Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Декабря 2014 в 12:31, реферат
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Орыс тілді бөлім студенттеріне қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша әлі де тереңірек зерттеуді қажет ететін мәселелер жеткілікті. Солардың бірі – жоғары оқу орындарының орыс тілді бөлімі экономика мамандығында оқитын студенттеріне кәсіби лексиканы оқыту әдістемесі.
1.2 «Орыс бөлім студенттерінің экономика мамандығы бойынша кәсіби лексикасын дамытудың лингвистикалық негіздері» атты бірінші бөлімнің екінші тармақшада экономика мамандарын қазіргі кезде кәсіби бағытта дайындаудың сапасын жоғарылату негізгі мәселелердің біріне жататындығы қарастырылады. Қазақ тіліндегі терминжасамның әр кезеңі өзіндік ерекшеліктерімен сипатталады және өмірдегі мәдени, әлеуметтік-экономикалық, саяси және тарихи өзгерістерді бейнелейді. Қазақ лексикасының терминдену әрекетін алғаш зерттеуші Ш.Құрманбайұлы қазақ лексикасының терминденуінің төрт негізгі кезеңін атап көрсеткен. Сондай-ақ, терминжасамның әр кезеңі өзіне тән ерекшеліктерімен өзгешеленеді және олардың әрқайсысы қазақ халқының өміріндегі тарихи дәуірді, ғасырды бейнелейді: I кезең. XIX ғасырдың екінші жартысынан 1910-жылдарға дейін; II кезең. 1910-1930 жылдар аралығы; III кезең. 1930-1990 жылдар аралығы; IV кезең. 1990 жылдардан бергі мерзім. Қазақ терминологиясының негізін алғаш салушылардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы. Қазақ тілі әдістемесі мен теориясынан білімді мықты меңгеруіне байланысты, ол арқылы қазақ тілі, әдістеме, тіл білімі, әдебиеттану салаларына қатысты бүтін бір терминдер жүйесі жасалды. Бұлар бүгінгі күнге дейін сол ғылым салаларының берік негізін құрап келеді. А.Байтұрсынұлы терминдер халыққа түсінікті әрі қолайлы болуы керек деп есептейді. Өйткені жаңа сөздер енгізудің негізгі мақсаты да көпшілікке жаңа ақпаратты жеткізу болып табылады. Бұл масат терминология халыққа таныс лексикаға негізделген болса ғана жүзеге асады. Міне осы факторды экономист-ғалымдар басты негізге алуы қажет.
Профессор Қ.Жұбанов интернационалдық лексиканың барлығы бірдей ана тілге аударылуға тиісті емес деген көзқарасты ұстанады. Кейде аударма терминнің нақты мағынасын бере алмайды, ал бұл жіберілмейтін қателікке, яғни аударылған терминді бұрмалау мен теріс түсінуге әкеледі. Қазақ терминологиясының көптеген саласын жасап шығаруда, тәртіпке салуда, әсіресе, XX-ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ зиялы қауымының көрнекті өкілдерінің бірі – Х.Досмұхамедұлының еңбегі айрықша.
Қазақ терминологиясының мәселелері академик Н.Сауранбаевтың еңбектерінде де көрініс тапты. Ол қазақ терминологиясын аударуға тәжірибенің жеткіліксіз кезеңінде жұмыс жасады. Қазақ әдеби тілінде қазақ халқының тұрмысы мен өмір сүруіне тән емес, жаңа сөздер мен ұғымдардың пайда болуы көптеген қиындықтарды тудырды. 1930-1990 жылдар аралығында салалық терминологиядан саусақпен санарлық қана ғалымдардың зерттеу жұмыстары жарық көрді. Салалық терминологияны жүйелеу мен үйлестіруде негізгі рөлді екі тілдік терминологиялық сөздіктер атқарады. Экономикаға байланысты соңғы жылдары көптеген сөздіктер жарық көрді. Қазақ тілінің терминологиялық негізін әрі қарай дамыту мен жүйелеуде, экономика терминдерін өңдеу бағытында әлі де біраз жұмыстар жүргізілуде.
