Қазақстан 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 11 Сентября 2014 в 08:02, практическая работа

Краткое описание

Қуыршақ мемлекет жобасы фашистер жасаған «Барбаросса» жоспарында көрсетілді. Жоспар бойынша фашистер КСРО жерінде Остланд, Украина, Московия, Еділ-Орал, Түркістан сияқты рейх комиссариаттарын құруды көздеді. Жоспарда көрсетілген «Үлкен Түркістан» отарының құрамына Қазақстан, Татарстан, Башқұртстан, Орта Азия, Әзірбайжан, Кавказ, Қырым, Ауғанстан, Шыңжан кіргізілді.

Вложенные файлы: 1 файл

Қазақстан 1941.docx

— 708.39 Кб (Скачать файл)

Қазақстан 1941-1945 жылдардағы

Ұлы Отан соғысы кезінде

 

 

Фашистік Германияның КСРО-ға шабуылы

1941 жылы 22 маусымда Фашистік Германия  соғыс жарияламастан жасалған  келісімді бұзып, КСРО аумағына  басып кірді. Ұлы Отан соғысы  осылай басталды. Гитлерлік Германия  осыған дейін Еуропаның көптеген  мемлекеттерін басып алған болатын.

Фашистік Германияның негізгі мақсатының саяси және экономикалық астары болды. Герман империясы шикізат үшін, азық-түлік базасы ретінде қуыршақ мемлекет  құруды көздеді.

Қуыршақ мемлекет жобасы фашистер жасаған «Барбаросса» жоспарында көрсетілді. Жоспар бойынша фашистер КСРО жерінде Остланд, Украина, Московия, Еділ-Орал, Түркістан сияқты рейх комиссариаттарын құруды көздеді. Жоспарда көрсетілген «Үлкен Түркістан» отарының құрамына Қазақстан, Татарстан, Башқұртстан, Орта Азия, Әзірбайжан, Кавказ, Қырым, Ауғанстан, Шыңжан кіргізілді.

Фашистер Кеңес адамдарын қырып-жою жолына осылай түсті.

Ал Кеңес адамдарының патриоттық сезімі, әрине, бұл жоспарға қарсы тұра білді. Қазақстан халқы Отан қорғаушылар қатарына өзі еркімен жаппай жазыла бастады. Мысалы, Алматы медицина институтының студенті Мәншүк Мәметова: «Отбасымыздан майданға жіберетін ешкім жоқ, ағам да, апам да жоқ, сондықтан өзімді жіберуді өтінемін», - деп әскери комитетке өтініш берді.

Елімізде 2 млн-нан астам адам міндетті әскери даярлықтан өтті.

Майдандағы Қызыл Армия қатарына 1200000-ға жуық (1196164) қазақстандық аттанды. Майданға қажетті әскери кадрларды даярлау ісі тылда қарқынды жүргізілді. Соғыс болып жатқан өңірлерден Қазақстанға 27 әскери оқу орны көшірілді. Онда соғысқа қажетті 16000 әскери офицер даярланды. 42000 қазақстандық әскери училищеде оқыды.

Бұл әскери оку орындарының түлектері арасында кейіннен КСРО батыры атанғандар көп болды.

Мысалы, Шымкент Чугуев әскери авиация училищесінде КСРО-ның үш мәрте батыры И.Н. Кожедуб оқыды.

 

 

 
Қазақстан экономикасын соғысқа бейімдеу

Соғыстың басталуына байланысты ел экономикасын соғыс жағдайына бейімдеу басталды. Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты, Қарағанды көмір шахталары сияқты соғысқа қажетті өнімдер шығаратын өнеркәсіп құрылыстарын салып аяқтады. Соғыс жүріп жатқан жерлерден және майданға жақын аймақтардан 220 зауыт пен фабриканы, кәсіпорынды Қазақстанға көшіру жургізілді.

 

 

Өнеркәсіптерді Қазақстан жеріне көшіру екі рет жүргізілді:

1. 1941 жылдың аяғы мен 1942 жылдың  басы;

2. 1942 жылдың күзінде.

Өнеркәсіп орыңдары, кәсіпорындар, негізінен, Москва, Ленинград облыстарынан, Украина, Белорусь жерлерінен әкелінді.

