» дыбыс құрамындағы сөз, қазақ тіліндегі – «шың», «биік тау» екенін білеміз. Ал Тобыл өзенінің саласы Орал тауының бір биік шыңынан бас алғандықтан «Қорасан» аталуы ғажап емес.  
 
Қызбел – Торғай облысы, Жангельді ауданы жеріндегі қырқа атауы.  
 
Ел аузындағы аңыз бойынша, қыратты жерге алыстан қарағанда жатқан қыздың бейнесін елестетіп, орта шенінде жота жіңішкере келіп, қыз белін ұқсатудан «Қызбел» атауына ие болған. «Қазақ совет энциклопедиясында» - «Қызбелтау» болып аталған. Биіктігі 200 метрден астам ғана дөңес. Мұнда сарқырап ағып жатқан бұлақ суы да тапшы.  
 
Осы сипатын еске ала және тілдік деректерге сүйене отырып, «Қызбел» атауының пайда болуына мынадай болжам айтамын. 
 
Ертедегі түркі жазба ескерткіштерінде «қыз» сөзінің бірнеше мағынасы бар. Соның бірі – «сараң, сығырдаң». Бізше «Қызбел» біріккен сөзінің біріншісіне осы мағына сәйкес көрінеді. Өйткені мұнда бұлақ көзі тапшы. Ал «бел» сөзіне келсем, ол «қырат, төбе» мағынасында тек бізде ғана емес, сарай, қойбол сияқты түркі тілдерінде де «пел» қалпында айтылып, «төбе, төмпешік» ұғымын иеленеді. Осыларға сүйене отырып, «Қызбелді» қазіргі түсінігімізге сәйкестесек, «Сараң төбе» болмақ. Жорамалым аталған жер табиғатына жуықтай түсер деген ойдамын.  
 
Обаған – Қостанай облысындағы өзен, Тобылға құяды. Өзен атауының пайда болғандығы жөнінде пікір айту үшін мына бір тіл деректерін негізге алуға тура келеді. Түркі тілдері ішінде шор, сағай, қайбол тілдерінде «оба» тұлғалы сөз біздегі сияқты «төбе, үйінді» мағыналарында кездеседі.  
 
Монғол тобына жататын тілдерде: қалмақта «ова» - «тас үйіндісі», монғол тілінде «овоолох» - ою мағынасын білдіреді. Ал тунгус-маньчжур тобындағы маньчжурларда «оба» «тау төбесіндегі шоқы», ал эвен тілінде «оова» «ойпат, ойпаң жер», осы топтағы тілдің екінші біреуінде «убгэн» дыбыстық құрамындағы сөз – «өзен табанында кездесетін тас» мағыналарында ұшырасады. Обаған өзені ағып жатқан жерлерден тас үйіндісін немесе өзен табанынан тас кездестіру қиын. Осы ерекшелікті ескере отырып, өзен ағып жатқан жердің ойпаңдығын жорамалыма негіз етпекпін. Бұл ретте «Обаған өзені» дегеніміз «Ойпат өзені» болып түсіндірілмек.  
 
