Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Октября 2013 в 20:19, реферат
1848 жылдың шамасы. Маңғыстау жері. Жаздың бір жайма-шуақ күні. Ауыл алдындағы биік белесте төрт-бес ақын, жыршы. Бұларға ауыл жақтан бір қария келіп қосылады. Ақ орамалды басына жай ғана орай салған ақ көйлекті, ақ сақалды абыз атаның өзі.
Бірақ Аллақұл әскері ханның «Кәпірге ниеттес болған Сүйінқара басын әкел» деген негізгі тапсырмасын орындай алмады. Түн бойы көзі ілінбей жатқан Сүйінқара ауылға жау құлаған кезде белдеудегі арғымаққа жайдақ мініп, Қатпастың қалың қамысына сіңіп кеткен еді...
Ел есінде қалған осы оқиғалар тарихи деректерге де сәйкес келеді. Орыс зерттеушісі С.Г.Карелин 1832 ж. Орынбор генерал- губернаторына жазған хатында Хиуа ханының зекетшілері Бозашыда түрікменнің абдал биі Сүйінқара ауылын шауып, оның Айсалқам, Жансалқам атты екі қызы мен бір ұлын және отыз әйелді тұтқын етіп, қайтар сапарында сол маңдағы елді тонап, 300-дей қазақты өлтіргенін хабарлайды (Русско-туркменское отношение в XVII-XIX вв. Изд. АН ТССР, Ашхабад, 1962, стр.268).
С.Г.Карелиннің Сүйінқараны түрікменнің абдал биі деуінде мән бар. Сүйінқараның әкесі Үргешбай түрікменнің абдал руының ақсақалы Аллапердімен дос болған. Үргешбай ерте дүние салады. Аллаперді дос өсиеті бойынша Сүйінқараны өзі тәрбиелеп, үй етіп, енші береді. Сөйтіп, қазақ, түрікмен тәрбиесін бірдей көрген Сүйінқара екі елге ортақ батыр атанады.
Сүйінқара ауылын шапқан Аллақұл әскері Маңғыстауды жайлаған қазақтар мен түрікмендерге бірдей тиіскен. Сүйінқарамен қоныстас Аллаперді ауылы да шапқыншылыққа ұшыраған. Кезінде Аллаперді бұл шапқыншылықты Сүйінқараның ханмен қарсы болуынан, оның кереғар мінезінен деп ұқса екен. Бұған куә – түрікмен ақыны Хатамның Аллаперді атынан қазақ ақсақалдарына арнап шығарған «Не болды?» дейтін өлеңі:
Бізден сәлем болсын Жары халқына,
Дұшпандарға таба болдым, не болды?..
Достым жылап, дұшпандарым күлісті...
Ұлым кәпір болып, малымды алысты...
Бірісі қолым еді, бірісі – саным,
Бірісі тәнім еді, бірісі-жаным,
Бірісі көйлек еді, бірісі-тоным,
Тілепбай, Мүсіреп жанға не болды?
Бұған қарағанда, Хатам да, Аллаперді де Сүйінқараның түпкі ізгілікті ойына – Россияға қол артып, Аллақұлдан іргесін аулақ салғасы келген саясатына түсінбеген.
Тарихи зерттеулер мен ел есіндегі деректерге қарағанда да Сүйінқара Аллақұл шапқыншылығына жауапсыз қалмаған.
Ел аузында осы жорықта елге оралмағандар туралы айтқан жоқтаулар мен талай тарихи әңгімелер бар. Оларда халық басына түскен ауыр қайғы айқын бейнеленген.
Аттанған Адай сегіз жүз,
Келер ме екен келер күз?
Келер күзде келмесе, -
Аттанғаннан күдер үз.
Тарихшы М.Тұрсынова архив қазынасынан келтірген деректерге қарағанда, көп ұзамай Аллақұл ханның жасауыл басы Мәмбетнияз: «Сүйінқара келісім туралы ханға елші жіберсін», -деп хабар салады. Сүйінқара баласы Бүркіталыны қосып, тоғыз би жолдайды. Хан елшілерді тұтқынға алып, біреуін Сүйінқараға қайтарады: «Хиуаға келіп, қарамағындағы елімен маған бағынатын болсын, алым-салық төлесін», - дейді ол.
Аллақұлдың келесі шабуылынан сескеніп, Сүйінқара көп ұзамай-ақ Баймағамбет Айшуақов билеген аймаққа өтіп кетеді. Үстірт Маңғыстау түбегінде мұндай көшулер үнемі болып тұрған.
Хандар тонауынын күйзелген мұндай қаһарлы жылдар бейнесі көшпелі ел әдебиетіне өз сәулесін түсіреді. Бұқара тілегіндегі ақын, жыраулар ел мұңын, басқыншы, тонаушыларға қарсы халық ызасын өз шығармаларына арқау етті, дәстүрлі ел қорғау идеясын көтерді.
Бұл кезеңде өмір сүрген бұқара жыршысы Абыл Хиуа ханы Аллақұлдың озбырлық басқыншылығына қарсы күрескен айтулы батырларды тебірене жырлаған. Соның ішінде ерекше атайтыны – елі үшін жан қиған Құлбарақ батыр.
Аржағың Ер Есболай Итемгеннен,
Келеді айқын жүйрік ит өлгеннен.
Қайтпады қайран ерлер қауымына,
Ажалға өзі барып сүйкенгеннен.
Құлбарақ туып еді Табылдыдан,
Жау көрсе, жаман қашар жабындыға.
Барды да, батыр жауда қапыда өлді,
Тиді де ажал оғы қағындыдан.
Ақын Құлбарақ батырды сонау арғы аталары Итемген, Есболайлар сияқты ел қамқоры ретінде суреттейді.
Абыл Хиуа хандығының қысымында отырып елдің көсегесі көгермейтінін, Россияға қол арту керектігін нақты жағдайлар нәтижесінде сезе білген ойлы батыр Сүйінқараны да жыр еткен. Бізге бұл жырдың батыр қазасы кезінде айтылған екі-үш шумағы ғана жетіп отыр:
Сүйекем сапар шекті сексен бесте,
Сейсемде, қалды жатып Аютөсте.
Қорлыққа көнбен деген бір пенде еді,
Ажалға о да көнді – салған іске.
Осы жолдардың өзінен ақынның батырға деген ерекше ілтипатымен қатар, Сүйінқараның өз өмірінде бір бет, бірегей адам болғанын да аңғарамыз.
Халық батыры Сүйінқараның өз дәуірінде лайық ілгерішіл, ерлік әрекеттерін бейнелеу қазақ әдебиетінде дәстүрге айналды. Абылдан кейін Сүйінқараны жырға қосқан Ығылман ақын. Ол аты әйгілі «Исатай, Махамбет» дастанында Сүйінді (Сүйінқараны.-Қ.С.) жұрт аузына қараған ел ағасы, Исатай, Махамбеттермен дос көңілдегі адам ретінде суреттейді. Ал жазушы Әбіш Кекілбаев «Күй» повесінде Дүйімқараны Сүйінқараның прототипі ретінде алып, нағыз қас батыр образын жасаған. Мұнда Дүйімқара жаңа түскен жас келіншегінің жылы төсегінен суырыла шығып, атқа жайдақ міне, сүйеулі найзасын қарына іле жауға аттанған, жауын шыбын құрлы көрмейтін кесек қимылдарымен танылады. Жазушы Әнуар Әлімжанов «Махамбеттің жебесі» романында тарихи, әдеби деректерді қорыта келіп, Сүйінқараны Аллақұл әрекеттеріне қарсы, Исатай – Махамбеттермен пікірлес, мұраттас, ел алдында беделі зор, аузы дуалы, көреген де шешен, ойлы батыр есебінде бейнелейді. Маршал Әбдіхалықовтың «Сүйінқара» романында да Сүйінқара батыр бүгінін ғана емес, келешегін де бағдарлай, болжай білетін ақылды адам, беделі зор бұқара қамқоршысы ретінде суреттеледі.
Абылдан күні бүгінге дейін көркем әдебиетте суреттелген Сүйінқара бейнесі тарихи шындықтан алшақ кетпейді, қайта уақыт мұнары перделей бастаған замана шындығын, халық қамы үшін үрдіс әрекетке бел буған батыр қимылын бүгінгі оқушыға мол елестете түседі.
Абылдың бір топ өлеңдері әділетсіз, озбыр сұлтандарды әшкерелеуге арналған («Баймағамбетке айтқаны», «Ақсұңқар сынды шалғын қауырсыннан», «Замана қайым болар жер зыңыранса», «Қызыл тіл Жиреншедей тілім, тақсыр», «Басында миуа ағаштың сайрар бұлбұл»).
Бұқара сөзін сөйлеген өнер иелеріне қанды қақпан құрған Баймағамбет сұлтан бірде ауырып жатып Абылды алдырып:
Бопайдан туған әкең Айшуақ хан,
Табаның таймай тұр-ау мінген тақтан.
Дәлірген дажал сынды дәрежеңді
Деп жүрсің Құдай қорып, Қыдыр баққан.
Толы ел – толықсыған көлін тастап,
Қаңғырған Қайыпалды Тәңір қаққан.
Ер өлді деп етек бұлап жалайтұғын,
Байеке-ау, қай ісің бар елге жаққан?!
Сөйтіп, турашыл ақын Баймағамбетке арнаған толғауында «сен де Қайыпалдының (Қайыпқали Ешімов. – Қ.С.) жолын қуасың, халықтың қас жауысың» деген пікірді ашық айтады. Бұл езілген бұқараның қанаушы қауымға өз ақынының жалынды тілі арқылы айтқан ыза-кегі болатын. Абылдың қуғын көріп, қысымға түсуіне де себеп болған озбыр хан, сұлтандарды аяусыз әшкерелеген осы туралығы, хан ордасының шаңырағын шатырлатқан Исатай, Махамбет сияқты халық ұлдарымен үндестігі еді.
Абыл тағдыры талқыға түсіп, қаншама азап шексе де, халықты аздырып-тоздырып қанап келген хан, сұлтандарды тілдеуін тоқтатпаған. Бұл жай оның Қайыпалдыға айтқан өлеңдерінен айқын көрінеді:
...Баймағамбет өзіңнен артты десе,
Ұстайды сонда сенің жының, тақсыр.
Қолдаған сол сұлтанды губернатор,
Өзгеден артық па еді дінің, тақсыр.
Хиуаның қонышына кіріп кеттің,
Бір уыс болмаса игі ед күнің, тақсыр,-
деп Жәңгірмен бақталас болып Хиуа хандығына паналап жүрген Қайыпқалидың қытығына тиеді. Шыншыл ақын Қайыпқалиды: «Хиуа ханының құйысқанына қыстырылған сенің күнің қараң, келешегің бұлдыр»,- деп айыптайды. Абылдың мұндай пікірге келуіне толық негіз бар еді. Себебі Хиуа хандығы қолшоқпарлары Қайыпқалилардың бұқараға көрсетіп отырған озбырлығын, Хиуа тарапынан жәбір көрген қазақтардың орыс шекарасына көшіп барып, жан сауғалап отырғанын ол жақсы білетін. Оның куәсі ақынның көз алдынан өткен, өзі тебірене жырлаған Сүйінқара ауылдарының шабылу оқиғасы болатын. Хиуа хандығының елге көрсеткен зорлық-зомбылығы, Бөкей ордасындағы Исатай, Махамбет бастаған шаруалар бұрқанысы ақынға өз дәуірінің мәнді мәселелеріне зер салып, түйін жасауына көмектескендігі даусыз.
Жәңгірмен бақталас болып, сырттай бұқара ниетіндегі адам көрінсе де, Қайыпқали Хиуа ханы саясатын шектес отырған қазақ руларына насихаттап, алым-салығын жинаушы қолшоқпары болды. «Хиуа хандары Кіші жүздің сұлтандарын қолшоқпары етіп алып, оларға хан атағын белгілеген грамоталар берді, қару-жарақ, әскер беріп тұрды. Сауқым Бөкеев, Ермұхамбет (Елекей) Қасымов, Жанғазы Шерғазиев, Қайыпқали Ешімов және басқа сұлтандар Хиуа ханының қызметінде болды. Бұл сұлтандар Хиуа ханына ұшыр және зекет жинады. Хиуа нөкерлерінің шапқыншылықтарына, ел тонауларына қатысты, бір руды бір руға айдап салды, тағы басқа осындай әркеттер істеді» (Қазақ ССР тарихы, І том, А., 1957, 336-б.).
Кезінде Сүйінқара және басқа Маңғыстау батырлары еліңді Хиуаға біржола бағындыр деген Қайыпқали үгітіне көнбеген. Бұл жайлар Ы.Шөрековтің «Исатай, Махамбет» дастанында да келісті суреттеледі. Ықпалына иілмеген елге Хиуа үкіметі үстемеленген салықтар салады, хан әмірін орындаушылардың бірі Қайыпқали еді.
Абыл Қайыпқали мен Баймағамбетке айтқан өлең, толғауларының қай-қайсысында да Махамбетпен, Шерниязбен үндесіп отырады. Махамбеттің «Баймағамбет сұлтанға айтқаны» халықтың қас жауына тура айтылған жай оғы десек, Шернияз бен Абыл өлеңдері өз стильдеріне лайық кезде ашық, кейде тұспалдай келетін сынау, шенеу болып табылады. Олардың қай-қайсысы да ыза мен кекке суарылған. Бұл аталған ақындардың өлеңдері әрі пікір, көзқарас бірлігінен, әрі тағдыр ұқсастығынан туған.
Абыл – көне жыраулар дәстүріндегі сөз шебері. Шағын шумақтан құралатын «Сексеннің бізде келдік жетеуіне», «Отырған қарсы алдымда Қаным- айым», «Сүйекем сапар шекті сексен бесте», «Арғымақ атта сын болмас» сияқты бірқатар өлеңдерінде, «Естірту» толғауында өмір мен оның мәні, адамның тірліктегі қадір-қасиеті туралы толғанады.
Адам өмірінің бел-белестерін суреттеу, кәрілік шағы туралы тебірену қазақ ақын, жырауларының көбінде кездеседі. Бұқар, Шал, Сүйінбай, Шәйтім жырларында кәрілік кезеңі өте шынайы суреттелген. Абыл да «Кәрілік» аталатын шағын шумағында жалғыздық, жарлылық, кәрілік үшеуін салыстыра келіп, адам еркінен тыс ұрмай-соқпай кісендеп тастайтын қартайған кездің қатыгез мінезін айна –қатесіз көз алдыңызға әкеледі. Аталған ақын, жыраулардан Абылдың бір ерекшелігі – «қалтақ-құлтақ етіп» тек көп жасап, көп көргендігін айтуында ғана емес, «жаманның жетегіне ермей», адам боп өткен мағыналы өмірді мақтан етуінде. Мұндай ой ақынның «Қар жауар күн-түн оның қабағынан» өлеңінің де негізгі идеясы. Абыл мұнда сараң, дөкір, өзіндік пікірі жоқ, азаматтығы кем жандарды мінеп, «от басы, ошақ қасы» қамынан ел мүддесін артық санайды. Ақын жырларының негізгі қағидасына айналған бұл идея философиялық –дидактикалық әуенде келетін «Арғымақ атта сын болмас», «Естірту» толғауларында да дами түседі.
Ойлы мысалдарға толы ақыл, нақыл, насихат күйінде келетін Абылдың «Естіртуі» - қазақ әдебиетіндегі мұң-шер өлеңдері дәстүріндегі толғау. Әдеттегі «естіртулердің» кейбір қағидалары мұнда да сақталған. Кейбір «естіртулерде» естірту, жұбату сөздері қатар келетін болса, Абыл толғауы тек естіртуге ғана құрылған. Толғауда «Естіртулер» дағдысы бойынша Абыл да адам мен табиғат дүниесінің әр саласынан басына іс түскен зарлылар мен қиындыққа кезіккендердің қайғылы халі туралы мысалдар келтіріп, тебірене толғайды:
...Желбезекке жебе дарыса,
Өрге балық жүзе алмас.
Әркімдер жеткіншектен айрылса,
Жер таянбай тұра алмас.
Ақын көне жыраулар дәстүрінше алыстан орағытып, тұспалдай бастап, мысалды бірте-бірте нақты қаза оқиғасына жуықтата түседі. Тыңдаушыны қаралы хабарды сезуге даярлайды:
...Ай тұтылды ұлысынан,
Күн тұтылды шығысынан...
Емен сапты болат найза
Сынды дейді ұңғысынан.
Абыл осылайша әдеттен, табиғат заңынан тыс оқыс оқиғаларды суреттеп, ой салар, селт еткізер, секем алар халге келтіреді. «Естірту» соңындағы бірнеше жолда ғана қаза хабарын ашық айтады:
Тау құлады шынарынан,
Айырылып, шықты көзің шырағыңнан,
Айрылдың Жиреншедей ділмәріңнен.
Көрсең- көзіңнің раушаны,
Көңіліңнің күш-қуаты,
Жүрегіңнің ол дидары,
Көзіңнің ол жанары,
Айрылдың Тілеумағамбет перзентіңнен.
Осы естіртуден де өлең-жырды халықтың жүрекке жара болған көңілдегі қайғыны емдеп, сейілтуші деп қарағандығы сезіледі. Академик М.О.Әуезов сөзімен айтсақ, естірту «қазақ халқының жан дүниесінің тазалығын, қайғы көріп, қаралы болғанға қабырғасы қайысып, ауыртпалықты бірге көтерісетінін, оның адамның күйініш-сүйініштерін терең сезінген сыпайыгершілігін, көрегендігін танытады» («Уақыт және әдебиет». А., 1962, 45-б). Мұндай сипаттарды Абыл «Естіртуінен» де анық аңғарамыз.
Бір ғана «Естірту» емес, Абылдың «Сүйінқара батырға», «Құлбарақ батырға» аталатын өлеңдерінің қай-қайсысы да мазмұн, әуеніне қарағанда, «Мұң-шер өлеңдері» үлгісінде. Соңғы екі өлеңі, шын мәнісінде, Сүйінқара, Құлбарақ батырларды жоқтау. Бізге бұл өлеңдер ілкі қалпында толық жетпесе де, батырлардың ерлігі мен кісілік келбетін айтып, «Ажалға о да көнді – салған іске», «Қайтпады қайран ерлер қауымына», «Барды да батыр жауда қапыда өлді» дегендей аңсау мен өкініш аралас аза тұтудың өзінен жоқтау әуені айқын аңғарылады.