 

 

Москва қаласы және Москва облысынан көшірілген кәсіпорындар: Москва авиация жасау зауыты, Урюпа етконсерв зауыты, Дзержинский атындағы электротехника зауыты, Москва рентген зауыты, №3 Александр радио зауыты, С. Орджоникидзе атындағы механика зауыты т.б. Жалпы, Қазақстанда Москва қаласы мен облысынан көшірілген 40 зауыт орналастырылды.

 

 

Украинадан Қазақстанға көшіріліп әкелінген кәсіпорындар: Харьков электротехника зауыты, Подольск механика зауыты, Запорожье ферроқорытпа зауыты, Днепропетровск вагон жөндеу зауыты т.б. Украина КСР-інен Қазақстанға 70 өнеркәсіп орны мен жабдығы әкелінді.

Майданға жақын өңірлерден Қазақстанға әкелінген жеңіл тоқыма кәсіпорындарының саны 53 болды. Мысалы, Киев аяқкиім фабрикасы, Володарский атындағы тігін фабрикасы, Ивантеев тоқыма фабрикасы т.б.

Қазақ КСР-не әкелінген өнеркәсіптер мен фабрикалар, кәсіпорындар Алматы, Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Семей, Ақтөбе, Орал қалаларында орналастырылды.

Әрине, Қазақстанға әкелінген кәсіпорындар өте қиын жағдайда жұмыс істеді. Өнеркәсіп орындарымен бірге Қазақстанға майдан өңірінен көптеген мамандар да көшірілді. Мысалы, тек қана Донбасстан 3200-ге жуық шахтер, 2000-дай құрылысшы келді. Майдан өңірлерінен келген инженер-техниктер саны 7000-дай болды.

Соғыс уақытында жұмысшылардың белсенділігі де артты. Олардың соғыс қажетіне аянбай жұмыс істеуі жеңіске алғышарт жасады. Көптеген еңбек орындарында жұмысшылар аянбай жұмыс істеді. Мысалы, Павлодар кеме жөндеу кәсіпорнының, Шымкент жөндеу кәсіпорнының жұмысшылары.

Соғыс жылдарында Қазақстан майданды шикізатпен  қамтамасыз ететін негізгі әскери өнеркәсіп базасы болды.

1942 жылы Қазақстан КСРО-да өндірілген  көмірдің 13%-ын, қорғасынның 85%-ын, молибденнің 60%-ын берді. «Шығыс Қоңырат» кеніші  елімізде өндірілген молибденнің 60%-ын берді. Жезқазған мыс кенішінің  қуаты өсті.

Ауыл шаруашылығының жағдайы өте ауыр болды. Жұмысшылар саны 600000 адамға кеміді (1942 жылы).

Ерлердің жаппай майданға аттануы себебінен 1942 жылы шаруашылықта әйелдер еңбегінің үлесі 75%-ға жетті. Соғыстың алғашқы жылдарында ауыл шаруашылығына 55000-ға жуық әйел механизатор даярланып аттанды.

1942 жылы Қазақстанда егіс көлемі  алдыңғы жылмен салыстырғанда 842000 гектарға көбейді.

Қазақстан майданды малмен және мал өнімдерімен қамтамасыз ететін негізгі республика болды. Соғыс кезінде Қазақстан мал саны жөнінен одақта Ресейден кейінгі 2-орында болды.

Соғыс жылдарында тылда еңбек еткен жұмысшылар ерлігі аңызга айналды. Георгий Хайдин мыңдықшылар қозғалысының жетекшілері А. Семиволос пен И. Янкиннің әдісін қолданған республикадағы үздік бұрғылаушы болды. Соғыс жылдарында Ы. Жақаев, Ш. Берсиев, Б. Сомжүрекова, Ким Ман Сам, В.П. Кривич, И.Я. Кудлай есімдері бүкіл елге мәшһүр болды.