Орсақ – Торғай облысы, Жангельді ауданының орталағынан оңтүстік бағытта 150 шақырым шамасында орналасқан жер аты. Қазіргі тілімізде бұл тұлғалас сөз кездеспейді. Алайда, басқа түркі тілдері туралы деректерден осы аттас жер, ру атауына тән сөздерді табамын. Хақастар мекендейтін төңіректе Арчақ сияқты жер атауы болса, қазіргі кезде «тофалар» деп аталатын халық ішінде «Кида орчжак» руы бар. Бірақ Торғай оңіріндегі жер атауын «Орчжак» руымен байланысты деуді жөн көрмедім. Сондықтан басқа деректерге бой ұрмадым. Түркі,монғол тобындағы тілдердің бір қатарында «орсақ» тұлғалас сөздер әр түрлі мағыналарға ұқсайды. Соларды көлденен тарта отырып, жер бедеріне негіз болатынын ғана іріктеп алдым. Түркі тілдері ішінде телеуіттерде «орсок» сөзі «тістің сыртқа қарай шығып тұруы, солдақ» деген мағына берсе, соғай тілінде «орсах» «тіссіз» ұғымына меңзейді. Монғол тобына жатын бурят тілінің жергілікті ерекшеліктерінің бірінде – «орсохо» ал монғол тілінде «урсах» дыбыстық құрамындағы сөздер «ағу, ағып өту» сияқты ұғымдарда қолданылады. Бұлардың қай-қайсысы болса да, мен әңгіме етіп отырған жер бедеріне дерек етіп алуға жарамсыз. Сондықтан ізденісті жалғастыра түссем, мына тәрізді деректерге кездесуге болады. Сағай тілінде «арсак, пел» сөздері тіркесе келіп, «арсакпел» қалпында біздің түсінігіміздегі – «кішкене төбе, төмпешік» ұғымын білдіреді, ал хақас тілінде «арсах» тұлғасы «ойылы-қырлы» мағынасын береді. Енді монғол тілі дерегіне жол берсем, оларда «орсоих» дыбыстық құрамындағы сөз хақас тіліндегіндей «ойлы-қырлы» мағынасына жолығады. Осы соңғы сағай тілінен монғол тіліндегі сөздер тек дыбыстық жағынан ғана емес, мағынасымен де мен сөз етіп отырған Торғай көлеміндегі жер бедерінің сипатына тіпті де алшақ емес. Осыған қарағанда орсақ атауы жер бедеріне байланысты туған деуге толық мүмкіндік бар.  
 
Саға – Торғай облысы, Жангельді ауданындағы елді мекен атауы. 
 
«Саға» сөзінің жер-су атауларына байланысты қазіргі кезде екі түрлі анықтамасы бар. Бірінші «Қазақ совет энциклопедиясында» - Өзеннің басқа өзенге, көлге, бөгенге құяр жері». Екіншісі «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» - «Өзен, я болмаса тау сілемінің қабысып-түйіскен жері» сөз тіркесінде «сағаны» - «тау» сөзімен байланыстыру, кейін бейнелеуден пайда болған туынды деп қаралады. Шындығына келсем, «саға» өзенмен ұштасып жатады. Тілімізде кейде «саға» сөзінің болмасы ретінде «қолтық» тұлғасы да қолданылады. Әрине, бұл ұқсату нәтижесінде келіп шыққан. Қазақ тілінде «қолтық»-тың нақты мағынасы – иықтың астынғы жағы екені белгілі. Біздегі осы «қотық» мағынасын монғол тілінде «суга» дыбыстық құрамындағы сөз меншіктенеді. Бұған қарағанда, біздегі «саға» монғолдардағы «суга» бір ғана дыбыстық өзгеріске ұшыраған (а – у) төркіндес сөздер. Бұл – «саға» сөзінің алғашқы мағынасы еместігіне тағы да бір тілдік дерек куә болғандай. Ежелден түркі тілдерімен туыстас монғол тілінде «цуг» тұлғасы біздің тіліміздегі «қосу, қосылу» сияқты түсініктерге меңзейді. Сол тілдегі «қолтық» мағынасындағы «суга»-ның түп-тамыры осы «цуг» болуы да мүмкін. Бұған адам денесіне қолдың қосылған жері – «қолтық» (бізде), «суга» (монғолдарда) аталуы айғақ болғандай. Шынында да, белгілі бір өзеннің теңіз, көлдерге келіп қосылуы денеге қолдың келіп бірігуіне сәйкес, ұқсас. Осы бейнелеу арқылы тіліміздегі «саға», «қолтық» іспеттес жер-су қалпын бейнелейтін атаулар шыққан. Қорыта айтқанда, «саға» сөзінің ең алғашқы мағынасы – «қосу», «қосылу» етістіктері болған да, одан бері келе, ұқсатудан «қолтық» мағынасына ие болған. Сөйтіп өзеннің басқа бір су қорына келіп қосылуы – ертедегі айтылуы «саға» осы күнге дейін сақталған әрі жер атауын иеленген. 
 
