Автор работы: Пользователь скрыл имя, 15 Октября 2014 в 16:00, реферат
Біздің психиатриялық аурухана қаланың батыс жағында, ер¬неуіне тас қалаған шағын өзеннің жиегінде болатын. Аурухана ес¬кі еді. Сылақтары түсіп қалған алабажақ кірпіш дуалының тө¬бе¬сінде әбден тат басып, шіруге айнал¬ған қаңылтыр шатыры бар. Маңайда машина жүретін көше болмағандықтан, төңірек ертелі-кеш құлаққа ұрғандай тып-тыныш болып тұрады. Көктем кезінде өзеннің сарқы¬раған дыбысын терезені ашып тастап, түнімен естіп шығасың.
Төлен Әбдік. ОҢ ҚОЛ.
(Дәрігердің әңгімесі)
Біздің психиатриялық аурухана қаланың батыс жағында, ернеуіне тас қалаған шағын өзеннің жиегінде болатын. Аурухана ескі еді. Сылақтары түсіп қалған алабажақ кірпіш дуалының төбесінде әбден тат басып, шіруге айналған қаңылтыр шатыры бар. Маңайда машина жүретін көше болмағандықтан, төңірек ертелі-кеш құлаққа ұрғандай тып-тыныш болып тұрады. Көктем кезінде өзеннің сарқыраған дыбысын терезені ашып тастап, түнімен естіп шығасың. Тау жақтан жел соққанда арғы беттегі бақшадан жемістердің қышқылтым иісі мұрынға келеді. Жаз шыға бала-шағаларымен күнге қыздырынуға келген қала халқы жағаға сыймай кетеді. Жалпы аурухана, үйінің ескілігі болмаса, тұрған жері психика дертіне шалдыққандар үшін таптырмайтын орын.
Сенбі күндері аулада туған-туысқандарымен бірге қыдырып жүрген ауруларға ашық терезеден жалықпастан қарап отырар едім. Олардың науқастан азап шеккен жадау жүздері, былайғы жұртқа қорқынышты болып көрінетін оғаш қылықтары, сөйлеген сөздері жаныма соншалықты ыстық. Мен оларды жанымдай жақсы көремін. Иә, иә, жақсы көремін.
Олардың ешкімге ешқандай зияны жоқ. Егер дүниедегі бар зиянкестікті тексерер болсақ, солардың бәрін жындылар емес, сау адамдар жасаған ғой.
Біз тәні ауыратындарға аяушылық білдіріп, оларды жақсы көре түсеміз, ал жанның дертіне шалдыққандарды көргенде көкейімізде әйтеуір өзіміздің аман екенімізге шүкіршілік білдіретін қаскөй қуаныш тұрады. Ғаріпті аясаңыз - ақыл-естен айырылғандарды аяңыз, соларды сүйіңіз.
Мен сізді бір сенбіде алып барып, аурухана ішін аралатайын. Асықпай әрқайсысымен жеке-жеке әңгімелесіп көріңізші. Сөзсіз жақсы көріп кетесіз. Мен тіпті бақылау палатасындағы ең қауіпті аурулармен бірге ұйықтауға әзірмін. Қорқынышты дейсіз бе? Қорқыныш деген не тәйірі. Жақсы көру жетіспейді. Жақсы көру арқылы бәрін жеңуге болады.
Мен сонда істеген біраз жылдың ішінде неше түрлі жәйттерді басымнан кештім. "Дерт көп, денсаулық біреу" депті ғой бір халық. Не көп - аурудың түрі көп... Бірақ солардың ішінде бір оқиға есімде айрықша қалды.
Март айының аяқ кезінде бізге жасы он жетілер шамасындағы бір қыз түсті. Қабылдау үстінде ата-анасы қыздың өзін өзі бірнеше рет қылғындырып өлтірмек болғанын айтты. Маңындағылардың араласуымен аман қалған. Ал қыздың өзі мүлде басқаша баяндайды. Ол: "Маған қастандық жасаған мынау, бұл менікі емес, мүлде бөтен қол, мені өлтіргісі келіп жүр", - деп өзінің оң қолын көрсетеді. Бізде мұны ішкі тұлғаның екіге жарылуы деп атайды. Психопатологияның бір түрі. Яғни бір дененің ішінде екі түрлі "жан иесінің" кезектесіп, не қатар өмір сүруі. Мұның бәрі мидың шешілмей жатқан жұмбақтары ғой...
Шешесі қызының киімдерін ұстап тұрып, ұзақ жылады. Қызды шомылдырып, аурухананың халатын кигізіп, бірден бақылау палатасына жібердік. Аты Алма екен.
