Отандық телеарналардағы тікелей эфир хабарлары

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 30 Мая 2013 в 18:22, курсовая работа

Краткое описание

Жиырмасыншы ғасыр ел тарихында, халық жадында өзінің талай тамаша табыстарымен көпшілікті тамсандырған күйде қалды. Елімен бірге есейіп, халқымен бірге толығып келе жатқан теледидардың да бір жарым ғасырлық тарихы бар. Он тоғызыншы ғасырдың орта шенінде әлемнің ұлы математиктерінің бірі Вильям Гамельтонның «есептен қорытқан жорамал шамасы» «квартернион» деген атпен тарихқа енді. Алайда, жаңалықтың жолы қашанда ауыр болатыны белгілі.

Содержание

Кіріспе
1. Отандық телеарналардың қалыптасуы мен дамуы
2. Тікелей эфир ерекшеліктері
2.1. Телевизиядағы кері байланыс процесі
2.2 .Тікелей эфирдегі жүргізуші қызметі
2.3. Эфир этикасы
3. Отандық телеарналардағы қазақ тілді тікелей эфир хабарлары
Қорытынды
Әдебиеттер тізімі

Вложенные файлы: 1 файл

диплом2.doc

— 298.00 Кб (Скачать файл)

Отандық телеарналардағы тікелей эфир хабарлары

 

Мазмұны

Кіріспе

1. Отандық телеарналардың  қалыптасуы мен дамуы

2. Тікелей эфир ерекшеліктері

2.1. Телевизиядағы  кері байланыс процесі

2.2 .Тікелей эфирдегі  жүргізуші қызметі

2.3. Эфир этикасы

3. Отандық телеарналардағы қазақ тілді тікелей эфир хабарлары

Қорытынды

Әдебиеттер тізімі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

 

Жиырмасыншы ғасыр  ел тарихында, халық жадында өзінің талай тамаша табыстарымен көпшілікті тамсандырған күйде қалды. Елімен бірге  есейіп, халқымен бірге толығып келе жатқан теледидардың да бір жарым ғасырлық тарихы бар. Он тоғызыншы ғасырдың орта шенінде әлемнің ұлы математиктерінің бірі Вильям Гамельтонның «есептен қорытқан жорамал шамасы» «квартернион» деген атпен тарихқа енді. Алайда, жаңалықтың жолы қашанда ауыр болатыны белгілі. Сондықтан В.Гамельтонның «екі символы» 1867 жылы ғана, Кэмбридж университетінің профессоры Д.Максвеллдің осыған негізделген «екі теңдеуінен» кейін «электр тогы мен магнит күші арасындағы қатынас», бүгінгі «электр және магнтизм» теориясының негізін қалады. Содан басталған 150 жылдық тарих қойнауында «көгілдір экран» деген атпен өмірге енген теледидар әлем халқының күнделікті көзі мен құлағына айналды. Телевизиялық жұқпалы дерт бүкіл әлемді тегіс жаулап алды. Оның қарқынды шабуылын қай ел болсын құттықтап қарсы алып жатыр.  Бұл – бұлтартпас шындық. Ресей топырағында 74, Еуропада 70, АҚШ-та 67, Қазақстанда 48 жылдық қалың қатпарлы тарихы бар теледидар бүгінде шартарапты түгелдей жайлап, әлемдегі көрермені ең көп ақпарат құралына айналды. Оның себебі, әлемнің кез келген қиыр шетіндегі оқиға сол сәтте, сол сағатта, сол күні жалпақ дүниеге тарап, Жер тұрғындарын құлағдар етеді. Қазіргі таңдағы ақпарат беру әдісі бұрынғы әдістен тым алшақ, мүлдем жаңаша сипатқа ие болып отыр. Бұл қазіргі заманғы ақпараттық уақыт кеңістігінің еркін әрі батыл, әрі көз ілеспес шапшаңдықпен билеп алуына байланысты. Сол тұрғыдан алғанда, барлық бұқаралық ақпарат құралдарымен салыстырғанда, теледидардың бірінші кезекке шығатыны ақиқат. Теледидардың түрлі салалары көп. Соның бірі, әрі бірегейі тікелей эфир хабарлары. Сондықтан осы зерттеу жұмысымызды тікелей эфир табиғатына арнадық.