Белгілі ғалым Б.Қасым зерттеулерінде: «...Күрделі атаулардың қолданыс аясы кең, аналитикалық тәсілмен туындаған атаулар арқылы сөздік құрам үнемі байып, дамып отыратынын байқауға болады», – деп тұжырымдайды [2,354]. Сонымен қатар, профессор Б.Қасым нарықтық экономикаға байланысты туған заттың күрделі атауларына: баспабас – бартер, делдал – брокер, жобақаржы – смета, жәрдемақы – пособие, қаламақы – гонорар, демеуқаржы – дотация, шотесеп – расчет, мүлікбасы – товаровед, т.б. күрделі атауларды жатқызған.
Зерттеудің лингвистикалық негізін А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, І.Кеңесбаев, А.Ысқақов, Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев, Б.Қасым, Б.Шалабайдың еңбектері құрайды.
1.3 «Экономика мамандығы бойынша орыс бөлімі студенттерінің кәсіби лексикасын дамытудың психологиялық негіздері» атты тармақшасында кәсіби лексикасын дамытудың психологиялық негіздері қарастырылған. Қазіргі кезеңде кәсіби қазақ тілінің жоғары сатыға көтерілуі, болашақ мамандардың сөздік қорларының дамуымен байланысты. Экономика саласында студенттердің белсенді сөздік қорына кәсіби лексиканың енгізілуі бірнеше психологиялық факторларға негізделеді.
Психология ғылымдарының жетістіктерін пайдалану – студенттердің қазақ тіліне деген қызығушылықтарын арттыру, студенттердің қабілеттерін ескеру, ес заңдылықтарын ескеру, студенттердің эмоциялық белсенділіктерін қалыптастыру, сонымен қатар, экономика саласындағы болашақ қызметкерлерді кәсіби іс-әрекетіне моральдық-психологиялық тұрғыдан дайындау студенттерге кәсіби лексиканы игеруге тиімді әсер етеді. Сол себептен педагогикалық психология ғылымының іргетасын қалаған Ы.Алтынсарин, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, К.Д. Ушинскийлердің еңбектері, сондай-ақ, психологиялық және педагогикалық мәселелерді қарастырған Т.Тәжібаев, М.Мұқанов Қ.Жарықбаев, Т.Сабыров, C.Рахметова, Р.Қоянбаев, Ж.Қоянбаев, А.Темірбеков, С.Балаубаев, С.Елеусізова, т.б. психолог-педагог ғалымдардың пікірлері басты бағыт ретінде алынды. Экономика саласындағы мамандардың қызметінде қатысымдық іс-әрекет ең маңызды рөл атқарады, өйткені экономика мамандары әр түрлі дәрежедегі адамдармен қарым-қатынаста болады (бизнес саласындағы әріптестерімен, бастықтарымен, заңды және жеке тұлғалармен, т.б.). Осы іс-әрекет барысында мамандар көптеген ақпаратты еске сақтаулары қажет. Сол себепті де лексикалық жадығатты тиімді игертуде негізгі рөлді ес заңдылықтары атқарады. Психологияда ес ұзақтығы мен мықтылығына байланысты бөлінеді: шапшаң, қысқа уақыттық, оперативтік, генетикалық, ұзақ уақыттық. Жаңа лексиканы игерту естің төмендегідей әрекеттерімен жүріп отырады: есте сақтау, сақтау және қайта жаңғырту. Жалпы студенттердің қажетті лексикалық жадығатты игеруі олардың қабілеттеріне де байланысты. Бүгінгі студент – экономика саласының болашақ маманы өзінің іс-әрекетінің сәтті болуына, кәсіби тұрғыда карьерасының өсуіне, өзінің жұмысына деген қызығушылығына әсер ететін қабілеттерге ие болуы және оны дамытып отыруы керек. «Оқу-тәрбие процессінде қабілет, білім, дағды, ептілік сияқты психологиялық ұғымдарды өз мәнінде түсіне алмау – мұғалімдерді педагогикалық қателіктерге ұшыратуы да мүмкін», – деп тұжырымдайды белгілі ғалым Қ.Б.Жарықбаев [3, 325]. Қ.Жарықбаев: «Ес-күрделі психикалық процестердің бірі. Ол есте қалдыру, қайта жаңарту, тану, ұмыту секілді процестерден тұрады», – деп санайды.
Есте қалдыру – ес әрекеттерінің бірі, ол арнайы есте қалдыру, еріксіз есте қалдыру болып бөлінеді. Тілді оқытуда арнайы есте қалдырудың маңызы күшті, арнайы есте қалдырусыз тілді үйрену мүмкін емес. Тіл мен ойлау ажырамас бірлікте. Ойлау үрдісін іске асыру үшін, ең алдымен физиологиялық үрдістер анализаторлардың мидағы ұштарының арасында туып жатқан уақытша жүйкелік байланыстардың (шартты рефлекстердің) маңызы өте зор. Шартты рефлекстер екінші сигналдардың әсерінен туындайды. "Сөйлеу органдарының ми қыртысына баратын кинестезиялық тітіркендіргіштер (қозғалыс) екінші сигнал болып табылатын сигналдардың сигналы"Психология ғылымдарының жетістіктерін кәсіби қазақ тілін оқытуда пайдалану студенттердің экономикалық терминдерді орынды қолданып, тиімді игерулеріне жағдай жасайды.
Бірінші бөлімнің төртінші тармақшасы «Экономика мамандығы бойынша орыс бөлімі студенттерінің кәсіби лексикасын дамытудың педагогикалық негіздері» деп аталады. Қазақ тілін орыс тілді топтарда оқыту әдістемесі міндетті түрде педагогика ғылымы мен соның ішінде дидактика заңдылықтарына сүйенеді. Зерттеу барысында Қазақстандағы белгілі дидакт-ғалымдардың М.Мұқанов, Ж.Б.Қоянбаев пен Р.М.Қоянбаев, Ж.Ә.Әбиев, С.Б.Бабаев, А.М.Құдиярова, Г.Ахметова, Р.Төлеубекова, Е.Өсербаева, М.Құдайқұлов, т.б. еңбектері негізге алынды. Студенттердің мамандығына сай сөздіктерді меңгеруін жеңілдету мақсатында Ф.Ш.Оразбаева, Б.Қасым, К.Жақсылықова, Г.Еркибаева, т.б. ғалымдардың еңбектеріндегі негізгі дидактиканың қағидалары мен ұстанымдары негізге алынды.
Тарихи дамудың әр кезеңі жаңа дидактиканың қағидаларын ұсынады. Бірақ оқыту әрекетінің негізіне берік орнаған, дидактиканың негізгі қағидалары бар. Олар әр түрлі болғанмен бір ғана мақсатты көздейді: оқыту әрекетінің тиімді жұмыс істеуі үшін жаңа жолдарды табу және жетілдіру.
Студенттер күнделікті ақпараттар көзінен түрлі мәліметтер алады. Бұл жөнінде М.Мұқанов былай деген: «... оқушының ақыл-ойының әлі күнге дейін еске алынбаған мүмкіншілігіне көңіл бөлейік. Осы уақытқа дейін бастауыш мектептегілер тым жас болғандықтан, таным процестерінің, әсіресе, ой әрекетінің әлі қалыптаспаған, жетілмеген жақтары бар» [4, 90]. Заман талабына сай қазір студенттер мемлекеттік тілді үйренудің аса қажеттілігін және оның болашақ мамандықтарына керек болатындығын естерінде ұстағаны абзал. Ал оқытушы өзінің барлық күш-жігерін студенттердің мемлекеттік тілді меңгеруге қызығушылығын арттыруға жұмсауы қажет. Ғалымдардың айтуынша, ең алдымен осындай уәждеменің күші оқыту әрекетінің нәтижелілігіне әсер етеді. Жағдаятты тиімді игеру тіл үйренушінің жеке ынтасына да тәуелді. Егер тіл үйренуші білімді игеруде ынталанбаса, қажетті нәтижеге жету мүмкін емес. Сонымен, студенттерді қазақ тіліне оқыту әдістеменің дидактикамен өзара тығыз байланысы ғана оқудың, танымның, білімді игерудің тиімділігін және олардың тәжірибеде жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Сол себебтен, қазақ тілі сабақтарында кәсіби лексиканы оқыту барысында төмендегідей ұстанымдар басшылыққа алынды: саналылық ұстанымы, жекелік және ұжымдық біртұтастығы ұстанымы, нақтылық пен абстрактылық бірлігі ұстанымы, түсініктілік (ашықтық) ұстанымы, білімнің беріктігі ұстанымы, кешенді оқыту ұстанымы.
1.4.1 Экономика мамандығы бойынша орыс бөлімі студенттерінің кәсіби лексикасын дамытудың тәрбиелік мәні. Тіл саясатын жүзеге асыру жағдайында, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің қалыптасуында студенттерді (болашақ экономист мамандарды) кәсіби қазақ тіліне оқыту ерекше орын алады. Кәсіби қазақ тілінің мақсаты – экономика саласында қызмет ететін болашақ мамандардың бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастырып, жоғары моральдық қағидаларды, адамзаттық құндылықтарды сіңіріп, кәсіби этикетті меңгерту болып табылады. Осының нәтижесінде түрлі тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Демек, жоғары оқу орындарында студенттер тәрбиесі – оқыту жүйесінің бөлінбес бір бөлігі болып табылады. Әлемдік бәсекеге қабілетті мемлекетті қалыптастыруда кәсіби сауатты маман-экономистерді дайындаудың маңызы артуда. Кәсіби қазақ тілі сабақтарының болашақ экономистерді тәрбиелеуде өзіндік орны бар. Ең бастысы, тілдік жағдаяттардың, мәтіндердің тәрбиелік мәні болуы керек.
Зерттеу жұмысының «Экономика мамандығы бойынша орыс бөлімі студенттерінің кәсіби лексикасын дамытудың әдістемелік негізі» атты екінші бөлімінің 1-ші тармақшасы «Экономика мамандығы бойынша орыс бөлімі студенттерінің кәсіби лексикасын дамытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер» деп аталады. Болашақ экономистердің кәсіби қарым-қатынас жасай білу біліктілігінің жүзеге асуы үшін оларға қажетті экономикалық терминдерді сөйлеу тілінде белсенді және сауатты қолданылуын қамтамасыз ету қажет. Экономикалық терминдермен танысу, кәсіби лексиканы қажет жерінде қолдануға дағдыландыруда ұтымды жұмыс түрлері мен әдістерін пайдалануға үлкен мән берілген. Студенттерді ойландыратын, болашақ мамандығына қызығушылықтарын арттыратын, белсенділіктерін арттыратын сабақтар ұйымдастырылуы керек екені белгілі болды. Қазақстанда жоғары оқу жүйесі түбегейлі өзгерістерді басынан кешті, ол – студенттерге қазақ тілін оқыту практикасына жаңаша жаңғыртып оқыту әдістемесін (Қ.Қадашеваның термині) енгізу болып табылады. Қазақ тілін орыс тілді аудиторияларда жаңаша жаңғыртып оқыту мәселесі Қ.Қадашеваның зерттеуінде жан-жақты қарастырылған. Жаңаша жаңғырту ұғымы дәстүрлі әдіс-тәсілдерге жаңалық енгізуді білдіреді. Жаңаша жаңғыртып оқыту әдістемесіне жоғары белсенділікті дамыту әдістері кіреді (тренинг-сабақтар, іскерлік ойындар, пікірталас, ойбөліс, ойталқы, пікірсайыс). Жоғары белсенділікті дамыту әдісі өзара қарым-қатынаста болу, әрекет ету дегенді білдіреді немесе әңгімелесу, сұхбаттасу, өзара бірлескен оқытуды бейнелейді. Бірлескен түрдегі оқыту: студенттер мен оқытушы оқытудың субъектілері болып табылады. Оқытудың жоғары белсенділікті дамыту әдістері тіл үйренушінің жоғары белсенділігін көтереді, алынған білімді шығармашылық тұрғыдан қайта қарауға мүмкіндік береді. Жоғары белсенділікті дамыту әдістерін қолданғанда оқытушы оқыту әрекетін ұйымдастырушы (немесе тренер) және кеңесші рөлінде болады. Сонымен бірге оқытушы студенттердің дербес шығармашылық жұмыстарына көмекші, іс-әрекетін ұйымдастырушы, жетекші, тренер ретінде көмек бере алады. Сабақтар ойын түрінде өтеді, студенттер өздерін емін-еркін сезінеді. Студенттер танымдық іс-әрекетке тартылады, өз білімдері мен ойларын ортаға салып, талдай білуге мүмкіндік алады, машығады. Жоғары белсенділікті дамыту әдістері арқылы студенттер білім алады, әлеуметтік және интеллектуалдық білім дағдыларын дамытып, сыни көзқарастарын қалыптастырады. Сонымен, кәсіби қазақ тілін оқытуда жоғары белсенділікті дамыту әдістерін қолдану арқылы студенттердің сөздік қорын экономикалық терминдермен байытуға, кәсіби тілдік қарым-қатынас дағдыларын тиімді игертуге болады. Оқытудың интерактивті әдісі болып табылатын іскерлік ойындар арқылы іске асатын тренинг-сабақтар – интенсивтік тілдік практикаға жағдай жасайды, үлкен көлемдегі лексикалық жағдаятты қамтуға, сөйлеу мәдениетін дамытуға, іскерлік этикетті меңгеруге мүмкіндік береді. Іскерлік ойындарды өткізу үшін төмендегідей дайындық керек: іскерлік ойынның тақырыбын таңдау; жоспар жасау, тәжірибеде қолдану; әрбір ойынға қатысушының рөлі мен тапсырмасы; іскерлік ойынды ұйымдастыру; ойынның мақсаты; ойынның ережесі; ойынның өтілу кезеңдері; қортындыларды шығару.
Кәсіби лексиканы оқытуда топтық әдісті қолданған тиімді. Оқытудың бұл әдісі студенттердің топтық іс-әрекет дағдыларын дамытады, сұрақтарды талдауға барлық топтың қатысуын қадағалайды; шешім қабылдау, басқару дағдыларын игеруге, іскерлік қабілеттерін дамытуға және кәсіби деңгейде талдай білуге үйретеді. Бүгінде өзге ұлт өкілдерінен өздері істейтін мекемелерде қазақ тілінде сөйлеп, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу, жиналыстарда, ресми отырыстарда, мәжілістерде сөз сөйлеу, есеп беру, мәліметтер беру, өзі сияқты мамандармен кездесіп, қызмет мәселелерін шешу, өз мамандығы бойынша терминдерді пайдаланып, еркін тілдік қарым-қатынаста болуын талап етіледі. Бұл талаптарды орындау жоғары оқу орындарының түрлі мамандықтарында оқитын студенттер мен тіл мамандарына үлкен міндеттер жүктейді. Әрбір мамандықтың өз саласында қолданылатын терминдері мен іс қағаздарының түрлері бар. Мысалы, экономика мамандығы бойынша сауда, төлем, валюта, банк, кредит, есеп айырысу, депозиттерге байланысты, кеден, салық жүйесінің қызметтеріне қатысты түрлі қызмет қатынас-қағаздары толтырылады. Жалпы, қаржы-экономика саласындағы жұмыстардың барлығы дерлік тек мамандыққа байланысты терминдер (кәсіби лексика) мен қызмет бабында қолданылатын кәсіби сөздер көптеп кездесетін құжаттар арқылы іске асатыны белгілі. Сондықтан мамандыққа сай оқыту жұмысы мамандыққа байланысты терминдер мен сөздерді игеру барысында іске асады. Тіл мамандары ең алдымен, мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдеріне меңгерту ұстанымдарын, ерекшеліктері мен әдістерін кешенді қарастырып, білім беруді жүйелі түрде ұйымдастыруы керек. Қазақ тілін оқыту әдістері өзге ұлт өкілдеріне екінші тілді оқыту ұстанымдарына негізделеді. Қандай да бір тіл болмасын, оны екінші тіл ретінде оқытуда – оқытушы сабақта сөйлеу әрекетінің негізгі бес түрінің орындалуын қамтамасыз етеді: тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым, сөйлесім. Екінші тілді үйретуде кәсіби лексиканы дамыту жұмыстарының барлық түрі тұтас, яғни кешенді қарастырылады. Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту жұмысы тақырыптық принципке негізделеді. Мәтін сабақта жүргізілетін барлық жұмыстарға негіз болады. Мәтінмен жұмыс жүргізуде де, грамматиканы түсіндіруде де атқарылатын негізгі жұмыс – кәсіби лексиканы дамыту жұмысы. Мемлекеттік тілді оқыту жұмысы коммуникативтік бағытта функционалды-жүйелік әдісті қолдану негізінде, салыстырмалы грамматиканы тиімді пайдалану арқылы іске асады. Әсіресе, интерактивтік әдістер (сұрақ-жауап әдісі, аударма әдісі, жобалау технологиясы, қарқынды оқыту технологиясы, дамыта оқыту, ұжымдық, проблемалық оқыту технологиялары, модульдік оқыту технологиялары) кәсіби лексиканы меңгертуде – кәсіби бағдарлық жолмен меңгерту, мамандыққа байланысты мәтіндерді ауыспалы жұптық жұмыстар жүргізу арқылы меңгерту, топтық жұмыстары, кәсіби-іскерлік жұмыстарды тиімді қолдану арқылы кәсіби лексиканы меңгерту оқытушыдан көп ізденісті талап етеді. Орыс топтары үшін қазақ тілінде сөйлесе білуді іске асыратын, студенттердің қоғамдық ортада пікір алмасуын, олардың түсінісу қажеттігін өтейтін, тілдік білімді жылдам меңгертуді қамтамасыз ететін тиімді әдістердің бірі – ұжымдық оқыту әдісі. Ұжымдық оқыту әдісі туралы ғалым Ф.Ш.Оразбаева: «Тіл үйренудің ұжымдық формасы дегеніміз – тіл үйренушілердің бүкіл топтағы адамдардың әрқайсысымен жеке сұқбаттасу арқылы олардың бірін-бірі оқытуы, адамдардың бірінен екіншісінің үйренуі, пікір алмасуы және әр жұп сыңарларының ауысып отыруы нәтижесінде бүкіл ұжым мүшелерінің түгел қамтылып: әрі жұптық, әрі топтық тілдік қатынастың жүзеге асуы» [5, 129], – деген анықтама береді. Ұжымдық әдіс студенттердің бір-бірімен жұптасып немесе алмасып жұмыс істеуіне құрылған. Ұжымдық әдістің негізгі белгілері мыналар болып табылады: топ студенттерінің ортақ мақсаттарын анықтау; топтағы студенттердің қызметтері мен міндеттерін ажыратып көрсету; өзара ынтымақтастық және достық қарым-қатынастың болуы, бір-біріне көмек көрсете білу; студенттерді бірінің жұмысын бірі бағалауға, бақылауға, басқаруға үйрету; барлығы бірі үшін, бірі барлығы үшін әрекет ету; студенттер арасындағы теңдік, бірлік қатынасты іс жүзіне асыру. Кәсіби қазақ тілін оқытуда ұжымдық әдісті пайдаланудың мақсаты – әр студент білімінің жоғары деңгейге жетуіне мүмкіндік беру, білімді меңгеруде қүш пен уақытты аз жұмсай отырып, көздеген жетістіктерге қол жеткізу. Бұрын жоғары оқу орындары оқу мазмұнын құрастыруға көп көңіл бөлген болса, енді кредиттік оқу жүйесі жағдайында оқыту, оқу және бағалау арқылы студенттердің «не білетіндігін», яғни студенттердің оқу нәтижелерін анықтауы қажет. Бұрынғы «біліктілік» термині қазір «құзырлылық, құзіреттілік» терминімен ауыстырылған. Бұл дегеніміз, әрбір студенттің кең ауқымды контекст аумағында оқып-үйреніп, өмірде кездесетін небір экстремальды жағдайларда кез келген проблемалық жағдайларды шешуге қабілеттілік танытып, өзінің құзырлылығын дәлелдей білу керектігін білдіреді. Бұрынғы «бүкіл өміріне азық болатындай білім беру» – қазір «өмір бойы өздігімен үйрену» ұстанымына өзгерді. Ал бұл ұстаным студенттерді белсенділендіретін оқыту әдістемелерін қолдануды міндеттейді. Демек, үйрену мен үйрету – тек өзара белсенді әрекеттерге негізделген қарым-қатынас арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан, жоғары оқу орындарында оқу процесінің негізін интерактивті әдістемелер құрауы керек. Қорыта келе, кәсіби лексиканы оқыту және оқу – мемлекеттік тілді мамандыққа сай меңгерту – жоғары оқу орнынан бастау алады. Өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді меңгертуде тіл мамандары оқу топтарының білім деңгейіне, әрбір сабақтың тақырыбына қарай түрлі әдіс-тәсілдерді, инновациялық технологияларды жан-жақты, әрі үйлесімді қолдану арқылы мемлекеттік тіліміздің дамуына, әрбір маманның (бүгінгі студенттің) келешекте еркін сөйлеп, мамандық бойынша терминдерді жақсы меңгеріп, іс қағаздарды кәсіби тілде сауатты жаза алуын қамтамасыз ету.