Жаза тағайындаудың түсінігі, маңызы және қағидалары

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 18 Мая 2013 в 19:47, курсовая работа

Краткое описание

Жазаның нақты мүмкіншіліктерін анықтау үшін, олардың жеке түрлерінің тиімділік деңгейін өлшеу үшін, қылмыстық саясат шеңберінің принциптерін көрсететін жаза мақсаттарын заңда дұрыс белгілеу қажет және бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін әдістер мен тәсілдерді бекіту керек. Қоғам алдында, оның барлық әлеуметтік институттары мен заң ғылымының алдында әлеуметтік әділеттілік принциптеріне сай, қоғам қажеттігінің нақты көріністері, құқықтық жүйеде әлеуметтік экономикалық және саяси дамуда, жаңа тенденцияларды адекватты бейнелеу мақсаты тұрғанда, бұл мәселе қазіргі таңда өте өзекті болып отыр. Заң жаза мақсаттарын белгілеу, қылмыстық құқық тиімділігін зерттеу үшін және жазаны қолдану нәтижелерін негіздеу үшін қажет.

Вложенные файлы: 1 файл

Работа.doc

— 608.00 Кб (Скачать файл)

Өз кезегінде М.А.Скрябин жаза тағайындау қағидаттарына әрбір  жеке қылмыс үшін жаза тағайындап, бірнеше қылмыстар үшін және бірнеше үкімдер бойынша біржолата жаза тағайындауды да жатқызады. Оның айтуынша, бұл қағидат қылмыстық заңның қылмыстардың және үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау туралы баптарында бекітілген және тек негізгі емес, сонымен бірге қосымша жазаларға да қатысты [14; 24]. «Бұл қағидатты бекіте отырып, заң шығарушы әрбір қылмыстың бағалануға және жазалануға жататындығын, бірақ жаза мақсаттарына қол жеткізу күнәлау минимумымен шектелуі керектігін негізге алады», жазаның түрі мен мөлшері қоғам сотталушының заң сақтауыш адамдар қатарына қайта оралуына үміттене алатынындай болуы керек. Н.О. Дулатбеков те қылмыстардың және үкімдердің жиынтығы бойынша жаза тағайындау қағидаттарын жеке ажыратып, оларды жаза тағайындаудың институционалды қағидаттарының қатарына қосады [10; 7].

Жаза тағайындаудың қарастырылған  және олардан басқа да қағидаттары  өзара немесе қылмыстық құқық  қағидаттарына қайшылыққа келуі  мүмкін. Мысалы, гуманизм және мақсатқа лайықтылық қағидаттарының үйлесімі айтарлықтай қайшылыққа әкелуі мүмкін. Бұл бойынша П.П.Осипов жеткілікті негіздер бар болғанда сот «мақсатқа лайықтылық талаптарына шиеленісе қайшылыққа келмесе, онда жаза тағайындағанда белгілі бір мейірімділік танытуы керек» деп жазады [15; 43].

Жазаны жеке-даралау және азаматтардың заң алдындағы теңдігі қағидаттары да өзара ұйқаспайтын секілді. Л.Л.Кругликовтың пайымдауынша, теңдік – жеке-даралаудың кері тарапы: сот жаза тағайындағанда бір-біріне тең емес, ұқсас емес мән-жайларға, адамдарға бірдей масштабты, теңдес өлшемді қолданады [11; 23]. Оның ойынша жаза тағайындау саласындағы теңдік қағидаты бүкіліне дерлік жаза тағайындаудың ортақ жіктерін қолдануды білдіреді, ол қылмыстық саясаттың және жаза таңдау тәжірибесінің ортақтығын қамтамасыз етеді.

Жаза тағайындау қағидаттарының өзара ара-қатынасы мәселесінде әдебиеттерде де келіспеушіліктер кездеседі. Мысалы, ғалымдардың басым көпшілігі оларды өзара тең деп қараса, қейбір ғалымдар жеке қағидаттарға бүкілін қамтушы мағына береді. Л.Л. Кругликовтың ойынша, бір мезетте заңды да, мақсатқа да лайық, үнемді де, ізгілікті де болатын жаза ғана әділ [11]. Кеңестік қылмыстық құқықтық әдебиеттерде «жазаны жеке-даралау» түсінігіне бүкіл басқа, «жеке» қағидаттарды біріктіріп, жаза тағайындаудың «супер қағидатын» қалыптастыруға талпыныстар жасалған.