 

 

Майдандағы қазақстандықтар

Соғыстың алғашқы күндерінен бастап қазақстандықтар барлық майданда шайқасты. Олар Отан үшін фашистерге қарсы бағытталған ұрысқа аянбай кірісті. Қазақстанда ұйымдастырылған көптеген әскери бөлімдер майданға жіберілді. Брест қамалын қорғаушылар арасында В. Фурсов, Қ. Түрдиев сияқты қазақстандықтар болды. 1941 жылы 24 маусымда қазақстандық 219-атқыштар полкі Шяуляй қаласының (Литва) түбінде соғысқа кірісті. Бұл полк азамат соғысы жылдарында құрылған болатын. Дивизия комиссары қазақстандық  Е.П. Рыков Полтава жерінде ерлікпен қаза тапты. Танк әскерлерін басқарған генерал-майор К.А. Семенченко фашистерге қарсы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін КСРО батыры атанды.

 

 

Қазақстандықтар Москва үшін шайқаста

Қызыл Армия Москва түбінде гитлерлік басқыншыларды алғаш рет жеңді. Бұл жеңісте қазақстандықтардың үлесі де көп болды. Қазақстандық генерал-майор И.В. Панфилов пен комиссар А.С. Егоров басқарған 316-атқыштар дивизиясының аты аңызға айналды. Бұл дивизия 1941 жылы 26 қазаннан 18 қарашаға дейін ерлікпен жауға қарсы Шайқасты. 1941 жылы 18 қарашада И.В. Панфилов ерлікпен қаза тапты. Бұл дивизияның политругі В.Г. Клочковтың: «Россия – кең-байтақ, бірақ шегінерге жол жоқ, артымызда – Москва», - деген сөзі бүкіл майданға тарады. Кейіннен «28 панфиловшы» ерлігі аңызға айналды. Панфиловшы, ротаның саяси жетекшісі, қазақстандық КСРО батыры П.Б. Вихрев те ерлікпен қаза  тапты.

Бауыржан Момышұлы басқарған батальон жаумен болған шайқаста ерліктің тамаша үлгісін көрсетті. Москва облысының Бородино селосының түбінде неміс штабына басып кіріп, немістердің көзін жойған Т. Тоқтаровқа Кеңестер Одағының батыры атағы берідді.

М. Ғабдуллин басқарған автоматшылар тобы да ерекше ерлік көрсетіп, жау танкілерінің бірнешеуін жойды. М. Ғабдуллинге Кеңестер Одағы батыры атағы берідді.

Бородино селосының түбінде Амангелді Имановтың ұлы Рамазан Амангелдиев 13 фашистің көзін жойды.

Фашистердің Москва түбінде жеңілуі, яғни «Блицкриг» жоспарының күйреуі жеңістің бастамасы, Ұлы Отан соғысындағы түбегейлі бетбұрыс болды.

Қазақстандықтар Ленинград үшін шайқаста

Ленинград қаласын қорғауға Қазақ КСР-де құрылған 310-атқыштар дивизиясы мен 314-дивизия алғашқы кезеңнен қатысты.

Ленинград үшін шайқаста қазақ жауынгері Сұлтан Баймағанбетов кеудесін оққа төсеп, Александр Матросовтың ерлігін қайталады. Ол Кеңестер Одағының батыры  атанды.

Балтық флотында көптеген қазақстандықтар жауға қарсы ерлікпей шайкасты. Мысалы, «Киров» крейсерінде 156 қазақстандық болған. Қазақстаннан барған әскерлердің 30%-дан астамы Ленинград түбіндегі шайқасқа қатысты. Рота командирі Қойбағаров өз бөлімшесімен неміс окоптарына басып  кіріп, өшпес ерлік жасаған. Одан басқа Ленинград түбінде Дүйсенбай Шыныбеков, С. Жылқышев, Г.П. Зубков т.б. қазақстандықтар ерекше ерлік  көрсетті.

1941     жылы қыркүйекте қазақтың ұлы ақыны Жамбыл 
Жабаевтың ленинградтықтарға арнап жазған «Ленинградтық өренім» жыры фашистердің қоршауындағы  қаһарман қала халқына, оны қорғаушыларға үлкен рухани дем берді.

 

 

Қазақстан - майдан арсеналы

Алғашында Ресей мен Украинадағы өнеркәсіп орындары, көмір кен орындарының, электр станцияларының гитлерлік армия қолына өтуі майдан үшін қатер болып төнді.