Тақырыптың  өзектілігі: Әр кезеңнің өз талабы болатынын ескерсек, телевидение саласындағы тікелей эфир өзінің тура мағынасындағы уақыт үні іспетті. Ел өмірінің елеулі кезеңіндегі толып жатқан өзгерістер аумағында көрермен талабы мен талғамы да айтарлықтай өзгерді. Соның нәтижесінде эфирдегі жұмыс процесі, оны жүзеге асырудың кәсіби принциптері де жаңаша сипат алып, өзгеше мән-мазмұнға ие болды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «БАҚ халықтың үні ретінде сөйлейтін болсын, халыққа жақ, санаға сақ болсын» деген тұжырымы журналистиканың жаңаша жұмыс тәсіліндегі негізгі қағидаға ұласты. Жылдар бойы қатып-семіп қалған енжар ережелерді бүгінгі күннің тыныс-тіршілігіндегі батыл шешімдер алмастырды. Жалпы тележурналистикадағы тікелей эфирдің табиғаты – кәсіби- шығармашылық процесс, құрылымы күрделі психологиялық құбылыс, уақытқа және техникаға тәуелді тәсіл, ешнәрсені түзетуге болмайтын, сол күйінде, қаз-қалпында айналымға түсетін қайталанбайтын әрекет, алып-қосары жоқ шынайы дүние.

Жұмыстың  мақсаты мен міндеттері: Біз, тақырыпты тікелей эфир хабары деп алуымызда үлкен себеп бар. Тақырып таңдалмас бұрын, өзіміз жинаған тәжірибені сарапқа салып, қорытып көрдік. Телевидение саласындағы түрлі хабарлардың тізгінін де ұстадық. Адамды аз уақыт ішінде танымал ететін, телевидениенің қыр-сырына үйрететін, халықпен тікелей байланыс жасататын осы тікелей эфирдегі хабарлар екеніне көзіміз әбден жеткеннен кейін барып, теле саласында әлі ешкім арнайы зерттей қоймаған тың саланы алуды жөн санадық. Мақсатымыз отандық телеарналалардағы тікелей эфир хабарларын мақтау немесе даттау емес, зерттеу нысаны ретінде көрермен көзімен баға беру.

Зерттеудің  нысаны: Телевидение саласындағы тікелей эфир хабарының  орны мен рөлі ерекше. Отандық телеарналардың барлығында дерлік тікелей эирде тарайтын хабарлар бар. Бірақ осы қорғау жұмысында біз көпшілік арасында зор беделге ие, бұқараның  басым бөлігі көретін «Хабар» арнасындағы «Бетпе-бет» бағдарламасын, «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Оян, қазақ» ақпараттық, сазды-сауық бағдарламасын, «31 арнадағы» «Дода» қоғамдық-саяси ток-шоуын және «Қазақстан-Өскемен» телеарнасындағы «Таң жарық», «Кеш жарық» интерактивті ойын-сауық бағдарламаларын мысалға ала отырып, талдауды жөн көрдік. 

Зерттеудің  дереккөздері: Телевидение саласына қалам тербеп жүрген зерттеушілер некен-саяқ. Бітіру жұмысын жазу барысында біз Қ.Тұрсын мен Ж.Нұсқабайұлының «Теледидар сөздігі-тележурналист анықтамалығы» оқу құралынан, Қ.Тұрсынның «Көгілдір экран құпиясы», кітабінан және Ж.Әбдіжәділқызының «Тікелей эфир ерекшеліктері» кітабінан қажет ақпараттарды алдық. Телеарналардан шығып жатқан жаңа жобалар мен бағдарламаларға бей-жай қарамайтын «Қазақ әдебиеті» газетінің 2001-2003 жылдар аралығындағы сандарының да көмегі көп тиді. Сондай-ақ, зерттеу жұмысымыз тікелей теледидарға қатысты болғандықтан «Қазақстан» ұлттық телеарнасы, «Хабар» агенттігі, Шығыс Қазақстан облыстық телеарналарының мұрағаттарынан да қажет материалдарымызды таптық.