Тобыл – Қазақстанда Қостанай облысы және Ресейдің Қорған, Түмен облыстары жеріндегі өзен. Осымен аттас Түмен облысында қала, Қостанай облысында поселке және темір жол станциясы бар. «Тобыл» сөзінің алғашқы мағынасы, тек – төркіні туралы ауыз толтырып айтарлықтай зерттеу жұмысы бұған дейін болған жоқ.  
 
В.В. Радловтың айтуынша, телеуіт тілінде: «тобыл» тұлғасы – «биік», айбынды мағыналарында көрінсе, якутша – «тобул», қазақ тіліндегі «тазарту, жарып өту, бұзып өту» ұғымында жұмсалады. Бұл өзенге құятын салалар да баршылық. Тасыған кезде суы мол, сондықтан да жолындағы кедергіні бұзып өте берерліктей күші бар. Міне осындай қасиеті үшін «Тобыл» атауы берілген болса керек.  
 
Тоғызақ – Қостанай облысы жеріндегі өзен. Сөз төркіні қайдан, қалай пайда болғандығы жөнінде зерттеу кездестірілмеді.  
 
Сырт қарағанда, сан есім – «тоғызбен» байланысы бар тәрізді. Онымен байланыстыруға тиянақты тілдік дерек ұшыраспады. Алайда, түркі халықтары үшін «тоғыз» саны киелі сан екенін салтымыздағы «бас тоғыз», үш тоғыз т.б. «тоғыз құмалақ» ойыны аңғартады. Бұл ойын қырғыз, қарақалпақ, қазақ, тува, алтай халықтарында жиі кездеседі. Қырғыз тілі дерегінен «тогузак» сөзінің мынадай мағынасына тап боламын: «өз баласын ата – аналары түрлі пәлелерден, бұзылудан сатып алатын дәстүр бар. Төлеміне тоғыз түрлі зат береді де, баланың атын Тогузак немесе Сатыбалды қояды». Осы дәстүр ерте кездерде түркі халықтарында, онда ішінде қазақтарда да болуы ғажап емес. Өте көне кезде осындай дәстүрмен есім алған адам белгілі бір өзен бойында не басқа жерде өмір өткізіп, оның аты жер – суға көшуі де ықтимал. Ерте заманда мұндай жағдайдың болғандығы тек аңыз ғана емес, тарих мәліметтерінен де белгілі. «Тоғызақ» атауының төркінін тек осылайша жорамалдауға мүмкіндік болып отыр.  
 
Тосын – Торғай облысы Жангельді ауданының батыс жағындағы дала. Даланың біраз жерін шағыл басқан. «Тосын» сөзінің алғашқы мағынасын, дыбыстық құрамын анықтау үшін, алдымен ертедегі түркі жазба ескерткіштеріне ден қояйын. Ондағы «тоз» сөзі «шақ топырақ» деген мағына береді. Сөздің түбірі «тоз» екендігіне кәміл сенемін. Сеніміме тірек боларлық тілдік деректер мол. Өз тіліміздегі «шаң-тозаң» қос сөзіндегі екінші сыңардың түбірі – «тоз» екендігі мәлім.  
 
Қазіргі түркі тілдерінің деректері де осы ойма куә болғандай. Тува – киджи тілдерінде – «тоос», коман тілінде – «тос» тұлғалары біздегі «шаң, топырақ» түсінігін береді. Бұдан әрі монғол тобындағы тілдер дерегіне жүгінсем де осыларға ұқсас тұлғалар мен мағыналарға ие. Монғол тіліндегі «тоос», қалмақ тіліндегі «тоосын», бурят тілі жергілікті ерекшеліктерінің бірінен ұшырасатын «тогусун» дыбыстық құрамындағы сөздер де «шаң» ұғымында қолданылады. Енді осы деректерді жинақтай келіп, ой елегінен өткізсем, шаң, топырақ жинала келіп құмға айналатыны айтпасам да айқын. Ежелден түркі, монғол тобындағы тілдерге ортақ «шаң» мағынасын беретін «тос» түбіріне бізде «–ын» қосымшасы жалғануы арқылы құмды жерге атау болып, қалыптасқан десек, шындықтан онша алшақ кетпесем керек. Тіпті кейбір тілде біздегі «тосын» тұлғалас сөздің өзі де қосымша қабылдамай-ақ «шаң» мағынасын ұғындырады.  
 