Осыған байланысты Қазақстанды ірі әскери, экономикалық база қылып, ондағы өнеркәсіп орындарының куатын арттыру мақсатында көптеген шаралар қолданылды.

1942     жылы Мемлекеттік Қорғаныс Комитеті Қарағандыда көмір өндіру ісін арттыру жөнінде шаралар қолдану туралы қаулы шығарды. Қарағанды шахтасына мемлекетіміз жан-жақтан қолдау көрсете бастады. Ембіде мұнай өндіру ісіне де көп көңіл бөліне бастады. Гурьевте мұнай өңдеу зауыты салынды. Ембіге Әзірбайжаннан 400-ге жуық мұнайшы келді.  Ембіде және «Ақтөбенефть» кәсіпшілігінде майдан қажетіне артық мұнай өндірілді. 1943 жылы Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің шешімімен Қарағанды металлургия зауыты салына бастады. 1943 жылы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты іске қосылып, алғашқы өнімін бере бастады.

Балқаш пен Алтайдағы түсті металлургиялық кәсіпорындардың қуатын арттыру туралы шешім қабылданды. 1943 жылы Жезқазған комбинаты іске қосылды. Бұл өнеркәсіп орны да құрылған күннен бастап майдан  қажеті үшін еңбек етті. Ауыл шаруашылығы да майдан  қажеті үшін жұмыс істеді. 1943 жылы егістік көлеміне 775000 гектар жер қосылды. Ауыл шаруашылығында еңбек еткен Ыбырай Жақаев, Шығанақ Берсиев, Ким Ман Сам есімдері соғыс жылдарында белгілі болды. 1943 жылы Ш. Берсиев бастаған тары өсірушілер әр гектардан 201 центнер өнім алып, әлемдік рекорд жасады. Ал Сырдария жерінде Ы. Жақаев күріштің әр гектарынан 1260 пұт өнім алды.

Павлодарлық әйел А. Дацкова әр гектардан 52 центнер өнім алды. Республикадағы барлық кәсіпорын жұмысшылары «жеңіс қорына» өз үлестерін қосты.

1944-1945 жылдары Қазақстанда Белоусов  байыту фабрикасы, Текелі қорғасын-мырыш  комбинаты, Гурьев мұнай өндеу  зауыты сияқты кәсіпорындар іске  қосылды.

 

 

Қазақстан – Сталинград майданының ең жақын тылы

1942 жылы Сталинград түбінде қиян-кескі  шайқас басталды. Қазақстанның батысы  Сталинград облысымен   500 шақырым шектесіп жатқандықтан, соғыстың оты Батыс Қазақстан өңірін қамтыды.

1942 жылы күзде Каспий аумағында  соғыс жағдайы енгізілді.

1942 жылы 1 қыркүйекте Гурьевте  қорғаныс комитеті құрылды. Гурьев жерінде жау ұшағы пайда болғаннан кейін, 1942 жылы 10 қыркүйекте Гурьев облысының барлық жерінде қатайтылған арнайы қорғаныс жүйелері ұйымдастырылды. 1942 жылы 15 қыркүйекте Гурьев облысында соғыс жағдайы мен қатерлі жағдай енгізілді.

Кешікпей қазан айында Орал әуе шабуылынан қорғанатын майдан өңіріне айналды. 1942 жылы 9 қазанда Қазақ КСР үкіметі Сталинград майданының ең жақын тылы Қазақстан екенін, сондықтан бұдан артық шегінетін жер жоқ екенін айтып, Сталинградты қорғаушы жерлестеріне үндеу тастады.

Батыс Қазақстан жерінде 6 қорғаныс шебі, Сайхан, Орда, Чапаев, Тайпақ аудандарында арнайы аэродромдар салынды. Ақтөбе облысында да қорғаныс құрылыстары салынды.

Сталинград майданының көптеген әскери бөлімдері, материалдық, техникалық базалары Батыс Қазақстанда орналастырылды. Орал қаласында әскери байланыс торабы орналасты. Батыс Қазақстан жерінде 20-ға жуық әскери госпиталь жұмыс істеді. Гитлерлік ұшақтар Сайхан, Жәнібек, Шұңғай станцияларына шабуыл жасап, 7 млн сом шығын келтірді.