Жұмыстың  жаңашылдығы:  Барлық ақпарат тарату құралдарындағы ең кенжесі деп есептелінетін телевидение саласында зерттелмеген тың тақырыптар көп. Зерртеу жұмысы барысында біз тікелей эфир жұмысына төселіп алған жүргізушілердің кеңестерін назарға ала отырып, хабарды қалай сәтті шығаруға болады деген сауалға жауап іздедік. Көрермен көзіне көріне бермейтін техникамен қалай тіл табысуға болады немесе эфир жүргізушісі өзін қалай ұстау керек деген сынды мәселелердің шешімін табамыз. Сол сияқты отандық телеарналарда қазір тікелей эфирде шығып жатқан хабарларға сын пікір де айтамыз. Ал жұмыстың жаңашылдығы телевидение саласында әлі ешкім зерттемеген тың тақырыптың алынуы.

Жұмыстың  теориялық және практикалық маңызы: Тікелей эфирдегі хабарларды зерттеу барысында біз теория мен практикалық жұмысты бір арнаға тоғыстырдық. Қандай да бір хабарды зерттеу үшін оның телевизиялық нұсқасын көру керек. Ал көру үшін оның тарихы мен шығармашылық және техникалық топ атқаратын жұмысын бес саусақтай білу керек. Практика жүзінде көрген-білгенімізді зерттеушілер еңбегімен, мұрағат материалдарымен толықтыра отырып, теория жүзінде пайдаландық.

Диплом  жұмысының құрылымы: Диплом жұмысы әдеттегідей мазмұнынан басталады. Тақырыптың ауқымдылығына байланысты біздің зерттеу жұмысымыз «Отандық телеарналардың қалыптасуы мен дамуы» «Тікелей эфир ерекшеліктері» және «Отандық телеарналардағы қазақ тілді тікелей эфир хабарлары» деген үлкен үш тарауға бөлдік. Ол тараулардың өзі мазмұнына қарай шағын тараушаларға бөлінеді. Сондай-ақ зерттеу жұмысында пайдаланған әдебиеттер тізімі мен қосымшалар схема түрінде беріледі.  

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1.Отандық  телеарналардың қалыптасуы мен  дамуы.

 