Торғай – Қостанай облысының оңтүстік өңірінде орналасқан жер. Торғай жерінің атауы әр кезде сөз болып, оның шығу төркінін анықтау үшін бірнеше басылымдарда орын алған. Жазушы Қойшығара Салғарин Торғай атауын Қыпшақтың Торы руының есіміне байланысты шығуы мүмкін деген ой айтады. Бұл пікірді басқа ғалымдар да ұсынып, дәлелдеген. Геолог Торғай Өтебайұлы: «Осы мәртебелі атауды қоғам, табиғат, мәдениет зерттеушілері арасында білмейтін адам жоқ»- дейді. «Торғай» атауы – торы деген сөзі екеніне талас жоқ. Сонымен «Торғай» мағынасы құм емес, не тау емес, не тас емес, яғни басқа ерекшелігі жоқ торы аймақ.  
 
Үрпек – Торғай облысы, Аманкелді ауданындағы жер атауы. Жер атауы өзінің табиғи жаратылысына байланысты берілген. Өйткені жер бедері ойлы-қырлы, ербиіп өскен қурай іспеттес өсімдік те ішінара кездесіп отырады. Жорамалымды жоққа шығармайтын тілдік деректерден де құр алақан емеспін. Түркі жазба ескерткіштері тілінде – қазіргі тіліміздегі «тікірейген, сорайған» мағыналары орнына қолданылған – «үрпек» дыбыстық құрамындағы тұлға кездеседі. Мұның мына жер атауы «Үрпектен» тұлғасы жағынан ешқандай айырмасы жоқ. Мағына жағынан да әңгіме болып отырған жер сипатына сәйкес келеді.  
 
Шұбалаң – Торғай облысы, Жангельді ауданы жеріндегі елді мекен атауы. Аудан орталығы – Торғай поселкісінің шығысында 20 шақырымдай жерде, Торғай өзенінің оң жағасында орналасқан. Қазіргі тілімізде сын есімге жататын «шұбалаң» сөзі бар. Оның мағынасы – «ұзын, созылыңқы» екені белгілі. Әңгіме етіп отырған мына «шұбалаңды» сонымен мағынас деп қараудың қисыны жоқ сияқты. Іздестіре келгенде, түркі тілдері ішінен тувалардың «шоваалаңы» сөзіне кез болып, мағынасының – «қағілез, пысық» екендігін білдім. Одан әрі қарастыра түскенде бұл тұлғалас, әрі мағыналас сөз монғол тобындағы тілдерде де барлығы байқалады. Монғолдарда «цовоо», қалмақ тілінде «шулун-шудрмаг» туралы сөздер біздің ұғымыздағы «қағілез, пісіқ» мағыналарын береді. Соңғы екі тілдегі «цовоо», «шулун» сөздерінің қайсысын алсам да, дыбыстық құрамы жағынан тува тіліндегі «шоваалаңы», біздегі «шұбалаңнан» онша алшақ емес. Ал, мағына жағынан қазақ тіліндегі «шұбалаңға» көп туа бермейді. 
 
Алайда, бізде де ерте кездерде «шұбалаңның» «пысық қағілез» мағыналары болған деп жорамалдаймын. Бұған мені жетектеп отырған мына сияқты жағдай. Торғай өзені, мен әңгімелеп отырған тұста (тасыған кезде) тез, қызу, шапшаң ағып, бірақ жерге барған соң арнасын асып, жайылып кетеді. Бұл тұста оның шапшаң ағатын себебі – қырдан ойпаңға қарай беттейді. Өзеннің осы шапшаң, тез ағысын бейнелеп көрсету үшін, ерте заманда бізде де болған «қағілез, пысық» ұғымдағы «шұбалақ» сөзі қолданылып, өзен аты қалпында сақталып, осы кезге дейін жетуі ғажап емес. Кейін келе өзен ағысына берілген бұл атау оның жағасында орнаған елді мекенге ауысқан десем, онша бұра тартқандық болмас деп ойлаймын.  
 
Әулиекөл өзені, Әуликөл аудананында орналасқан. Халық аңызына сүйенсем. Ертеде өзен күннің дәл ортасында ғайып болып, дәл солай күтпеген жағдайда сол түні қайтып шықты.Бұрын соңғы болмаған , күтпеген жағдайда туындаған табиғат заңдылықтарын халық «Әулиекөл» өзені деп атап кеткен. Әуликөл сөзі екі сөзден құралған «Әулие» араб тілінен аударғанда « әулиелі, таңғажайып». Халық үшін әуликөл өзені мөп-мөлдір, сұлу, таңғажайып, дертке дауа, емге шипалы өзен болып қалмақ. 
 
Дәмді - Науырзым ауданында қоңыс тепкен ауыл. Ол 22 сәуір 1960 жылы құрылды. Қарамеңді аудан орталығынан 134 км , облыс орталығынан 280 км. Дәмді ауылында жер асты сулары мол. Науырзым ауданында жер суы молекенін болжаған, географ зертеуші В.К. Дайнеков 1967 жылы анықтады. Зерттеп толық айқындаған И.А. Суворов (1969 – 1972 жылдар аралығында жаппай үздіксіз көптеген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде өз болжамын дәлелдеп шықты. Суының молдығы, тазалығы мөлдірлігі халық жағдайын күрт жақсарты. Шипалы, дәмі тәтті бұл өлкеге басқа ауылдардан халық қатынап ауыл шаруашылығына тасыды. Таңғаларлық жай, дәмдінің суы сол мөп – мөлдір кірсіксіз таза қолында сақтауда.  
 
Шолақсай - Науырзым ауданында қоңыстанған шағын ауыл. Шолақсай атауы – қазақтың екі сөзінен құралған. «Шолақ» және «сай». Бұл сөз осы өлкеннің дәлдігін айқындайды. Бұл өлке керемет тарихи суы бұлақ өлкесі болып табылады. Бұлақ биік шыңнан төменгі сайға дейін ағады.  
 
Арақарағай – Аманқарағайдан сәл әріректе «арықарағай» деген де қалың ағаш атауы бар. Мұндағы «ара» сөзінің мағынасы орта аралықтағы екендігін түсіндіреді.  
 
Босаға – Қостанай облысының Жангелді ауданындағы жер атауы. «Босаға» сөзінің төркіні туралы жазылған пікірлер өте көп, кейбіреулері оны өзімізге белгілі есік босағасымен салыстырумен ғана шектеледі. Кейбір деректерге көз салсақ «босаға» сөзінің өзіміз білетін мағынасынан басқа да ұғым болғандығын байқаймыз. Мысалы якут тілінде «моцого» сөзінің екі мағынасы бар: 1) тау кемері, 2) есік босағасы. Бұдан әрірек барсақ, алтай тіл жүйесіне жататын тунгус – маньчжур тобындағы кейбір тілдерде «босого» тұлғасы біздің түсінігіміздегі «тау баурайы» дегенді білдіреді. Осыған қарап «босаға» сөзінің алғашқы мағынасы тек жер бедерімен байланысты туғандығын түсіну қиын емес.  
 
Есіл – республикамыздың солтүстік өңіріндегі Қарағанды, Көкшетау, Торғай жерін басып өтетін өзен атауы. «Есіл» деп аталатын елді мекендерде бар. Әрине, бұлар өзен атымен байланысты қойылған. «Есіл» атауының алғаш дүниеге келуі туралы екі зерттеушілердің пікірі бар. Бірі «Есіл» атауы жасыл деген зат түсімен байланыстырылған, екіншісі – етістіктің «ес» (есу, есілу, еспе т.б.) түбірімен тілге тиек етеді. Бұлардың ешқайсысыда көңілге қонбаған былай тұрсын, шындыққа жанаспайды. Өйткені, өзен, су атауына әдетте оларды табиғатьтындағы қасиеттеріне қарай ат қойылып айдар тағылатының ескеру керек. Сөз төркінің іздестіргенде бұл жағдайлар зерттеушілер назарынан сырт қалған. М. Қашқари сөздігінде «Есіл» және «Ешіл» сөздері ұшырасады. Бұлардың алғашқысы азайды. Ал екіншісі «созылу», «созылған» деген ұғымдар береді. Осы екі сөздің қайсысы болсада, өзен атауына қолайлы. Өйткені алғашқысы өзен суының тапшылығына меңзесе, соңғысы оның ұзындығына нұсқайды. Осы сияқты жорамалымызды негіз тұтсақ, өзенің «Есіл» аталуы жөн көрінеді. Түркі тілдермен туыстас тунгус – маньчжур тобындағы кейбір тіл дерегін құрастырсақ. Онда «Есла» болып дыбысталатын сөз, біздің түсінігіміздегі «тасыған өзен» ұғымын білдіреді. Кім біледі өте ерте кездерде дәл осы тұлғалы әрі мағыналы сөз түркі тілдерінде де болып, кейін ұмытылуы да ғажап емес.  
 
Қошалақ – Қостанай облысы Жангелді ауданындағы жер атауы. Қостанай облысындағы Қошалақ аталатын жер Жангелді ауданының орталығы. Торғай ауылының солтүстігінде отыз – қырық шақырым шамасында орналасқан. Жер сипатты оян, жазық болып келеді, бұрын көлдің орналасқан жеріне ұқсайды. Қазір мол жайлымына ғана жарамды.  
 
Жердің біз көрсеткен беделіне лайықты сөздер түркі, монғол, тунгус – маньчжур тобындағы тілдерден табылып қалады. Ең алдымен, ертедегі түркі жазба ескерткіштеріне көз салсақ, «Алақ» сөзі қазіргі «Жазық, тегіс» түсінігін иеленген.  
 
Енді қазіргі түркі тілдегі дерегіне кезек берсек, мынадай мәліметтерге кездесеміз. Тува тілінде: «кужурлуг» - «сортаң», сортаңды (жер), чуваштарда: «хуш» - «кеңістік бос жер», якутша: «хочо» - «таза далалық» мағынасында қалады. Маньчжур тілі дерегінде «кочо» дыбыстық құрамдағы тұлға біздің ұғымдағы «аулақ, онаша жер» дегенмен байланысты. Сол якут тіліндегі «хочо» мен «алпы» сөздерін біріктірсек қошалақ тән тұлғасы мен мағынасы алшақ кетпейді. Сүйтіп қошалақтың тұңғыш мағынасы - «алаң, оңаша орын» болған.  
 
Топонимика ғылымының халық үшін ағартушылық рөлі мол. Түрлі газет, журналдарда, ғылыми көпшіліккке арналған кітаптар мен арнайы монографиялық еңбектерде жазылып жүрген топонимикалық мәліметтерден алуан түрлі географиялық атаулардың мән мағынасын, жасалу тарихын, өзгерту себептерін білуге болады.  
 
Жер – су атаулары айтарлықтай информациялық рөл де атқарады.  
 
Сонымен бұл еңбекте Қостанай облысындағы өзен, көл, жер азды- көпті – атаулары, олардың мағыналық, құрылымдық ерекшеліктерін толық аштым деп айта алмаймын. Ол мүмкін де емес. Сан мыңдаған атаулардың әр қайсысының өзіндік ерекшелігі, қасиеті, тарихы бар. Уақыт озған сайын олардың бірі қолданыстан шығып, ұмыт болып жатса, екіншісі жаңадай дүниеге келіп тілімізге күнделікті өмірімізге араласып жатыр. 
 
Жер – су атаулары – халықтың тарихи кезеңдердегі өткен өмірінің, тіршілік болмысының, ой – санасын, табиғаттының байлығының куәгері.Сондықтан да жер – су атауларын ұлттық байлығымыз ретінде қорғап, жинап, қастерлепкейінгі ұрпақтарға жеткізу – ерекше мәні бар, абыройлы іс деп санаймын.

 

 

 

Қостанай қаласының тарихы         

  Қостанай тарихы есте қаларлық. Қаланың тез және кең құрылысына  таң қалған өткен ғасыр баспалары  оның қарқынды өсуін американдық  Чикаго қаласына теңестірді. Қостанай  бұл атауға бірден ие болған жоқ. Болашақ қаланы алғашқы болып жобалаған Орынбор архитекторы Вебель өз сызбаларына – «Ново-Тобольск жобасы»деген атау берген болатын. 1871 жылы жаңа қалаға қоныстанғысы келгендердің сұрауын қабылдауға бұйрық берген Орынбор өлкесінің әскери губернаторы Н.А. Крыжановский қаланы Ордабай деп атаған (бастапқыда құрылыс үшін Ордабай-Торғай шатқалы таңдалған еді). Торғай облысының әскери генерал-губернаторы А.П. Константинович, дәрігер Неймарк және оларға көмектескен шенеуніктер қаланың Қостанай Сай өткелінде орналасуына шешім қабылдап, оған ресми түрде Николаевск деген атау берді. Сондықтан жергілікті «Қостанай» атауы әкімшілік ниетіне қарсы бекітілді. 
         «Қостанай» сөзінің пайда болуы жайлы аңыздар көп. Бірі Қос-Танай шатқалының атауын қайтыс болған сұлу әпкелер Қос және Танай есімімен байланыстырса, екіншісі дәл сондай есімге ие болған ғашықтармен байланыстырады. «Қостанай » сөзінің пайда болуы туралы болжамдарының бірі «Кос Тней Сай» атауы этимологиясын көрсетіп, бұл жерлерді қыпшақ тайпасынан шыққан Ұзын тармағының, Алтынбас руымен байланыстырады. Мүмкін бұл гипотеза ең тиімдісі шығар, себебі біздің қаламыз, бұрын қала шекарасы болған, ал қазір тарихи орталықты тұйықтайтын екі сайды әлі күнге дейін сақтап отыр. 
          Қостанай өте тез өсті. 1892 жылы журналист және саяхатшы В.Дедлов былай деп атап өткен: «… Көптеген мың еркектер Қостанайды аңсады. Жер –ғұшыр үшін жылына 30 тиын… Ары орманнан он шақырым жерде құрылыс жасау қажет. Малды кез келген жерде тегін бағуға болады. Тобылдағы шөп 3 күн шапсаң, бір қысқа жетеді. Бидайдан 300 пұт шығады … Сондықтан да алғашқы екі жерүйге келесі жылы тағы да 20-сы қосылды. Одан кейінгі жылға – жүзі. 10 жыл өткен соң шіркеуі, дәріханасы, тас қоймалары бар қала өседі …». 
          Алайда, өркениет игіліктеріне үйренген және салынып жатқан қалада уақыт өткізуге тура келген, Дедлов өзінің «Переселенцы и новые места» кітабында біздің қала туралы оңша қуана пікір білдірген жоқ. 
         « Міне ол жұмақ, жаңа қала, ерікті қала, Қостанай! Үстел сияқты тегіс, шаңды жайлауда, жартылай кеуіп жатқан Тобыл жағасында Қостанай тұр… Кең көшелер өзара қиылысып жатыр. Орталығында – бір мемлекетке тең келетін алаң орналасқан. Көшелерде, алаңда 4, 5 терезесі бар жерүйлер, шағын үйшіктер және үйлер тұрғызылған. Қала ортасында қамалға ұқсас 2-3 тас үй: қалың қабырғалар, алып тас қақпалар, амбарлар және қоймалар.

 
Қасиетті Никольск шіркеуі маңындағы базар алаңы, ХХ ғасырдың басы          

 Қостанай  қаласы қорқынышты қала! Апта  бойы жайлауда бораң және күнді  шаң басады … Шаңнан құтыла  алмайсың, адам көрінбейді және елсіз жер. Бала-бақша, газет, телефон, жақсы шіркеу жоқ …». 
          Қаланың көркем сипаттамасы Қостанай тарихи-өлкетану мұражайында сақталған ескі тұрғындардың естеліктерінде күмән туғызбайды, мұнда шаңды бораңдар туралы да, көптеген кабактар туралы да айтылған. Бір кездері шағын қалаға 41 ішімдік жасайтын мекеме тиесілі еді! 
          Алайда жамандық тілейтін Дедловтың өзі қала заман талабына сай принциптерге тұрғызылғанын атап кетпей алмады – « Кең көшелер өзара қиылысып жатыр. Орталығында – бір мемлекетке тең келетін алаң орналасқан». 
          Алғашқы қала билеушілері «мұжық қаланы» дұрыс тіке көшелері, саябақтары, шіркеулері және мешіттері бар көрікті шет аймақтық қалашыққа айналдыру үшін біршама тер төкті. Мысалы, қала ортасындағы участкілерді құрылыс тұрғызу үшін жеребе бойынша бөлген жоқ, оларды қазына мекемесі ретінде бөлді немесе «өз бейнесімен қаланы көрікті ете алатын ғимарат тұрғызылуы тиіс» деген шартты қоя отырып, бай қала тұрғындарына сатты. 
          Құрылыс салу Тобыл өзеңінен бастау алды. Набережная көшесінің ХІХ ғасырдан бері өз атауын сақтап қалуы кездейсоқ емес. 
          Кең, көгалданған бау-бақшасы, биік қоңырауханасы бар – Михайлово-Архангельск шіркеуі және 1895 жылы тұрғызылған Қасиетті Никольск шіркеуі – қала тұрғындарының ерекше мақтанышы еді. 
          Шіркеуді 1898 жылы жергілікті кірпіштен тұрғызды, бұл жұмысты орындау үшін ақша, Жоғарғы императорлық жарғыға сәйкес, бүкіл Ресей империясында жазылым бойынша жиналды. Никольск шіркеуінің алтынмен жалатылған күмбезі шалғай жерден көрінетін, сондықтан ол өзінің монуметтік формаларымен орталық алаңды қалыптастырып қана қоймай, негізгі қалалық бағдар рөлін де атқарды. Саяхатшылардың, саудагерлердің, егіншілердің қамқоршысы – Қасиетті Николай-әулиені қоныс аударушылар қаласы үшін таңдау жайдан болмаған шығар. Жай күндері де, мейрамда да оның маңында қызу өмір жүріп жатты.

Орталық көше Соборный деп аталды, Большой (қазіргі Әл-Фараби) және Пушкин көшелерімен қатар ол ең марапатты болып саналды, оның бойында ең ауқатты және атақты қала тұрғындары үйлерін тұрғызды. Сонымен қатар шіркеу Базар алаңына жалғасты, мұнда жексенбі күндері қызу сауда-саттық жүріп жатты. 1930-ншы жылдары шіркеуді бұзу шешімі қабылданды, алайда ерекше кірпіштен жасалған құрылыс қирауға көнбеді, сондықтан 1938 жылы шіркеу жай ғана жарылды. Сау қалған кірпіштерді облыстық атқарушы коммитетінің ғимараты құрылысына пайдаланды (қазіргі А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ бас корпусы). Қазіргі Орталық нарық орнында болған Михайловс шіркеуін атақты қала тұрғындары арасында сұлулығы мен әйгілігі үшін халық оны «көпестік». деп атаған. 1920-ншы жылдары шіркеудің қоңыраулары алынды, кейін шіркеудің өзі өртенді.

Информация о работе Ақылбек Шаяхмет. Тарихи атаулар қайта оралуы керек