Жаза тағайындаудың жеке қағидаттарын өзара қайшы қоюға болмайды. Жаза тағайындаудың қағидаттары белгілі  бір жүйені құрайды: олар оқшауланған  емес, керісінше, біртұтастылық пен  өзара байланыстылықта болады және біртұтастылығы ғана жаза тағайындаудың дұрыстығын қамтамасыз етеді.

Жаза тағайындаудың қағидаттары  мен жалпы негіздері өзара  байланысқан, алайда ұқсас емес. Кейбір ғалымдар осы түсініктерді ажыратпайды. Мысалы, «Назначение наказания, его эффективность и освобождение от уголовной отвественности и наказания» (Иркутск, 1978) [16] кітабының авторларының жазуынша, «сот қылмыстық құқықтық ықпал етудің нақты шарасын анықтағанда жаза тағайындаудың жалпы негіздері деп аталатын белгілі қағидаттарға сүйенеді».

Тіпті, жаза тағайындаудың қағидаттарынан оның жалпы негіздерін ажырататын ғалымдардың өздері де олардың арақатынасын әрқалай анықтайды. Бұл мәлеле бойынша әдебиеттерде екі бағыт қалыптасқан. Бірінші бағыт өкілдері қағидаттар жаза тағайындаудың жалпы негіздері арқылы көрініс тауып, бекітіліп, нақтыланады, олар жаза тағайындаудың жалпы негіздерінің арқасында қалыптасып, кристаллизацияланады деп санайды. Бұл көз қарастың мәні – жаза тағайындау қағидаттары оның жалпы негіздерінің туындысы. Екінші бағыт ұстанушылары жаза тағайындаудың жалпы негіздері туралы норма мәні-мағынасы бойынша жаза тағайындаудың қағидаттарын бекітеді, бірақ қағидаттар онымен аяқталып қоймайды деп санайды. Мұндайда жаза тағайындаудың жалпы негіздері жаза тағайындау қағидаттарының көрініс табуының нысаны ғана болып, олардың туындысына айналады.

Қағидаттар – бұл неғұрлым жалпы ережелер, заңда оларға туынды, тұрлаусыз сипат бере алатын нормалар жоқ. Жаза тағайындау қағидаттарына қарағанда жаза тағайындаудың жалпы негіздері сотты жаза тағайындағанда неменені ескеруге міндетті екенін көрсетеді, алайда мұнда сот оны не үшін ескеруі керектігіне көрсетпелер жоқ. Бұл сұрақтарға жаза тағайындаудың қағидаттары жауап береді.

Л.А. Прохоровтың ойынша, жаза тағайындаудың  қағидаттары мен жалпы негіздерінің ара-қатынасын философиялық «жалпы» және «жеке» санаттарының тұрғысынан қарастыру керек. Мұндағы «жеке» – жаза тағайындаудың жалпы негіздерінің талаптары, ал «жалпы» – жаза тағайындаудың қағидаттары. «Жеке негіздер арқылы жаза тағайындаудың әлеуметтік-саяси мәнін ашуға болмайды» [17; 43-45].

Идеалында жаза тағайындау барысында сот қылмыстық құқық  қағидаттарын жетекшілікке алуы керек. Бірақ олар күнделікті қолдануға қиын. Сондықтан сот қызметі жеңілдету үшін заң шығарушы сот заңды және дәлелді жаза тағайындауды қамтамасыз етуінде жетекшілікке алатын негізгі ережелерді ажыратады. Мұндайда жаза тағайындау қағидаттары мен жалпы негіздері мақсат және құрал ретінде ара-қатынаста болады.

 

 

1.2 Жаза тағайындаудың жалпы негіздері

 

 

Жаза тағайындаудың  жалпы негіздері түсінігінің  анықтамасын 1972 жылы Л.А.Прохоров құрастырған болатын «жаза тағайындаудың жалпы негіздері – бұл қылмыстың, сол сияқты кінәлі тұлғасының обьективтік және субьективтік белгілеріне жауап беретін жаза шарасын анықтаудың қылмыстық заңда нақты көрсетілген жалпы ережесі» [17; 43-45]. Мұнда автор «жаза тағайындаудың жалпы негіздері өзінің тарихи дамуы барысында сот органдарына арналған тәжірибелі жетекші ретінде қалыптасқанын» айрықша атап өтеді. Соңғы мәлімет жаза тағайындаудың жалпы негіздерінің жаза тағайындау қағидаттарымен ара-қатынасы мәселесі үшін өте маңызды – идеалында соттар қағидаттарды жетекшілікке алуы керек, бірақ олар күнделікті қолдануға қиын болғандықтан, заң шығарушы бүкіл жағдайларға арналған жаза шарасын анықтаудың жалпы ережелерін қалыптастырған.

В.П.Малков бойынша, жаза тағайындаудың жалпы негіздері – бұл «сот әрбір нақты жағдайда жаза тағайындағанда жетекшілікке алуға міндетті болатын, қолданыстағы қылмыстық заңда белгіленген бастауыш ережелер» [18; 10-13].

М.А.Скрябин бойынша, жаза тағайындаудың жалпы негіздері – бұл «сот әрбір нақты жағдайда жетекшілікке алуы керек болатын жаза тағайындаудың тәртібі мен шектері туралы қылмыстық заңның бастауыш талаптары» [14;13].

Г.С.Гаверов бойынша, жаза тағайындаудың жалпы негіздері – бұл «сот жаза тағайындағанда жетекшілікке алуға тиіс қылмыстық заң бекіткен талаптар» [19; 33].

Көрсетілген анықтамалардың, кейбір терминологиялық ерекшеліктерге қарамастан («жалпы ереже», «бастауыш  ереже», «бастауыш талаптар», «талаптар» және т.б.), өздерінің мәні бойынша  бір-бірінен ерекшелігі шамалы екендігін байқау қиын емес. Бүкіл авторлар жаза тағайындаудың жалпы негіздерін қылмыстық құқықтық норма санкцияларын қолдану үрдісіне ұштастырады.

Жаза тағайындаудың  жалпы негіздерінің мәні келесі моментерден  тұрады:

Жаза тағайындаудың  жалпы негіздері ұйымдастырушы нормалар болып табылады, яғни олар қылмыстық құқықтық сакцияларды жүзеге асыруға көмектесуге арналған. Жаза тағайындаудың жалпы негіздері сотқа, біріншіден, істелген қылмыс үшін жазаны ҚК Ерекше бөлімі нормасының санкциясының шегінде нақтылауға, екіншіден, оны ҚК-тің Жалпы бөлімі ережелеріне сәйкестендіруге көмектеседі.

1) Жаза тағайындаудың жалпы негіздері, ең алдымен, сот қызметінің құжаттық рәсімделген қорытындысы ртіндегі үкім танылатын, екіншіден, соттың істі дұрыс шешуге бағытталған процессуалдық әрекеттері танылатын құқық қолдану актісіне талаптар болып табылады.

  1. ҚР ҚК-тің 52-бабындағы талаптар жалпы сипатқа ие. Жаза тағайындаудың бүкіл жағдайларына тән жалпы белгілер жаза тағайындаудың жалпы негіздері ретінде ажыратылып, бекітілген.

Жаза тағайындаудың  жалпы негіздерін қолдану сот  тәжірибесіне біртұтастылық әкеледі. Оларды үлгі деп те атауға болады, себебі олар өздеріне жаза тағайындау үрдісін  анықтайтын маңызды, неғұрлым жиі қайталанушы  тараптарды қамтиды. Құқықтық мазмұны  жағынан жаза тағайындаудың жалпы негіздері қылмыстық заңның Ерекше бөлімі нормаларының санкцияларын қолданудың абстрактілі моделі түрінде көрініс табады.

Жаза тағайындаудың  жалпы негіздерінің мәнін осылайша түсінетін болсақ, онда ҚР ҚК-інің 52-бабында  бекітілген норманың мемлекеттің құзіретті органдарының материалдық құқық нормаларын, қоғамдық қатынастар қатысушыларының құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыру және қорғау бойынша қызметінің тәртібін реттейтін процессуалдық нормалармен көптеген ортақ белгілерінің болатындығы анық. Бұл ойды негіздеу үшін жаза тағайындаудың жалпы негіздерінің талаптарының қатарында «жаза тағайындағанда сот социалистік құқықтық сананы жетекшілікке алады» деп көрсеткен 1959 жылы Қазақ КСР ҚК-інің 34-бабын келтіруге болады. Қазіргі кезде бұл заң ережесі біршама өзгеріске ұшырап, идеалогиялық құрамдасынан арылып, 1997 жылы ҚР ҚІЖК-інің 25-бабына «көшкен».

Жаза тағайындаудың кейбір жіктерінің ара-қатынасы туралы мәселе әдебиеттерде даулы болып отыр. Л.Л.Кругликов бұл мәселені «жаза тағайындаудың қазіргі заманғы қылмыстық құқықтық доктринасының неғұрлым осал жері» деп атайды [20; 23]. Оған дәлел ретінде ол тәжірибе қызметкерлерінің сауалнамасының нәтижелерін келтіреді: респонденттердің жартысынан астамы жаза тағайындау жіктері мазмұны жағынан ішінара немесе толық сәйкес келетіндігін атаған; сауалнама алынғандардың 72 пайызы заңда аталған жіктердің біреуі тектік болып келетіндігін, басқалары жаза тағайындау саласына қатысты түрлік болатындығын айтқан, олардың басым көпшілігі тектік түсінік ретінде қылмыстың қоғамдық қауіптілігінің сипаты мен дәрежесін атаса, 21 пайызы мұндай ретте жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды атаған.

Жаза тағайындау жіктерінің ара-қатынасы мәселесіндегі мұндай келіспеушіліктер ғылыми әдебиеттерде де байқалады. Мысалы, Н.Ф.Кузнецова «кейбір жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар қылмыстың қоғамдық қауіптілігінің дәрежесін нақтылайды, өйткені оның әлдебір белгілеріне қатысты болады. Бұл мән-жайлардың бір бөлігі айтарлықтай дәрежеде тұлғаның әлеуметтік-психологиялық мінездемесімен байланысқан, қалған бөлігі жазаны жеке-даралауға негіз болатын дербес роль атқарады» деп көрсетеді [21; 17]. И.С.Ной жаза тағайындау жіктерінің әр алуан мән-мағыналары туралы ойды мүлдем қабылдамайды. Ол жаза тағайындау жіктерін ажырату мақсаттарын соттың оларды «неғұрлым тығыз байланыстылығында қарастыруында» көрсетеді [22; 77-85].

Қарастырылып отырған  мәселеде қазақстандық заң шығарушының  позициясы Ресей Федерациясы  ҚК-інің құрастырушыларының позициясынан өзгеше екендігін атап өту керек. Мысалы, РФ ҚК-інің 60-бабына сәйкес жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар жаза таңдаудың жеке жігі ретінде қарастырылмайды, олар қылмыстық істің немесе кінәлі тұлғасының мінездемесіне қатысты мәліметтер болып табылады [23]. Ал біздің заң бойынша қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар дербес маңыздылыққа ие.

Жоғарыда атлғандарға  байланысты «жаза тағайындаудың  жіктерін бір қатарда көрсете  отырып, заң шығарушы осы ұғымдардың әрбірін басқасына келтірмейтіндігін, осы ұғымдарды араластыруға, оларды өзара ұқсастыруға жол берілмейтіндігін көрсетеді» деп тұжырымдаған Л.Л. Кругликовтың көзқарасы неғұрлым дұрыс көрінеді. Сонымен бірге, Л.Л. Кругликов істелген қылмыстың қоғамдық қауіптілігінің дәрежесі істелген әрекетте көрініс табатын істің мән-жайлары конгломератының жиынтық әлеуметтік бағасы болатындығын, кінәлі тұлғасы, оның мазмұны ашыла тұра, сотталушының тұлғасын сипаттайтын мәліметтер жиынтығынан тұратынын, жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар қылмыста да, кінәлі тұлғасын да сипаттайтын мәліметтердің белгілі бір түрі екендігін мойындайды [20].

Жаза тағайындау жіктерін қандай ізбе-ізділікте ескеру керектігі  туралы мәселе іс жүзінде де, теорияда да шешімін таппаған. Авторлардың басым көпшілігі оларды заңдағы тізбектелуіне сай ізбе-ізділікте ескеруді мақұлдайды. Н.С.Лейкина мұндайда заңдылықтың айрықша кепілін байқайды. Жаза тағайындағанда алдыңғы қатарға кінәлі тұлғасы туралы мәліметтерді қою керек деп санайтын авторлар да бар. Олардың аргументі мынадай: қылмыстың қоғамдық қауіптілігінің сипаты мен дәрежесі істелген әрекеттің саралануында көрініс тапқан, ал жаза тағайындағанда бірінші қатарға біз кінәлі тұлғасын шығаруымыз керек. Бұл жөнінде Н.О. Дулатбеков «жаза істелген әрекет үшін күнәлау, сазайын тарттыру мақсатын көздемейтіндіктен, оны тағайындағанда басты назарды тұлғаға қатысты мәліметтерге аудару керек», - деп жазады [10].

Жаза тағайындаудың  заңда көрсетілген бірінші жігі – қылмыстың қоғамдық қауіптілігінің сипаты мен дәрежесін ескеру.

 Қазақ КСР ҚК-іне қарағанда қолданыстағы ҚР ҚК қоғамдық қауіптілік сияқты қылмыс белгісіне тұңғыш рет анықтама береді. ҚК-тің 9-бабы 2-бөліміне сәйкес қоғамдық қауіптілік – бұл әрекеттің қылмыстық құқықтық қоғамдағы обьекттерге зиян келтіруге немесе зиян келтіру қатерін туғызуға обьективтік қабілеттілігі.

Бірақ заңда жаза тағайындау жігі ретінде қоғамдық қауіптіліктің  дәрежесі емес, «қоғамдық қауіптілік сипаты мен дәрежесі» көрсетілген. Қылмыстың қоғамдық қауіптілігінің сипаты мен дәрежесі қылмыстарды  санаттарға бөлу жігі ретінде ҚК-тің 10-бабында да көрсетілгеніне қарамастан, заңда бұл түсініктердің мазмұны ашылмаған.

Әдебиеттерде кең тараған  көзқарас бойынша қоғамдық қауіптілік сипаты деп нақты қылмыстық істің  жеке-дара белгісін емес, белгілі бір  топтағы немесе түрдегі бүкіл  қылмыстарды сипаттайтын белгіні айтады. Қоғамдық қауіптілік дәрежесі – бұл нақты қылмысқа тән қауіптілік, ол нақты осы жағдайда көрініс табуының дәрежесіне қарай қылмыс құрамының белгілері арқылы анықталады.

Қоғамдық қауіптілік сипатында әрекеттің сапалы жағы көрініс табады деп айтылады. Демек, қылмыстың қоғамдық қауіптілігінің сипаты қол сұғу обьектісіне, кінә нысанына және қылмыстық әрекетті сәйкес санатқа жатқызуына байланысты болады. Өз кезегінде, қылмыстың қоғамдық қауіптілігінің дәрежесі оның қауіптілігінің сандық жағын көрсетеді. Оны істелген әрекеттің нақты мән-жайлары анықтайды.

«Соттардың қылмыстық жаза тағайындағанда заңдылықты сақтауы туралы» қаулысында ҚР Жоғары Соты қоғамдық қауіптілік дәрежесін анықтағанда «қылмыстың ауырлығын анықтау тәртібін реттейтін ҚР ҚК-нің 10-бабының талаптарын да, қылмыстық әрекет жасалған бүкіл мән-жайлардың жиынтығын да (кінә нысанын, ниетін, қылмыс істелуінің әдісі, жағдайлары мен сатыларын, оның алған зардаптардың ауырлығын, сотталушылардың әрбірін істелген қылмысқа қатысуының дәрежесі мен сипатын және т.б.) жетекшілікке алу керек» деп көрсетеді.

Информация о работе Жаза тағайындаудың түсінігі, маңызы және қағидалары