Электр қуаттарынан  бастау алып, жартылай өткізгіштерді, олардың сапасын жыл сайын  дамытып, жетілдіріп, бүгінгі күні Қазақстандық теледидар техникалық үрдіске жетіп отыр. Келешекте де ол шексіз дами бермек. Елімізде алғаш рет 1958 жылы 1 қаңтар күні Өскемен қаласында көгілдір қобдишаларға жан бітсе, ал ресми күн, яғни, қазақ жеріндегі алғашқы телестудия тұңғыш хабарын 1958 жылы 8 наурыз күні ресми түрде іске қосып, алғашқы отандық телекамералар мен техникалық телеорталық Алматы қаласында шымылдығын ашты. Стационарлы телекамералар қарапайым механиканың негізінде қолмен оптикалық линзаларды ауыстырып отырды. Бірер жылдан кейін өткен ғасырдың 7О жылдары чех камераларымен толықтырылды. Чех камераларының көрсету сапасы оңды болғанымен, ауыстыру процесі өте қолайсыз болды да, бірер жылдардан соң совет-француздық (SEKAM III), американдық (NTSC) және батысгермандық (PAL), кейіннен жапондардың CONI жетілдірілген жүйелерімен ауыстырылды. Теледидар ол кездерде, негізінен, бұқаралық ақпаратты хабарлармен қоса әдеби, мәдени, концерттік негізінде ресми хабарлар мен өндіріс, ауыл шаруашылығы, бағдарламаларын көрсете бастады. Стационарлы студиялық хабарлармен қоса байтақ республикамыздың жер-жерінен ақпараттар беріліп, көрсетіліп отырды. Студиялардан тыс жерлерден кинокамералармен соңынан 16 мм. жіңішке пленкалар кеңінен пайдаланды. Іле-шала облыстық студиялар бірінен соң бірі іске қосылып жатты. Телестудиялардағы техникалардың пәрменділігі арта бастады. Жылжымалы телестанциялар теледидардың мүмкіндігін еселеп арттырды. Ендігі жерде телетехниканың күн санап жаңа үрдіс алып дамуы маман инженерлермен, техниктермен толығып, шығармашылылық топтың алдында шұғыл шешімін керек ететін сұраныстар мен талаптарды қойды. Иә, шынында, инженерлік жаңалықтар телетехника саласындағы ұшқыр ойлары мен дамуы, енді тек тележурналистика саласының дами бастауы елдің, Үкіметтің, шаруашылықтың, өнердің, яғни, қайнаған өмірдің сұраныстарын, оның болмысын анықтау керек болды. Совет Масғұтов «Көгілдір экран-өмір айнасы» (1976 ж.) кітабінда сиқырлы көк сандыққа осылай анықтама берген. Қазақ тілі тағы салмақты да, салиқалы сөзбен толықтырылды. «Көгілдір экран-өмір айнасы, расында да өмірімізге ентелей енген теледидар индустриясы газет пен радионы ақпараттар айдынынан сәл ығыстырғандай. 1958 жылдан 6О жылдардың соңына дейін қазақ теледидарының қалыптасу кезеңі десек, тек ақпараттық, концертік бағдарламалардың сценарийлік негізінде телеқойылымдар, күрделі көркем телепублицистикалық хабарлар үлкен дайындықпен, телетехникалық жетістіктермен журналистік ой-толғауларды бір бағытқа бағдарлап, әрбір сюжет пен телеочерк, қойылымдардың мақсатын айқындап алу талабы қосылды. Бұл жерде қазақстандық телеарналардың көшбасшысы бұрынғы Қазақ теледидарына ерекше тоқталған жөн. Қазақ теледидары  - бүгінде 100 ге жуық телекомпаниялардың көшбасшысы. 48 жылдық тарихтың қиын да қызықты жолында ол араласпаған оқиға, бармаған жер, көтермеген мәселелері кемде-кем. Л тарихы мен халық жады, ұрпақ тәрбиесі мен білім-ғылым саласы, мәдениеті мен дәстүрі, экономикасы мен саясаты, өндірісі мен шаруашылығы оның күнделікті хабарына арқау болды.   1958 жылдың 8 наурызында Алматыда алғаш рет көгілдір экран жарқ етіп ашылғанда сол телеарна басында қазақ телеөнерінің балапан қанатын қатайтып, биікке самғауы үшін білімдері мен біліктерін аямаған Ғ.Жанысбаев, Л.Ғалымжанова, С.Шәріпов сяиықты телередакторлар мен телережиссерлер тұрды. Статистикада сақталған тарихи цифр бойынша, сол кезде Алматы және облыстағы 4 100  телевизиялық қабылдағыш Қазақ телевизиясының алғашқы бағдарламасының трансляциясын тұтқан. Алматыдан кейін көгілдір экран Қарағанды мен Өскеменде, Жезқазған мен Балқашта, Ақтөбе мен Семейде көрсете бастады. Қазақ теледидарының «алтын ғасырына» баланған 70-90 жылдар шын мәнінде көгілдір айнамыздың жан-жақты кемелденіп, шарықтаған кезеңі болды. Сол бір жылдары 13 бас редакция жыл сайын түрлі салаларға арнап 130-150 топтама бағдарламалар жасап отырды.   Қазақстандық телеарналардың ішіндегі тәжірибесі жағынан толысқан, тарихы бай, мұрағаты мол Қазақстан ұлттық телеарнасы ескі мен жаңаны қосып тұрған көпір сияқты. Бұрынғы қазақ теледидары қазіргі бірегей телеарна қай деңгейде? Көкірегі ояу, көзі ашық көрерменнің әрбірін мазалайтын орынды сұрақ.

48 жыл. Бой  өсіп, ақыл тоғытатын, ой кемелденіп, пайым-парасаттылыққа ұласатын қуатты  шақ. Отызында орда бұзған жас  түлектің бүгінде жетпістің қырқасындағы  шағы. Бажайлай қарасақ, өткен  шақпен үндесіп, бүгінге жеткен көз көрген қауымның да қатары сирексіп, барлардың өзі шау тартқандай. Қазақ топырағында теледидар іргесін қалаған Қ.Сағындықов, Х.Абылғаин, Ә.Байжанбаев, С.Нұрғалинов, И.Саввин,  В. Прасолов, С. Шәріпов, И.Смирнов, В.Немирский, Н.Қожасбаев, Қ.Мусин, М.Барманқұлов, С. Масғұтов сияқты арыстардың көпшілігі бүгінде арамызда жоқ. Жаңа өнердің қадасын қағып, қабырғасын бекемдеген сол азаматтарды бүгінгі теледидар төріндегі жаңа жұлдыздар білмейді де. Олай дейтініміз, туған теледидарымыз туралы жүйелі жазылған тарих, терең зерттелген ғылыми еңбек аз.

Ағалар салған сара жолмен 60-80 жылдары арынды келген бір топ  жастар легі Ж.  Смақов, Ж.Нұсқабай, С.Оразалин, Қ.Игісін, С. Қаратаев, Ф. Бегенбаева,  Л. Есенов, Ы. Қасымов, Ш. Баймолдина, Ғ. Шалахметов, С. Әшімбаев,  Л.Сейітов, Қ.Қорған, Н.Иманғалиұлы, С.Байхонов, Қ.Аралбаев, Б.Құсанбаек,  Ә.Ысқақова сынды мамандар теледидар көгіне қалықтап шықты. Бастау бұлағында Ұлы Даланың ешқашанда тот баспайтын, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып жатқан ауыз әдебиетінің мол үлгілерінен сусындап өскен, шешендік өнерге етене жақын, сөз құдіретінен ой түйдегін ағытқан от түлектер қыры да сыры да мол өнер түрінің қалың қалтарыстарындағы құпияларға шындап ден қойды. Ұлтқа әлі сіңісе қоймаған телеөнер саласын игеру, оның сырларына кірігу оларға оңай болған жоқ. Сыры да мол, сымбаты да көз қаритындай телеөнердегі ізденістер мен іркілістер, тәжірибелер мен жаңалықтар да сол жылдары қомақты болды.

Қазақ теледидарының  қалыптасу кезеңі мен даму процестеріне кеңестік теледидар моделі негіз болды. Оған себеп, әлемдік теледидар тарихына орыс экран өнерінің қосқан мол мұрағаты бар. 30- шы жылдардан бастау алған Кеңес теледидары 60 жыл бойына дүниежүзіндегі экран алпауыттарымен иық теңестіре жүріп, мол тәжірибе жинақтады. Радио мен газет, театр мен кино шекпенінен шыққан адуында шоғыр өздерімен бірге телеэкранға жаңа бір леп, тың түр мен соны пішін алып келді. Эфирдегі шеберлік, режиссерлік шешімділік, операторлық қырағылық, от ауызды, орақ тілді жүргізушілер құдіреті 60-80- ші жылдар аралығында кеңестік көрермендерін теледидар өнерінің құдіреттілігіне бас идірді. Бейнелік қатардағы бояу түрлерінің алуандығы мен теледидардағы техникалық мүмкіндікті молынан пайдаланған мәскеулік экран шеберлерінен тәлім алар тұстар да, көңілге түйер ойлар да, үлгі болар формалар да мол болатын.

Қазақ жастарының экран өнеріне тез кірігіп, еркін  меңгеруіне отандық театр мен  радио, кино өнеріндегі тамаша жетістіктер  өздерінің игі әсерін тигізді. Дегенмен, ұлттық телеөнерімізге АҚШ, Еуропа, Ресей  телесахнасынан бөлек, ұлттық бояуға бай, халықтық өркениетке де бейімделу қажет болатын. Ал мұның өзі өзге қырынан қарағанда, экранда ұлттық қасиетпен шектелу еді. Бұл жолдың теледидардың өзінен-өзі оқшауланып, олардың өмір сүру кеңістігін тарылтып, көрермендер аудиториясының азаюына  алып келетіндігі тағы аян. Сондықтан экран өнері жаңа пішіндер мен тың идеяларды қажетсінеді. Онсыз теледидар тек қазақ тынысымен тыныстап, ұлтына тән ұлттық бояумен ғана өрнектелініп қалатын. Ол ашылмаған құпиясы мол өнердің өзіне тән көркемдік қасиетінен айырылып, қазақ менталитетінің мұрасымен ғана сусындауына алып келетін жол еді.

Өнер түрінің  бәрі де ұлттық сананың қалыптасуы мен дамуына, қоғамдағы көңіл-күйге, рухани дүниемізге елеулі әсер етеді. Бейне мен дыбыстың бір мезгілде қатар тоғыса келіп, психологиялық көңіл-күйге әсер ететін сілкіністің құдірет-қарымы шексіз. Өмірдегі күрмеуі мол проблемалар, қоғамдағы күрделі өзгерістер де сол жылдардағы сан салалы хабарлар өзегіне негізделіп, көрерменге ұсынылып жатты. 60- шы жылдардағы «Телевизиялық кафе», «Пай-пай жиырма бес», «...Афтограф береді», «Мыңдар жарысының маршрутымен», «Сырласу», «Жолдас» хабарлары сан мыңдаған аудиториямен жылы қауышып, жүректерге жол тапты. Алайда, өткен ғасырдың соңғы он жылдығы Қазақ теледидары үшін шын мәнінде тоқырау жылдары болды. Егемен елестен шындыққа айналып, әлемдік терезе айқара ашылып, батыс пен өзге елдердің телеөнеріндегі сан алуан бағыт экранға лап қойған кезде, біздің орта әлемдік авангардты қуып жетуге ұмтылды. Әрі жаңа қоғамдағы өзгермелік ахуалдың құбылмалығы да қазақ телесахнасының эстетикалық құндылықтарынан айырыла бастауына, есесіне жеңіл әуендегі клиптік танымға ыңғайласуымызға негіз болды. Бұл өз кезегінде «телеөнердің өн бойындағы үздіксіз өтуге тиіс көпмәнділіктің әрі тұтастықтың жоққа шығуына» әкеліп соқтырды. Мұнда эфирлік эффектілерге, көрермендерге әдеттегіден өзгешелеу әдістерге молдау орын берілді де түр мазмұнынан гөрі биік сипат алды. Бұл да өтпелі кезең еді.

Қазақ телевизиясы  өз жолын осылай жалғастыра берді. Содан  асыққан, аптыққан реформалар кезеңі келді. Біртұтас телевизия үш компанияға, он сегіз студияға бөлініп кетті. Сөйтіп қалыптасып қалған Қазақ телевизиясының берекесі кете бастады...

Осы қиын-қыстау кезеңдерде арнаға көмекке келген «Хабар»  телеарнасының қызметкерлері болды. Бұл туралы «Қазақстан тудей» өзінің 2001жылғы №9 санында былай дейді: «Қазақстан үкіметінің «Мемлекеттік радио мен телевидениенің дамуындағы кейбір сұрақтары бойынша» қабылданған қаулысымен (№1018 2001 жылдың 2 тамызынан) «Қазақстанның телевидениесі мен радиосы» (РКТРК) ЖАҚ-тың мемлекеттік акция пакетін билеу құқы «Хабар» агенттігі жабық акционерлік қоғамының қолына өтті. Бұл факт ұзақ уақытқа созылған келіссөздерге нүкте қояды. Келіссөздер барысында «Хабар» агенттігі мен РКТРК- ның жетекшілері кейінгі кезде рөлі мен жағдайы төмендеп кеткен «Қазақстан-1» ұлттық арнасына көмектесудің ең нәтижелі әдісін тапты. Сенімді басқару қысқа уақытта «Қазақстан-1» телеарнасының экономикалық және шығармашылық жағдайын тығырықтан шығарып, көтеріп кетуі керек. Жаңа басшылық «Қазақстан-1»дегі басқару жүйесін жетілдіру, қаржылық мәселелерді қатаң бақылауға алып, кадр алмастыру, технологиялық ресурстарды жаңарту, бір сөзбен айтқанда, елдің ұлттық арнасын заманауи сұраныстарға жауп беріп, стандарттарға сәйкестендіретін жағдай жасау керек. Ақыры бәрі де саябыр тапты. Өзінің арнасына түсті.   Ал 1995 жылдан бері шаңырағын көтерген «Хабар» агенттігі «Қазақстан» ұлттық арнасына тәп-тәуір бәсекелес болды.

Информация о работе Отандық телеарналардағы тікелей эфир хабарлары