Сталинград майданын барлық жағынан Қазақстан қамтамасыз еткен. Осында көптеген әскери техника жендеуден өтті. Мысалы, бір ғана Ақтөбеде ай сайын 30 ұшақ  құрастырылды. Каспий бассейнінде орналасқан Гурьев майданы Орта Азиямен, Кавказбен байланыстыратын негізгі көпірге айналды. Қазақстан жерінде құрылған 292, 387-атқыштар дивизиясы, 81-атты әскер дивизиясы т.б. Сталинградты қорғауға қатысты. Сталинград түбінде көптеген қазақстандықтар ерліктің небір тамаша үлгісін көрсетті.

Жамбылдың ұлы Алғадай Сталинград түбінде ерлікпен қаза тапты. Г. Сафиуллин, М.А. Баскаков сияқты азаматтардың басқарған әскери бөлімдері жауды талқандау барысында көп үлес қосты. Кеңестер Одағының батыры, қарағандылық ұшқыш Нүркен Әбдіров өз ұшағын жаудың әскери базасына құлатып, Гастеллоның ерлігін қайталады.

Сталинград түбінде қазақстандықтар Қ. Сыпатаев пен А.А. Бельгин өздерінің ерлігі нәтижесінде Кеңестер Одағының батыры атағына ие болды. Қазақстандық Т.С. Позолотин басқарған 17-гвардиялық танк полкі Еділ жағасындағы ірі операцияларда шешуші рөл атқарды. Сталинград шайқасы соғыс тарихында ерекше орын алды. Гитлерлік басқыншылардың Сталинград түбіндегі жеңілуі олардың соғыстағы тағдырының шешілу уақытын жақындата түсті.

 

 

Азат етушілер бағыты – Батыс

Кеңестер Одағының жерін фашистерден тазарта отырып, Қызыл Армия батысқа қарай бет алды. Оның  құрамында көптеген қазақстандықтар болды. Еліміздің батысындағы Украина, Белоруссия, Молдавия, Балтық жағалауындағы елдерді азат етудің маңызы зор болды. Бұған қазақстандықтар да өз үлестерін қосты. Украина жерінде ерлікпен қаза тапқан Әбу Досмұхаметовке Кеңестер Одағының батыры атағы берілді.

Украинада Днепр маңындағы соғыста Г. Айтықов пен Қ. Аухадиев те Кеңестер Одағының батыры атағына ие болды. Ал сол Днепрдегі соғыста Жәнібек Елеусізов өз ерлігімен көзге түсті. 18 жастағы қазақстандық Кеңестер Одағының батыры болды.

Қызыл Армия құрамындағы қазақстандықтар Польша мен Венгрияны, Болгария мен Чехословакияны, Австрияны фашистерден азат етуде өз үлестерін қосты. А.С. Егоров, З.У. Құсайынов Еуропадағы қарсыласу қозғалысына қатысып, Кеңестер Одағының батырлары атанды.

Партизан қозғалысы да кең өріс алды. Қазақстандық партизандар: Қ. Қайсенов (жазушы), Ж. Ағаділова, П. Семенова, Ә. Шәріпов, У. Оразбаев, Т. Жұмабаев, В. Шаруди, Ж. Саин (жазушы), Н.В. Зебницкий т.б. Жалпы, 3500-ден аса қазақстандық партизан жау тылында соғысты. Қазақстандық партизан Ж. Сұраншиев Белорусь жерінде «Ұшқын» партизан отрядының құрамында болды.

1945 жылы Қызыл Армия  фашистердін, «Висла», «Оңтүстік», «Орталық», «Солтүстік» әскери округтерін  жеңді. Германияның көптеген жерін 1945 жылы сәуір айына дейін КСРО  қарулы күштері басып алды. 1945 жылы 16 сәуірде Қызыл Армия шешуші  «Берлин» операциясын бастады. Бұл  операцияға 3 млн 500000 жауынгер, 10800 әскери  ұшақ, 52000-нан астам зеңбірек, 7750 танк  қатыстырылды.

Информация о работе Қазақстан 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде