Автор работы: Пользователь скрыл имя, 03 Марта 2014 в 18:05, лекция
Бухгалтерлік есепті білу және оның көмегімен алынған мәліметтерді талдай алу тек кәсіби мамандарға ғана емес, сонымен бірге, шаруашылық басшыларына да қажет. Өйткені олар ұйымдағы бухгалтерлік есептің дұрыс ұйымдастырылуына тікелей жауапты болып келеді. Қазіргі кезде бухгалтерлік есептің негіздерін білу экономикалық білім берудің қажетті бөлігі болып саналады.
Бухгалтерлік есептің ақпарапттық жүйесі қаржылық /сыртқы/ және басқарушы /ішкі/ есеп болып екіге болып екіге бөлінеді.
Бүгінгі таңда ел экономикасының нарықтың жолға көшуіне байланысты жаңа кәсіпкерлік қызметтердің пайда бола бастауына сәйкес бухгалтерлік есептің маңызы мен рөлі арта түсуде.
1. Силлабус
2. Глоссарий
3. Сабақтың жоспары мен мазмұны
4. Дәрістің негізгі мазмұны
5. Практикалық сабақтардың негізгі мазмұны
6. СӨЖ тапсырмалары және оларды орындау бойынша әдістемелік
нұсқаулықтар
7. Аралық бақылау кестесі
8. Әдебиет
9. Тестік тапсырмалар
Практикалық сабаққа әзірленуге қажетті әдістемелік нұсқау:
Практикалық сабақта талқыланатын сұрақтардың тізімімен танысып, оларды дәрістің негізгі мазмұны мен ұсынылған әдебиеттер бойынша пысықтаңыз. Сабаққа әзірлену барысында практикалық сабақ сұрақтарын белсенді талқылауға қажетті студенттердің білімі мен міндеттеріне қойылатын талаптарға көңіл бөліңіздер.
СОӨЖ – на тапсырмалар мен әдістемелік нұсқаулар
СОӨЖ мақсаты: тақырып бойынша алынған теориялық білімді бекітіп, бухгалтерлік құжаттардың жіктелуі және бухгалтерлік құжаттарда жіберілген қате жазуларды түзету әдістерін меңгеріп, іс жүзінде қолдана білу.
№1 Тапсырма
Құжаттардың жіктелуі бойынша:
Берілгені:
Кіріс кассалық ордері, төлем тапсырмасы, шығыс кассалық ордер, сенімхат, жұмысқа қабылдау туралы бұйрық, талап, лимиттік-жинақтау картасы,тауарлық-жүк құжаты, сет-фактура, еңбек ақы бойынша төлем ведомосі, кіріс ордері, материалдарды қабылдау актісі, негізгі құралдарды қабылдау-тапсыру актісі, материалдардың ішкі қозғалысына арналған накладнойлар, банк үзіндісі.
Талап етіледі:
Бухгалтер лік құжаттарды жіктелу белгілері бойынша топтастыру.
№2 Тапсырма
Қате жазуларды түзету бойынша:
Дт-1010 Кт-1040 21500.
Түзету енгізіп, бухгалтерлік есепте бейнелеу қажет.
Дт-1320 Кт-3310 40000
Қателік келесі айда анықталған. Қатені түзетіңіз
Әдістемелік нұсқау. Студенттер мыналарды назарына алып ескерулері керек:
1. Шаруашылық операциясының орындалуына рұқсат беретін және орындалғанын дәлелдейтін құжатардың айырмашылығы бар.
2. Банктік және кассалық құжаттарға түзету енгізуге болмайды
СӨЖ-на арналған тапсырмалар мен әдістемелік нұсқаулар
СӨЖ-ның мақсаты: тақырып бойынша алған білімді тереңдету, талдап зерделеу және бухгалтерлік баланс туралы теориялық білімін тәжірибе жүзінде бекіту.
Ұсынылған және өз беттеріңізше таңдап алған ғылыми әдебиет тізіміне сүйене отырып:
6 - Тақырып: «Ағымдағы активтердің есебі:
Ақша құралдары және олардың эквиваленттері»
Сабақтың мақсаты: ақша құралдары мен олардың эквиваленттерң туралы түсінікті ашу, олардың кәсіпорын кассасындағы, аңымдық банктік шоттағы тенгемен және шетел валютасындағы есебін оқып зерттеу.
Дәріс сұрақтары:
1. Ақша құралдары және олардың эквиваленттері туралы түсінік.
2. Касса операцияларының есебі.
3. Банктегі есеп айырысу
4. Шетелдік валютамен орындалатын операциялар есебі.
Негізгі түсініктер: ақша құралдары, ақша эквиваленттері, овердрафт, кассалық кіріс ордері, кассалық шығыс ордері, кассалық кітап, банктік шот, валюта, валюталық бағам, бағамдық айырма.