Қыз өте сұлу еді. Шашы иығына түскен, бұйралау кекілі бар. Қатты азап шеккеннен екі қабағының арасына жалғыз сызық - тік әжім түскен. Бірақ бой басы таза, өзін-өзі күте алатын секілді.
Біздің бөлімшеге келгеннен кейін мен Алманы жеке бақылауға алдым. Тұйық. Ешкімге қосылмайды. Үнемі қорқыныш үстінде жүретіні көрініп тұр. Бір ғажабы, қыздың жүріс-тұрысынан, сөзінен сырқат белгісі байқалмайды. Бірақ ұстамасы өте қатерлі екен. Оң қол шынында да өз бетінше ақылға сыймайтын әрекеттер жасайды. Оны ең алғаш кезекшілікте отырған түні көрдім.
Сағат түнгі үш шамасында ашық тұрған Алманың палатасынан шыңғырған дыбыс шықты. Әлдеқалай шылдырлаған телефонның трубкасын көтеруге үлгірмей, тұра жүгірдім. Мен палатаға кіргенде Алма кереуетте жатыр екен. Оң қолы кеңірдегін тас қылып қысып алған. Сол қолымен жанталасып айырмақ болды. Сестра екеуміз оң қолға қатар жармастық. Қолын қайырып, кереуеттің астына апарғанда түрі көкпеңбек болып кеткен Алма көзін ашты. Тұла бойы қалшылдап, көпке дейін өзіне-өзі келе алмады. Мен қолынан, бетінен сипап, үрейін басуға тырыстым.
- Ештеңе етпейді, Алма, қазір
бәрі де басылады, - дедім көзіне
түскен шашын кейін қайырып. -
Бұндай әрекеттер жүйкенің
Алма басын изеді. Содан кейін үрейленіп, өзінің оң қолына қарады.
- Қорықпа, - дедім, тағы да бір қалыпты, баяу дауыспен, - бұл сенің өз қолың...
- Жоқ! - деп баж ете қалды Алма. - Жоқ, жоқ! Менікі емес... Жоқ, жоқ!.. - Алма тағы да терлеп кетті.
Мен Алманың кереует астындағы қолын ұстадым. Қол дір ете қалды.
- Мінеки, ештеңе де жоқ. Қорқатын түк те жоқ... Бұдан былай мен саған күнде жатарда әңгіме айтып беріп тұрамын. Жарай ма?
- Жарайды, - деді аздап тынышталған Алма.
- Қарашы, қандай әдемі қызсың. Ертең жазылып шыққан соң, біз сені киноға түсіруге жібереміз...
Алма ептеп көңілдене бастады. Мен оның жанында таң бозарғанша отырдым.
Сол түннен бастап Алманың науқасы туралы жеке күнделік жүргіздім. Тіпті өзіме жеке ғылыми объектінің табылғанына қуанғанымды да жасыра алмаймын. Оң қол Алмаға тек қалың ұйқы құшағына енгенде шабуыл жасайды. Яғни өзіне қанша түсініксіз болғанмен, өзін-өзі өлтіру ниеті қыздың миында бар деген сөз. Бірақ ол ниет кімнің ниеті, қайдан келген. Алманың бүкіл өткен өмірін, мінез-құлқын, адамдармен қарым-қатынасын зерттей келіп, мұны өз басынан туған ниет деуге себеп таба алмадым. Бұл қалайда қанмен, тұқым қуалап келген ниет. Науқастың шешесі, иә әкесі, иә әкесінің әкесі бір кезде өзін-өзі өлтірмек болған. Енді олар әлдебір құпия заңдылықпен Алманың санасында тұрып, өздерін-өздері өлтіргілері келеді. Бірақ олардың өздері жоқ. Санасының иесі - қыз өлуге тиісті. Әлгі ниет қыздың организмі толық тыныштыққа енген кезде таңғажайып қатерлі рефлекс арқылы оянып, оң қолға сигнал береді. Ұстама үш-төрт күнде бір, кейде тіпті күн сайын болып тұрады. Алма үрей мен шала ұйқыдан мүлде жүдеп кетті. Біз енді оң қолды кереуетке байлап тастайтын болдық. Бұл алғашқы кезде жақсы нәтиже берді. Алма бір аптадай тамаша ұйықтап жүрді. Бірақ оң қол басқа бір қулық ойлап тапты. Ол Алманың көзі ілінісімен байлаудан жұлқынып, дамылсыз ырғап, оята бастайды. Ұйқысыздықтан азап шеккен Алма галлюцинацияға ұшырады. Енді оң қолды байлаудан босатып, тек түнгі сағат үш пен бестің арасында бұрынғыша күзетіп отыратын болдық.
Шынымызды айтсақ, күзеткеннен басқа ештеме бітірмедік. Ешқандай дәріден де, электротерапиядан да (қайта электротерапия жағдайды қиындатып жіберді) әсер болмады.
Сенбі күні сағат тоғыздан бастап Алманың шешесі мен ағасы келеді.
- Құлыным, - дейді анадайдан шешесі, - қалайсың, құлыным?
Алма үнсіз басын изейді.
Шешесі үйден әкелген тағамдары мен жемістерін сөмкесінен шығара бастайды.
- Керегі жоқ, - дейді Алма басын шайқап. - Тамақтың керегі жоқ.
Содан кейін ораулы жемісті алып, отырғыштың үстіне қояды. Шешесі мен ағасы Алманың түріне қарап біраз отырады.
- Құлыным, - дейді шешесі орамалымен көзін сүртіп.
Сосын өткен түні үйге қонақтар келгенін, олардың Алма жататын палатаның номерін сұрап алғанын, алдағы сенбіде келіп қалулары мүмкін екенін әңгіме қылады. Алма үндемейді. Шешесі Алманың бір құрбысының телевизордан тақпақ оқығанын айтады. Алма қабағын шытады. Шешесі қызының түріне үнсіз барлай қарап, қабақ шытуын дерттен болып отырған құбылыс деп өзінше ұғып, жым болды. Олар үйлерінде болып жатқан әрбір қызық оқиғаның Алмаға шаншудай қадалатынын түсінбейтін.
Жандарына мен келемін. Шешесі, бүкіл бәледен құтқаратын құдірет менің қолымда тұрғандай, маған сұраулы, жалынышты көзбен қарай береді. Мен Алманың шашын сипаймын:
- Алма ертең-ақ жазылып
шығады, - деймін сенімді, көтеріңкі
дауыспен. - Сіздер бекерге қайғыра
бермеңіздер. Бізде дерті асқынып
кеткен аурулар да жатыр. Оның
жанында Алманікі ойыншық қой..
Қызы мүлде жазылып шыққандай, шешесі есі шығып қуанып, қайта-қайта орамалын алып, көзін сүртеді.
- Айтқаның келсін, айналайын, - дейді даусы қалтырап. - Бағың ашылсын! Бақытың жансын, айналайын!..
Содан кейін бір айтқан сөзін әлденеше қайталап, Алманың сүт кенжесі екенін, көзінің қарашығындай аялап, тәрбиелегенін, үйде де, түзде де тірі пендеге қақтырып көрмегенін, ал енді мына дерт ешқайсысының тұқымында болып көрмеген сұмдық екенін айтып, мұңын шағады. Олар Алманың көңілін қайтіп аулау керек екенін біле алмай, бір-біріне жалтақтап қараумен түске дейінгі уақытты өткізеді де, аһылай-үһілей, көздерінің жастарын сығып, үйлеріне қайтады.
Алма ештемеге селт етпеген күйі мелшиіп қала берді.
Дүниедегі ең қиын зат жалғыздық
қой. Төңірегіңде іштегі қайғың мен қуанышыңды
өзіңмен бөлісе алатын жан серік адамдар
барда тірліктің де, өлімнің де бір мағынасы
болуы хақ. Бұдан рас, өлімнің салмағы
жеңілдеп кетпейді. Өлім қашан да қорқынышты.
Бірақ сенің өлімнен қашып, тіршілікке
ынтығуыңның өзі сол тіршіліктің мағынасы
барын дәлелдейді. Ал жер бетінде бүкіл
тіршілік атаулы
жойылып, әлемде жалғыз қалған бір сәтіңді
елестетіп көрші. Мұндайда өлім қорқынышты
емес, керісінше, тірлігің қорқынышты
болмақ. Алма бойындағы рухани жалғыздық
та осыған ұқсас бірдеңе еді. Мен Алманың
жалғыздықтан құлазыған көңіліне қалай
да олай жалғыз қарасын болып енгім келді.
Ойға алған мақсатыма берілгенім сонша,
күн сайын түнгі кезекшілікті бір өзім
атқарып жүрдім. Мен қатерлі ұстаманың
қай мезгілде болатынын жақсы білетінмін,
сондықтан дәл осы уақытта Алманың қасында
болып, оң қолын бақылап, кейде тіпті тас
қылып ұстап отыратынмын. Бірде ұйықтап
жатқан Алманың жанында кітап оқып отырғанмын.
Кенет төңіректе әлдебір қимылдың болғанын
сездім де, басымды көтеріп алдым. Сол
кезде мен оң қолдың кеуде бойымен алқымға
қарай жылан секілді ақырын жылжып бара
жатқанын көрдім. Бұл шынында да өте қорқынышты
көрініс еді. Алманы оятып алмауға тырысып,
барынша еппен қолды қыса ұстап, кереуетке
бастым. Қол бір-екі жұлқынды да, қайтып
қарсыласпады. Алма оянып кетті. Маған
әлдекімді ажырата алмай отырғандай, түйіле
қарап біраз жатты. Сосын жұп-жұмсақ алақанымен
менің қолымды сипап жатып, қайтадан көзін
жұмды. Бірақ көп ұзамай шошып оянды. Үрейлене
шыңғырған Алманы әрең дегенде тоқтаттым.
- Не болды? Неге шошыдың?
- Түс көрдім, - деді ол дірілдеген үнмен.
- Қандай түс?..
- Қылғындырды... - деді даусы одан сайын дірілдеп.
Мен тіксініп қалдым. Егер оң қол түсінде қылғындыра бастаса, оған менің еш қайраным жоқ еді. Тек Алманың қорқынышын басу үшін:
- Ол әншейін көп ойланғаннан болатын түстер ғой, - дей бердім. - Мен тірі болсам, сені аман сақтап қаламын. Түсінемісің?! Мен сені күзетіп күні-түні отыруға бармын... Тек сен бүйтіп қорықпа. Маған сен...
Алма менің мойнымнан құшақтап, жылап қоя берді. Кішкентай балаша көз жасына малшынған бет-аузын бетіме үйкеді. Аузыма көз жасының кермек дәмі келді...
Жалпы менің өзім де сол кезде болмашы шалық дертіне шалдыққан болуым ғажап емес... Алмаға деген өзімнің құпия көңілімді тіпті қазір де толық дәлелдеп бере алмаймын. Бар білетінім - Алма рухани жалғыз болатын. Ал оны тұңғыш түсінген менмін. Ол жалғыздықтан қашып, маған тығылды. Бірақ оған кім болса да бәрібір еді. Әйтеуір біреуге тығылу қажет болды... Мен Алманың оң қолын алақаныма салып, сәби еріндері түріліп, ұйықтап жатқан түріне қалғып-шұлғып қарап отыруға әбден дағдыланып алдым.
Менің күн сайын өз еркіммен түнгі кезекшілікте қалып, диванға жатып, көз шырымымды алып жүргенімді жұрт өзінше ұқты. Ақыры жолдастарымның арасында мен туралы "ешкімге айтпай, кандидаттық диссертация жазып жүр" деген лақап тарап кетті. Тегінде өзі емдеп жүрген жындылардың біреуімен құпиялас, сырлас екен деген ойға ешқайсысының батылы жетпеген болу керек.
Мен бір рет түнгі кезекшілікке бара алмай қалдым. Келесі күні Алма сол қолымен білегімнен сипап отырып:
- Сіз болмасаңыз мен әлдеқашан өліп қалар едім, - деді сыбырлап. - Сіз неге келмедіңіз, түнде қатты приступ болды.
- Кешір, келе алмадым...
- Сіз ылғи кешкілік менің жанымда боласыз... Қашан қыдырасыз?.. - Алма халатының түймесін шұқылай бастады. - Қызыңыз бар шығар... Сізге қыдыру керек қой...
Оның бұл сөзі маған мүлде ұнамады.
- Менің қызым жоқ, сондықтан кешке ешқайда қыдырмаймын, - дедім бетіне тура қарап.
Алманың жүзінен бұрынғы айықпас азап белгісі жоғалып, әлдеқалай өзімшіл шаттық, еркіндік, адамды имендіретін тергеуші көзқарас пайда болыпты. Мен дәл осы көзқарасты, кімнен екені белгісіз, бірақ дәл осы көзқарасты көптен күтіп жүргенімді сездім.
- Кеше бір ұлы ақынның
кітабын оқыдым, - деді Алма бас
жағындағы тумбочкаға қарап (кітап
сол тумбочканың ішінде болу
керек). Содан кейін жасөспірімдерге
тән аңқаулықпен тебірене: - Соның
ішінде "Дауыл" деген өлең бар
екен, - деді кәдімгідей қатуланып.
- Кеменің діңгегі қирап, рулі
сынған, желкені жыртылған. Көкжиекке
батып бара жатқан күнмен