Дәрістің мазмұны:
Өндірістік қызмет барысында ұйымдар өнімді өткізумен, жабдықтаушылардан материалдардың келіп түсуімен, қаржылық міндеттемелерінің орындалуы және тағы басқаларымен байланысты әр түрлі қарым – қатынасқа түседі. Осыған байланысты ақшалай есеп айырысулар не нақты ақшасыз есеп айырысу түрінде, не қолма – қол ақша айналымы түрінде жүргізіледі. Ақшалай есеп айырысу жүйесінің дұрыс және тиімді ұйымдастырылуы кәсіпорын қызметі барысында үлкен роль атқарады.
Ақша қаражаты – бұл жоғары өтімді актив және жалпыға бірдей айырбас құралы, сонымен бірге барлық қалған активтерді бағалау мен есептеу негізі болып табылады. Ақша қаражаты міндеттемелерді тез арада өтеуге қабылетті болуы керек.
Бухгалтерлік есептің №7 «Ақша қаражаттарының қозғалысы жөніндегі есеп» деп аталатын халықаралық стандартына сәйкес ақша қаражатына қаржылық ұйымдарда ағымдық шоттардағы ақша, қолма-қол купюралар, монеталар, валюта және айналымдық несиелік – ақшалай құжаттар жатады.
Ақшы қаражатының эквиваленті деп ақша, қаражатының белгілі бір сомасына жеңіл айнала алатын және құндылығын өзгерту қаупіне аз ұшырайтын қысқа мерзімді өтімділігі жоғары салымдарды айтады. Мысалы, банктік овердрафт. Овердрафт –бұрын дебеттік қалдықтан асатын сомаға төлем жасағанда активті шотта пайда болатын кредиттік қалдық. Яғни, банк төлеген сома клиент шотындағы ақшадан асып түссе овердрафт туындайды. Овердрафт әдетте қысқа мерзімді міндеттеме ретінде есепке алынады.
Кәсіпорынның күнделікті ағымдағы шаруашылық іс-әрекетіне қажет нақты ақша кассада сақталады. Кассаға қабылданған нақты ақша КО-1 нысанындағы кассалық кіріс ордері бойынша кіріске алынады. Кассадан берілген нақты ақша КО-2 нысанында кәсіпорынның шығыс ордері куәландырады. Кәсіпорында кассаның кіріс және шығыс ордерлерінің мәлеметтері жүзеге асқан соң касса кітабына (КО-4) тіркеледі.
Кассадағы операциялар есебі 1000 «Ақша қаражаты» бөлімшесінің 1010 «Кассадағы теңгемен ақша қаражаты» шотында жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының банк мекемелері заңды тұлғалар арасындаға есеп айырысуларды жүргізу үшін және ақша қаражаттарын сақтау үшін теңгемен және шетел валютасында банктік шоттар ашады. Банктік шот – бұл клиентке банктік қызмет көрсету және ақша қабылдау туралы банк пен клиент арасындағы келісімдік қатынасты бекіту әдісі. Ұйымдар банктерде ағымдық, корреспонденттік, жинақтық, депозиттік және карт-шоттар аша алады.
Қазақстанда ҚР «Төлемдер және ақша аударымдары» туралы Заңына сәйкес банк мекемелері арқылы іске асырылатын қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың бірыңғай жүйесі жұмыс істейді (27.06.1998 жылғы № 237-I, 28.12.1998ж., № 36-1; 29.03.2000ж. № 42-П; 13.03.2003ж № 394-П; 05.05.2003 № 409-П; 08.05.2003ж. № 482-П; 13.12.2004ж. №11-Ш; 08.07.2005жылғы. № 69-Ш ҚР Заңдарымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген) .
Ағымдық шоттар бойынша операциялар шот иесінің жазбаша бұйрығы негізінде жүргізіледі. Субъектінің банктегі ағымдық шотына нақты ақша қабылдануы және берілуі немесе нақты ақшасыз есеп айырысу үшін кең тараған құжаттар:
-төлем хабарламасы
-ақша чегі
-төлем тапсырмасы
-талап төлем тапсырмасы
-есеп айырысу чегі
Кәсіпорын банкіден уақтылы (күн сайын немесе банк тағайындаған уақытта) ағымдық шотынан үзінді, яғни есепті кезеңдегі жасалған операциялар тізбегін алып отырады. Банкінің үзіндісіне басқа да ұйымдар мен кәсіпорындардан ағымдық шотқа келіп түскен және одан аударылған ақша қаражаты бойынша құжаттар, сондай-ақ кәсіпорыннан келген құжаттар тіркеледі.
Ұйымның бухгалтериясы ағымдық шоттағы операциялардың синтетикалық есебін 1030 «Банктік ағымдық шоттағы ақша қаражаты» шотында жүргізеді.
Шетел валютасымен байланысты операциялар № 21 «Валюталық бағам өзгерістерінің әсері» ҚЕХС реттеледі.
Кәсіпорындарда шетел валютасындағы ақша қаражатының есебі 1032 «Банктегі ағымдық шоттағы валютамен ақша қаражаты» шотарында жүргізілуі мүмкін. Бұл шоттар активті. Бұл шоттардың дебетінде есепті мерзімнің басындағы және соңындағы шетел валютасымен ақша қаражатының қалдығы, шетел валютасымен түскен ақша қаражаты, ал кредитінде шыққан шетел валютасы көрсетіледі. Бұл шоттардың аналитикалық және синтетикалық есебі 1010 және 1030 шоттарындағы есеп тәріздес жүргізіледі.
№ 21 «Валюталық бағам өзгерістерінің әсері» ҚЕХС –на сәйкес, шетел валютасындағы операция шетел валютасында көрінетін және реттелетін мәміле болып табылады. Оған келесі мәмілелер жатады:
- бағасы шетел валютасында
-алашақ немесе берешек сома шетел валютасында көрсетілгенде;
- валютаны айырбастау келісімін орындалмаған тарап болып табылса;
Шетел валютасын теңгемен қайта есептегенде ҚР Ұлттық Банкімен бекітілген бағам емес, нарықтық бағамды қолдану керек делінген.
Шетел валютасындағы операциялар есепте операцияны валютада жүргізу күнгі бағаммен бейнеленеді.
Қаржылық есептілікті дайындау және ұсыну қағидаларымен бекітілген тану критерилеріне сәйкес, операцияны жүргізу күні болып операцияны есептілікте тану күні саналады. Шетел валютасында көрініс тапқан баланс баптарын қайта бағалау мақсатында олар ақшалай және ақшалай емес болып екі топқа бөлінеді.
Шетел валютасындағы ақша қаражаты және шетел валютасының тұрақты сомасы төлемі арқылы алынатын немесе өтелетін активтер мен міндеттемелер ақшалай бап болып табылады. Мысалы, қысқамерзімді дебиторлық және кредиторлық борыштар, алынған және берілген несиелер. Балансты құру кезінде шетел валютасындағы ақшалай баптар есептілікті құру күнінің бағамы бойынша қайта есептеледі.
Ақшалай баптарға жатпайтын баптар ақшалай емес болып саналады. Мұндай баптарға негізгі құралдар, материалдық емес активтер, тауарлық-материалдық қорлар және т.б. жатады. Олар қайта бағаланбайды және баланста операцияны жүргізу күнгі бағаммен көрсетіледі.
Ақшалай баптарды балансты құру күніне немесе есеп айырысу күніне қайта бағалау (қайта есептеу) нәтижесінде туындайтын бағамдық айырмалар пайда мен зиян туралы есепте бейнеленеді.
Бағамдық айырма – бұл бағам өзгерген жағдайда шетел валютасының дәл сол мөлшерін бухгалтерлік есеп және қаржылық есеп беру жүйесінде есептілік валютасында көрсету нәтижесінде пайда болған айырмашылық. Пайда болған айырма шаруашылық субъектісінің қарауына қарай, бухгалтерлік есепте екі тәсілмен бейнеленуі мүмкін:
- қаржылық – шаруашылық қызмет нәтижесіне тікелей жатқызу тәсілі: оң айырма – қаржылық қызметтен алынған кіріс есебінің шоттарына, ал теріс айырма – қаржылық қызмет нәтижесінде шыққан шығыстар есебінің шоттарына жатқызылады.
- жинақтық тәсіл: оң айырма алдын-ала алдағы кезең кірісі шотында, ал теріс айырма алдағы кезең шығыстары шотында жинақталып, қаржылық – шаруашылық қызмет нәтижесіне келесі тәртіппен:
а) шетел валютасындағы дебиторлық және кредиторлық қарыз – олардың өтелуіне есептен шығарылуына) қарай;
б) басқа жағдайларда – баланстың тиісті баптарымен шаруашылық операциялардың жүргізілуіне қарай жатқызылады.
барлық сомасы осы есепті мерзімде танылады.
Қорытынды:
Ақша қаражаты мен оның эквиваленттері қысқамерзімді активтер болып табылады. Ұйымның ақша қаражаты кассадағы қолма-қол ақшадан және банктегі нақты ақшадан тұрады. Жалпы алғанда, ақша қаражатының есебі №7 «Ақша қаражаттарының қозғалысы жөніндегі есеп» ҚЕХС-мен реттеледі. Қазақстанда ҚР «Төлемдер және ақша аударымдары» туралы Заңына сәйкес банк мекемелері арқылы іске асырылатын қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың бірыңғай жүйесі жұмыс істейді. Шетел валютасымен байланысты операциялар және № 21 «Валюталық бағам өзгерістерінің әсері» ҚЕХС реттеледі.
Дәріс тақырыбы бойынша әдістемелік нұсқау:
Ұсынылатын әдебиеттер:
Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар: